Жаңалықтар

ДАFДАРЫСТЫҢ ДАУЫЛЫ

ашық дереккөзі

ДАFДАРЫСТЫҢ ДАУЫЛЫ

Халықаралық сарапшылар әлемдiк қаржылық дағдарыстан қазақ экономикасының айтарлықтай зиян шекпегенiн айтады. Әрине, әзiрге. Егер тиiстi шаралар мемлекеттiк деңгейде әрi тез арада қолға алынбаса, дағдарыстың дауылы бiздiң елге де үйiрiлiп соғары анық.

Мiндеттер & талаптар

«Әлемдi алаңдатқан қаржылық дағдарыстан Кавказ елдерi мен Орталық Азияның қор нарығы әзiрге айтарлықтай зиян шеккен жоқ». «Аймақтық экономиканың даму келешегi: Таяу Шығыс пен Орталық Азия» тақырыбына баяндама дайындаған Халықаралық қаржы қорының сарапшылары осындай тұжырымға келдi. 2007 жылдың қаңтар-қазан айларын қамтыған құжатта аталған екi аймақтың экономикалық ахуалы сөз етiлген. Сарапшылар қауымы әлемдiк қор нарығындағы тұрақсыздық пен шарасыздықтың жуық арада экономикалық өсiмге керi әсер етпейтiнiн айтады. Оған себеп: әлемдiк нарықтағы мұнай мен басқа да табиғи қорларға деген сұраныстың артуы мен бағаның жоғарылығы. Келесi жылы экономикалық өсiм 6-7 пайызға артады деп болжануы сондықтан. Әсiресе, Қап тауының етегiндегi елдер мен Орталық Азия аумағындағы мемлекеттерде көрсеткiштер 11 пайызға дейiн көтерiлмек. Қарама-қайшылық: экономикалық көрсеткiштердiң жақсаруы елдегi әлеуметтiк ахуалдың жақсаруына ықпал етпейдi. Мысалы, Алжир, Тунис, Ливия, Мавритания мен Марокко екi қолға бiр жұмыс таппай сенделген жұмыссыздар мәселесiмен бас қатырады. Оған экономикалық және әлеуметтiк ахуалы түзу Қазақстанға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжiкстан мен басқа да көршiлес мемлекеттерден толассыз ағылған еңбек мигранттарын және қосыңыз.

Халықаралық қаржы қорының сарапшылары әлемде орын алған инфляцияның 2008 жылы Кавказ бен Орталық Азия елдерiнiң көпшiлiгiнде ушығатынын ескертедi. Несиелiк қорлардың жетiспеушiлiгi экономикасы дамыған елдердiң өсiм көрсеткiштерiн күрт төмендетпек. Оның үстiне, мұнай құнының немесе азық-түлiк бағасының күтпеген жерден шарықтауы инфляцияны ширықтырады. Бүгiнде Қазақ Үкiметi инфляцияны ауыздықтау мәселесiн күн тәртiбiне қойғаны белгiлi. Бұл бағытта атқарылып жатқан шараларға көңiлi толмаған Президент жуырда бiздiң шенеунiктердi қатаң сынға алды. Баға саясатын тұрақтандыруға қатысты шараларды стратегиялық тұрғыда қарастыруға пәрмен бердi. Керiсiнше болған жағдайда, бүкiл әлемнiң берекесiн қашырған қаржылық дағдарыстан қазақ экономикасының да жапа шегерi анық. Шетелдiк инвестицияның Кавказ елдерi мен орталықазиялық аймаққа үздiксiз әрi мол көлемде ағылуы экономикалық жағдайдың айтарлықтай жақсаруына ықпал еттi. Осы өсiмнiң қарқынын бәсеңдетiп алмас үшiн инфляцияны ауыздықтау қажет. Мұнайды экспорттаушы мемлекеттер шығын мәселесiне келгенде «көрпелерiне қарай көсiлiп», ысырапқа жол бермеуi шарт. Сонымен қатар, шетелдiк қаржының молдығына мастанбай, керiсiнше, бүгiн «қаны жерге тамбай тұрған» мұнайдың бағасы ертең күтпеген жерден арзандап кететiндей болса, жер сипап қалмаудың қамын жасау қажет. Мамандар пiкiрiнше, аталған елдердiң көпшiлiгiнде тауар және еңбек нарығының ашық әрi оңай болуы – инфляцияны ауыздықтаудың таптырмас құралы. Халықаралық мамандар пiкiрiнше, мұнай қоры сарқылуға жақын елдер мен құны мың құлпырған шикiзаттық тауарлар бағасына тәуелдi мемлекеттер экономикасын диверсификациялауды тез арада қолға алуы тиiс. Ол үшiн iскерлiк қарым-қатынас пен серiктестiк сенiмiн нығайтып, шикiзаттық емес салада еңбек өнiмдiлiгiн арттыру, кедейшiлiкпен күрестi күшейту, жұмыссыздар санын азайту және жеке кәсiпкерлiктiң жедел дамуына жағдай жасау сияқты құрылымдық реформаларды жүзеге асыру қажет.

«Сан соғып қалма»

Тәуелсiз мемлекеттер достастығы елдерiнiң арасында қаржылық және сенiм дағдарысының салқынын алғаш сезген Қазақстан едi. Өйткенi, соңғы бiрнеше жыл бойы халықаралық және шетелдiк iрi компаниялармен тығыз қарым-қатынас орнатқан қазақстандық банк жүйесi болатын. Бiздiң банктер көрсеткiшiнiң жоғарылығы iшкi қаржылық нарықтағы несиелеу көлемiн жылына 75 пайызға дейiн арттыруға мүмкiндiк бердi. Яғни, отандық банктер iшкi қарыз көлемiн 50 пайыздық жалпы iшкi өнiмге дейiн ұлғайтты. Алайда, қазақстандық қаржы жүйесiн халықаралық қаржы нарығына тұтастай тәуелдi ету – өте қауiптi. Бүкiл әлемдi шарпыған қаржылық дағдарыс пен дамушы елдердiң нарығынан топан судай қаптаған қаржы ағыны Қазақстанның банкаралық қорларына да әсер етпей қоймады. Оның үстiне, дәл осы сәтте аса iрi көлемдегi доллардың кеденде «кептетiлiп» қалуының кесiрiнен ұлттық валютамыз – теңге әлсiреп қалған. Қолма-қол төлемдердегi доллардың жетiспеушiлiгi сұранысты арттырып, тiптi, кейбiреулер үрейге орынсыз бой алдырды. Қаржы саласына қатысты осындай абыр-сабыр кезiнде банктердiң кейбiрi тұтынушылық және ипотекалық қарыз берудi уақытша тоқтатты. Негiзi ипотекалық несиелеудегi белсендiлiктiң артуы жылжымайтын мүлiк бағасының тым шарықтап кетуiне ықпал етедi. Азаматтардың басым бөлiгi қарыз аларда кепiлдiкке баспаналарын қоятындықтан. Ал тұрғын үй бағасының мың құбылуы қарыз алушылардың несиенi өтеуден бас тартуына, яғни, әлемдiк қор нарығындағы қаржылық дағдарысқа себеп болған америкалық варианттың қайталануына әкеп соғуы әбден мүмкiн. Бiрақ сарапшылар пiкiрiнше, iшкi нарықтағы тұрғын үйге деген сұраныстың жоғарылығын ескерсек, баға тұрақсыздығының әсерiн тап басып айтуға мүмкiндiк бермейдi. Есесiне, банктер тарапынан жарияланған ипотекалық несиелеуге қатысты мораторий тұтынушылық сұраныс көлемiн төмендетiп, бағаның арзандауына ықпал етедi. Оның үстiне, Үкiмет тарапынан бөлiнген 4 миллиард долларға жуық қаржы шағын және орта кәсiпкерлiкпен бiрге тұрғын үйге қатысты жобаларды да қамтиды. Демек, халықтың қалтасынан шығарылатын ақша «желге ұшпай», мақсатты түрде жаратылатын болса, шиеленiстердiң шешiмiн табары айқын.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ