КӨРКЕМСӨЗ САЙЫСЫ АБАЙ ОҚУЛАРЫНА АРНАЛДЫ

КӨРКЕМСӨЗ САЙЫСЫ АБАЙ ОҚУЛАРЫНА АРНАЛДЫ

КӨРКЕМСӨЗ САЙЫСЫ  АБАЙ ОҚУЛАРЫНА АРНАЛДЫ
ашық дереккөзі

Абайдың сырлы да суреттi, лирикаға тұнып тұрған өлеңдерi мен ой-толғауын философиялық тұрғыдан түсiндiре отырып, бәзбiреу надандарға қаратып, астарлы, уытты сөзбен батыра айтқан қарасөздерi, әйгiлi «Ескендiр», «Әзiм әңгiмесi», «Масғұт» атты поэмасы ұрпақтан ұрпаққа мәдени мұра ретiнде сақталып келедi. Сондықтан да қазақ халқының маңдайына бiткен ақын мұрасы талай ұрпаққа аманат әрi рухани азық.

Құдайға шүкiр, елiмiзде Тiлдер мерекесi қарсаңында, кейде одан тыс кезде де жер-жерде Абай оқуларын, Байтұрсынов оқуларын өткiзу дәстүрге айналды. Аталмыш шараның атап өтiлуiнде өнегелi тәрбие бастауы, үлкен мән-мағына жатыр. Өйткенi, Абайдай кемеңгер ақыны, Ахметтей көсемсөзшiсi бар қазақ елiнiң ұрпағы ешқашан қарасөзге дес берiп, дұшпаны алдында именбек емес. Ал осындай қара халықтың қамын жеп өмiрден өткен тұлғаларды бiлмеу кейiнгi ұрпаққа емес, бiзге, елдiгiмiзге сын. Мiне, осы мойнымызға жүктелген бiр мiндеттiң парасы, дәлiрегiнде Абай оқуларына арналған көркемсөз сайысы қаламыздағы Әуезов ауданына қарасты А.Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназиясында мәдени жалғасын тауып, ұрпақтар сабақтастығын айшықтағандай болды. Абай өлеңдерiн жатқа оқу, Абай қарасөздерiн нақышына келтiре оқу, көркем бейне сомдау атты үш бөлiмнен тұратын көркемсөз сайысына 6-10 сыныптың алғыр оқушылары қатысып, Абай әлемiн тағы бiр қырынан көрсеттi.

Сонымен, «Әдебиет айдыны» мен «Түркiстан» газетiнiң қызметкерлерiнен құралған әдiлқазы алқасы бiрауыздан сөздiң құдiретiн түйсiнiп келе жатқан ұрпақтың барына қуанып, оқушы қауымды бiр серпiнтiп тастады. Әртүрлi номинациялардан тұратын сайыстың қорытындысы былай болды. «Өлеңдi нақышына келтiре айтқаны үшiн» Олжас Таласбаев, «Бiлгiрлiгi үшiн» Ерасыл Сәбиболда, «Шеберлiгi үшiн» Айдана Ахметбаева, «Алғырлығы үшiн» Ибайхан Ақниет, «Көркем бейненi сомдағаны үшiн» Салтанат Әбiлова, «Жеңiске ұмтылғаны үшiн» Жансая Мұқанова, «Шешен атанғаны үшiн» Ержас Аитов мақтау қағазымен марапатталса, 4-орынды Мәди Мұхамедов, 3-орынды Айдос Нұрсадықов, 2-орынды Самал Болатбаева иелендi. Ал көркемсөз сайысының бас жүлдесiн Махфуза Тұрғанжан олжалады. Абай атасын оқыған оқушы да, оқушыны бiлiм нәрiмен сусындатқан ұстаз қауымы да шат-шадыман.

Д.МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ