Жаңалықтар

АҚ ХАЛАТТА ҚАРА ДАҚ

ашық дереккөзі

АҚ ХАЛАТТА ҚАРА ДАҚ

Қазiр,тiптi, бұрын-соңды атын естiп, түсiн түстемеген аурудың түр-түрi шамадан тыс көбейiп кеттi. Бар болғанның өзiнде ырымшыл халық iлуде бiр ұшырап жататын дерттiң атын ауызға алмай «пәленше аты жаман ауруға шалдығыпты» деп жұмсартып айтатын-ды. Бәлкiм, содан да болар кешегi күнге дейiн ауру бiткеннiң жер бетiне емiн-еркiн шықпай жүргендiгi.

Егер басыңа түскен пәледен, ағзаңа дерт боп жабысқан аурудан құлан-таза айығамын десең, қалтаң қампайып, дорбаң ерекше дорбиып тұруы керек. Онсыз бостандықты аңсауға жүз пайыз мүмкiндiк те, емдейтiн дәрiгердiң ебiн табуға бағытталған жол да жабық. Ал қалтаң шұрқ тесiк болса, абыржыма, екеуi де сенен әп-сәтте терiс айналады. Сонда тұла бойыңдағы ақырғы сенiм мен үмiттiң маздап жанған оты да бiржола сөнiп, аспанға күл болып ұшып кетсе, тек бiр Аллаһтың құдiретiне ғана сыйынасың. Әлбетте, Аллаһ Тағала қашан да өзiн үнемi есiне алып, мiнәжат еткен құлын есiркейдi. Бiрақ бiз жақсылықтың бәрiн Аллаһ Тағаладан тiлесек те, дертiмiзге қонатын емдi ақ халатты жандардан сұрамаймыз ба?! Жасыратыны жоқ, елiмiздiң денсаулық сақтау саласы туралы алыпқашпа әңгiмелердiң астарынан шындықтың шетi қылтияды. «Жел тұрмаса шөптiң басы қимылдамайды».

Шынында да, соңғы кезде «Ақ халат киген абзал жандарға нелiктен қара күйе жағылып жүр? Олар әу бастағы гиппократтық антына адал емес пе?» деген сауалдар кiмнiң болсын, ойын сан-саққа жүгiртедi. «Бәрiн қойшы, ендi денсаулықты да ақшаға сатып алатын болдық па?» дейтiндер көбейдi арамызда. Демек, ақшаң көп болса, сенiң жаның да, тәнiң де сау деген сөз. Егер жоқ болса… бәрi керiсiнше.

Құдайға шүкiр, бiзде басқа салаларға қарағанда – экономика жылдан-жылға қарыштап, дамып барады. Мұнай мен табиғи байлықтың түрiне кенде емес елiмiз осы бағытта бар күш-жiгерiн жұмсап қалуда. Үкiметтiң алдында кезек күтiп тұрған жөн-жосығы дайын қаншама жоспар бар. Алайда, бұның бәрi бiр ғана экономикалық мүдденiң қамы үшiн. Есесiне, халықтың денсаулығы сыр берiп, өмiр жасы қысқарып кеттi. Мәселен, БҰҰ жанындағы «Қазақстандағы өлiм-жетiм жағдайын талдау» мамандарының пiкiрiнше, елiмiзде ерлердiң өмiр жасының ұзақтығы 57-58, әйелдердiкi 65-70 жас қана. Ал басқа елдерге қарағанда өмiр сүру көрсеткiшi 20 пайызға күрт төмендеген. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан азаматтары Жапониямен салыстырғанда 20 жыл, Норвегия мен Финляндия – 18 жыл, Қытай – 10 жыл, Ресейге қарағанда 5 жыл аз өмiр сүредi. Бұған не себеп? Бiр-екi күндiкте Парламент сенатында осы мәселе қайта көтерiлдi. Сенат депутаты Б.Тұтқышев: «Тойға барсақ көбiрек iшемiз, жесек көбiрек жеймiз. Қазақстандағы өзбектер мен қазақтарды салыстырсақ, өзбектер көп өмiр сүредi олар жүзiм жейдi, ал қазақтарға ет болса болды. Қазақ жұрты құр ет жей бермей, көкөнiстiң түр-түрiн жеуi керек…» дейдi. Қымбатшылық аяқтан шалғалы ет тұрмақ, қара нан мен қара суды жанға талшық етiп жүрген жоқ па қараша үйдiң жандары. Тойынып жемейтiн тамақтың нәрi ағзаға қалай тарасын? Соны бiле тұра, көкөнiс жесiн деймiз. Қазiр базарда «менi сатып ал» деп самсап тұрған көкөнiс пен жемiс-жидектiң түк құнары жоқ. Тiптi, өн бойында бiр шiрiгi жоқ жемiс-жидектi алыпсатарлар анау көршi Қытайдан әкелсе де, дәмi аузыңда қалмайды. Кезiнде экс-депутат М.Шаханов Парламентте уақытын құр жiберiп, қарап отырмапты-ау. Ол кiсi осы Қытайдан әкелiнетiн жемiс-жидектерге де тосқауыл қою керектiгi жөнiнде Үкiметке мәселе қойды. Ұлтқа жаны ашып, қаны қайнап, жаны шырылдаған азаматтың сол мәлiмдемесi орындалып жатыр ма? Әй қайдам… «Базарға қарап тұрсам, әркiм барар» десеңiз, күнiне мың кiрiп, мың шығатындар әлгi қытайлық жемiс-жидектер мен көкөнiстi пайдаланып, ағзасын улап жүр. Өзiмiзге өзiмiз қастық жасау емес пе бұл?

Жақында Астанада Қазақстан дәрiгерлерi мен провизорларының III съезi болып өттi. Бұл басқосуда да медицинаның о жақ бұ жағындағы келеңсiздiктер айтылды.

«Қазақстан халқының денсаулығы – бiздiң ең асыл ресурсымыз және елiмiздiң гүлденуiнiң кепiлi. Соңғы бес жылда денсаулық сақтауға бағытталған қаржы үш есеге артты. Жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған клиникалар салынуда», дедi Қ. Саудабаев. Алайда, былтырғы жылдан берi Оңтүстiк өңiр халқын әбiгерге салған ВИЧ те осы құрал-жабдықтардың тозғандығынан, жетiспеушiлiгiнен туындағаны белгiлi. Жағдай әлi сол қалпында. Есесiне, 140-тан астам балаға ауыз салған ВИЧ-ке елiмiздiң медицинасы қауқарсыздық танытып келедi.

Бұл бұл ма, кейiнгi кезде үш адамның екеуi шалдығатын қан айналымы ауруынан елiмiзде жылына 80 мыңға тарта адам көз жұмады екен. Министр сөзiнде: «50 пайыздан астам адам өлiмi қан айналымы жүйесi ауруларының салдарынан болады. Оған республикалық және жергiлiктi бюджеттен 25 миллиард теңге қарастырылды. Ал 2008 жылғы бюджеттен денсаулық сақтау саласына 200 млн. теңге көзделдi» дейдi. Мәселенiң мәнiсi – бұл қаржы дiттеген жерiне барып жатыр ма? Бiр айта кетерлiгi сол, министр Дерновойдың өзi де дәрiгерге деген халық сенiмiнiң азайып кеткенiн мойындайды. «Бәрiмiз Гиппократқа ант бердiк. Өкiнiштiсi, қазiр одан қайыр кеттi. Себебi, халық дәрiгерге сенуден қалды. Арыз-шағым көбейдi» дейдi ол. Халықтың денсаулығы аттай емес, әлсiз шыбындай болып кетсе, шағым көбеймегенде қайтедi? Әйтеуiр, пәленбай қаражат бөлiп жатырмыз дегендi ауыз толтырып айтады, бiрақ одан өзгерiп жатқан дәнеңе жоқ.

Жақсылық Досқалиев,

ҚР Парлементi Мәжiлiсiнiң депутаты:

– Адамның жағдайы жақсарып, қаражаты көбейген кезде өзiне сапалы медициналық көмек iздейдi. Яғни, сапалы дәрiгер болу үшiн адам iзденедi, бiр нәтижеге талпынады. Егер бiлiктiлiгiн ұштай бiлсе, қызметi де қымбаттайды. Демек, дәрiгердi қалтаңызға қарай таңдайсыз. Қазiр осы мақсатпен шетелдiң университеттерiнде 700-дей дәрiгер-маман бiлiм алып жатыр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ