Жаңалықтар

"ТҰЗЫ АУЫР" ЖЕҢIЛ ӨНЕРКӘСIП

ашық дереккөзі

"ТҰЗЫ АУЫР" ЖЕҢIЛ ӨНЕРКӘСIП

Мұнай мен газ, мыс пен уран сияқты басқа да шикiзатты сатудан түскен мол қаржыға мастанған қазақ билiгi елiмiздегi өңдеу және тауар өндiру саласына шын ниетiмен мойын бұрар емес. Сорлап отырған — отандық кәсiпкерлер. Әсiресе, қазақстандық жеңiлөнеркәсiп саласы мамандарының халi мүшкiл.

Үкiметтiң шалағайлығының кесiрiнен, қарапайым халық Қытайдың адам ағзасына қауiптi, сасық әрi сапасыз тауарын қанағат тұтуға мәжбүр. Ал, қалталары көтеретiндер түрiк, қырғыз, орыс пен үндiлер елiнен келген киiм-кешекпен көңiл көншiтедi. Сорақысы сол, сырттан контрабандалық жолмен әкелiнетiн сапасыз тауарлардың "жоғары жақта" отырған "қамқоршылары" бар. Әрине, жемқорлық жайлаған қазақ қоғамы үшiн бұл таңсық емес.

КIМ КIНӘЛI?

Президент Үкiметке әлемдiк нарықты тығырыққа тiреген қаржылық дағдарыстан отандық экономиканы аман алып қалудың шараларын қарастыруға пәрмен бердi. Ол үшiн мемлекет тарапынан арнайы 4 миллиард доллар көлемiнде қаржы бөлiнген. Құрылыс пен банк саласын қамтитын қаржылай көмек қазақстандық орта және шағын кәсiпкерлiкке де бөлiнбек. Өкiнiшке қарай, мемлекеттiк көмекке шынымен зәру жеңiлөнеркәсiп саласы бұл жолы да "шөмiштен қағылатын" сыңайлы. Үкiмет мүдделi емес. Осының кесiрiнен, халық қытайлардың сасық әрi сапасыз, түрiк, орыс, қырғыз бен үндiлердiң қымбат әрi талғамсыз тiгiлген киiм-кешегiн қанағат тұтуға мәжбүр. Соңғы 10 жылда отандық жеңiлөнеркәсiп саласына тиесiлi орынтаққа 7 министр отырыпты. Қызметке кiрiсе салысымен, осы саланың ескегiн өздерiнше ескен министрлерден халыққа қайран болмады. Өйткенi, 90-жылдары қазақ жерiндегi iшкi жалпы өнiмнiң 15 пайызын құраған жеңiлөнеркәсiп бүгiнде құлдырау мен құрудың шарықтау шегiне жеткен. Ал, iшкi нарықтағы тауарлардың 95 пайызы — Қытай, Түркия, Ресей, Қырғызстандiкi. Кейiнгi кездерi Польша мен Үндiстаннан жеткiзiлетiн тауарлар көлемi де ұлғайып келедi. Елiмiздiң шекарасынан өтетiн шетелдiк тауарлар құны санына емес, салмағына орай өтелуi әрi арнайы жеңiлдiктердiң қолданылуы онсыз да тұралап қалған отандық өнеркәсiптi одан сайын қиындатып жiбергенi анық. 2000-2006 жылдар аралығында жеңiлөнеркәсiп, анығында, мата және тiгiн өнеркәсiбi 2 пайыздан 0,6 пайызға бiр-ақ төмендеген. АҚШ, Италия, Германияның жеңiлөнеркәсiп саласына тиесiлi үлесi 8-12 пайыз болса, Түркия мен Португалияда — 20 пайыз, Қытайда — 13 пайыз. Бұл көрсеткiштер осы елдердiң мемлекеттiк бюджетiне тиесiлi кiрiс бөлiгiнiң 20 пайызын қалыптастыруға, сонымен қатар iшкi нарықтың 75-85 пайызын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. Қазақстанда мата және жеңiл- өнеркәсiп тауарлары 8 пайыздың о жақ, бұ жағында, кезiнде жүйелi түрде жолға қойылған аяқ киiм өнеркәсiбi жоқтың қасы. Мамандардың пiкiрiнше, елдегi экономикалық және ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн аталған салада өнiм өндiру көрсеткiшi 30 пайыздан кем болмауы тиiс. Үкiмет шағын және орта кәсiпкерлiкке айтарлықтай көңiл бөлiнуде деп ұрандатқанмен, жеңiлөнеркәсiп саласында жабылып жатқан кәсiпорындар ашылып жатқандарына қарағанда 1 жарым есеге көп. Сорақысы сол, 2006 жылы өндiрiлген тауарлар көлемi 1992 жылғымен салыстырғанда 900 (!) есеге төмендеген. Демек, iшкi нарықтағы сұранысты жуық арада отандық өнiмдермен қамтамасыз ете алмаймыз. Мамандар кейiнгi жылдары, әсiресе, соңғы екi жылда Үкiмет тарапынан қабылданып жатқан шаралардың нәтижесiздiгiн, өндiрiстiң дамуына ықпал етпегенiн көлденең тартады. Елбасы жиi сөз ететiн шикiзаттық бағыттан бас тартып, қайта өңдеу саласын дамыту туралы стратегиясы да жөндi жүзеге аспай отыр. Оның үстiне, iшкi нарықта отандық өндiрушiлердiң бәсекелестiкке төтеп беруiне мүмкiндiк беретiн экономикалық жағдайлар қарастырылмаған.

ЖЕМҚОР БИЛIК ЖӘНЕ ЖЕҢIЛ ӨНЕРКӘСIП

Мамандар сөзiне сүйенсек, елiмiзге сырттан тасылатын жеңiлөнеркәсiп тауарларының 95 пайызы контрабандалық жолмен, ешқандай заңды құжатсыз әкелiнедi екен. Мұндай заттарға адам ағзасына келтiретiн зияны туралы арнайы тексеру жұмыстарының жүргiзiлмейтiнi анық. Жүргiзiлген күннiң өзiнде жемқорлық жайлаған бiздiң қоғамда тексерулер ашық әрi жария түрде емес, "бармақ басты, көз қыстымен" жүзеге асырылады. Құрамында химиялық улы заттар кездесетiн қытайлық сапасыз киiмдердiң адамдарды, әсiресе, балаларды терiнiң қатерлi iсiгiне ұрындыратыны туралы хабардың әлемдi кезiп жүргенiне де бiраз уақыт өттi. Бiрнеше жылдан берi қазақ дәрiгерлерiнiң қытайлық аяқ киiм киiп өскен қазақ жастарының көпшiлiгiнiң жалпақ табан ауруына ұшырағанын айтып, дабыл қағудан шаршамай келе жатқаны тағы бар. Өйткенi, табаны жалпақ жасөспiрiм мен жастардың Отан алдындағы парызы — әскери мiндетiн өтеуге жарамайтыны белгiлi. Ұлттың келешегi үшiн бас ауыртқысы келмейтiн билiк селт етпейдi. Ол аз десеңiз, жуырда ҚР Бас прокуратурасының қызметкерлерi Қазақ елiне келетiн қытайлық заттардың, әсiресе, балаларға арналған ойыншықтардың арасында өте сапасыз әрi бала өмiрiне өте қауiптi заттардың бар екендiгiн дәлелдедi. Бiрнеше ай бұрын америкалық нарыққа шығарған ойыншықтарының сапалық зерттеулерден сүрiнiп кетуi себептi банкротқа ұшыраған бiр қытайлық кәсiпкер өз-өзiне қол жұмсаған. Мыңдаған, миллиондаған баланың өмiрiне қауiп төндiрген әлгi кәсiпкердiң ажалы қомағайлығынан болды. Оның қомағайлығын ауыздықтаған – америкалық шенеунiктер. Ал, бiзде бәрi керiсiнше, халықтың, мемлекеттiң келешегi – балалардың қамын ойлайтын шенеунiктер кемде-кем. Ең сорақысы, контрабандалық жолмен елге заңсыз енгiзiлiп жатқан әлгi 95 пайыз тауардың толастамауына мүдделi шендi-шекпендiлер бар. Құқық қорғау салаларының қызметкерлерiне арналған киiм мен аяқ киiмдi мемлекеттiк сатып алуда да жемқорлық кеңiнен етек алған. Өткiзiлетiн тендерлерде жариялылық жоқ, тәуелсiз тексеру жұмыстары жүргiзiлмейдi. Есесiне, отандық жеңiлөнеркәсiп саласындағы кәсiпкерлерге салынатын салық көлемi өте үлкен, шикiзатты сырттан сатып алуда қойылатын кедендiк төлемдер өте жоғары. Ал, дамыған елдерде, тiптi, көршiлес қырғыздарда жағдай басқаша. Мысалы, Қырғызстанда "жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк" деген ұғым мүлде жоқ. Тiгiн фабрикаларының барлығы да — жекеменшiк кәсiпорындар. Олар тек мүлiкке ғана салық төлейдi. Жыл сайын 100 тiгiн машинасына төленетiн салық бес жарым мың сом төңiрегiнде. Қырғыз кәсiпкерi қосымша құн салығынан босатылған. Ал, қазақтарда әр құрал-жабдықтан өтелетiн салық сол құрал мен жабдық бағасының 1 пайызын құрайды. Жеңiлөнеркәсiппен айналысатын отандық мекемелерде әрбiр жұмыс орны 700 мың (!) долларға тең. Егер Үкiмет тез арада жiберiлген кемшiлiктердi жойып, олқылықтардың орнын толтырмаса, ертең кешiгiп қалады.

…Түсiнбейтiнiм, ұлттық қауiпсiздiк пен iшкi нарықтың тұтастығын қамтамасыз ететiн аса маңызды сала — жеңiлөнеркәсiптi жүйелi түрде жолға қойып алмай тұрып, Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүше боламыз деп несiне тыраштанамыз?..

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ