ИСЛАММЕН АСТАСҚАН САЛТ-ДӘСТҮР
ИСЛАММЕН АСТАСҚАН САЛТ-ДӘСТҮР
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениетi университетi исламтану факультетiнiң студент қыздары арасында қазақтың салт-дәстүрiн көрсету мақсатында «Арулар сайысы» өттi.
Сайысқа 1 – курс студенттерi Динара Төлегенова, Жазира Рахымғазиева, Данагүл Иманқожа қатысып, 5 номинация бойынша бiлiмi мен өнерлерiн көрсеттi. Салтанатқа арналған тойбастар ән мен Майлықожаның термесiн Абдолла Тұрсынбайұлы орындады.
Өзара бақ сынасқан үш қыз халқымыздың сәлемдесу, танысуынан бастап қолөнер, ұлттық киiм үлгiсi мен тағамдарына дейiн қамтуға тырысты. Елiмiзде өтiп жүрген «Арулар сайысының» көбi көңiлдi су сепкендей басып жүргенiн жасыра алмаймыз.Оның бiр мысалы, қазақ қыздарының арулар сайысына жартылай жалаңаш шығуы. Ал Ислам университетiнде өткен байқаудың тәрбиелiк мәнi зор. Қарасаңыз, қазақтың ұлттық тағамдарының адалдығы, ұлттық киiмдерiнiң қай-қай үлгiсi ислам шариғатына сайма-сайлығы кiмдi болсын таң-тамаша етпей ме! Бұл сайыс қазақтың салт-дәстүрiн дiнмен қоса өрiп көрсетуiмен де ерекше. Қазiр көпшiлiк арасында мұсылмандық жолда жүргендердi кем көретiн көзқарас бары рас. Осы байқау мұндай түсiнiктiң де көбесiн сөге бiлдi. Ақылына көркi, киiмiне iшкi дүниесi үйлескен мұсылман қыздардың өнерден де, дәстүрден де, дiннен де хабардарлығына сүйсiндiк. Арулардың ой-өрiсi мен бiлiмiнiң парқын анықтау мақсатындағы сауалдарға Динараның да, Жазираның да, Данагүлдiң де берген жауаптары тәп-тәуiр. Қыздарымыз қазақ ақындарының мәселен, Абайдың «Сегiз аяқ», Жұбанның «Мен қазақпын», Төлегеннiң «Бiр тойым бар» өлеңдерiн оқыды. «Арулар сайысына » оқытушылар Жұлдызай Мейiр, Әдiл Мархаба, Ақжiгiт Әлiбекұлы және Айдынгүл Хаван, Жiбек Стамғазы төрелiк жасады. Қазылар есебi нәтижесiнде мәреге Жазира мен Динара 138 балл жинап қатар келдi. Алайда Жазираның қазақ қызына тән ұяңдығы мен ибасы басым көрiндi. Және оның Құранмен астастырған эмблемасы қарапайымдылығына, шағындығына қарамастан үлкен жүктi көтерiп тұр. Данагүл Иманқожаның қолөнер додасы бойынша араб әрiптерiн кестелеген жастығы iзденiмпаздығын айқындады. Бiлiмдi өнермен ұштастыру осы болар. Бұл сайысты Тәрбие бөлiмiнiң меңгерушiсi Алиев Жасын Анафияұлы ұйымдастырып ашып бердi. Кеш барысында Аманбеков Тоқтарбай төл өлеңдерiн оқыды. Сонымен қатар мерекелiк жиынның жақсы өтуiне септiгiн тигiзушi баршаға рахмет айта отырып, оқытушы Сәуле Тiлебалдина, тәлабалар Жанар Омаралинова, Айнұр Мырзабай, Айнұр Әуезова, Әйгерiм Тоқтамысованың еңбектерiн атап өткенiмiз жөн.
«Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениетi университетiнiң «Арулар сайысын» өткiзудегi тәжiрибесi осы iспеттi iс-шараларға үлгi болсын деп тiлеймiз.
Күлпара ЖҰМАҒАЛИ