НАН ӨЗIМIЗДЕН АСЫП АРТЫЛАДЫ
НАН ӨЗIМIЗДЕН АСЫП АРТЫЛАДЫ
Әлемдегi әрбiр төртiншi мемлекет қазақ астығын алуда
«Алтын-күмiс тас екен, арпа-бидай ас екен» дейдi халық даналығы. Яғни наны көп елдiң бағы мол. Бұл – кешелi-бүгiн ғана қалыптасқан қағида емес, адамзат жаралғалы айнымас ақиқатқа айналған шындық.
Соңғы уақытта дүниежүзiнде көп жылдардан берi мызғымастай қалыптасқан берiк дәстүрлердiң көбiсi көктемгi сеңдей бұзылып, қайтадан қарала бастағаны аңғарылуда. Әлемдегi астық нарығында қалыптасқан ерекше жағдай соның нақты көрiнiсi iспеттi. Әдетте Еуроодақтың астығына иек сүйеп, ауқат қылып үйренген елдердiң бiрсыпырасы бұдан былай Қазақстанның алтын астығын сатып алуға бет бұрып отыр. Өткен аптада «Азық-түлiк келiсiмшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясының вице-президентi Нұрлан Оспанов мырза осындай мәлiмдеме жасады.
«Елiмiздегi азық-түлiк резервi заңдар қатаң белгiлеген жағдайларда және тек қана Үкiметтiң арнайы шешiмiмен жұмсалады», – дедi вице-президент. Оның айтуынша, мемлекеттiк азық-түлiк резервтерiне қожайындық еткен уақыттан берi «Азық-түлiк корпорациясы» өз беттерiмен бiр мысқал да астықты сыртқа сатпаған.
Әдетте атқарып жатқан iс-шараларын әйгiлей бермейтiн қуатты ұлттық компания басшылығының табан асты мұндай кең түсiнiктеме жасауы жайдан жай емес.
Жалпы астық, әсiресе, жоғары сапалы бидай мен ұнның бағасы егiн жинау науқаны кезiнде – қыркүйек-қазан айларында күрт қымбаттауы Қазақстанда ғана емес, бүкiл әлемде күтпеген құбылысқа айналғаны мәлiм. Биыл Еуропада ми айналған ыстық болатынын Батыс елдерiнiң мақтаулы ауа райын болжаушылары да күтпеген болып шықты. Оның үстiне көптеген аймақтарда өткен қыстың қақаған суық әрi қарсыз (жауын-шашынсыз) болуы әлемде астық өндiрудiң күрт төмендеуiне әкелiп соққаны да шындық. Оған қоса бидайдың биоэтанол өндiруге қажеттi шикiзат ретiнде көп мөлшерде пайдаланылуы да астық бағасының жаппай қымбаттауына әкелiп соққаны аян. Дегенмен, көп көлемде астық өндiрушi мемлекет бола тұрып Қазақстанда бидайдың, әсiресе, нанның күрт қымбаттауы көптеген адамдарды шарасыз күйге қалдырып, әлеуметтiк саладағы дағдарысқа әкелiп ұрындыра жаздағаны да құпия емес. Қалыптасқан жағдайлар «елiмiздегi азық-түлiк ретiнде жинақталған астық түп қотара сатылып кеткен» деген қисынсыз қауесеттiң кең әрi жылдам тарап кетуiне себеп болды..
Шындықты мойындауымыз керек, қоғамдағы орынды алаңдаушылық әлi сейiле қойған жоқ. Қазiргi таңда Қазақстанда мемлекеттiк қор ретiнде сақталған астықтың мөлшерi 850 мың тонна! Бұл көп пе, аз ба? Әрине, бұған бiржақты әрi тұжырымды жауап беру оңай емес. Iшкi нарықта елiмiз жылына 6-7 млн. тонна астық пайдаланатынын ескерсек, соншалықты көп деуге бола қоймайтыны белгiлi. Бiрақ, ұлттық, мемлекеттiк қауiпсiздiгiмiздiң кепiлi болып табылатын аталмыш стратегиялық қордың атқарар мiндетi де мүлдем бөлек. Соңғы апталарда осы мемлекеттiк қорды жаңарту үшiн 345 мың тонна, осымен бiрге коммерциялық резервтердi толықтыру үшiн 542 мың тонна бидай сатып алынған.
Қазақстанда биыл коммерциялық ресурстар үшiн астық сатып алуға 33 млрд. теңге жұмсалып, жоғары сапалы бидай сатушылардың саны да анағұрлым арта түскенi анықталып отыр. Мәселен, 2002 жылмен салыстырғанда «Азық-түлiк корпорациясына» астық сатушылардың саны 4 есеге артып, 6 мыңға жеткен. Бiр айта кететiн жайт, биыл сапасына қарай астықтың әр тоннасы 225-240 АҚШ долларын құрап отыр. Ұлттық компания сатып алған астық негiзiнде iшкi нарықта пайдалануға, ең әуелi нан бағасы өрескел қымбаттағанда бағаны тұрақтандыруға арналмақшы. Аталмыш ұлттық компанияның тiкелей қолдауымен түрлi аймақтарда құрылған тұрақтандырудың қорларына 163 мың тонна жоғары сапалы астық жинақталғанын да ескерген жөн.
Бiр ғана Қазақстан емес, осы кезеңге дейiн нарықты экономиканың iшкi заңдылықтары барлық түйткiлдердi оңай шешедi деп бейқам саясат ұстанып келген әлемнiң көптеген мемлекеттерi стратегиялық өнiм – астыққа көзқарастарын түбегейлi өзгерте бастады. Қалыптасқан жағдайдан сабақ алған елдердiң көбi егiн танаптарын ұлғайтуға бет бұрып отыр.
Түрлi шешiмдi iс-шаралардың нәтижесiнде соңғы апталарда дүниежүзi бойынша астық бағасы тұрақтанып, төмендей бастағаны да аңғарылуда.
Қалай болса да, әлемдiк астық нарығында күрделi жағдай биыл 20 млн. тоннадан астам егiн жинаған Қазақстан астық экспортының анағұрлым ұлғайуына әкелiп соқты. Осыған дейiн әлем бойынша 40 мемлекет бiзден бидай сатып алып, қазақ нанын қаужайтын болса, биыл олардың жалпы саны — 50-55-ке жетiп отыр.
Бiр сөзбен айтқанда, әлемдегi әрбiр төртiншi мемлекет Қазақстан астығын сатып алуға құлықты.
«Азық-түлiк корпорациясы» компаниясының сыртқы экономикалық байланыстар департаментiнiң директоры Дәулет Ұбашевтың айтуына қарағанда, бұрын Қазақстан өзге елдердiң ара ағайындық, делдалдығына иек артып келсе, қазiр елiмiз астық сатып алушы мемлекеттермен тiкелей байланыстарды жолға қоюды басты мақсат тұтуда. Оған дәлел, осыған дейiн отандық астығын өндiруге күш салып келген Түркiменстан биылдан бастап бiзден 400 мың тонна бидай алуға ниеттi болса, қиырдағы Тунис те 700-800 мың тонна алтын астық алуға асығып отыр. Тiптi, арамызды қарт Каспийдiң шалқар айдынымен ақжал толқындары ғана бөлiп жатқан Баку де қазақ бидайына қызығушылық танытуда.
«… Қазiргi уақытта румындар, венгрлер мен болгарлар бiзге тiкелей сұраныс бiлдiруде. Ең бастысы, әдетте Еуроодақтың ресурстарын пайдаланатын елдер көп көлемде Қазақстан астығын сатып ала бастады», – дейдi Нұрлан Оспанов.
Жаңабек ШАҒАТАЙ