БОЛАТХАН ТАЙЖАННЫҢ РУХЫНА БАҒЫШТАЛАДЫ

БОЛАТХАН ТАЙЖАННЫҢ РУХЫНА БАҒЫШТАЛАДЫ

БОЛАТХАН ТАЙЖАННЫҢ РУХЫНА БАҒЫШТАЛАДЫ
ашық дереккөзі

Көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi, белгiлi дипломат, қазақ ұлтшылы Болатхан Тайжанның бақилық сапарға аттанғанына да жыл толды. Өткен аптада марқұмның жылдығына орай Кеңсай-2 зиратында оның ескерткiшi ашылды және «Аталы сөздерi» атты үш томдығының тұсаукесерi болды.

Болатхан Құлжанұлы Араб елдерiнде және Малайзияда елшiлiк қызметте жүрiп, қазақ елiнiң мүддесi үшiн көп еңбек сiңiрген дипломат. Елшiлiк жұмысы аяқталып, елге оралғаннан кейiн Б. Тайжан негiзiнен қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Қазақ елiнiң тәуелсiздiк туының желбiрегенiне қуанғанымен, оны бекемдеу үшiн атқарылар шаруаның қыруар екенiн жағы сембей айтып жүрдi. Соның ең бастыларының бiрi, бiздiң билiк әлi қолға ала алмай отырғаны – отаршылдық таңбасынан құтылу үшiн отарсыздандыру саясатын жүргiзу мәселесi едi. Болатхан мырза жағдай осылай сипат ала берсе, соңы жақсылыққа апармайтындығын әрбiр сұхбатында, әрбiр мақаласында айтып отырды. Айтқандай-ақ, ол кiсi о дүниелiк сапарға аттанғанына жыл толмай-ақ, Қазақстанның iшкi қақтығыстары белең ала бастады. Билiк қанша көзжұмбайлықпен, отбасылық кикiлжiңге баласа да, ұлтаралық татулыққа сызат түсе бастағандай. Бiр жылдың iшiнде Атырауда, Алматы облысының Ұйғыр және Еңбекшi қазақ аудандарында, Оңтүстiк Қазақстан облысының Төлеби ауданының Маятас аулында қақтығыстар орын алды. Әрi бұл қақтығыстардың барлығы да өзге ұлт пен жергiлiктi ұлт арасындағы кикiлжiңге айналып отыр. Бұның басты себебiн ешкiм дөп басып айтып бере алмай отырғаны тағы аян. Болатхан Тайжанның басылымдарға берген сұхбаттарынан және мақалаларынан осы бiр қарапайым ақиқаттың иiсi аңқып-ақ тұр. Тайжан бiздiң елдегi ұлттық саясаттың әу баста дұрыс арнаға түспегендiгiн айтудай-ақ айтқан, жазудай-ақ жазған. «Қазақстан – қазақ мемлекетi, қалғандары тұрғындар. Бұны бiз ашық айтып үйренуiмiз керек. Әрi бұл ешқандай халықаралық нормаларға және Конституциялық заңдылықтарға қайшы келмейдi» – деген. «Менiң көргенiм – әр мемлекет ұлттық мемлекет. Сол мемлекеттi құрған ұлттың мемлекетi. Бiрақ, мен осыған байланысты бұрын да айтып жүрмiн, тағы да айтарым, Қазақстан тек қазақтардың ғана емес, онда тұратын, қазақтың заңын мойындайтын, қазақтың тiлiн мойындайтын, қазақтың әдет-ғұрпын мойындайтын өзге ұлт өкiлдерiнiң де елi болуы керек. Бұл ешқандай дау, айтыс-тартыс тудыруға жатпайтын, дәлелдеудi қажет етпейтiн – аксиома» («Евразия-kz», №15 (18), 22 сәуiр, 2005 жыл). Егер, мәселеге осы тұрғыдан қарайтын болсақ, халықты бөлшектеп емес, бiр қазанда қайнату мәселесiн қолға алатын болсақ, бүгiнгiдей ұлтаралық кикiлжiңдерге жол берiлмес едi. Әркiм өз көрпесiне қарай тартып, әр ұлт өзiнiң мүддесiн алға тартпас едi. Елдегi диаспоралар елдiгiңдi де, мәдениетiңдi де, тiлiңдi де мойындай бiлер едi. Амал не? Бүгiн бiздегi диаспоралардың асығы алшысынан түсiп отыр. Керiсiнше, жергiлiктi ұлт жәбiрленушiнiң кебiн киюде.

Жергiлiктi ұлттың проблемасын шешу былай тұрсын, оны жыл өткен сайын қиындатып жiберген жоқпыз ба? Жақында ғана Парламент қабылдаған бiр заң бойынша, өзiмiздiң ауылдан келетiн жұмысшыдан гөрi, шетелдiктердiң Қазақстанға келiп жұмыс iстеуiн оңайлатып жiбердiк. Керiсiнше, Үкiмет халықты қалаға әкелмеудiң айла-шарғысын қарап жатыр. Ең алдымен, арып-ашып, қалтасын қағып салған күркесiн күресе, ендi оларды ауылға күшпен таңатын заң әзiрлемек. Егер, сiз бұның барлығын көзiңiзбен көргенiңiзде, қазақ үшiн ауырған жүрегiңiздiң салмағы екi еселене түсер едi. Бiздiң билiктiң ойы, Қазақстанды Америка секiлдi – эмигранттар елiне айналдыру. Сөйтiп, жергiлiктi ұлттың саяси құқықтарын табанға басу.

Сондай-ақ, Б. Тайжан Қазақстанның бұрынғы митрополия Ресейден бойын аулақ салып, онымен терезесi тең дәрежеде сөйлесуi қажеттiгiн де ескерткен. «Қазақстан мiндеттi түрде отарсыздандыру саясатын iске асыратын кезеңнен өтуi тиiс. Ол ең бiрiншi кезекте, Қазақстанның Ресейден өзiн алшақ ұстау саясатына құрылуы тиiс. Бұл жауласу, екi елдi бiр-бiрiне қарсы қою дегендi бiлдiрмесе керек. Екi жаққа пайдалы, сауда-экономикалық, мәдени-әлеуметтiк қатынас жасап, бойыңды отарлық саясатқа табыну сезiмiнен алшақ ұстауға болады» («Тасжарған», №16 (16), 5 қазан, 2006 жыл) дейдi ол жайында. Бiз, керiсiнше, Ресейдiң аузына өзiмiз барып түсiп отырмыз. Байқоңырдан ұшқан зымырандардың экологиялық шығыны өз алдына, қазақ даласына құлаған «Протоннан» келген зиянды да өндiрiп ала алмаудамыз. Путин «Қазақстандағы халықтың 80%-ы орысша сөйлейдi, сол үшiн де орыс тiлiн қолдау маңызды» – дейдi. Казак-орыстар Колпаковскийге ескерткiш орнатып, армия жасақтауға кiрiстi.

Болатхан аға «арманым Қазақстан тәуелсiздiгiнiң баянды болғанын көру, шын мәнiсiнде тәуелсiздiкке қол жеткiзгенiне көзiмдi жеткiзу» – деп едi. Жоғарыда келтiрiлген үзiндiлер ол кiсiнiң айтқандарының мыңнан бiрi ғана. Б. Тайжан тек ұлттық саясат төңiрегiнде ғана әңгiме қозғамайды. Сондай-ақ, рухани мәселедегi, көшi-қон саясатындағы, экономиканы диверсификациялаудағы олқылықтардың барлығын қолмен қойғандай санамалайды. Қазақ тәуелсiздiгiн баянды ету жолындағы тарихи жағдайы бiзбен ұқсас Малайзия т.б. елдердiң тәжiрибесiмен ой бөлiседi. Демек, Болатхан ағаның өзiнен кейiн қалған мұрасы аса мол. Ол әрi құнды да құнарлы жәдiгер. Ол кiсiнiң өзi бүгiн арамызда жоқ болса да, соңында қалған сөзi сөйлеп тұр, жолы сайрап жатыр. Көкiрегiнде ұлттық намысы бар әрбiр қазақ Б. Тайжанның еңбектерiн iздеп жүрiп оқуы аян. Демек, «өзi өлгенмен, хаты өлмеген, болашаққа қалдырған iзгi мұрасы өлмеген» ағаның рухы да мәңгiлiк болмақ.

Есенгүл Кәпқызы