Жаңалықтар

КӨПТIҢ КӨҢIЛIНЕН ШЫҚҚАН «ТОМИРИС»

ашық дереккөзі

КӨПТIҢ КӨҢIЛIНЕН ШЫҚҚАН «ТОМИРИС»

Абай атындағы мемлекеттiк Опера және балет театрында «Томирис» қойылды.

Қазастандық жазушы Б.Жандарбековтың «Сақтар» романының желiсi бойынша жазылған бұл спектакль («Томирис») ҚР Еңбек сiңiрген өнер қайраткерi, композитор, пианист Алмас Серкебаевтың тұңғыш операсы. Сахна шығарма сюжетiне сай безендiрiлген. Бұл жолда Санкт-Петербург қаласынан М.Мусоргский атындағы опера балет театрының бас суретшiсi Вячеслав Окунев арнайы шақырылған. Томирис рөлiн ҚР Еңбек сiңiрген әртiсi Жәмилә Баспақова сомдады. Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Болат Жомартов Томиристiң күйеуi – Рүстем образын шынайы ашып бере алса, спектакльдегi Бахтияр да Томиристiң қорғаушысы бейнесiн бейнелеу арқылы ел көңiлiнен шыға бiлдi.

Қойылым екi бөлiмнен тұрады. Сахна ашылғандағы көрiнiс көз алдыңа 530 жылғы сақтардың тұрмыс-тiршiлiгiн алып келедi. Оқиға б.д.д. IV ғасырда, Каспий жағалауында өтедi. Сақтар маңызды хабар күтуде, яғни көсемдер кеңесi бүкiл дала тайпаларының билеушiсiнiң атын атау керек. Сахнада Содиа (Томиристiң әпкесi, сомдаған – Сара Ищанова) басқарған шамандар аруақтардың рухын шақырып, билеуде. Шаршаған шамандар бастарын көтере алмай құлап жатыр, Содия ғана тоқтар емес. Шабарман көсемдер кеңесi билеушiнiң аты – Томирис деп шешкенiн жеткiзедi. Сондай-ақ, бұл бөлiмде ақылы мен ержүректiлiгiнiң арқасында халықтың махаббатына ие болған Томиристiң билiгiне риза емес тохар мен алан тайпаларының зұлымдық жоспарлары суреттеледi.

Ал, екiншi бөлiмде Томириске қастандық жасаушылардың iс-әрекетi әшкереленiп, көсемдер кеңесi оларды өлiм жазасына кеседi. Осы кезде парсы елiнен Кир патшадан сәлем алып келген елшi келедi. Кир жолында кездескендердi тiрi қалдырмайтын қатыгез патша, ол ендi массагеттерге бейбiтшiлiк туралы келiсiм жiберiптi. Парсы елшiсiн қоршаған нөкерлер салтанатпен келiп, көсемдер елшiнi жайлы орынға жайғастырады. Қонаққа арналған сый-кесенi елшi қабылдамай, ары ысырады. Айналасына менмендiкпен көз салып, қолындағы қағазды ашып оқи бастайды: «Мен, Құрыш, ұлы патша, бүкiл әлемнiң билеушiсi, массагеттердiң басшысы Томирис саған арнаймын. Бақыт құсы басыңа қонды, мен Құрыш сенi әйелiм деп атауға бекiндiм». Томирис күле отырып, «Не? Әйелiм бол дей ме? Менiң күйеуiм бар емес пе? Әлде Кир маған еркектердiң гаремiн құруды ұсына ма, бiрақ Кирге кiшi күйеу болу жараса ма?» деп мысқылдай жауап қатады. Сыныққа сылтау iздеген әйгiлi Кир патша өз тiлегiн қабылдамаған сақтарға қарсы соғысын бастап кетедi.

Соңғы көрiнiс. Таң. Томирис соғыс өртi жайпап кеткен жерде отыр. Оның алдында Кирдiң басы жатыр. Қайғыдан қан жұтып, таңды ұйқысыз қарсы алған Томиристiң ойын Содия бөлуге тырысады. Томирис Кирдiң басы салынған қапты Персияға жеткiзуге бұйырады.

Жазықсыз халқының, бейкүнә ұлының, сүйiктi күйеуiнiң өмiрiн құрбандық ету арқылы келген жеңiс Томиристi қуантпайды, сергiтпейдi. Ол Құдайлардан бейбiтшiлiк пен махаббат сұрап, жалбарынады.

Шымылдық жабылған сәттен кейiнгi көрермен ықыласының күндегiден ерекше екенiн ұзақ қол шапалақтауынан-ақ аңғаруға болатын едi. Басқаларды қайдам, өз басым төртiншi ғасырда өмiр сүрген Томириспен бетпе-бет кездескендеймiн. Бұл да актер шеберлiгiнiң бiр қыры болса керек.

Балжан ҮСЕЕВА