Жаңалықтар

ҚАЗАҚТЫ ЖЕРДЕН АЙЫРЫП, ДIНГЕ ҚОСУ ШАРАСЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚТЫ ЖЕРДЕН АЙЫРЫП, ДIНГЕ ҚОСУ ШАРАСЫ

Телжан Шонанов – өткен ғасырдың басындағы аса iрi Алаш тұлғаларының бiрi. Оның ғалым, педагог, тарихшы ретiнде жазған еңбектерi әлi күнге өз маңызын жойған жоқ десек, қателеспеймiз. Сол еңбектерiнiң бiрi – 1923 жылы Орынборда жазылған жиырма жетi тараудан тұратын «Қазақ жер мәселесiнiң тарихы» атты зерттеу шығармасы. Бүгiн бiз осы еңбектiң бiр тарауын назарға ұсынуды жөн көрдiк.

Ақтөбелiк азаматтар Марат Мырзағұл мен Бекарыстан Мырзабайдың құрастыруымен Телжан Шонановтың бiр томдық шығармалар жинағы таяуда «Ел-шежiре» қоғамдық қорының жанынан жарық көрмек.

Ескi үкiметте поптар әкiмдермен, ақсүйек байлармен жемтiктес, телiмдес, бiрiн-бiрi қолдап, бiрiн-бiрi көтермелеп, бiрiнiң қас-қабағына бiрi қарайтын едi. Орыс поптарының «бақпа» елi қанша көбейсе, қалтасы да сонша томпаймақ. Православие дiнiне кiрмеген бұратаналар ала қойлар сықылды. Ала қойды көрсе арыстанның «Қырық мысалда» көзi ауырғаны сияқты, поптар мен үкiмет бұратаналарды көрсе, тiсi қышып, тамағына жұтып қойғысы келiп тұратын едi. Ала қойларды бақтыратын қойшысы қасқырлар – ескi үкiметтiң төрелерi.

Жер iсiне дiн iсiн қыстырмаласа, сол ала қойлардың ала жүнi түлеп «православие» түсiне кiрмек, поптарға ел көбейiп, пайдасы артпақ. Ала қойларды православие өңiне кiргiзу үшiн, сол ала қойлардың қонысын, өрiсiн азайтып, арасына мұжықты көбiрек тықпалау керек. Мұжықты көбiрек тықпалау үшiн қазақтың алатын нормасын құнтитып құрту керек. Сонда қазақтан мұжық саны артпақ. Сонда қазақ ала қой болмай, «православие» деген бояумен үстiн боямақ. Сол бояуды жалап, поптар тамақ асырамақ. Сол бояу ескi үкiмет қарашаларының бәрiн бiр түске бояп, ала түс жойылып, үкiметтiң көз ауруы қалып, жаны сая тауып, төңкерiстен қорықпай тыныш ұйықтамақ. Жантайып жатып жiлiктен майын шағып жей бермек. Бұл тағы бiр әдiс болды. Көптен қолданылып келе жатқан осы әдiс соңғы жылдарда, 1905-1906 жылдары, төңкерiстен соң өте-мөте сорақыланды. 1912 жылдың 5, 26 сәуiрiнде болған Святейший Синод кеңсесiнде мынандай қаулы алынды: «Қазақтарды отырғызғанда, қазақ бөлек ауыл болмасын, орыспен қоңсы болсын, орысқа қазақты қоңсы қондырғанда, қазақтан орыс саны басым болсын. Орыс саны әр ауылда кем дегенде екi есе артық болсын. Сол кезде ысходта қандай мәселе қаралса да, орыс дауысы басым болады. Сонда православие иiсi сiңiп, қазақ тез шоқынады».

Синод қаулысына сүйенiп, переселен бастықтарынан мынандай бұйрық таралды: «Торғай, Орал переселен жұмысының бастығына. Святейший Синод биыл 5, 26 сәуiрде № 3067 қолайлаған ережесi бойынша бұлай етiлсiн дейдi: Мұсылман және православие дiнiндегi қазақтарды орыс мұжықтарымен бiрiктiрiп қала қылынсын. Сонда шаруа жайы, мұқтаждық сықылдылар төңiрегiнде түрлi мәселе қарастырылғанда, православный адамдар жағы басым болу үшiн қазақтар саны православныйлар санының жартысынан аспасын дейдi. Синодтың ойлауынша, солай еткенде Дала және Түркiстан уалаяттарының қазақтарына православие дiнiн қабыл еттiру оңай болмақшы». Бұл нұсқауды жер жұмысының бас мекемесi губернаторларға тиiстi тәртiп қыл деп жiберiп, губернаторлар переселен жұмыстарын әр жерде басқаратын төрелерге таратып, ол төрелер подрайон бастықтары мен крестьянский начальниктерге таратты.

Орал-Торғай переселен жұмысын басқарушы подрайондарға осы бұйрықтың 1912 жылдың 27 маусымындағы № 9373 көшiрмесiн «қия баспай, орындаңдар» деп жазып жiбердi. Қия басуды жаратпайтын бұйрыққа переселен жұмысын басқарушы Константинов, секретарлық атқарушы Арсенов қол қояды.

«Речь» газетiнiң 23.1.1914 жылғы 22-номерiндегi Е.Б.-дiң Р.Д. депутаттарына жазған ашық хаты басылып шықты. Ашық хатында әлгi жарлықтардың шыққан күнiн, нөмiрiн, сөзiн түгел көшiрiп, былай дейдi: «Переселен управлениесi жер аз сорлы болып жүрген князь Кошубей, Касаткин, Ростумов, граф Медемь және басқаларына қазақ даласында қазына жерiн үлестiрiп берумен ғана болып жатқан жоқ, христиан дiнiнiң православный бағытын қазақ елiне қабылдату қамында даярлап жатыр. 1917 жылдың 17 сәуiрiнен кейiн басқа дiндегiлердiң дiн жұмысына кiрiсу үшiн, 5 миллион қазақтың тiршiлiк шаруасын қысумен дiнiне қол салуға болады деп отырған шарапатты Синодтың iсi мынау. 1904 жылдың 12 желтоқсанынан кейiн Синодтың қолайлаған жолсыз iсiн қия баспай, орнына келтiр деп жергiлiктi отаршылдарына тапсырып отырған переселен мекемесiнiң iсi мынау. «3 маусым заңы» қазақ жерiне жерiк болған князь бен графтардың тiлегiн қабыл алып, Думада даусымызды шығармайтын қылып, үнiмiздi өшiрiп қойды.

Құрметтi депутаттар! Заңды шiмiрiкпестен аяқасты қылып, жолсыз iс ету деп осыны айтады. Бұған сiздер назар салып, Дума ережесiнiң 35, 58-баптары бойынша тиiстi iс қылар деп сенемiз», – деп сөзiн доғарды.

Шынында, бұл Синодтың осымен қазақты оп-оңай шоқындырамын дегенi емес, мұнан қазақ үркiп қала болмас, қала болмаса, отыра алмайды, отыра алмаса, қазаққа оңды жер берiлмейдi, оңды жер берiлмесе, ащы, сортаң, тастақ, татырда өлшеп, пiшiп берген жерде отыра алмай, оңтүстiкке иә Қызылқұмға көшедi. Көшсе орны босайды, орны босаса, босаған жерге мұжық орналастырылады. Мұжық көбiрек отарға ауса, iшкi Ресейдегi байлар, ақсүйектер жерлi, шiркеулер тынышырақ отырады, деген ой едi. Мiне, бұл тағы бiр әдiс болды. Шынында, бұл әдiс арандатушылық едi. Асылында, бұл дiн-құмарлық емес, поптар мен төрелердiң жер-құмарлығының салдары болады. Шiркеулерге де қазақ жерiнен жер керек. Шiркеулер де қазақтан жер алатын едi. Сондай жер алып жүрген монастырь жайында «Речьтiң» 30/V-1913 жылдағы номерiнде Орал депутаты Ероминнiң хаты басылып шықты. Хатының сөзi: «Восторгов деген поп православие дiнiн жоямын деп переселен мұжық барған қазақ жерiнде монастырь салып жүр. Осы монастырьға қазына жерiнен (қазына жерi дегенi – қазақ жерi. «Ас. Б.-ның» 119-бабы бойынша қазақ жерiн қазыналық деп жариялаған – Ш.Т.) мұжыққа берiлгендей жер кесiп бердi. Орал қаласынан 20 шақырым жерден «Борбас» деген өзен бойында монастырь салған. Орыс әдетiнде, монастырьды халық құдайы қылып берген қайыр-садақаға салушы едi. Қазақ жерiнен монастырь сал деп халық берген көк тиын жоқ. Монастырьды Құдайға құлшылық қыламыз деп көп сопы салушы едi. Монастырьда бiр сопы тағы жоқ. Сол монастырьға деп қазақ жерiнен 100 десятина жер кесiп берiлген. Осы жердi монастырьдың картоп салуына деп жалдап отыр.

Бұл жоқ монастырь, жоқ сопылар үшiн жалданып жұмыс қылатын адам керек. Мұны қайдан аласың? Қаласына жар салып, әлi жоқ монастырь қасынан 300 еркекке әрқайсысына 20 десятинадан жер берiлiп, мұжық қаласы салынады деген соң, лезде 900 ер адамның аты жазылған переселен мұжық тiзiмi жасалып, архиерейдiң қолына берiлдi. Архиерей жоғарғы ұлықтан сұрайды. Осы тiзiмге жазылған переселен мұжықтар кiмдер дейсiз ғой. Тiзiмдегiлер Текеде магазинi бар байлар. Теке ұсталары және өзге адамдар. Бiрақ iшiнде бiрде-бiр переселен мұжық жоқ».

Бұл молдалар, поптардың қазақ жерiмен ел араламайтын бақалшы сияқты сауда қылғаны болады. Синод осындай бақалшы болмақ. Поптар да төрелермен қатар бұрын башқұрт жерiне бақалшы болып, арзан алып, қымбат сатып, башқұрт жерiн құртқан едi. Бақалшылар – поптар ендi қазақ жерiне алыпсатар жалдап болғаны. Бұл тағы бiр әдiс. «Бұрын қазақ оқығандарының бiрсыдырғылары, әсiресе, ноғай бауырларымыздың зиялылары, газет, журналдарға қазаққа: «Отырсаң мәдениеттi болсын, отырықшы бол», – деп ақыл айтатын едi. Синодтың жоғарғы қаулысын көрген ноғай газеттерi ендi Сырдан тартып, отырықшы бол деуден қаша бастады. Мұсылман матбуғаты (баспасөзi. – Ред.) бiрiншiден, патшалық пайдасы, екiншiден, қазақтар бiлiмдi жұрт қатарына кiрер деп, үкiмет тадбiрлерiн қуаттап, қазақтарды тезiрек қала болуға үндей бастады. Мұсылман мадбуғаты және бұлармен бiрiгiп үгiттеген қазақ оқығандарының еңбегi босқа кетпей, қазiр қала болып отырған қазақтар көп…. Мiне, мұнан кейiн бұл переселен мәселесiне мұсылман мадбуғаты әсте қосылмас және бұлардың пiкiрiнше, патшалық үшiн пайдалы болмайтын жаңа бiр хал басталайын деп тұр. Себебi, бұл мәселеге миссионерлiк келiп қатысу… бiрақ, жер iстерiн қарайтын мекеменiң мұндай пiкiрдi қабыл етуiне және қол астындағы мекемелерге қазақты орыстандыруға, православие дiнiне кiргiзуге қам қыл деуiне ешбiр мағына беруге мүмкiн емес. Өйткенi, бұл мекеме дiн мекемесi емес. Шаруаны басқаратын мекеме… Егер бұл мекеме қазақтарды сезiктендiретiн жоғарыда айтылған Синодтың тадбiрiн қолдана бастаса, қазақтар көшпелiлiкте қаларына көздерi жетiп тұрса да, қала болудан безе бастар. Бұл тадбiр арқасында переселен управлениесi өз мiндетi, өз мақсатына қарсы қызмет еткен болар», – деп 1913 жылы «Уақыт» жазады.

Бұл бұйрыққа мұсылман мадбуғатының көзқарасы, мiне, осы. Бұлар бұрын қала бол деп үгiттесе, ендi жалтарып отыр. Мұнан былай қазаққа қала бол деп құрғақ ақыл айтпаймыз деп бұлтарып отыр. Бiрақ, «Уақыттың» переселен мекемесi дiн мекемесi болмаса да, «шарапатты» Синод тәртiбiне қалай көнген, мұнысы өзi мiнiп отырған бұтағының астын өзi кескен болады дегенi iске бұл жерде тағы түсiнбегендiк. Переселен мекемесi мақсатынан шығып кеткен жоқ. Қайта түп мақсатына тұп-тура тартып отыр. Шынында, переселен мекемесi қазақ Синод әдiсiмен православие дiнiне кiре қояды деп отырған жоқ. Уақытша үркiп, қала болудан қашып, шөлге, татырға, сорға қамалып, оңды жердi босатар деген әдiс – Синод қаулысы переселен мекемесiмен бiрiгiп iстеп отырған қоқай. Екi арада жүрiп Восторгов сықылды поптар маклер жалдап болып, қазақ жерiнен пайда табады. Аты мәңгiлiк қалған орыс мысалшысы Крыловтың бiр мысалында: «Аңдар жиналып, арыстанды ұстап алып, бөлiсiп жатса, қоян да келiп құлағынан тартқылайды». Сонда аңдар қоянға: «Жырық, шiркiн, сен қайдан келдiң?» десе, қоян тұрып: «Жан досым арыстанды орманнан үркiтiп қуалаған мен едiм ғой», – дейдi. Өтiрiк айтса да, аңдарға қоянның жауабы ұнап кетiп: «Е, ендеше арыстанның құлағын сен жей ғой», – дептi.

Орыс поптары қазақ жерiне маклер болғанда, «мына жырық қайдан келдi?» деп қояннан сұрағандай, «мына шашы жалбыраған поптар қайдан келдi?» деп басқа шакалдар сұрамасқа iстеп отырған Синод ебi. Бұл тағы бiр әдiс. Амалсыз қазақ мұжыққа қоңсы қонса, екi мұжыққа бiр қазақ келсе, қазақ шоқынады. Мемлекет iшiнде ала қой болмайды. Қазақ шаруа және саяси жағынан орысқа құл болады деп Синод ойлайды. Бұл тағы бiр әдiс болды. Бұл Синод әдiсiмен қала болған қазақ жоқ, қайта үрке бастады. Егiн салып отырғандары мал нормасы, көшпелi күйге түсемiз деп iздене бастады.

«Өскемен уезi Торғын болысы 8-ауылда 30 үй қазақ мұжықша 15 десятинадан сыбаға алып, 20 үй мұжықпен бiрлесiп қала болған. Қостас орыстармен келiспей, қайтадан қазақ боламыз деп сол 30 үй шешiм алған». Бұл қазақ жайы не болмақшы? Бұлар иә иттiң күнiн көрiп, тепкi жеп отыра бередi, иә көшедi. Көшсе, бұрын кесiп алған жерiнен айрылады. Синод қаулысының бұл бiр шалғысы.

1910 жылы Меңдiқара болысының (Қостанай) қазақтары қала болуға ырза болып, Синод қаулысының зардабына шыдай алмай, 2150 жан приговор жасап, ортасынан 6 адам сайлап, қала болудан қайтамыз деп iздендi. Кеңарал болысында да қала болып, жер алып, мұжық жолына түскен қазақтар 1915 жылы iшiнен өкiл сайлап, мал бағуға түсемiз деп iздене бастап, Сенатқа дейiн Елжан Оразов барып шағым айтқан.

Мiне, Синод қаулысының қазақ тұрмысына өмiр жүзiнде берген әсерi. Қала болудан безген осындай қазақ неше мыңдап саналған, оны терiп жаза берудiң қажетi жоқ деп ойладық. Синодтың қаулысы өмiр жүзiнде қазақ елiн қада болып отырудан бездiрген болып шықты. Ескi үкiмет кезiнде қазақтың қала болудан безуi – егiн саларлық жақсы жерден безуiмен бiр. Бiрақ, үкiмет iшiнде ала қойлар жайылған жоқ. Оны 1916 жылдан қазақ iшiндегi халық көтерiлiсi көрсеттi.

Дайындаған – Д. ӘШIМХАНҰЛЫ