Жаңалықтар

ДОСТАРЫН ӘНМЕН IЗДЕЙДI

ашық дереккөзі

ДОСТАРЫН ӘНМЕН IЗДЕЙДI

Сарыала күздiң соңғы айы жыр-думанға толы боп тұр. Күнде болмаса да, күнара қала жұртшылығы Алатаудың етегiнде орын тепкен кең сарайға асығып тұр. Өткен күндерге деген «Сағынышын» басып, «Жүрсiннiң жүйрiктерiнен» әзiл-қалжың тыңдап, мерейi үстем болып жүрген көпшiлiк күнi кеше тағы да зәулiм сарайға асықты. Бұл жолы олардың асығуға да жөнi бар. Өйткен себебi, бұл кештiң бұрынғы кештерден өзгерек болғандығы. Өзгерек дейтiн себебiмiз, достықты, досқа деген адалдықты жырлаған ән-кешiнiң елiмiзде тұңғыш рет өткiзiлуiнде болып отыр.

«Достыққа жүрмiн,

достыққа жүрмiн құмартып,

Өлгелi жүрмiн,

өзiме-өзiм мiн артып,

Жауыздың барып, қасына уәзiр болғаннан,

Достардың барып, ауласында өлген мың артық»,

–деп жырлаған екен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев. Достарын iздеп, достық туралы жыр жырлап, ән салмаған қазақтың бiрде-бiр ақыны, композиторы жоқ екендiгiне бiздiң көзiмiз жеттi. Оған куә, екi сағаттан аса достықты жырлаған ән кешi. «Қайдасыңдар, достарым!» ән-кешi Шәмшi Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалi дирекциясының продюсерлiк орталығының жетекшiсi, белгiлi композитор Қалдыбек Құрманәлi мен «Хабар» агенттiгiнiң бiрлескен жобасы. Бұл кешке Қазақстанның Халық әртiсi Мақпал Жүнiсовадан бастап, Тұңғышбай Жаманқұлов, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Гүлмира Ақүрпекова, Жеңiс Ысқақова, Шәкизада, Жанар Айжанова, Бақтияр Тайлақбаев, Ералхан Әбiшев, Айгүл Иманбаева, Асқар Жүнiсбеков, «Жiгiттер» тобы қатысып, достық туралы әндердi шырқады. Қазақта достар жайында жазылған ән де, жырда көп. Оның бәрiн екi сағатқа сыйдыру мүмкiн емес. Достық туралы кеш өткiзу идеясы тұңғыш рет жүзеге асып отырғаннан кейiн, оны ары қарай жалғастыру ұйымдастырушылардың ойында да бар сияқты. Кештi жүргiзген белгiлi актер Болат Әбдiлманов бұл жөнiнде көпшiлiктi құлағдар еттi. Достық туралы әндер шырқалады дегенге ме, әлде достарын сағынған жандар көп пе, әйтеуiр, залда ине-шаншар орын қалмапты. Түрегеп тұрғандары қаншама. Кеш шымылдығын достар туралы әнмен ашып,

«Достар, достар, жүрсiң қайда?!

Бiрге едi ғой жанымыз,

Қол алысып осындайда,

Бiр жүрейiк бәрiмiз», – деп Әбiлахат Еспаевтың әнiмен кеш шымылдығын жапты. Достар туралы ән-кешi шымылдығын жапқанымен, достықтың жыры бiткен жоқ. Ол әлi жалғасын табары анық.

Едiге БЕКТАС