АТОМ ЭЛЕКТРОСТАНЦИЯСЫ: ҮМIТ ТЕ ҮЛКЕН, ҮРЕЙ ДЕ КӨП

АТОМ ЭЛЕКТРОСТАНЦИЯСЫ: ҮМIТ ТЕ ҮЛКЕН, ҮРЕЙ ДЕ КӨП

АТОМ ЭЛЕКТРОСТАНЦИЯСЫ: ҮМIТ ТЕ ҮЛКЕН,  ҮРЕЙ ДЕ КӨП
ашық дереккөзі

Өткен аптаның соңында Маңғыстау облысына жасаған сапары барысында Үкiмет басшысы К. Мәсiмов Қазақстанда АЭС салу мәселесiн түбегейлi шешкендiгiн мәлiм еттi. Сөйтiп, Энергетика және минералды ресурстар министрлiгiне Маңғыстау облысына АЭС салу жөнiндегi Үкiмет қаулысының жобасын бiр аптаның iшiнде жасап шығуға тапсырма бердi.

Осыдан екi айдай уақыт бұрын Елбасы көмiрсутегiлерден гөрi атом энергиясын пайдаланудың тиiмдi екенiн ескерткен едi. Сондай-ақ, Н. Әбiшұлы батыс аймақта өндiрiлiп жатқан газдың бағасының қымбаттығын айта отырып, оны шетелге сату мәселесiн сөз еткен болатын.
ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ АТОМЫНА ИЕК СҮЙЕЙДI
 

АЭС салу туралы әңгiме көтерiлгелi он шақты жылдың жүзi болып қалды. Ең алғаш бұл туралы 1998 жылы сөз болған едi. Ондағы жоба бойынша АЭС елiмiздiң оңтүстiк өңiрiнде — Балқаш көлiнiң жағасында тұрғызылу жоспарланған. Оның алғашқы блогын 2005 жылы пайдалану көзделген едi. Жалпы, АЭС-тi пайдаға асыруды 2015 жылға жоспарлаған-тұғын. Бiрақ, сол кезде атом электростанциясын салу мәселесiне деген қарсылық табанды болды. Ақыры, атомды бейбiт мақсатта пайдалану жоспарынан үкiмет бiраз уақытқа болсын бас тарта тұруға бел шешкен. Қазақстандық мамандар сол кезде АЭС-тiң салыну құнын 2 миллиард долларға бағалаған едi.

Атом энергиясын пайдалану мәселесiн алғаш сөз еткен кезде оған сөз жоқ шетел инвесторын тарту көзделгенi мәлiм. Бiрақ, дәл кiмнiң көмегiн қажет ететiндiгi беймәлiм болып келген. 2006 жылдың жаңа жыл мейрамы қарсаңында Ресейде бас қосқан Қазақ-орыс президенттерi атом электростанциясын бiрлесiп салуға уағдаласып, сөз байласты. Сол жылы Ресейдiң атом энергетикасы жөнiндегi Федералдық агенттiгiнiң құруымен Ресей мен Қазақстанның бiрiккен "Атомные станции" компаниясы өмiрге келдi. Компанияның мақсаты – әлемдiк рынокта ВБЭР-300 реакторлық қондырғылары бар атом станцияларын салу. Сол кездiң өзiнде Ресей мен Қазақстан және басқа да әлемдiк ақпарат құралдары "Қазақстан Ресей атомына иек сүйейтiн болды" деп жарыса жазып жатты. К. Мәсiмовтiң Ақтауға сапары барысында оның тұтқиылдан мұндай шешiм қабылдауына әсер еткен бiр адам бар. Ол –"Қазатомпром" ұлттық атом компаниясының президентi М. Жәкiшев. М. Жәкiшев осыдан бiрнеше жыл бұрын ядролық қалдықтарды елге әкелiп көму жайында жоба ұсынып, талайдың қырына ұшыраған едi. Ұлттың ертеңi алаңдатқан ғалымдар мен қоғам қайраткерлерi оның бұл ұсынысы үшiн сiлiкпесiн шығарғаны да есiмiзден шыға қойған жоқ. Бұл жолы Үкiметке АЭС салу мәселесiн төтесiнен қойып, Мәсiмовтiң батасын алған да осы Жәкiшев болып отыр. Ал, АЭС-тi өзгелер емес, орыстар салып бермек.
АЭС ҚАЗАҚСТАНҒА НЕ ҮШIН КЕРЕК?
 

Қазақстандағы электроэнергияның басым бөлiгi жылуэлектростанцияларында (87%), 12%-ы гидроэлектростанцияларында өндiрiледi. Сарапшылардың пiкiрiне жүгiнсек, электростанциялардың ресурсы күн өткен сайын азайып бара жатқанға ұқсайды. Елiмiздiң оңтүстiгi мен батысы Ресей мен Орталық Азиядан тасымалданатын энергияға тәуелдi. Сондай-ақ, Қазақстан уран қоры жағынан әлемде 9-шы орынды иеленетiн, ең бай мемлекет. Ал, ол уранды өңдеу үшiн ең тиiмдiсi атом электростанциясын салу болып табылмақ. Бұған дейiн Балқашқа салынуға тиiстi АЭС-тiң құрылысын ендi Ақтаудан бастау қажеттiгi неге туындады дейтiн сауал кесе көлденеңдейтiнi аян. Оған АЭС салуға ынталылардың берер жауабы екеу. Ең алдымен бұған Ақтау қаласында бүгiнде iстен шыққан жергiлiктi энергокомбинаттың аумағында орналасқан жылдам нейтрондарға негiзделген БН-350 атом реакторының барлығы себеп болып отыр. Демек, АЭС осы алаңда жұмысын жандандыратын болады. Екiншiден, Ақтау қаласында өнеркәсiптердiң қарқынды дамуы — энергияның тапшылығын тудырды.

АЭС салу iсi мұнымен тынбайды. Сондай-ақ, тағы да 3 АЭС құрылысын салу жоспарлануда. Бұл бұған дейiн нысанаға алынған – Балқаш көлiнiң маңайы. Оңтүс¬тiк өңiрдiң энергетикалық мұқтаждығын шешу үшiн қажет. Үшiншiсi – атақты Семей полигонын iске асырған Курчатов қаласы. Шығыс Қазақстан облысында энергияның тапшылығы қыс пен жазда бiрдей сезiледi. Тағы бiрi – Оңтүстiк өңiрге салыну жоспарлануда. Бiрақ, қайда екенi әзiрге шешiлген жоқ. Бұл жайында биылғы жылдың тамыз айында Энергетика және минералды ресурстар вице-министрi Алмасадам Сатқалиев мәлiм еткен едi. Сондай-ақ, атом энергиясын пайдалану көптеген елдерде тым арзанға түседi екен. Көмiр энергиясын пайдаланудан атом екi есеге, газ энергиясынан тағы да анағұрлым арзан болып есептелiнедi екен. Ақтаудағы газ қоры 2014 жылы түгесiлетiн көрiнедi. Мамандар атом энергиясын пайдалансақ, ондағы газды 140 долларға дейiн бағалап, шетелге сатуға болатындығын көлденең тартуда. Қалай дегенмен де, АЭС салуды көздеушiлердiң келтiрiп отырған себептерi бұлтарыссыз. "Қазатомпром" президентi М. Жәкiшев егер қаржыландыру ойдағыдай жүзеге асса, АЭС құрылысы 9 жылдың iшiнде аяқталады дейдi. ВБЭР-300 реакторлы АЭС-тiң алғашқы энергоблогын 2015 жылы пайдаға беру көзделуде. Екiншiсi — 2016 жылы. Ал, оған кеткен шығын 8-10 жылдың iшiнде өтеледi деп есептелiнуде. Сөйтiп АЭС құрылысын 2011 жылы бастап кету қолға алынды. Елiмiздiң Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi инвестициялық саясат және жоспарлау департаментiнiң директоры Илона Шварцкопфтың мәлiмдеуiнше, оның технико-экономикалық негiздерiнен бюджеттен 154 миллион теңге бөлiнген екен. Экономика және минералды ресурстар министрлiгi атом станциясының технико-экономикалық негiздерiн iске асыру үшiн және реакторлық және турбиндi қондырғылардың техникалық жобаларын жасау үшiн 2008 жылғы бюджетке тапсырыс берiп отыр. Бұл мақсатқа 2 миллиард 277 миллион 784 мың теңге қарастырылуда.
АЭС-ТIҢ ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ
 

Қазiр энергетика қай-қайда да тапшылыққа ұшырап, энерготасымалдау қымбатқа түсе бастады. Әлем атом энергиясын пайдалануды тиiмдi деп есептеп, оған қайта оралуда. Қазiр АҚШ-та барлық энергияның 20%-ын беретiн 104 реакторлы блок бар болса, Жапонияда атом энергиясы — 40%, Францияда — 80% деңгейiнде қолданылады. Қытай алдағы жиырма жылдықта 40 АЭС салуды жоспарлап отыр. Әрi бұған Қазақстан уран пайдалануды көздеген. Бұл жайында екi ел өкiлдерi келiсiмшартқа қол қойып та қойды. Ал, Польша мен Белоруссия алғашқы АЭС-iн салып үлгердi. Демек, атом энергиясын пайдалануға құштарлық өткен ғасырдың 70-шi жылдарынан кейiн қайта ояна бастады. Бұрынғы Кеңес одағы мемлекеттерiнiң iшiнде Литва мен Беларусьтен кейiн, үшiншi кезек Қазақстанға жетiп отыр. Ресей ақпарат құралдары "Қазақстан ТМД-да үшiншi ядролық мемлекет болуды көздейдi" деген ақпараттар таратып үлгердi.

АЭС салуға ниеттенушiлердiң оның пайдасын көбiрек термелеп кеткенiн байқап отырмыз. Алайда, экологтар АЭС-тен келер зиянды айтып, Қазақстанға оның мүлдем қажет еместiгiн сөз етуде. Осыдан 20 жыл бұрынғы Чернобыль авариясының зардабы әлi де кете қойған жоқ. Құдай бетiн аулақ қылсын, егер атом станциясы апатқа ұшырайтын болса, одан келер шығын өз алдына, қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына тигiзер зиянның өзi шаш етектен. Чернобыль апатының салдарын әлi ешкiм есептеп бере алған жоқ. Алайда, содан зардап шеккендердiң күнi бүгiнге дейiн етегi жасқа толып отырғандығының куәсiмiз. Чернобыльдан бұрын АҚШ-та "Три-Майл-Айленд" АЭС-iнде болған апаттың да ауқымы аса iрi болды. Бүкiл Еуропаны қамтыды десе де болғандай. Демек, атом энергиясы арзан әрi шикiзаты бар Қазақстан секiлдi мемлекетке жеңiл болғанымен, одан келер зиян шаш етектен. Қоршаған ортаға да, онда жұмыс iстейтiн адамдарға да өшпес таңба салады. Ресей әзiрге асықпай отырғандығы да осыдан болса керек. Сондай-ақ, Ресей техникасымен салынатын АЭС-тi екi елдiң қалай пайдаланатындығы да әзiрге белгiсiз. Полигонды Қазақстан жерiне жарып, АЭС-тi Украинаға салған Ресей өз елiнiң амандығын көздеп, Қазақстанды тағы да сынақ алаңына айналдырғалы отырмасына кiм кепiл.

Есенгүл Кәпқызы