БТА – «ТҰРАНӘЛЕМ» БАНКIНIҢ ЖАҢА АТЫ

БТА – «ТҰРАНӘЛЕМ» БАНКIНIҢ ЖАҢА АТЫ

БТА – «ТҰРАНӘЛЕМ» БАНКIНIҢ ЖАҢА АТЫ
ашық дереккөзі

«ТұранӘлем Банкi» АҚ ТМД аумағындағы банк желiсiн құруда көшбасшы және iрi банктердiң бiрi. Алдын ала жүргiзiлген мәлiметтер бойынша ТӘБ топтастырылған активтерi жыл басынан берi 47,4%-ға, яғни 24 084 млн. АҚШ долларына, капиталы – 2,3 есеге 3 577 млн. АҚШ долларына дейiн өскен. Банктiң таза пайдасы өткен жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда 2 есеге өсiп, 492 млн. АҚШ долларын құрады.

Қазiргi таңда аталмыш банктiң Қазақстан Республикасының барлық аймағына тармақталған 22 филиалдар желiсi және 256 есеп айрысу кассалық бөлiмдерi бар. Шетелдерде өз өнiмдерiн ұсынатын «ТұранӘлем» банкi ТМД елдерiндегi қызмет аясын кеңейтiп, оның өкiлдерi Ресейде, Украина, Қытай мен БАӘ-де жұмыс iстейдi. Халықаралық бiрнеше басылымдардың ұсынысымен әлемнiң үздiк банктер рейтингiсiне енген «ТұранӘлем Банкi» Еуропалық Бизнес Ассамблеясының шешiмiмен еуропалық аймақтық банк секторындағы «Еуропаның үздiк компаниясы» атағын иелендi.

«ТӘБ конгломератының алдында тұрған жаңа мiндеттер халықаралық, жан-жақты және сонымен бiрге жылы шырайлы, инновациялы болатын жаңа брендтiң қажеттiгiн алға қойды. Мен бұрынғы бренд сәттi болды деп есептеймiн, бүгiнгi таңда нарықта қол жеткiзген мәртебемiз үшiн банк оған қарыздар. Егер бұрынғы бренд елiмiздегi нарық үлесiн иемдену үшiн әзiрленген болса, жаңа бренд халықаралық ауқымдағы нарық үлесiн қамтуы тиiс», – деп мәлiмдедi жаңа брендiнiң тұсаукесерiнде «ТұранӘлем» банкiнiң басқарма төрағасы Роман Солодченко.

«БТА брендiнiң өзгерiсi бiрнеше кезеңдерден тұрады. Бiрiншi кезең осы жылдың соңына дейiн жалғасады, ал жаңа жылдан бастап банктiң өзiнiң және оның компанияларының ренеймингi және ревизуализациясы басталады» – дейдi аталмыш банктiң баспасөз хатшысы Ж.Шамова.

P.S. «ТұранӘлем» банкiнiң қазiргi қысқаша атауының қазақшасы «ТӘБ» («ТұранӘлем Банкi») болады. Әйтсе де, көпшiлiк оны «ТӘБ» емес, орысшалап «БТА» («БанкТуранАлем») дейдi емес пе? Айтпақшы, елiмiздегi екiншi деңгейлi банктер қатарына жататын әрi халықаралық деңгейде стратегиялық бағытын кеңейткен «ТӘБ» әлемдегi қаржы дағдарысынан шығатын тиiмдi жол таба алар ма екен? Үкiметтен банктердiң iсiне бөлiнген 4 млрд. АҚШ долларынан «ТӘБ» үшiн үлесi шамалы болса да, халыққа қалай қызмет көрсетедi?

Жансая ПЕРНЕБАЕВА