БАҒДАРСЫЗ КЕМЕ
БАҒДАРСЫЗ КЕМЕ
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТТЫҢ КҮЙI — ОСЫ
«… сатылады», «сатылмақшы», «сатылды», «сатылыпты» деген сыпсың хабар медиакеңiстiкте, әсiресе, қазақ ақпарат әлемiндегi әдеттегi әңгiмеге айналып барады. «31» арна сатылды» деген хабарды бұрынырақ оқырманға хабарлап, бұл оқиға жөнiнде ой бөлiскен болатынбыз. Саусақпен санарлық республикалық телеарналардың бiрiн ресейлiк «СТС-Медиа» телекомпаниясы сатып алғанына көп болған жоқ, ендi мiне, тағы бiр телеарна қожайынын ауыстырмақшы деген хабар «дүңк» ете қалды.
Әңгiме Коммерциялық телеарнаға қатысты (КТК). Бiр қызығы, бұл хабарды өзге түгiлi, телеарна қызметкелерiнiң өздерi де естiмеген болып шықты. Әлде арнайы тапсырма болған ба, әйтеуiр, «КТК»-ның меншiк иесi ауысатындығы жөнiнде ақпарат әзiрге ашық айтылмай отыр. Бiз телефон шалған басқа ақпарат көзi аталмыш телекомпанияны елiмiздегi iрi компанияның бiрi сатып алу жөнiнде келiссөз жүргiзiп жатқанын айтты.
Ал, «Время« газетi осыдан бiр ай бұрын «КТК» телеарнасы сатылмақшы» деген ақпарат таратқан болатын. Онымен қатар, сатып алушы ресейлiк инвестор болуы мүмкiн деген жорамал да айтылды. Әзiрге бұл ақпараттың рас-өтiрiгi анықталған жоқ.
Қазақстанның «БАҚ туралы» Заңына сәйкес шетелдiк инвестор қазақстандық бұқаралық ақпарат құралының 20 пайыз акциясына ғана иелiк ете алады. Қағаз жүзiнде «31» де, «КТК» да одан артық акциясын шетелдiкке сата алмайды.
«31»-дiң 65 миллион долларға бағаланғаны айтылды, ал «КТК»-ның «құны» қанша? «Время» газетi 200 миллион доллар деген мәлiмет келтiрiптi.
«КТК»-ның 200 миллион долларға бағаланылуының өзi таң қалдырарлықтай жағдай. Себебi, 1998 жылы Гиллер елден безгеннен кейiн «Караван» газетi мен радиосына қоса «Коммерциялық телеарнаны» қазiргi иесi бар болғаны 15 миллион долларға сатып алған болатын. Кей деректерге қарағанда, «КТК»-ны сатып алмақшы болғандар 200 млн. долларды көпсiнiп, келiссөз қазiрше тоқтап тұр. Телекомпанияның сатылу-сатылмауы туралы әңгiменi әлi анықталмай тұрғаны сондықтан болуы керек.
«31» арна сатылғаннан кейiн «бұл – ресейлiк алпауыттардың Қазақстанға келуiнiң басы ғана» деген пiкiр айтылған болатын. Дегенмен, оны сатып алған «СТС» телекомпаниясы — жартылай ресейлiк, жартылай америкалық.
«КТК» сатылады-мыс» деген хабар шыққанда, оған көз тiккен тағы да ресейлiк инвестор деген сөз құлағымызға түрпiдей тигенi рас. Бiрақ осы мақаланы жазу үстiнде «КТК»-ны сатып алмақшы болған қазақстандық алпауыт компания деген мәлiмет алдық. Егер «КТК» шынымен меншiк иесiн өзгертер болса, онда, әрине, өзгеге емес, қазақстандық компанияның иелiгiне өткенi дұрыс.
Шыны керек, бұл аты аталған екi арнаның екеуi де әу бастан «орысшыл». Идеологиясын айтпаймыз, ақпарат тарату тiлi де, хабарларының мазмұны да қазақылықтан мақұрым.
Менiң байқағаным, әшейiнде «халықшыл» аталмыш телеарналар жеке бас өзгерiстерiне келгенде бұл жаңалықтардың халық назарынан тыс қалғанын жақсы көретiн сияқты. Өйткенi, телеарнаның басшылығы тым-тырыс отыр.
Басқа елдегi тап осындай жаңалық барлық ақпарат құралдарын (меншiк нысанына қарамастан) шулатып, қоғамдық пiкiр туғызатындай үлкен пiкiрталасқа ұласар едi. Ал, бiзде саудаға түсiп жатқан ақпарат құралы емес, көтерме сауда базарының бiр қанаты сатылып жатқан сияқты жақаурату емеурiнi көбiрек байқалады. Неге? Өйткенi, тәуелсiз елдiң республикалық телеарнасының сатылуы – идеологияның бiр тетiгi саналы түрде қолдан берiлгендей оқыс оқиға. Басқыншылар өз колонияларына осындай идеологиялық қысым жасауы мүмкiн, ал өзiн тәуелсiз, демократиялы, зайырлы мемлекет санайтын ел үшiн аспаннан жай түскендей әсер етуi керек.
Бiрақ… тек денi сау қоғам ғана осылай ойласа керек. Өзiн өзi сыйлайтын, жеке бас пайданы мемлекетшiлдiк сана жеңген қоғамда мұндай жағдайды елестете алмайсыз.
Бүгiнгi жағдайды қарасақ, Ресей КСРО тара¬ғаннан кейiн уысынан шығып кеткен бұрынғы «одақтас» республикаларды қайта бiрiктiрудiң қамымен жанталасып жатыр. Әлi келгенiн күшпен ықтырып, әлi келмегенiне көзбен ұқтырып дегендей… өз тәуелсiздiгiн алып кеткен, бiрақ әлi рухани тәуелсiздiкке қолы жетпеген ортаазиялық мемлекеттерге идеологиялық саясатты қамшылап салса болғаны. Қырғызстанның жайы белгiлi. Орыс тiлi ресми тiл болғандықтан, бұл елдегi ақпараттық кеңiстiктiң басым бөлiгi – орыс тiлiнде. Басқаны былай қойғанда, ел iшiнде бүлiк шыққанда елбасының өз халқымен тiл табыса алмай, Мәскеудiң қолтығына барып тығылғанының өзi неге тұрады?
Ал, ұлт саясатына берiк Өзбекстан да «орыс идеологиясы» үшiн «алынбас қамал» болудан қалды. Мұнда ресейлiк қаржыға жаңа телеарна ашылып жатыр. Жергiлiктi телекомпаниямен бiрлесiп ашылады дегенмен, бұл ақпарат құралының кiмнiң сойылын соғары қазiрден-ақ белгiлi.
Ал, бiзде… «31» телеарнаның құлағын ресейлiк «әрiптестерге» берiп қойып, қарап отырмыз. Әрiптес дегенiмiз артықтау айтылған болар, дұрысы – ақылшы, «аға» болар. Жетпiс жыл бойы ресми түрде «аға» болған Кремль ендiгi жерде де «ағалықтан» түсуге ырза емес.
Құжат бойынша 20 пайызы ғана «сатылған» телеарнаны басыбайлы шетелдiк инвестордың ықпалында кеттi дегендi бекерге айтып отырған жоқпыз. Өйткенi, 20 пайыз деген меже, шектеу ешбiр телеарнаның идеологиясына жүрмейдi, ешбiр ақпарат құралы өзiнiң азаматтық ұстанымын пайызбен есептемейдi. «Мына мәселе 20 пайыздың iшiне кiредi, мына мәселе кiрмейдi» деп анықтап берген де ешкiм жоқ. 65 миллионды «солқ» еткiзiп бере салған инвестормен «20 пайыз» туралы дауласу да, әй, қайдам-ау…
Ал, егер 20 пайыздық шектеу бiр телеарнада таратылатын хабарлардың жиынтық санына қатысты болса, онда әуелi мемлекеттiк тiлдегi хабарлардың жиынтық санына қатысты «кемiнде 50 пайыз» дейтiн межеге жетiп алсын да! Екеуi де Қазақстан Республикасының «БАҚ туралы» Заңның талаптары.
Збигнев Бзежинскийдi тағы бiр рет еске алудың ретi келiп тұр. Белгiлi саясаттанушы КСРО ендi тараған тұста «жаңадан пайда болған жас мемлекеттерге мемлекет құруды орыссыздану саясатынан бастау керек» деген едi. Бзежинский орыссызданбаудың салдарынан жас мемлекеттердiң ұлттық қауiпсiздiгiне қауiп төнуi мүмкiн деген болатын. Бiз орыссызданып үлгiрмей жатып, қайтадан орыстанып барамыз.
Қазақ ақпарат кеңiстiгiндегi соңғы кездегi оқиғалар бiзде ақпараттық саясаттың ешқандай бағыт-бағдарсыз жасалып жатқанын көрсеттi. Дұрысын айтқанда, бiзге беймәлiмдеу мүдденiң үнсiз нұсқаған бағыты болуы да мүмкiн-ау, бiрақ ол бағыт ұлттық мүддемен мүлдем сәйкеспейдi. «31» телеарнаның ресейлiк телекомпания меншiгiне өтуiне қоғамдық пiкiр мән берген жоқ. Ал «КТК»-ның қожайыны ауысуы қазақ ақпарат кеңiстiгiндегi жағдайды қай бағытқа қарай өзгертуi мүмкiн? Бұған да талдау жасап жатқан ешкiм жоқ.
Бiз ақпараттық кеңiстiктегi қауiпсiздiк туралы саясаткерлердiң пiкiрiн бiлгендi жөн көрдiк.
Әзiмбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ ЕНДI МҮЛДЕ АЙТЫЛМАЙТЫН БОЛДЫ
– Ақпарат кеңiстiгi кiмнiң қолына өтiп жатыр?
– Ақпарат кеңiстiгiндегi соңғы кездегi оқиғалар – олигархтарды бәсеңдету саясаты деп ойлаймын. Тiкелей болмаса да, айналма жолмен қадағалау жолы.
– Белдi деген телеарналарымыздың өзге қолға өтуi қазақ ақпарат кеңiстiгiне қалай ықпал етуi мүмкiн?
– Бiрiншiден, мемлекеттiк тiлдегi хабарларға квота күшейсе де, ұлттық бағдарламалар азаяды. Екiншiден, этнографиялық мазмұндағы хабарлар көптеп жасалуы мүмкiн, бiрақ ұлттық идея айтылмайды.
– Бұрын «31», «КТК» телеарналарында ұлттық идея қаншалықты деңгейде айтылушы едi?
– Бұрын да айтылмайды ғой, ендi тiптi ауызға алынбайды.
– Ал, қожайыны ауысқаннан кейiн бұл телеарналар «БАҚ туралы» Заңның мемлекеттiк тiл туралы нормасын сақтайды деп ойлайсыз ба?
– Бастапқы кезде сақтайды, бiрте-бiрте ойын-сауық хабарларына, сериалдарға көшедi. Саяси нейтралдық позиция күшейе бередi.
– Бұған қалай тосқауыл қоюға болады?
– Менiң ойымша, бiздiң ақпарат кеңiстiгiне Ресейдiң ықпалы бұрыннан күштi болған. Бұдан әрi күшейе қоймас, бiрақ билiк телекомпаниялар арқылы қудалауды күшейтедi. Аталмыш телеарналар бұрыннан орысқа жақын жүретiн телеарналар болатын. Қазақтың өнерi туралы анау-мынау хабарлары болғанымен, қазаққа iшi тартпайды.
Әлихан БӘЙМЕНОВ:
ӘЛЕМГЕ ӘЛI РЕСЕЙДIҢ КӨЗIМЕН ҚАРАП ОТЫРМЫЗ
– Әлемдегi және өзiмiздегi болып жатқан оқиғалар жөнiнде Қазақстан азаматтарының еркiн және толыққанды ақпарат алу мүмкiндiгi елiмiздiң әлеуетiне әсер етедi. Әр азаматтың маман ретiнде де, азамат ретiнде де, адам ретiнде де кез келген салада бәсекелестiк деңгейiне және елiмiздiң iшiндегi жалпы халықаралық даму мен елдiң дамуына деген көзқарастың әралуандығына деген көзқарасқа әсер етедi. Осы тұрғыдан алғанда, бiзде шешiмiн таппай тұрған үлкен мәселе бар. Ол – қазақстандықтардың басым көпшiлiгi әлемге Ресейдiң көзiмен қарап отыр. Әлемдегi елдердiң басым көпшiлiгiне Ресейдiң бағасымен бiрдей қарап отыр. Мысалы, әсiресе, Грузия, Украина, Қырғызстан, Әзiрбайжан, Өзбекстан болсын, осы елдердегi саяси жағдайға деген қазақстандықтардың көзқарасын Ресей қалыптастырып отыр. Бұл – үлкен қатер. Не себептен «Қазақпарат» агенттiгi, мемлекеттiк «Қазақстан» және «Хабар» арналары, үлкен мемлекеттiк басылымдар әлемдегi iрi мемлекеттерде меншiктi тiлшiлер ұстамайды? Не себептен бiз көршi мемлекеттер туралы ақпараттың өзiн Ресей ақпарат құралдарынан аламыз? Онсыз да құлдырап тұрған қоғамдық сананың одан әрi ойсырауына тұсау болып тұрған осы мәселе шешiлмей тұрғанда, тағы басқа елдердiң, әсiресе Ресей капиталының бiздiң ақпарат кеңiстiгiндегi орнының көбеюi – бiздiң тәуелсiз санамыздың дамуына тұсау болатыны сөзсiз. Өткенде Ресей президентi өз азаматтарымен тiкелей эфирде сұхбаттасқанда, Ресейдiң 11 қаласымен қатар Қазақстанның Ақтау қаласын 12-i болып атап кеттi. Бұл да бiздiң ақпараттық тәуелсiздiктен бiрте-бiрте айрылып бара жатқандығымыздың көрiнiсi.
Ақпарат кеңiстiгiнiң қауiпсiздiгi туралы тұжырымдаманы Президенттiң қолымен бекiткенiмен, шын мәнiнде ақпарат кеңiстiгiнiң бәсекелестiгiн қалыптастыруға жасалып жатқан шара аз. Еркiн ақпарат кеңiстiгi жоқ елде ақпарат кеңiстiгiнiң бәсекелестiгi туралы айтуға болмайды. Қазақ әлемге өзiнiң көзқарасымен қарауы керек. Әлемнен ақпаратты өзiмiз алуымыз керек. Кiмнiң саясаты дұрыс дамып жатқанын өзiмiз саралап отыруымыз керек. Мысалы, бiздiң халықтың көпшiлiгi Әзiрбайжан халқының былтыр IЖӨ 35 пайызға өскенiн бiлмейдi. Ал, бiз өзiмiздiң 10 пайызды әлемдiк рекорд сияқты көрсетемiз. Грузия мен Украинаның экономика көрсеткiштерi бойынша Ресей экономикасымен қатар өсiп жатыр, бiрақ ондағы шикiзаттың үлесi аз. Өткенде Грузияның қорғаныс министрi оппозицияға кеткенде, бiздiң халық бiр ай бойы Ресей ақпарат құралдары арқылы осы жағдайды бақылап отырды. Грузия туралы жағымсыз пiкiр қалыптастыруға Ресей арналары мүдделi болды. Ал, бiздегi оппозиция өлтiрiлiп жатқанда да Ресей ақпарат құралдары ол туралы ләм-мим демейдi. Неге? Екi елдегi билiктiң бiрiн-бiрi ақпараттық қолдауды, оның iшiнде Ресейдiң ақпарат құралдары басым ықпалға ие.
– Сыртқы ақпарттық экспансияға бiз қандай тосқауыл қоя аламыз?
– Бiрiншiден, бюджетте ақпараттық саясатқа арналған миллиардтаған теңге қарастырылған. Оны Үкiметтi мадақтауға жұмсағаннан гөрi, әсiресе, қазақ тiлiндегi ақпарат құралдарын дамытуға жұмсау керек. Ол үшiн «Қазақпарат» агенттiгi қазақ тiлiндегi басылымдарға әлемдегi болып жатқан оқиғалар туралы шұғыл ақпарат берiп отыруы керек. Әлемдегi ақпараттық талдау орталықтары жеткiлiктi. Мемлекет олардың құжаттарын мемлекеттiк тiлге шұғыл аударатын орталықтар құрып, мемлекеттiк тiлдегi басылымдардың тегiн пайдалануына жағдай жасауы керек. Екiншiден, бiз қоғамдық палата емес, не «Қазақстан«, не «Хабар» телеарнасының негiзiнде қоғамдық телеарна ашуымыз керек те, ол телерананың журналистерi Жапония, АҚШ, Қытай, Араб елдерi, Түркия, Ресей, Украина, Грузия сияқты экономикалық-саяси қарым-қатынастары бiз үшiн маңызды елдерде тiлшi ұстап, ол елдердегi оқиғаларды жедел түрде, бұрмалаусыз берiп отыруы керек. Мысалы, Эстонияның бас қаласындағы 1941-1945 жылғы соғыс жауынгерлерi жерленген орнын ауыстыру туралы шешiм қабылданғанда, Ресей арналарының бұрмалап беру нәтижесiнде ол оқиғаны бiздiң Мәжiлiс депутаттарының өзi терiс бағалай бастады. Ал, Астана қаласында саяси қуғын-сүргiн құрбандарын басқа орынға ауыстырамыз дегенде, кейбiр депутаттар бұл ақпаратты тiптi қабылдаған жоқ, үндемей қалды. Мiне, ақпараттың күштiлiгi. Үшiншiден, Қазақстанда интернет ашық болуы керек. Тағы бiр қадам – тезiрек латын қарпiне ауыстыруды қолға алып, бiрте-бiрте кирилл мен латын қарпiнде қатар ақпарат тарататын басылымдар шығару. Тағы бiр үлкен мәселе – әлемдiк талдау, зерттеу және ғылыми озық ойды, әлемдiк пәлсапаның озық ойларын қазақ тiлiне аудара беру керек. Оның iшiнде орыс ойшылдары да бар. Бiр сөзбен айтқанда, қазақ ақпарат кеңiстiгi сапасы мен бiлiмi жөнiнен басқалармен бәсекелестiкке сай болуы керек.
Гүлбиғаш Омарова