«ШАРИҒАТ – СҮТ, СОПЫЛЫҚ ОНЫҢ ҚАЙМАҒЫ»

«ШАРИҒАТ – СҮТ, СОПЫЛЫҚ ОНЫҢ ҚАЙМАҒЫ»

«ШАРИҒАТ – СҮТ, СОПЫЛЫҚ ОНЫҢ ҚАЙМАҒЫ»
ашық дереккөзі

«Зерде» қоғамдық қоры «Темiрқазық» пiкiрсайыс клубының кезектi отырысын өткiздi. Бұл жолы «Софылық ақиқаты. Дiн мен наным-сенiмiнiң айырмашылықтары» деп аталатын ауқымды тақырыпта теология ғылымының докторы Мұхиддин Исаұлы баяндама жасады.

Негiзi бiз сопылықтың негiзгi көзiн Қожа Ахмет Ясауидiң хикметтерiнен iздеймiз. Содан да болар, түп төркiнiмiз түркi халқына сопылықты насихаттаған ғалым ретiнде танылған қасиеттi әулиенiң аты жиi аталады. Өйткенi, сопылық iлiмнiң нақ белгiлерi Ясауи хикметтерiнен айқын көрiнiс тапты. Алайда, сопылықты Ислам дiнiн танып-бiлудегi ашық жол деп бiлетiн ғалымдар қазiргi кезде бұл ағымның қазақ қоғамына да сiңiсiп жатқанын мойындайды.

Бiз теолог-ғалымның жасаған баяндамасынан соны ұқтық. Ол: «Исламның алғашқы кезеңдерiнде шариғат үкiмдерi кiтап бетiне түспеген едi. Бұл үкiмдердiң сенiм, ғибадат, қарым-қатынасқа тиiстi бөлiмдерi адамдардың күнделiктi өмiрiнде көп қайталануы және iс-әрекет арқылы жүзеге асуы арқасында көпшiлiктiң жадында сақтаулы қалатын. Осы тұрғыдан алғанда шариғаттық үкiмдердiң жиналуында көп қиыншылық болмады. Сондықтан да көп ұзамай осы iлiм салалары әр мұсылманның өмiрлiк мәселелерi болғандықтан ғұламалар алдымен дiннiң осы бөлiмдерiн қолға алып, әр бөлiмге қатысты кiтап пен трактаттар жазып, «тәдуин» (жинақтау) кезеңi басталды. Фақиһтар құқықты кiтапқа төгiп, хадисшiлер сүннеттiң сақталуын, кәламшылар ақайд, яғни, сенiм мәселелерiн, тәпсiршiлер құран мен құранның iлiмдерiн жазумен айналысып Ислам дiнiнiң ақиқаттарын ешқандай шашау шығармай толықтай жинады. Осы кезде Пайғамбарымыздың рухани өмiрiне маңызды көңiл бөлген мұтасауып-сопылар да сол қайнар көздердi пайдаланып тассауыпқа қатысты ақиқаттарды зерттеп, адамның маңызы, болмыстың негiзi, адамзат пен ғаламзаттың iшкi динамикалық күштерi тәрiздi тақырыптарды назарға алып, заттың iшкi дүниесiнiң ақиқатын тәржiмалауға тырысты» дегендi айтады.

Бұдан ұққанымыз, хадисшi мен фақиһшы, кәләмшi құран мен сүннет арқылы нәпсiнi тазартып, дiндi терең түсiнiп, Жаратушыны жүрекпен сезiну тәсiлдерiн қояды. Әрбiр мұсылман намаз оқығанмен, Аллаһ Тағаланы көрiп тұрғандай оқи алмайды. Алайда, Пайғамбарымыз «Ихсан» шыңын: «Сен оны көрмесең де, ол сенi көру түсiнiгiне ие болу» деп түсiндiрген. Мiне, тассауыпшылар өздерiн яки халықты осы дәрежеге жеткiзу үшiн құран мен хадистерден шығарылған әр түрлi ұстанымдар негiзiнде мектеп құрды. Бұл мектеп – сопылық мектебi деп аталыпты. «Басқа дiндерде сопылық, миститизм бар. Бiрақ, олардан Ислам сопылығы мүлдем бөлек. Ол ерекше өзiндiк қасиетке ие. Неге десеңiз, Ислам сопылығының қайнар көзi – құран мен сүннет» – дейдi М.Исаұлы.

Исламда құқық жағын зерттейтiн iлiмдi «фықыһ заһир» дейдi. Бұл өмiрдегi кез келген бiр iстiң шариғатқа сай ма, емес пе, осыны түсiндiрген iлiм. Ал, сопылық iлiмдi «фықиһ батин» деп атайды. Яғни, сопылық iлiм адамның iшкi әлемiнiң Аллаһ Тағаланың ризалығына сәйкес келiп, сауапты болуы үшiн қандай қағида мен ұстанымға сүйенуi тиiс екендiгiн зерттейдi. Ғұламалар бұны «тақуалық жол» деп атаса, ендiгi бiр ғалымдар «сопылық «ихсан» жолы» деген. Демек, сопылықтың негiзi – құлшылық пен мойынсұнушылықты жалғастырып, саяздық құлдық санасын тереңдетiп адам болмысының маңызды бiр халiне келтiру және адамның екiншi табиғи болмысы саналған руханилыққа қол жеткiзу, дүиенiң өзi мен бiздiң құмарлық сезiмдерiне қараған фәни жүзiне қызықпай, ақырет пен Хақ Тағаланың көркем есiмдерiне қарай ояну.

Аллаһ Тағалаға деген махаббаттың екi тiрегi бар. Бiрiншiсi – сыртқы махаббат – әрқашан Сүйiктiнiң ұнатқан iстерiмен шұғылдану. Екiншiсi – iшкi махаббат – iшкi әлемiн онымен байланысы жоқ нәрселерден мүлдем ада ету.

«Адамзаттың бәрiн сүй бауырым, деп және хақ жолы осы деп әдiлеттi» дедi Хакiм Абай. Ендеше, сопылық пен тақуалық егiз ұғым» делiнген баяндаманың тоқетер сөзiнде.

Бiрақ та жалпы Ислам әлемiнде тассауыпшылардың бағытының бәрi дұрыс болды ма? Әрине, жоқ. Неге десеңiз, ислам фаһиқшылары, кәләмшылары мен тәпсiршiлерi арасында бұрыс тәсiл мен қате жолды ұстанған ағымдар болғаны тәрiздi тассауыпшылардың арасында бұрыс бағытта болған сопылық ағымдар болды. Яғни, бұрыс мәзһәб немесе мәзһәпты жоққа шығарғандар болғаны тәрiздi сопылық iлiмдi түгелдей жоққа шығарып бұрыс қолданған ағымдар да болғаны жасырын емес.

Теолог-ғалымның пiкiрiнше, сопылық iлiмнiң қайнар көзi, кәусар бұлағы – шариғат. Шариғат сүт болса, сопылық соның қаймағы iспеттес. Терең иманы болмаған адам сопылық медресесiне алынбайды. Мұны Ахмет Ясауи өзiнiң 79-хикметiнде: «Тариқатха шариғатсыз кiргендердiң,

Шайтан келiп иманын алады екен», деген.

«Шындығы сол, мұсылман тариқатсыз мағрипатқа, ақиқатқа жетуi мүмкiн, алайда, шариғатсыз тариқатқа жетуi әсте мүмкiн емес. Ал шариғат құран мен сүннеттен тұрады» деген дiни қағидамен қорытындылады.

«Темiрқазық» пiкiрталас клубына жиналған дiннен хабары бар көпшiлiк өз сұрақтары мен пiкiрiн бiлдiрiп жатты. Алайда, бiр сұрақ жауапсыз қалды. Ол – сопылық iлiмнiң хадисшiлерi арасында бұрыс бағытты ұстанғандар туралы сұрақ. «Әлбетте, бүгiнде сопылық iлiмдi ағым ретiнде санаға сiңдiрiп, жалпақ жұртқа солай түсiндiрiп жатқандар баршылық. Олар әсiресе, ұлттық идеологияны қалыптастыратын зиялы қауым өкiлдерi арасында жүр…» деген пiкiр айтылып қалды. Амал нешiк, пiкiрталас iшiнде сол сопылық iлiмдi бұрыс жолға айналдырып, ағым ретiнде қарастырып жүрген сопылардың қарасы көрiнбедi. Бәлкiм, нақ сопымын деп жүргендердi шақырып, сөз жарысына салғанда пiкiрталас қызықтырақ өтер ме едi. Өкiнiшке қарай, бұл жолы да әңгiме тек бiржақты өрбiдi. Ал, теолог-ғалым Мұхиддин Исаұлы да, «Мен тек сопылық iлiм жайында, яғни, шариғаттағы Құран мен Сүннеттi орындау үшiн тариқатсыз болмайтынын iлiм жөнiнде айтып бере аламын. Басқасына қатысым жоқ», – дедi. Шынында да, мұны ғалымнан емес, сол сопы ағымын ұстанатын дiндарлардан сұрау керек-ау.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ