Бөрiбай ЖЕКСЕМБИН: ШАҒЫН ҚАЛАЛАРДЫҢ КYНI ТУАТЫН ШАҚ АЛЫС ЕМЕС
Бөрiбай ЖЕКСЕМБИН: ШАҒЫН ҚАЛАЛАРДЫҢ КYНI ТУАТЫН ШАҚ АЛЫС ЕМЕС
Тоғыз жолдың торабына орналасқан Жамбыл облысы – тарихи құндылықтарымен ерекшеленетiн облыстардың бiрi. Тарихи құндылықтары дейтiн себебiмiз, киелi Әулиеата жерiнде көне қалалар Тараздың, Баласағұнның, Меркiнiң, Саудакенттiң iзi сайрап жатыр. Республиканың өзге аймақтарына қарағанда, жерi де, халқы да шағын облыстардың бiрi саналатын Жамбыл облысының бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi туралы облыс әкiмi Бөрiбай Биқожаұлы Жексембин мырзамен жолығып сұхбаттасқан едiк.
– Тараздың 2000 жылдығынан кейiн Жамбыл облысы туралы баспасөзде кең әңгiме бола қоймаған секiлдi. Жамбыл облысының бүгiнгi әл-аухаты, әлеуметтiк, экономикалық жағдайы туралы әңгiме өрбiтсеңiз?
– Жалпы, кейiнгi жылдары мемлекеттегi сияқты, облысымызда да үлкен дамулар бар. 2007 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары iшiнде облыс кәсiпорындары 69 млрд. теңгенiң өнеркәсiп өнiмiн өндiрдi, физикалық көлем индексi 107,5 пайызды құрап отыр. Өңдеу өнеркәсiбiнде, электр энергиясын, газ бен суды өңдеу мен таратуда да өндiрiс көлемдерi артты. Өңдеу өнеркәсiбiндегi өндiрiс көлемдерiнiң артуы негiзiнен химия, металлургия өнеркәсiбiнде және металдан жасалған дайын бұйымдарды, құрылыс индустриясы, машиналар мен жабдықтар өндiрiсiнде көлемдердiң артуы есебiнен қамтамасыз етiлiп отыр. Соңғы үш жылда бiрнеше жаңа зауыттар iске қосылды. Оның iшiнде «БМ» ЖШС-де биоэтанол өндiру бойынша жаңа зауыты, «Меркi ет» ЖШС консервiленген ет өнiмдерiн шығаратын зауыт, «Азия концерн» ЖШС-де жемiс-жидек пен көкөнiстi қайта өндiретiн өндiрiс орындары жұмыс iстеуде.
«Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС-де ферробалқыту және болатбалқыту өндiрiсiнiң фосфор өндiрiсiн қайта жаңғырту жұмыстары да қайта жалғасын табуда. 3840 тонна ферросиликомарганец өнiмi өндiрiлiп, бiрiншi агломерат партиясы алынды. Облыста табиғи газ, газ конденсатын, барит кенiн, концентратталған сары фосфор, натрий триполифосфотын, ортофосфор қышқылын, құрылыс материалдарын, шұжық және сүт өнiмдерiн, электр энергиясын өндiру көлемдерiнiң өсу үрдiстерi сақталуда. Облыстың ауылшаруашылығында да жетiстiктер жоқ емес. Үстiмiздегi жылдың қазан айында 200 мың гектар жер жыртылып, оның 97,2 мың гектарына егiс егiлдi. Мал шаруашылығының жалпы өнiмдерiнiң көлемi 2007 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары iшiнде 17,5 млрд. теңгенi құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 103,3 пайызды құрап отыр. Ет өндiрiсi 3,2 пайызға ұлғайып, 58,2 мың тоннаны құрады, сүт – 3,6 пайызға, (208,1 мың тонна), жұмыртқа – 2,7 пайызға (78,1 млн. дана), жүн – 5,1 пайызға (5,0 мың тонна) жеттi.
Облыс орталығында биылғы жылдан бастап, сенбi мен жексенбi күндерi ауыл шаруашылығы жәрмеңкесi ұйымдастырылып, 22 млн. теңгеге өнiм өткiзiлдi. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлердiң ұсынып отырған құны нарық құнынан 20 пайыз төмен.
Бағдарламаны iске асыру шеңберiнде аграрлық өнеркәсiптiк кешенiн тұрақты дамыту Концепциясын 2006-2008 жылдары бiрiншi кезекте қажет шараларға республикалық бюджеттен 768,1 млн. теңге бөлiнiп, оның iшiнен 611,4 млн. теңге қолданылды, оның 391,7 млн. теңгесi – көктемгi егiс және жиын-терiнге кетсе, 155 млн. теңге – мал шаруашылығын дамыту үшiн қолдау көрсетуге, 12,9 млн. теңге – тұқым шаруашылығын дамытуға, 22 млн. теңге – мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын жоғарылатуға, 17,5 млн. теңге – су жеткiзу қызметiнiң құнын қаржыландыруға, 12,3 млн. теңге – көп жылдық жемiс беретiн дақылдар мен жүзiм өсiрудi қамтамасыз етуге жұмсалды.
Әлеуметтiк сала мен инженерлiк инфрақұрылым объектiлерiн дамытуға бағытталған бюджет қаржыларының үлес салмағы 28,5 пайызды құрайды.
Жыл басынан берi 151,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлдi. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артып отыр. Оның iшiнде 5,5 мың шаршы метрдегi мемлекеттiк-коммуналдық меншiктегi тұрғын үйлер, жалпы алаңы 9,1 мың шаршы метрдегi ипотекалық несиемен халыққа берiлетiн тұрғын үйлер және 136,8 мың шаршы метрдегi жеке сектордағы тұрғын үйлер пайдалануға берiлдi.
– Бiрнеше жыл бұрын Қырғызстанмен шекарадағы Шу өзенi, жағалау жерлерi жөнiнде шу шыққан-ды. Су ағысын бұру нәтижесiнде қазақ жерiнiң бiразы қырғыздарға өте бастағаны ел-жұртты елеңдеткен. Өзiңiз соның басы-қасында болып едiңiз…
– Бұл мәселенiң айтылып отырғаны дұрыс. Өйткенi, Шу өзенi ықылым заманнан берi келе жатқан, қырғыз бен қазақтың арасын бөлiп жатқан өзен. Оның арнасы кейбiр жерлерi 2 км.-ге дейiн асып түсiп жатады. Шу өзiнiң ағысының қаттылығынан арнасын тез ауыстырып отыратын өзендердiң бiрi болып саналады. Ал шекарасы белгiленген екi мемлекеттiң арасында он метрлiк жердi алып жататын өзеннiң тұп-турасы жартысы – қырғыздарға, қалған жартысы – қазақтарға тиесiлi дейтiн болсақ, ол ирелеңдеп қырғызға қарай ақса, қырғызға ауысып кетедi, бiзге қарай ирелеңдеп ағар болса, бiзге ауысып кетедi. Әрi арнасынан шыққан су маңындағы елдiмекендерге де зиянын тигiзiп жатады. Жағаны жуып, жолдарды қирата берген соң, суды берi қарай шығартпау үшiн, үлкен инженерлiк құрылыстар жүргiзуге тура келдi. Бұл мәселенi Үкiметтiң алдына қоя тұрып, көктем мезгiлiнде судың тасқынының жергiлiктi тұрғындар зиянын шекпеу үшiн құрылыс жұмыстарын жасауға қол жеткiздiк. Бұл жұмысқа 600 млн. теңге бөлiнген. Үш жылдың iшiнде 235, 5 млн. жұмсадық. Бұл қаржы 2007 жылғы 1-қарашада Жамбыл облысы Қордай ауданында Шу өзенiнiң жағасын нығайту және арнаны түзету жұмысына бөлiндi. Бұл объектiнi Құдай қаласа, 2009 жылы аяқтаймыз деп отырмыз. Мәселе, толық шешiледi деп ойлаймын. Бiздiң жерiмiз қырғызға кетпейтiн болады.
– Облыс үшiн Амангелдi газ кенiшiнiң жөнi бiр бөлек. Амангелдi газ кенiшiнiң iске қосылып, жемiстi жұмыс iстеп жатқандығынан да хабардармыз. Газ кенiшi облысты ғана қамтамасыз етiп жатыр ма, әлде оңтүстiк облыстарға да тарала ма?
– Бұл газ кенiшi ашылғалы берi төрт жыл болды. 1 млрд. куб газ өндiрiлдi. Жылына барлық қуаты 25 млрд. көлемiнде болмақ. Алғашқы кездерi 800 мың куб күнiне алынып отыратын. Қазiр 900 мыңға жеттi. Алдағы мақсат, осыны күнiне 1 млн.-ға жеткiзу. Бiр жылда 365 млн. текше метр өндiрiледi. Қазiргi өндiрiлiп жатқан табиғи газдың мөлшерi облыс тұтынушыларының жаз мезгiлiндегi пайдалануына жеткiлiктi. Ал, қысқы жылу маусымының басталуына байланысты және жылу беретiн мекемелердiң толық жұмыс iстеуi үшiн табиғи газдың пайдалану көлемi көп есе ұлғаяды. Қазiргi таңда Амангелдi газ кенiшi шығарып жатқан табиғи газдың мөлшерi оңтүстiк облыстардың тұтынушыларын қамтамасыз етуге жеткiлiксiз. Негiзгi газ қырғызға, Алматыға, өзiмiздiң облысымызға кетедi. Өзбектiң газымен бiрiгiп өтетiн болған соң, бiзде газдың құны өзгелермен салыстырғанда арзандау. Алдағы уақытта, Қайрақты, Андабай газ кен орындарында «ҚазТрансГаз» компаниясы жұмыс iстегiлерi келiп отыр.
– Облыстағы денсаулық сақтау департаментi туралы көп әңгiме болды. Денсаулық саласына көп көңiл бөлiп жүрсiздер ме?
– Ендi ол бiрлi-екiлi iс болса, олар өздерi жауап берер. Олардың iсi бүкiл облыстың денсаулық сақтау саласына зиянын тигiзе алмайды. Облыстық денсаулық сақтау департаментiнiң қызметi облыс әкiмiнiң күнделiктi бақылауында болып отыр. Жалпы, бұл мәселеде дәрiгер кадрларымен қамтамасыз ету өзектi мәселеге айналуда. 2007 жылы облыстық әкiмияттың тiкелей қолдауымен тұңғыш рет ауылдық жерлерде жұмыс iстейтiн жас мамандар үшiн әлеуметтiк жағдайлар жасалды. Үстiмiздегi жылдың 29 қазан айына қарағанда облысқа 60 дәрiгер келдi, оның 47-i ауылдық жерлерге қызметке орналастырылды. Олардың әрқайсысына жәрдемақы төленiп, тұрғын үй, үй жай, мал-мүлiктерi бөлiндi. Сонымен қатар, интернатурада оқып жүрген түлектердi осы облыста қызметке қалдыру үшiн нақты жұмыстар атқарылуда.
2004 жылдан берi денсаулық сақтау жүйесiн қаржыландыруда оңды өзгерiстер орын алып келедi. 2004 жылдың осы мерзiмiмен салыстырғанда денсаулық сақтау жүйесiнiң бюджетi 91,9 пайызға артты. Жалпы, басқа салалар сияқты, денсаулық саласында да үлкен қаржыландырулар бар. Қаржыландыру болған соң, әрине, жағдайы жақсарады. 12 млрд. 700 млн. үш жылдың iшiнде бөлiнiптi. Ол аз ақша емес. Бiздегi Жамбыл, Сарысу, Тұрар Рысқұлов аудандарында ауруханалар салынды.
– Аудан орталықтарында ма, әлде ауылдық жерлерде ме?
– Әрине, ауылдарда. Жалпы, денсаулық сақтау саласына көп көңiл бөлiнiп жатыр. Жыл сайын 50-60 ауылдық жерлерде емханалар күнделiктi жөндеулерден өткiзуде. Осылардың бәрi жөнделiнсе, екi-үш жылдың iшiнде барлық елдiмекендердегi емханалар, емдеу бөлiмшелерiнiң бәрi тұрақты жұмыс iстейтiн болады. Олардың материалдық базасы да күн өткен сайын жақсарып келедi. Денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту барысында 1217,02 мың теңге, автокөлiктермен жарақтандыруға – 180 млн. теңге бөлiндi. 102 автокөлiк сатып алынды, соның iшiнде 56 медициналық-санитарлық көмек көрсететiн автокөлiктер де бар. Тұрғындарға жедел және шұғыл көмек көрсету мақсатында – 45,9 млн. теңге көлемiнде автотранспорттар алынды.
Сонымен қатар, медициналы-демографиялық ахуал тұрақтанып келедi. 100 аурухана, 100 мектеп деген Елбасының арнайы тапсырмасы болды. Үш-төрт жылдың iшiнде, денсаулық сақтау саласында да көп мәселелер шешiмiн табатын болады.
– 90-шы жылдардың ортасында Қазақстандағы шағын қалалардың көбi қиын жағдайды бастан кештi. Бiр кездерi облыста дүрiлдеген шахталардың орталығы саналған Қаратаудың, Жаңатастың бүгiнгi жағдайы қалай? Жаңатаста үйлердiң көбiнiң қаңқасы қалды деп естимiз. Қаңырап қалған үйлердi құрылысқа жаратуға мүмкiндiк жоқ па?
– Ол үйлердiң көбi босап қалғанымен, кезiнде ол үйлерде бiреулер тұрды ғой. Қиыншылық кезеңде олар үйлерiн тастап кеттi. Үйдi тастап кеткенiмен, ол үйлер құжат жүзiнде солардың иелiгiнде. Егер ол үйлердi бұзып, қажетiмiзге жаратар болсақ, олардың иесi келiп: «Мынау менiң жекеменшiгiм, сен неге менiң құқығыма қол сұғасың?» – деп, сотқа бермей ме? Олардың тұрған себебi де сол. Оларды алу үшiн, заң бойынша жұмыс iстеу керек. Ол заңның аясында бiр жылда шешiле ме, екi жылда шешiле ме, түбi шешiмiн тапқаннан кейiн барып, кiрiсемiз. Қаратау, Жаңатас қаласына да отандық инвесторлар келiп жатыр. Фосфор шикiзатын өндiру жұмыстары жақсара бастайды. Қазiр тұрақтану процесi бар. Биыл бiз 4 қабатты үйдi тұрғызып, қайта тапсырдық. Сенсеңiз, қазiр сол Жаңатаста 300 адам үйдiң кезегiнде тұр. Одан артық не керек? Адамдар қайта келе бастады. Бүгiнгi таңда бос тұрған 36 көпқабатты үй бар. Бұл үйлердiң барлығын да қалпына келтiруге болады. Алдағы уақытта олар осы қалалардың тұрғындарының сұранысына қарай бюджет есебiнен де, жекеменшiк инвестиция тарту арқылы да қалпына келтiрiлетiн болады.
– Тоғыз жолдың торабына орналасқан облыстың жол магистралi қалай?
– Жалпы, облыста жолдың деңгейi орташа деп айтуға болады. Нашар деп айта алмаймыз. Жылма-жыл белгiленген қаржылар бөлiнiп, жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп келедi. Бiз жылына жарты млрд.-тай теңгенi пайдаланамыз. 2005 жылдың 15 желтоқсанында «Жамбыл облысындағы облыстық және аудандық мәндегi автомобиль жолдарын дамытудың 2006-2012 жылдарға арналған бағдарламасы» қабылданды. Осы бағдарламаға сәйкес 2006 жылы облыстан 255,649 млн. теңге қаржы бөлiнiп, көп жылдан берi шешiмiн таба алмай жатқан Қордай ауданында қашықтығы 28,8 шақырымдық Қаракемер–Қарасай батыр автомобиль жолы салынып басталып, үстiмiздегi жылдың соңында аяқталуы жоспарлануда.
Жамбыл облысымен Оңтүстiк Қазақстан облысын бiрiктiретiн жаңа 10,5 шақырым Қызтоған-облыс шекарасы автомобиль жолын салуға құжаттамалар дайындалып, 2008 жылы жол салу жұмыстары басталады. Салынатын жолдың болашақта екi облыстың тұрғындарына да пайдасы өте зор екенi анық. Мысалы, Түркiстан, Арыстанбаб сияқты киелi жерлерге туристiк сапармен баратын саяхатшылар жолдың ұзақтығын кемiнде 100 шақырымға дейiн үнемдеуiне болады.
– Облыстың мәдениетi туралы сөз қозғасақ… Нарықтың алғашқы жылдары Мәдениет үйлерi де, балабақшалардың да сатылып кеткенi баршамызға мәлiм. Аудандардағы, ауылдардағы Мәдениет үйлерi, кiтапханалар жолға қойылды ма?
– Кезiнде орын алған «оңтайландыру» саясатының салдарынан облыстағы, әсiресе ауылдық жерлердегi мәдениет пен өнер ошақтары жаппай жабылып, мәдени ошақтардың көбiсi жекешеленiп, кейбiреулерi бұзылып та кеттi. Ауыл мәдениетi үлкен күйзелiске ұшырады.
Әйтсе де, облыс экономикасы өркендеп, жергiлiктi бюджеттiң қаржылық мүмкiндiктерi нығайған сайын аумақтағы мәдениет мекемелерiнiң қатары қайта көбейiп келедi. Қазақстан Республикасының «Ауылдық аймақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының» негiзiнде және 2007 жылдың қаңтар айында аудан әкiмдерiне тапсырма берген болатынмын, соның нәтижесiнде 2007 жылы ашылуы керек деп жоспарланған 35 кiтапхана мен 26 клуб мекемелерiнiң бүгiнгi күнi 23 кiтапхана мен 11 Мәдениет үйi ашылып отыр. Жыл аяғына дейiн қалған кiтапханалар мен Мәдениет үйлерiн де ашамыз ба деп отырмыз.
Облысымызда мәдениет пен өнер ұжымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту iсiне де баса көңiл бөлiнуде. Ауылдық жерлердегi клуб мекемелерi мен Мәдениет үйлерi күрделi, ағымды жөндеулерден өткiзiлуде. Кiтапханалардың кiтап қорын толықтыруға жыл сайын 1 млн. теңгеден аса қаржы жергiлiктi бюджеттен бөлiп жатырмыз.
Сондай-ақ, облыстық «Алатау» жастар ән-би ансамбiлi қайта түлей бастады. Тарихи-мәдени ескерткiштердi қорғау және қалпына келтiру дирекциясы шаңырақ көтерiп, кинотеатрлар мен киноқондырғылар қалпына келтiрiлдi. Барлық аудандық, қалалық мәдениет бөлiмдерiне 11 «Бейнемобиль» автокөлiгi сатып алынып, 21 киноқондырғылар орнатылды.
Болашағы бар, қарым-қатынасқа ыңғайлы, тұрғындары мол ауылдардың инфрақұрылымын дамыту, ондағы мәдениет ошақтарын қалпына келтiру – қазiргi басты мiндеттердiң бiрi. Елбасының қойып отырған басты талабы осындай. Сондықтан да мiндет үлкен. Жұмыс көп, ықылас пен ыждаһат жетсе, мүмкiндiк те бар. Тек үлкен жауапкершiлiктi сезiну қажет.
– Облыстан шыққан ақын-жазушыларды жиi қамқорлыққа аласыздар ма? Кейбiр облыстарда ақын-жазушыларға арнайы стипендия тағайындалады екен, сiздерде ше?
– Жергiлiктi ақын-жазушылардың шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында облыста 1999 жылдан бастап әдебиет, өнер және мәдениет қайраткерлерiне әр тоқсан сайын арнайы стипендия тапсырылып келедi. Стипендиаттардың қатарына Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облысында тұртын барлық мүшелерi, сондай-ақ, Қазақстан Кинематографистер одағының, Қазақстан Композиторлар одағының мүшелерi және де басқа да зиялы қауым өкiлдерi кiредi. Алғашқы жылдары 5000 теңге болатын, 2003 жылдан бастап, 10000 теңге көлемiнде стипендия тағайындалды. Алдағы уақытта да бұл стипендияның көлемiн көбейту мәселелерiн де қарастырып жатырмыз.
Сонымен бiрге, жергiлiктi ақын-жазушылардың шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында облыстық бюджет және басқа да қаражат есебiнен олардың кiтаптары шығарылып келедi. 2000 жылдан бастап, ақын-жазушылардың 48 кiтабы жарық көрдi.
– Облыстың атын әлемге танытып жүрген саланың бiрi – спорт саласы. Ауыл спортын дамытуда нендей жұмыстар жүргiзiлiп жатыр?
– Қазiргi кезде облыста 31 спорттық мемлекеттiк мекеме жұмыс iстейдi, оның iшiнде 27 балалар мен жасөспiрiмдер спорт мектебi, спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты, Олимпиадалық резерв даярлау орталығы, «Тараз» футбол клубы және «Әули-ата» көкбөрi клубы» коммуналдық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорындары бар.
Облыс көлемiнде барлығы 1834 спорт нысаналары бар. Оның iшiнде 19 стадион, 5 жүзу бассейнi, 347 спорт залдары, 2 атшабар, 534 алаңша, 641 алаң тағы басқалары бар.
Былтыр Тараз қаласында «ҚазТрансГаз» АҚ-тың қаржысына тұрғызылған «Бокс сарайының» құрылысы аяқталып, пайдалануға берiлдi. Шу қаласында Кеңестер Одағына еңбек сiңiрген жаттықтырушы, республикалық Корей ассоциациясының президентi Юрий Цхай бокс залын соғып, пайдалануға бердi. Қазақстан Республикасы футбол одағының демеушiлiк етуiмен облысымызда кiшi футболға арналған үш алаң дайындалып, оның бiрi – Шу ауданына орналастырылды. «Қазхиммонтаж» АҚ-ы өз аумағында екi мың орындығы бар стадион құрылысын аяқтады.
Бүгiнде барлық аудандарда спорт бөлiмдерi аудандық бiлiм бөлiмдерiнен жекелей бөлiнiп шықты. Барлық аудандарда, облыс орталығында даталы күндер мен мерекелерге сәйкес спорт түрлерiнен спорттық iс-шаралар өткiзiлiп тұрады. Облыс пен аудан орталықтарынан шалғай жатқан ауылдық аймақтарда бұқаралық спорттың деңгейiн көтеру, дене шынықтыру мен спортты дамыту жолында, облыс көлемiндегi барлық ауылдық аймақтарда әдiскер-нұсқаушы бiрлiгiн ашу және 2008 жылы Қордай, Жуалы аудандарында спорт мектебiн ашу жоспарланып отыр.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА