ТYЙТКIЛ

ТYЙТКIЛ

ТYЙТКIЛ
ашық дереккөзі

Бiз шынымен еңбек күшiне зәрумiз бе?

Қалың орманның iшiнде кенеттен қатты дауыл тұрғанда биiк ағаштардың басы, теңселiп, улап-шулап, азан-қазан болып кетедi де төменгi жақ тып-тыныш болып тұрады. Ал, төменгi жақта сел болса, қанша биiк болса да орманды шайып кетедi. Бұны “аузымен орақ орып” жүрген билiк, әрқашан жадында сақтауы тиiс.

Бұрыннан да айтылып келе жатқан мәселе “Еңбек көшi-қоны және еңбекшi мигранттарды әлеуметтiк қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы 1994 жылғы 15 сәуiрдегi келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы хаттаманы ратификациялау туралы” Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауiпсiздiк комитетi төрағасы Қ. Сұлтанов, мүшелерi Ө. Байгелдi, Ә. Кекiлбаев, Ғ. Қасымов, О. Әбдiкәрiмов, А. Бөлекбаев, Ә. Ахметовтердiң қатысуымен бiр емес екi отырысында да сынға ұшыраса да үкiмет жоспарлаған “мерзiмiнде” сенаттың жалпы отырысында мақұлданды. Жоғарғы жақ “улады-шулады”, басылды. Тек төменгi жақ шулағаннан құдай сақтасын. Индонезияның кебiн киiп жүрмейiк әйтеуiр.

Қ. Р. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Б. Сапарбаев мырза мен оның нөкерлерiнiң алға тартқан жауаптары:

— Бұл хаттамаға Мәскеу қаласында 2005 жылы 25 қарашада ТМД басшылары қол қойып, Қ. Р. Мәжiлiсi мен сенат комитеттерi мақұлдап және Молдова, Беларусь, Қырғызстан, Украина елдерi ратификациялаған.

Бiз негiзiнен жұмысшыларды қабылдайтын елмiз. Қазiргi таңда Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан “еңбекшi мигранттар” келедi. Осы хаттама барысында бiздiң “еңбек мигранттарының әлеуметтiк жағдайын жақсарту” заңы көршiлес мемлекеттермен қарым-қатынастарды нығайтуға негiзделген. Қазақстан көршi мемлекеттердiң 17 облысы және 74 аудандарымен шектеседi. Соған байланысты көршi мемлекет еңбекшiлерi мен бiздiң мемлекеттiң еңбекшiлерi бiр-бiрiмен қарым-қатынаста болып, жұмысқа бiр-бiрiне барып келудi оңайлату, адамдардың шекараны кесiп өткенде, құжаттарын рәсiмдегенде қиындықтар туындамас үшiн жасалып отыр.

Қазақстанда 8 млн 100 мың адам жұмысқа жарамды. Осы санның есебiмен алғанда, еңбек мигранттары 0,95 пайыз. Олар төрт категорияға бөлiнедi; 1. басшылар 2. жоғары бiлiмдiлер, инженер-техниктер 0,30 пайыз, 3. жұмысшылар. 4. маусымдық жұмысшылар. Шекара маңындағы; маусымдық жұмысшылар – Алматы мен Шымкент облыстарында темекi мен мақта теру кезiнде жалданып жұмыс iстейтiндер. Заң негiзiнен осыларға арналған.

Бiзге әлi 300 мың жұмысшы жетiспейдi. 1. құрылысшылар, 2. тау-кен байыту кәсiпорындарына және өндiрiске, 3. дәрiгерлер. Түркия мен Қытай ашқан жұмыс орындарында солардың жұмысшылары iстейдi. Қазақстан бойынша 68 мың жұмыссыздар тiркелген. Олардың 24 мыңын оқыттық, оның 20 мыңы жаңа алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Қаптаған колледждердi жауып кәсiптiк-техникалық мамандар даярлайтын училищелер ашамыз. Қай өңiрде қандай экономикалық салалар дамыған болса, сондай салаға керектi мамандарды сол өңiрде дайындаймыз…

Президенттi осындай “тамаша жетiстiктерiмен” тойдырып жүрген үкiмет мүшелерi әбден әккi болып, суда жүзген балықтай ұстатпайды-ау, сабаздарың. Ал шындығына келсек жауабы жоқ сұрақтар мен күдiктерден “не болып бара жатыр?” деген үрей басым. Қалай ауыздары барып “бiзге 300 мың құрылысшы, жұмысшы керек” деп айта алады? Өзiмiзде 1 млн-ға жуық құрылысшы-жұмысшы жұмыссыз жүр. Кез-келген ауыл, қала, облыс әкiмi жұмыссыздар санын жасырып, ешқашан шындықты көрсетпейдi. Көрсетсе олардың басына бәле болады. Жұмыссыздарға жұмыс тауып берiп, әлеуметтiк жағдайын жақсарту тiзе берсе олардың шашы тiк тұрады. Сондықтан аш құлақтан тыныш құлақ, жасыру, жалған ақпарат беру оларға абырой.

“Шетелдiк еңбекшi мигранттарды әлеуметтiк қорғау” заңы өз жұмыссыздарымызды екi есеге арттырып, шетелдiктердi екi есеге көбейтедi де бiздiң жұмысшылардың жұмысын, жеп отырған нанын тартып алады. Шетелдiктерге арқа сүйеген “жұмыс берушiлер, компания, өндiрiс, кәсiпорын басшылары қазақ халқын “жалқау, бiлiмсiз, жұмыс iстемей-ақ ақша тапқысы келедi”, т.б. жала жауып, жаманатты қылу арқылы сан-қилы айла-тәсiлдер ойлап, қалайда өз азаматтарымызды жұмысқа алмаудың жолын табуда. Оның себебi, қымбатшылық, инфлияция ауыздақталмаған елде, “тұтыну себетiне” орай қазақстандық жұмысшылар ақша талап етедi, төлемесе сотқа сүйрейдi, шерулер өткiзедi. Сосын оларға медициналық көмек, сақтандыру, зейнетақы қорларына ақша аудару, т. б. әлеуметтiк жәрдемдер көрсетуге тура келедi. Өз қалтасын ғана ойлайтындар үшiн бұдан өткен азап жоқ. Сондықтан жұмыс берушiлер қазақстандық мамандардың бiлiктiлiгiне қасақана жоғары талаптар қойып, олардың орнына шетелдiк бiлiктiлiгi төмен жұмысшылар әкелуде. Үкiметтiң жанын сала бұл заңды өткiзiп жiберуiнде не сыр жатыр? Кiмдердiң мүддесiн қорғап отыр?

Сенатор Ғ. Қасымов мырза:

— Бiрiншiден, мұндай заң жобасының қабылдануына үзiлдi-кесiлдi қарсымын, бiзге қандай салаларға қанша “еңбекшi мигранттар” керек екенi — iшкi сұранысқа қанша адам, заңсыз неше жұмысшы, басқа ойдағы адамдар, наркомандар, спид жұқтырғандар, неше түрлi аурулары бар адамдар келiп жатқаны зерттелмеген, ешкiм де бiлмейдi.

Екiншiден, “Еңбекшi мигранттар” деген сөздiң өзi не мағына бередi? Сонда шетелдiктер “еңбекшi мигранттар” деп өз жұмысшыларымыз “жалдамалы жұмысшылар” деп аталатын болды ма? Қай елде осындай заң қабылдады?

Үшiншiден, Қазақстан Республикасымен шекаралас әрi туыс мемлекеттермен байланысымыз, достығымыз нығаяды. Ал, өзiмiздiң үйсiз, күйсiз, жұмыссыз жүрген азаматтарымызға кiм қолайлы, әлеуметтiк жағдай жасайды?

Төртiншiден, шекара маңындағы “еңбекшi мигранттардың” бәрi “маман, бiлiктi бiлiмдi” болғаны ма? Керiсiнше, әсiресе Өзбекстан мен Қырғызстанның шекара маңындағы “еңбекшi мигранттарының” сапасы, бiлiмi, бiлiктiлiгi, әлеуметтiк жағдайы бiздiкiнен он есе төмен…

Сенатор Ә. Кекiлбаев: — Сендер осы үкiмет мүшелерi, кез-келген ұсақ-түйек iстерiңе дейiн президенттiң атын пайдаланып және оның жолдауын қол жаулық қылып, сауатсыз, қате және шикi жазылған заңдарыңды өткiзiп жiберуге күш саласыңдар. Ұят емес пе? Басқа бiр шет елдiң министрлерi сияқтысыңдар, бәрiңде Қазақ елiнiң және қазақтың балалары емессiңдер ме? Өз елдерiңе шет елдiң көз қарасымен қарағандарыңды қашан қоясыңдар? Сосын Қазақстаннан жұмыс таппай көршiлес елдерге кетiп жатқан қанша “еңбекшi мигранттар” бар? Бұл тек бiр жақты ғана заң ғой. Шекаралас елдер, оларда осындай заң қабылдап, бiздiң “еңбекшi мигранттарды” неге қабылдамайды? Қазiрдiң өзiнде ақпарат көздерiне сенсек бiзге заңсыз келiп жатқан “еңбекшi мигранттар” 1 млн-ға жетiп қалады. ТМД елдерiмен хаттамаға қол қойдық – деп олардың бәрiне есiгiмiздi ашық-шашық қалдыруға болмайды. Олар үшiн арнайы заң қабылдамай-ақ, қай елдерден адам әкелемiз сол елдермен онда да жеке-жеке мемлекет мүддесiне, қазақ халқына нұқсан келмейтiн мемлекетаралық келiсiм, хаттамалар жасасақ жетiп жатыр. Өйткенi бұл өзгерiп отыратын заң, құбылыс. Әсiресе Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейде де эконмикалық қиындықтарды бастан кешiруде. Осы елдердегi маман-жұмысшы қазақ бауырларымызды әкелудi, келiп-кетуге жағдайлары жоқтарды алып келудiң жолдарын қарастыруымыз керек. Бұл хаттамаға қол қойылғалы 1994 жылдан берi көп жыл өттi емес пе? Қазiр дамыдық, бұл заңға да ойланып қарайтын уақыт жеттi емес пе? Қашанғы қазаққа тиiмсiз заңдарды өзгелер үшiн қабылдай беремiз – деген ренiшiн бiреу тыңдаса бiрi құлағына да қыстырмады. Сұрақтар жауапсыз.

Жығылғанға жұдырық дегендей, қазiргi таңда құрылыс тоқтаған, жұмыссыз құрылысшылар айлығын ала алмай сандалып бiр жүрсе, үйлерiн салып жатқан құрылыс компаниялары – “үй салатын ақша жоқ” деп үйсiз бiр қалдырды. Жұмыссыздар қылмыс әлемiне кетiп жатыр. Жақында ғана Астана полициясы “бiрден төрт топ қылмыскерлердi ұстадық” деп жаһанға жария қылды. Осылай кете берсе, кiмнiң жұмысшы, қылмыскердiң кiм екенiн ажырата алмай пұшайман болармыз. Ауылдардағы жұмысқа жарамды халықтың 90 пайызы жұмыссыз отыр. Жастар Астанаға барып құрылыстан нәпақа тауып табыс әкелiп отыратын едi, ендi одан да айырды. Ауылда да ұрлық, қарақшылық “қарқындап дамитын” болады.

Жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар органдарынан жалған құжаттар сұрату арқылы шетел мамандарын көптеп тарту үшiн рұқсат алып отырады. Соған сай шетел жұмысшыларын әкелу квотасы жылдан-жылға өсуде. Ендi осы заң бойынша қаптағанның “көкесi” болып, шекара маңындағы өзбектiң, қырғыздың, орыстың “еңбекшi мигранттары” ең төменгi сортты жарлы-жақыбайлары, бала-шағаларымен шекарадан өтiп алады. Не деген ақылсыздық – шекараның арғы бетiнде тұратын халықтың шетел паспортында “шекара маңында тұрады” деген жазуы болмайды. “Әндiжандық”, “Оштық”, “Қиыр шығыстiкi” екенiн бiздiң шекарашылар сонда қалай анықтамақ?

Өзбекстан мен Қырғызстан және Ресейде бiздегiдей құрылыс жүрген емес. Мұндай құрылысты олар бiзден бiрiншi көрiп отыр. 10 жылдың көлемiнде құрылыстың әкесiн салған бiздiң құрылысшылар оларға қарағанда мың есе маман деуге болады.

1994 жылы қол қойған ТМД елдерiнен Молдова, Украина, Қырғызстан, Беларусь республикалары ғана хаттаманы ратификациялаған да көршiлес Өзбекстан мен Ресей “еңбекшi мигранттар” туралы заң шығармақ түгiлi ратификацияламағанда. Үкiмет мүшелерiнiң жанын салып қорғап, белден басып қабылдатқан заңындағы “Еңбекшi мигранттардың” кесiрiнен Қазақстан халқының айлықтары өспей тұр. Инфлияция болса мынау азық-түлiк, тауарлар қымбаттаған. Қырғызстан мен Өзбекстанда бiздегiдей қымбатшылық емес. Бiздiң аз ақшамен оларда бiр ай күн көруге болады. Жұмыс берушiлер “еңбекшi мигранттарды” еңбек шартынсыз жұмысқа алады. Өлсе сұрауы жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi квотаны жергiлiктi атқарушы органдардың ұсыныстарының негiзiнде ғана белгiлейдi екен. Әрине мұндай кезде iшкi рынокка талдау жасалмайды, ұсыныс пен сұраныс зерделенбейдi, iшкi рыноктағы өз мамандарымызды қаперiне де алмайды. Бұл жерде тек “бармақ басты, көз қысты жақтардың ғана “мүддесi” ескерiледi. Соның дәлелi емес пе, еден жуатынға дейiн шетелден әкелiнiп жатқаны. Атырауда шетелдiк инвестор компаниялардың жергiлiктi бiр-екi жұмысшыны оқытып даярлаған қайта-қайта газеттерге жазып, теледидардан көрсетiп әлек болады. Ал басқа өңiрдiң халқы ше? Оларда мұнай жоқ, оларды оқытып маман қылудың қажетi жоқ па? Оқығандарының өзiн жұмысқа алмайды. Павлодарда жұмыс берушiлердiң өтiнiштерi бойынша, шет елден әкелуге 3-шi санатты 120 токарь мен 229 жүргiзушiнiң қажеттiгi көрсетiлген квота белгiленген, ал сол кезде Павлодарда 152 токарь мен 235 жүргiзушi оқуын бiтiрiп жұмыссыз отыр…

Соңғы бiр ай бойы билiгiмiз бар, билерiмiз бар шулап жүрiп шешкенiмiз қазақ халқына қарсы қабылдаған заң болды.

Осындайда қасиеттi де әруақты көреген бабамыз Мөңке бидiң;

Азарсың жұртым, азарсың,

Азарыңның белгiсi;

Құрамалы қорғанды үйiң болады,

Халыққа бiр тиын пайдасы жоқ,

Күн сайын бас қосқан жиын болады, – дегенi келiп тұр.

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ