ТАРТЫСПЕН ӨТКЕН ЖЕТI КYН
ТАРТЫСПЕН ӨТКЕН ЖЕТI КYН
Дөңгелеген дүниенiң дүбiрлi бiр жарысы өткен жетiде Алматыға ат басын тiредi. Бiр жетi бойы жанын шүберекке түйген жанкүйер қиқуға басты. Балуан Шолақ атындағы сарай iшiнен шыққан жанкүйер дауысы көшедегi жүргiншiнi де елең еткiздi. Жастар арасындағы Азия бiрiншiлiгi тұңғыш рет Алматыда өттi. Боксты қазақтың ұлттық өнерiнен аса меңгерген жастардың да қазiргi қарқыны тегеурiндi. Сондықтан құрлық бiрiншiлiгiнiң Алматыда өтуi де заңды едi.
НАЙЗАҒАЙЛЫ ШАРШЫ АЛАҢ
Жарыстың салтанатты ашылу сәтiнде ата дәстүрiмен бата берiлдi. Жиналған қауымды Азия бокс федерациясының президентi Гафур Рахимов, Қазақстан бокс федерациясының президентi Ұзақбай Қарабалин, Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары Серiк Сейдуманов құттықтады.
Тастай түйiлген жұдырықтар… Бөрi құрсақ боксшылар… Спорт сарайы iшiндегi дайындық бөлмелерiнде кәрi құрлықтың 17 елiнен келген боксшылар жанталасқан дайындық үстiнде. 11 салмақтағы 11 алтыннан дәмелi 110 боксшы әзiрше ауаны осқылап, қарсы алдында қарсыласы тұрса жапырып жiберердей жұлқынады. Елiрген екпiн, екiленген мiнез…
Рингтiң шымылдығын 51 келi салмақтағы боксшылар ашты. Бұл салмақтағы қазақ елiнiң үмiтi Азамат Албосынов екiншi жұпта рингке көтерiлдi. Қарсыласы – өзбек елiнiң жеңiмпазы Шерзод Жураев. Жанкүйер демiн iшiне тартты. Екi ел арасындағы спорттық iштей бәсеке елге белгiлi… Бiрiншi раундта өзбек боксшысы 1 ұпаймен iлгерi кеттi. Екiншi раундта Азамат өзбектi тұқыртты. Содан-ақ ырық бермедi Азамат. Солақаймен ұрған сойқан соққылары Шерзодқа ес жиғызбады. Есеп 32:16.
Ауғанстан десе көз алдымызға соғыс елестейдi. Наркомания деген дерттiң де iзi сол жақтан басталады. Зары мен мұңы бiр басына жетерлiк сол елден көпшiлiк боксшы күткен де жоқ едi. 57 келiдегi Асылхан Қабылхановтың қарсыласы ауғанстандық Мұстафа Гулам Асланнан ықпады. Тiстенiп, барын салып-ақ жүр. Бiрақ шеберлiктiң, үздiксiз дайындықтың жөнi бөлек. Төрт раундта Аслан қарсыласына 6-ақ ұпай ұстатып, жарыс жолынан шығарды. Ұпай айырмашылығы – 25:6.
Қазақ боксшылары үшiн жеңiспен басталған жарыс, төрт күн бойы жанкүйердi дуылдатып тұрды. Тiресiп тұрып та ұрды,қуалап жүрiп те ұрды қарсыластарын. Дегенмен жанкүйер жанын мұрнының ұшына әкелген айқастар да болды. Оны ұмыту мүмкiн емес…
Жалт қаратқан оқиға – үндi құрамасының тегеурiнi. Үндi елi десе, көз алдымызға кинолары, кинодағы буынсыз бишiлерi, буынға түсетiн мұң аралас әдемi әндерi келушi едi.
Қыл құйрықты өмiрiне серiк еткен моңғолдардың жұдырығы қуатты, денелерi шымыр. Моңғол елiнiң боксшыларын тұсаулаған – шеберлiктiң жетiспеушiлiгi. Жарыстың екiншi күнi 54 келiдегi Хусен Музоев сириялық боксшыға бiрiншi раундтың өзiнде үш рет нокдаун бердi. Таңғаларлығы – бар ұпайды солақаймен жинап алды. Өте жылдам, түйдектете соққан соққылары айнымай тиiп жатты. Бiрiншi раунд бiтпей жарыс тоқтатылды. Есеп 16:0. «Мынау – тәжiктiң болашақ жарық жұлдызы емес пе екен?!» деген сұрақ көкейге ұялады.
Өткен жылғы Азия чемпионы семейлiк Әдiлет Егiзековтiң сол жұдырығы тайпейлiк боксшыны үш рет рингте тiзерлеттi. Айқас екiншi раундта 21:3 есебiмен, айқын басымдылықпен, тоқтатылды. Қарсыласын рингте тiзерлеткен жалғыз Әдiлет қана емес. Жарыстың екiншi күнi Азияның екi дүркiн жеңiмпазы, халықаралық дәрежедегi спорт шеберi қарағандылық Ермек Серiковтiң Азия бiрiншiлiгiнiң күмiс жүлдегерi Батыржан Махмутовпен айқасы өте тартысты өттi. Дүрлiккен жайнкүйер. Аңдыспай, бiрден айқаса кеткен екi елдiң қос үмiтi бар шеберлiктерiн салды. Арпалыстың бiр сәтiнде Ермек сол қолымен шықшыттан ұрып, рингте тiзе бүктiрдi. Бұл – өзбек бокшысының қазақ боксының алдында тiзе бүккенiндей әсер қалдырды.
Мықтыны мойындаған абзал. 2007 жылы Ресейдiң Тольятти қаласында ересектер арасында өткен халықаралық турнирдiң жеңiмпазы өзбек Шухрат Абдуллаевтың боксы – сойқан! Орта және жақын қашықтықта екi қолымен бiрдей қапысыз ұратын, шымыр денелi боксшы жанкүйердi жалт қаратты. Нағыз бөрi бет боксшы. Жарыстың үшiншi күнi қырғыз елiнiң мақтанышы Османовты ес жиғызбай сабап, 22:2 есебiмен (айқын басымдылықпен) айқасты аяқтаған осы Шухрат. Бұл салмақта Шухратты шымкенттiк Асқар Абдуллаев күтiп тұрды. Бұл кезде қазақтың Абдуллаевы Иран чемпионы Саид Махмудшартангты 3 раунд бойы жұдырықтап, 14:1 есебiмен жалғыз ұпай ғана ұстатып қоя берген. Екi Абдуллаевтың жолдары қиылысатын болды…
Алғашқы төрт күнгi айқаста өзбектiң 6 салмақтағы боксшысының маңдайы тасқа тидi. Бесеуi жанталаса жартылай ақтық айқасқа ұмтылды. Толық құраммен келген үндi боксшыларының жетеуi айқасты жалғастырды. Қазақ боксшылары жұбын жазбай келедi. 11 қазақ – жартылай ақтық айқаста! «Азияда қазақтардан басқа боксшы қалмаған ба?!» деген қыжылы аралас күңкiл сөздi де құлағымыз шалды. «Қазақстан» демейдi, «қазақтар» деп қадап айтады. «Қазақ» деп қадап айтқан сайын iшiң жылиды. Қазақ топырағында бокстың бағын ашып тұрған қазақтар екенi де шындық.
АЛТЫН ҮШIН АЙҚАСҚАН ҮРКЕРДЕЙ ТОП
Ақтық айқас алдындағы кездесу 48 келiдегi Әнуарбек Байжановтың жеңiсiмен басталып, қуаныш бәр салмақта жалғасып жатты. Дегенмен жеңiс оңай келе қойған жоқ. 2006 жылғы әлем чемпионы (кадеттер арасында), 54 келi салмақтағы шымкенттiк Сәкен Садықов пен үндi елiнiң жеңiмпазы Сантош Сингх арасындағы кездесу – жан алып, жан берiскен айқас едi. Үндi боксшысы қайсар, бiлектi. Таразы басы сынаптай сырғып тұр. Алма кезек нөпiр соққы. Тiресiп тұрып соққыласып жатыр. Қауiптiсi де осы. Жалғыз соққы есiңнен айырып, тағдырыңды шешуi мүмкiн. Ойлы бокс жоқ. Жеңiс 35:33 есебiмен Сәкеннiң қанжығасында кеттi.
64 келi салмақтағы ақтаулық Әдiлбек Ниязымбетов Корея елiнiң жеңiмпазы Ким Мин Вооны бiрiншi раундта нокаутқа түсiрдi. Әдiлбектiң бауырдан ұрған соққысынан кәрiс боксшысы бүктетiлiп жатты. Ал 75 келiдегi үндi боксшысы Манжит Сингхтың жеңiске деген құлшынысы, жанкештiлiгi көз алдымыздан кетер емес. Тәжiк боксшысы 10 ұпай артықшылығын пайдаланып, қаша ұрысып уақыт ұтуда. Мұны сезген үндi боксшысы екi раунд бойы тәжiктi қуалап ұрды. Бiрақ соққысы дарымайды. Тәжiк өте сақ, сезiмтал. Үндi өкшелеп, қуалады да жүрдi. Өлермендiк деген – осы!
Естен кетпес бiр кездесу – 75 келiдегi екi Абдуллаев арасындағы тартыс. Өзбектiң талантты боксшысы Шухрат Абдуллаев үш раунд бойы шымкенттiк Асқар Абдуллаевты тықсырумен болды. Өзбек ұтып жатыр. Төртiншi раунд басталғанда есеп 14:12, өзбектiң пайдасында едi. Жанкүйер ду еттi. Асқар бiр ұпай олжалады. Секунд тiлi секеңдеп барады. Кездесу бiтуге жарты минөттей ғана уақыт қалды. Ышқыңған Асқар. Уақыттың алқымға тiрелгенiн сезiп жүр. Өзбек өте сақ. 1 ұпай айырмашылықты сақтасам дейдi. Қырылдаған, шырылдаған қайран жанкүйер-ай! Асқар үшiн отқа түсуге бар. Қас-қағымда солқ еткiзген қазақ Абдуллаевтың бiр соққысы өзбекпен теңестiрдi – 14:14. Спорт сарайындағы қалың жанкүйер қиқуға басып, атып тұрды. Секунд тiлi тынысты тарылтып барады. Оңтайлы сәтте Асқардың оң жұдырығы өзбек маңдайына сарт еттi. Жанкүйерде ес қалмады. Жүйкесi жүндей түтiлген жанкүйер қауым қуаныш жасын сүртiп үлгергенше, гонг та соғылды. Өзбек маңдайына «мөр» болып соғылған соңғы соққы айқас тағдырын шештi – 15:14. Асқар ер екен!
Қарсыластарын бар салмақта ығыстырған қазақ боксшылары қасқайып тобымен ақтық айқасқа шықты. Құрлық бәсекесiнде бағын асыруға қалған 22 боксшы барын салды. Әнуарбек Байжанов қарсыласын еркiн еңсердi. 51 келiдегi Азамат Албосынов үндi елiнiң мақтанышы Синолдан айла-ақылын асыра алмады. 17 жастағы әлем чемпионы Синол жалғыз соққылармен қажеттi ұпай жинап алды да, қаша бокстасып, ұрғызбай төрт раунд бойы Азаматтың сiлесiн қатырды. Ал 54 келiдегi Сәкен Садықовтың сүрiнгенi – ақылмен бокстасудың орнына тағы да «төбелеске» кiрiсуi. «Төбелесе жөнелген» Сәкендi ақылды өзбек бокшысы Хуршид Тәжiбаев қарсы соққылармен күтiп алып, айласын асырды. Сәкеннiң қателiгiн өзбек шебер пайдаланды. Төпелей ұрған соққыларынан Сәкен жалғыз ұпай иеленсе, ашылып қалған сәтiн аңдып ұрған өзбек 2-3 ұпай алып жатты. Ойсыз шабуыл кiмге тиiмдi болды, байқаған шығарсыз?! «Төбелестiң» қызғаны сонша, үшiншi раундта ұпай саны да, айырмашылығы да шырқап кеттi. 50:30! Бауырының жеңiсiне арқаланған келесi жұптағы өзбек боксшысы Ахмедов Камолдин да Асланға ә дегеннен ырық бермей кеттi. Үш салмақтағы жеңiлiстен кейiн барып қазақ боксшылары бойларын тiктеп, бақтарын асырды. Қатарынан алты салмақта қарсыластарына сан соқтырды. Аса ауыр салмақтағы өзбек қана үшiншi алтынға қол жеткiздi. Сөйтiп, қазақ боксшылары 7 алтын, 4 күмiс медальға қол жеткiздi.
АЗИЯ ЧЕМПИОНДАРЫ:
48 келi – Әнуарбек Байжанов (Қазақстан)
51 келi – Сунил (Үндiстан)
54 келi – Куршид Тәжiбаев (Өзбекстан)
57 келi – Камолдин Ахмедов (Өзбекстан)
60 келi – Әдiлет Егiзеков (Қазақстан)
64 келi – Әдiлбек Ниязымбетов (Қазақстан)
69 келi – Ермек Серiков (Қазақстан)
75 келi – Асқар Абдуллаев (Қазақстан)
81 келi – Айдын Әбiшев (Қазақстан)
91 келi – Нұрбол Масенов (Қазақстан)
+91 келi – Үмiтбек Салаев (Өзбекстан)
Азия чемпионатының ең үздiк боксшысы – Әдiлет Егiзеков. Ең шебер боксшысы – Шухрат Абдуллаев. Бұл – қазылар алқасының шешiмi.
ТҮЙIН
Қазақ боксының айбынын асырған даңқты боксшылар Серiк Қонақбаев, Болат Жұмадiлов, Ермахан Ыбырайымов, Аркадий Топаев, Кәрiмжан Әбдiрахманов, Болат Темiров, Болат Ниязымбетов, Асылбек Қилымов, Болат Манкенов, Талғат Бердiбековтер бауырларының тiлегiн тiлеп, жанкүйер болды. Бiз соған қуандық. Бокстың үлкен жанашырлары – Бекет Махмұтов, Серiк Әбдiнәлиев, Амалбек Тшанов ағаларымыз бауырларының аяқ алысына көз тiктi. Олимпиада төрiнде айқасқа түсетiн Қазақстан құрама командасының iзiн басып талантты жастардың қаулап өсiп келе жатқанына куә болдық. Жастар құрамасының тiзгiнi қазiр аттары жанкүйерге жақсы таныс Ғалым Кенжебаев пен Болат Ниязымбетовтың қолында. Көңiлге үлкен сенiм ұялады. «Сырт көз сыншы». Бокстың үлкен маманы сириялық Шибаб Мохаммед Камель да бұл ойымыздың iргесiн бекiттi. Азия төрешiлер комиссиясының төрағасы Шибаб Мохаммед Камель былай дедi:
«Қазақ боксшыларының бүгiнгi қарқыны өте жақсы. Азия құрлығындағы мықты құрама екенiн дәлелдедi. Боксшылардың жанкүйерлерiне де риза болдым. Қазақ боксы әлемдiк деңгейдегi өз беделiн әлi ұзақ сақтайтынына көзiм жеттi».
Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ