ҚҰРБАН АЙТТА ҚҰРБАН ШАЛ!
ҚҰРБАН АЙТТА ҚҰРБАН ШАЛ!
Құрбан айт келдi. Құрбан: әрi мейрам, әрi құлшылық. Құрбан шалу – екi дүниеде жауапты, екi дүниеде сауапты мейрам.
Айт намазын оқып, құрбан шалып, Жаратқанға жақындау, айт күндерi туған-туыс, дос-жаранға, таныс-бiлiс кiсiлерге зиярат жасап, iлтипат көрсету – мерекенiң абзал амалдары. «Құрбандық» деп құрбан айт күндерiнде ғибадат ниетiмен шалынатын малды айтады.
Қасиеттi Құран Кәрiм және Ислам тарихы бойынша бұл мереке мен оның шежiресi Адам (а.с.) ата және Ибраһим (а.с.), оның ұлы Исмайылмен (а.с.) тығыз байланысты.
Құрбандықтың уәжiптiгi қасиеттi Құранда: «Раббың үшiн (айт намазын) оқы, құрбандық шал!», – деп бұйырылған. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.): «Кiмде-кiм мүмкiндiгi бола тұра құрбандық шалмаса, бiздiң намаз оқитын жерiмiзге жақындамасын!», – деген.
Құдайға шүкiр, қазiр мемлекетiмiз Құрбан айтқа ресми назар аударып демалыс берiп жүр. Исламдағы бұл ұлық мерекеге көңiл қоюшылар да көбею үстiнде. Жылда Буш бастаған өзге мемлекет басшыларынан Қазақстан Президентi Н.Назарбаевқа Құрбан айт мейрамына құттықтау жеделхаттары келiп жатуы соның айғағы.
Құрбан айт – береке мен бiрлiк, ырыс пен құт. Хаж амалын орындаушылар Меккедегi Қағбаға тәуәп етiп, Аллаһқа жалбарынып, әмiрiне мойынсұнып, қабыл етiлетiн қажылық жасауға барын салса, елiмiздегi мұсылмандар айт намазын оқып, құрбан шалады. Айтшылап, жоқ-жiтiк «шала байып» арқа-жарқа күй кешедi. Құрбан еттерi қызылсырағандардың тiс қышуын бiр басатыны тағы рас.
Удай қымбатшылыққа қарамастан той десе қу басы домалайтын қазақ Құрбан айтта да аянып қалмас. Өйткенi Құрбандық шалу – Аллаһ Тағаланың ризалығына бөленетiн iзгi iс.
«Адам баласы Құрбан айт күнiнде (құрбан шалып) қан ағызудан басқа сүйiктi iспен Аллаһ Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күнi мүйiздерi, тұяқтары және жүндерiмен келедi. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Аллаһ Тағаланың құзырында үлкен құрметке жетедi. Сондықтан құрбандарыңды көңiл ризашылығымен шалыңдар!», – дей отырып, Ибраһим (а.с.) пайғамбардан жалғасқан амалды сүйiктi Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) орындап, ғұмырының 63 жылына арналған әрбiр құрбандықты өз қолымен бауыздаған екен.
Ибраһим (а.с.) бастап, Расулаллаһ (с.ғ.с.) қостған Аллаһ Тағаланың «Намаз оқы және құрбан шал!» деген әмiрiн қазақстандық мұсылман қауымы да шама-шарқынша орындайды деп сенемiз.
Құрбан айт құтты болсын! Ниетiңiзге нұр жаусын! Қазақстанның әрбiр азаматы құрбандық шалатын дәрежедегi байлыққа жеткей!
Күлпара ЖҰМАҒАЛИ