Жаңалықтар

АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ ШЫНДЫҒЫ

ашық дереккөзі

АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ ШЫНДЫҒЫ

Жуырда «Қазақстан ардагерлерi» қауымдастығы төрағасының орынбасары, «Құрмет» орденiнiң иегерi Бақытбек Смағұлдың «Мен көрген соғыс» атты кiтабы жарық көрген едi.

Аталмыш еңбектi оқи отырып байқағанымыз, Ауған соғысының ақиқаты мен зардаптары мейлiнше ашық және нақты суреттелген. «Осы тұрғыдан алғанда Бақытбектiң кiтабы өте бағалы. Соғыс ақиқаттары боямасыз: қилы қиянаттар, асыра сiлтеулер және т.т.» (Ә.Нұршайықов). Кiтап Б.Смағұлдың «Ауғанның от-жалыны» деп аталған өлеңдер жинағынан кейiн өмiрге келген екiншi туындысы. Алғашқы жинағына алғысөздi әйгiлi партизан, Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов жазған. «Мен бiлетiн Қасым Қайсенов күлдiбадам дүниеге алғы сөз жазбайтын адам. Шамасы, Бақытбектiң Ауған соғысының шындығын айтқан өлеңдерi Қасекеңе де әсер етсе керек» дейдi Әзiлхан Нұршайықов алғы сөзiнде. Одан әрi және былай дейдi:

«Бақытбектiң аса бiр ұтқаны, ол өз кiтабын адам тағдырына құрыпты. Адам тағдырынан зейiл, адам тағдырынан қымбат не бар дейсiз?! Кiтапта ол өз қаруластарының тағдырын көркем тiлмен жан-жақты әрi әсерлi баяндаған. Бұл кiтаптың оқушыға да берерi мол деп ойлаймын. Әсiресе, жастарға».

Шынында, автордың ерекше ден қойып, назар аударғаны – тағдыр. Адам тағдыры. Майдандас бауырластарының, қарулас достарының тағдыры. Олар Ауғанстанда қалай соғысты, не үшiн жан қиды, тiрi қалғандар бейбiт өмiрге бейiмделе алды ма? Осы жайларды айтуды өзiне мiндет санаған Б.Смағұл әсiресе мына мәселеге ерекше ден қояды:

«1943 жылы Сталинград түбiнде тұтқынға түскен немiс фельдмаршалы Паулюс армиясының бiр офицерi өз күнделiгiне былай деп жазыпты: «Көсемдерiнiң аты берiлген қаланы бiздiң қарсыластарымыз өте бiр жанын сала қорғады. Соғыстың қызған уақытында алғы шепке жiберiлген менiң солдаттарым бiр уақытта қатты састы, өйткенi орыстар қайдан тапқаны, әлде биологиялық жолмен шығарылған ба, сұрлары орысқа ұқсамаған, түстерi де басқаша, көздерiнен от шашқан адамдар қарсылас жақтың окопынан атып шығып, төпеп тұрған оққа қарамай, баса көктеп бiздiң плацдармды басып алды. …Кейiннен осы адамдардың Талғар полкының жауынгерлерi екенiн бiлдiк». Талғар полкының басым көпшiлiгi қазақтар болғаны кiм-кiмге де белгiлi.

«Елiм!» деп туған ерлердiң жантүршiгерлiк өлiмiн көз алдынан өткiзген Б.Смағұл: «Қаруластарымның өлiмi маған қатты әсер еттi. Әлденеге қапалана беремiн, кеудемдi өксiк буып алған» дей келе, олардың майданда қалай қаза тапқанын шыншылдықпен көз алдыңа келтiредi:

«… Бас көтертпей атқылаған жаудың оғы Асылдың дәл ернiнен тиiптi. Күрек тiсiнiң бiрi сонадай жерге ұшып кеткен… Екiншi сәуiр күнi Самат Баратов қаза тапты. Асылдың досы едi. Арқасынан тиген оқтың екпiнi кеудесiн жарып, жүрегiн сыртқа шығарып жiберiптi. Қасындағы жолдастары көпiршiп, көбiгi шығып жатқан жүректi жалма-жан жерден көтерiп алып, Саматтың кеудесiне қайта салып, бинтпен тас қып орап тастапты…». Сондай-ақ, дұшпандардың озбыр iс-әрекеттерiне мойымаған жауынгерлердiң Ауған жерiндегi қиыншылықтарға мойынсұнбағанын көремiз.

«…Түс ауа қатты шаршадым. Оның үстiне тiлiм аузыма сыймай барады. Шөлден. Айтпақшы, осының алдында ғана бiздiкiлер тiкұшақпен су тастаған-ды. Бiрақ, дұшпандар мұны дәлдеп атып, жерге түсiрмей, әуеде жарып тастады. Содан шашымнан кiшкене қиып алып, тiлiмнiң астына салдым. Тiлдiң астына салынған шаш суланады да сiлекей бөлiп шығарады».

Бақытбек Смағұлдың бұл кiтабы жастарды отансүйгiштiкке, патриотизмге тәрбиелеуде де таптырмайтын құрал бола алатыны анық. Ауған соғысы кезiндегi қазақстандық жауынгерлердiң ерлiгi, қажыр-қайраты, олардың бiр-бiрiне деген достық және бауырмалдық көмегi, от пен оқтың ортасындағы жанкештi тағдыры бүгiнгi жастарымызға үлгi-өнеге болғандай.

Балжан ҮСЕЕВА