ҚАШАҒАН МӘСЕЛЕСI ТАҒЫ ДА КЕЙIНГЕ ҚАЛДЫ
ҚАШАҒАН МӘСЕЛЕСI ТАҒЫ ДА КЕЙIНГЕ ҚАЛДЫ
Әлемде соңғы 30 жыл көлемiнде ең iрi мұнай қоры табылған Қашаған кен орнын игеру мәселесiнiң тығырыққа тiрелгенiне жарты жылдай уақыт болып қалды. Қашағанды игерушi италияндық ENI компаниясы операторы болып табылатын халықаралық Agip KCO консорциумы Қашағанды игерудi кейiнге шегерiп, оған кететiн шығынды үш есеге дейiн (57 миллиард доллардан 136 миллиард долларға) өсiретiндiгiн мәлiм еттi.
Қазақстан үкiметi аталмыш консорциумның аяқасты қабылдаған шешiмiне мүлде наразылық танытып, 3 айға Қашағанды игеру жұмысын тоқтатып қойған едi. Қазан айында Қазақстанға Италия премьер-министрi Романо Проди келдi. Бiрақ, оның келуi мәселенi бiржақты ете алмады. Тараптар тек меморандумға қол қойып, Қашағанды игеру iсiн 30-қарашаға қалдырған болатын. Қазақстан үкiметiнiң шетел инвесторларынан талап етiп отырғаны бiреу – «ҚазМұнайГаздың» Қашағандағы үлесiн арттыру, сол арқылы оны екiншi оператор ету, сондай-ақ, мұнай игеру мәселесiн кейiнге қалдырғаны үшiн өтемақы өндiрiп алу.
Өткен сенбiдегi, яғни 30-қарашадағы келiссөздер қорытындысы толық мәлiм етiлмедi. Бiрақ, соған қарамастан Қашағанды игерушi компаниялардың бiреуiнен басқасы өз үлестерiнен жымқырып, Қазмұнайгазға беруге келiскендiктерi мәлiм болды. Кейбiр әңгiмелерге қарағанда Қазмұнайгаздың Қашағандағы үлесiн арттыруға американдық Exxon Mobil компаниясы қарсы болып отырғанға ұқсайды. Дәл осы компания Қазмұнайгаздың жобадағы үлес салмағын арттыруға тек Қашағанды игеру iсiн – 2041 жылға дейiн созса ғана келiсетiндiгiн айтқан. Бұған Қазақстан жағы келiспей отыр. Кейбiр ақпарат көздерi Exxon Mobil компаниясын италияндық ENI компаниясының орнына операторлыққа ие болады дегендi мәлiмдеген. Бұл да айырбас секiлдi, керiсiнше, Exxon Mobil Қазмұнайгазға өз үлесiнен беруге келiседi. Алайда, Reuters агенттiгiнiң хабарлауына қарағанда, сенбi күнгi келiссөз барысында ENI «келiссөздердiң ойдағыдай өтiп жатқандығын» мәлiмдептi. Демек, ENI операторлықтан қол үзбейдi. Ал, Қазмұнайгаздың жобадағы үлес салмағы қаншалықты болатындығы да мәлiм етiлген жоқ. Қазiргi жағдаймен ENI, ExxonMobil, Royal Dutch Shell және Total компаниялары – 18,5%, ConocoPhillips — 9,3%, Inpex пен Қазмұнайгаз – 8,3% акцияға ие. Егер, Қазмұнайгаздың Қашағандағы үлес салмағы 20%-ға жетсе де, Қазақстан iрi жетiстiкке қол жеткiздi деуге болады. О баста Қазақстан үкiметi Қазмұнайгаздың акциялық пакетiн 50%-ға дейiн көтерудi көздеген және өтемақы ретiнде 14,3 миллиард доллар талап еткен болатын. Әзiрге өтемақының 7 миллиардқа дейiн түскенi мәлiм болды. Кейбiр ақпарат көздерi оның 4 миллиардқа дейiн түсуi мүмкiн дейдi.
Есенгүл Кәпқызы