ДАЛА... СЫҢСЫҒАН МОЛА... АУЫЛ САЙЫН БIР БАТЫР...

ДАЛА... СЫҢСЫҒАН МОЛА... АУЫЛ САЙЫН БIР БАТЫР...

ДАЛА... СЫҢСЫҒАН МОЛА... АУЫЛ САЙЫН БIР БАТЫР...
ашық дереккөзі

Ескерткiштер туралы заң керек

Соңғы жарты жылда ғана әртүрлi iс-сапармен елiмiздiң төрт түстiгiн түгелге жуық аралап шығудың сәтi түскен. Әуелi Шығыс Қазақстанда шыр айналып, Семей басып, Павлодар өттiк. Одан соң Арқаны адақтап, Солтүстiкке жеттiк. Ал ендi, мiне, таяуда Жамбыл, Шымкент, Қызылорда жерiн бiраз аралап қайттық. Бiр қызығы, бұдан тура он жыл бұрын да дәл осындай сапарды бастан кешкенiмiз бар-ды. Бiрақ бұрынғы көргендер мен қазiргi көрiнiстердi салыстырып қарасақ, осы он жылда қазақтың маң даласы мен маңқайған ауылдары бұрын-соңды болып көрмеген өзгерiске түскенiн байқар едiк. Ол қандай өзгерiс? Оң ба, әлде..? О жағын оқырманның өзi сезе жатар, ал бiз алдымен көргендерiмiз бен түйгендерiмiздi ортаға салып көрейiк.

Бiздiң ең басты байқағанымыз, тұрмыс-тiршiлiгi, ауа-райы, жер жағдайы әр қалай болғанымен төрт түстiктегi қазақ мекендеген жерлердiң бәрiне ортақ бiр көрiнiс, бiз өзгерiс, бiр жедел даму бар. Ол мәдениет көрiнiсi. Мәдениет болғанда, кәдiмгi қолмен ұстап, көзбен көре алатын заттық мәдениет көрiнiсi. Бұл мәдениет қатарына қаладағы төбесi көк тiреген тұрғын үйлерден бастап, ауылдағы көк күмбездi мешiттер мен бейiт басындағы қалақтай қара тасқа дейiн жататыны белгiлi. Бұның түбi – құрылыс. Қалақтай тас қою да, «күмбiр-күмбiр күмбез» тұрғызу да. Бұл құрылыстың соңғы он жылдағы даму қарқыны сондай, кезiнде екi ортаға ат арытып әзер жететiн бiр ауыл мен бiр ауылдың арасы ендi қозыкөш жерден қосылып, қол ұстасып, тiзбектелiп кете бергендей. Бүкiл дала. Барлық жерде. Мәселен, қараңыз.

…Купеде, астыңғы орында, кiтап оқып жатасыз. Жаныңыздағы осындай орында терезеге телмiрiп бiр кемпiр отырады. Көзiңiздiң бiр қиығы кiтапта болғанмен, бiр қиығы сол кiсiде. Өйткенi… сырттағы көрiнiстi бас көтермей-ақ, оның бет сипаған алақаны мен күбiр-күбiр «аллакпарынан» сезе қоясыз. «Е, бiр елдiмекенге жақындап қалдық-ау» деп, сiз де ендi шоқая отырып, терезеге қарайсыз. Қарайсыз да бет сипайсыз. «Аллаһу акпар!» Жол жиегiнде… аппақ бейiттер алыстап қалып барады. Күмбездi… қорғанды… төрт құлақты… Бәрi ақ селикат кiрпiштен… Сәлден соң апаң тағы бет сипайды. Сiз де бас көтересiз. Сонау төбелердiң басында… ақ шуаққа малынған мазарлар… күмбездер… кейбiрi тiптi Кремль мұнараларына ұқсайды. Пiшiн жағынан.

Осындай көрiнiс көз алдыңнан тiзбектелiп өте бередi, өте бередi…

Өстiп облыс орталығына жеткен соң, одан әрi аудан жаққа жеңiл көлiкпен шығасыз. Жолбасшыңыз қаладан шыға бере:

– Жолай пәлен деген жерде пәлен деген әулиенiң жатқан жерi бар. Көре кетесiз бе? – дейдi. Қуана келiсесiз. Қалай келiспейсiз, атамыз – қазақ, затымыз – мұсылман, әруақ сыйлаған, әулие құрметтеген халықпыз. Рас, осы уақытқа дейiн жолсапар үстiнде талай-талай қасиеттi орындар мен әулие бастарында болып, тәу етiп, бет сипап өткенбiз. Сонда, шындығы керек, бiр сәтке болсын санамыз сергiп, әншейiндегi -өрекпiген көңiл сабасына түсiп, мынау жалған деген жарық дүниеге басқаша көз, басқаша оймен қараған кезiмiз көп. Ата-бабамыз ондай жерлердi бостан босқа қастерлемеген ғой, қасиетi мен тылсым сырына қаныққан соң да қасиеттi деген шығар. Екiншiден, бұл – бiздiң ғасырлар бойы қанымызға сiңiп, қазақтық салт-дәстүрiмiзге тереңнен тамыр байлаған дүние. Оны тұрмыс-тiршiлiгiмiзден алып тастасақ, ұлттығымыз қайсы? Тарихымыз қайда! Басқаны бiлмеймiн, өз басым бұл мәселеге қашанда осылай қарағам, осылай қарай берем де. Бiрақ iштей мынадай түйетiнiмдi және жасырғым келмейдi. Әруақты сыйлаған, өткендi құрметтеген, қасиеттiңдi қастерлеген жақсы-ау, бiрақ соның жөнi осы екен деп, отбасын ұмытып, ошақ отын суытып, әр әулиенiң басына жыла қонып жүру қалай болар екен? Әрине, бұл менiң жеке ойым!

Сонымен жолдан бiраз бұрылыс болса да жолбасшыңыз айтқан әлгi әулиенiң басына бұрыласыз. Алыстан Василий Блаженский соборының бiр басындай болып, алтындай жарқырап бiр сары күмбез көрiнедi.

– Керемет! – деймiз бiз таңдай қағып. – Керемет екен! Өткенiн қастерлей бiлетiн елдiң ғана қолынан келетiн дүние ғой бұл!

– Сiз ненi айтып тұрсыз? – дейдi жолбасшыңыз да ендi сiзге таңдана қарап.

– Анау алтындай жарқыраған күмбездi де. Әулиең сол емес пе?

– Жоға-а, ол Советхан деген кiсiнiң маза¬ры ғой. Бұрын бiрнеше жыл осы жерде совхоздың директоры болған. Өткен жылы қайтты ғой марқұм. Мынаны таяуда ғана бiтiрген.

– Ау, әулиең қайда сонда?

– Сол анау Советхан мазарының төменгi жағындағы… сайдағы тоқал там iспеттi шағын мазарды көрiп тұрсыз ба? Төбесiнде төңкерiлген қазандай қара күмбезi бар.

– Көрiп тұрмын.

– Сол… әулиенiң жатқан жерi. Ертеректе тәп-тәуiр түрi бар едi. Қара тастан әдемi қалап жасаған. Кейiн әркiм келiп бiр өңдеймiн деп, ақыры жұлған тырнадай қылған түрi осы. Бұл өзi ана Советхан марқұмның арғы аталары болса керек. (Бұның қай облыстағы қай әулиенiң басы екенiн әйгiлемей-ақ қояйық).

Таңдай қағып, тамсанып отырып келесi елдiмекенге де жетесiз. Оған кiре берiсте қара айғырына қасқая мiнiп тұрған бiр батырды көресiң. Қолында найза, басында дулыға.

– Бұл кiм? – деймiз бiз ынтығып.

– Бұл пәлен деген батыр. Руы анау, ұрпақтары мынау.

– Не iстеген, қандай ерлiк жасаған батыр?

– Ханды өлтiрiп, қалмақты қырған батыр.

– Онысы қай тарихта жазылыпты?

– Ешқандай. Руластары айтады, жұрт бас изейдi.

Есiмiзге журналистер арасындағы бiр езутартар түседi.

Екi редактор ел аралап келе жатады. Бiрiншiсi осындай бiр ескерткiштi көрiп, таңданып:

– Ау, мына батырың кiм? Егер сен бiлмесең, мен бiлмедiм, – дегенде, екiншiсi жұлып алғандай:

– Неге бiлмеймiн, бiлемiн. Баяғы Кутузовтың бiр көзiн шұқып алған осы батыр болатын, – дейдi. Әрине, күлкi үшiн айтылған дүние. Бiрақ сарказмдi күлкi.

Содан әлгi батырға бiр тағзым етiп алып, аңқылдатып ауыл iшiне кiресiң. Көзiңе бәрiнен бұрын мешiт мұнарасы түседi. Жақсы! Бұл жұрттың иманға бет бұрғанының белгiсi. Бүгiнде мешiтi жоқ ауылдар сирек. Тiптi тiл жағынан бiраз ақсаңқырап қалған солтүстiк облыстардағы ауыл-селолардан да көк күмбездердi көрiп, iш жылыған кезiмiз көп. Иә, бұл жағынан да құрылыс қызу жүрiп жатыр. Бұдан он-он бес жыл бұрын бiр ауданнан бiр мешiт тапсақ, ол да қуаныш едi. Мешiттердiң көбейгенi бiздi мына жағынан да риза етедi: бұл – қалталы азаматтардың ақшасын қайда жұмсауды, қандай игiлiкке пайдалануды бiле бастауы. Көптiң , тiрiнiң игiлiгiне жараған дүниеден артық не бар!

…Ал ендi жоғарыдағы сапарларымызда көргендерiмiз бен түйгендерiмiздi қортындылап көрейiк.

Сөз басында-ақ айтарымыз, өмiрден өткендерге қатысты кез келген әңгiме абайлап айтуды, байқап сөйлеудi талап ететiн өте нәзiк мәселе. Тек қазақ халқы емес, жабайылықтан өткен барша адам баласы қай уақытта да өлген жанын ең аяулысы есептеген. Аяулысынан ештеменi аяп та қалмаған. Соның нәтижесi ғой, Үндiстандағы ғажайып Тәжiмахалды былай қойғанда, өз жерiмiздегi Қожа Ахмет Ясауи, Айша бибi, Қарашаш, Гауһар т.б. басына орнатылған кесене, мазарлардың бүгiнде мәдени мұраларымыздың ең құнды үлгiлерi болып отырғаны. Шындығында, сонау ғасырлар қойнауынан бiзге аман жеткен ең көне түркiлiк мәдениеттiң барлығы кезiнде мүрделер басына қойылған жәдiгерлер екенiн мойындамасақ керек. Демек бүгiнгi қазақтың да мазар мәселесiнде мал аяп қалмайтынынын түпкi бiр тамыры сол көне дәстүрде, о баста тұрмыс-тiршiлiкке терең сiңiсiп кеткен салт-санада жатқанын ескерген жөн болар. Бiрақ бұл – жерлеу рәсiмдеу iсi мен өлгеннiң басына қойылатын кез келген құрылыс туралы мүлде ауыз ашпа, пiкiр бiлдiрме деген сөз емес. Олай болуы мүмкiн де емес. Өйткенi, өзгелер бағынған, өзгелер жөн деп бiлген, жалпы адамзат үшiн тiрiлер үшiн, қасиеттi болып табылатын белгiлi бiр заңдарға қазақ та бағынуға тиiс. Бағынбайын деп те отырған жоқ, әуелi тек сол заңның өзi болуы керек те.

Айтайық дегенiмiз де осы – жалпы ескерткiштер туралы жаңа бiр заң керек-ақ. Ал ескерткiштер қатарына ықылым замандағы тастағы петроглифтерден бастап, бүгiнгi бейiт басына қойылатын қалақтай қара тасқа дейiн кiретiнi белгiлi (көне қорғандар, кесенелер, мазарлар, ұстындар, барлық түрдегi ескерткiш-мүсiндер т.б.). Бұған дейiнгi заңнамалық құжаттарда негiзiнен бұрыннан бар ескерткiштердi есепке алу, қорғау, олармен ғылыми жұмыстар жасау белгiленсе, ендi қолға алынар заң күшi бар құжатта, әсiресе, жеке тұлғалардың өз күшiмен, өз қалауымен тұрғызылатын ескерткiштердiң көлемi, пiшiнi, орнатылатын жерi және оларға кiмдердiң бақылау жасайтыны нақты көрсетiлуi керек. Бұлай етпейiнше мәселе жыл өткен сайын күрделене түсерi анық. Неге? Неге екенi белгiлi: халықтың әл-ақуаты бiртiндеп түзелер, аш тойынар, жалаңаш киiнер, сонда… қазекем екенi рас болса, ешкiм ешкiмнен қалғысы келмес: «пәленiнiң басында пәлен метр ескерткiш тұр, бiзде неге ондай жоқ», «Олардың атасы батыр болса, бiздiкi не қатын ба?» дегендей әңгiме талайға жал бiтiрер. Нәтижесi белгiлi – барын салып, мазар көтеру, соңғы тиынына дейiн жұмсап, ескерткiш тұрғызу. Бұның «жемiсi» қазiрдiң өзiнде көз қарықтырады. Жол бойларын елестетiп көрiңiз… күмбездi, шошақты, төрт құлақты, сегiз қырлы, кiрпiштi, бетонды… саңсыған мазар. Еске тұтар мәселе сол – бұлардың ең еңселi, ең көлемдi, ең көбi – соңғы он жылда бой көтергендер. Ал алдағы он жылда? Одан кейiнгi бес жылда? Сосын бiр-ақ жылда? Не болмақ?

Сөз соңында, осы биылғы жолсапарларымызда естiген кейбiр «гәптарды» алға тартсақ деймiз:

Ақтаулық бiр әрiптесiмiз айтады:

– Бiздiң Маңғыстау өлкесi тұнып тұрған тарихи ескерткiштердiң мекенi ғой. Бүкiл Қазақстан бойынша тiркелген осындай ескерткiштердiң саны 20 мыңнан артық болса, соның қақ жартысы бiзде. Үш жүзден астам әулиесi бар Маңғыстаудан басқа қандай жер бар. Бiрақ соңғы кезде сондай асылдарымыздың бетiне де көлеңке түсе бастады. Баяғы аса құнды тарихи-мәдени қорымдардың жанынан күншiлiк жерден көрiнетiн күмбездер орын алған. Дәл жанына келiп құлпытасына үңiлiп қарамасаң, кiмнiң әулие, кiмнiң кешегi бизнесмен екенiн айыра алмайсың. Және бiр көңiл жүдетерлiк нәрсе – жүздеген жыл уақыт тегеуiрiне төтеп берiп келе жатқан көне жәдiгерлер «өңдеймiз», «жөндеймiз» деген жақсы ниеттiң де құрбанына айналып барады. Иә, ниет жақсы. Алайда арзанқол материалмен, сапасыз бояулармен әрлеп-сәндеген дүниелерде қайбiр ұзақ ғұмыр болсын!

– Жол бойындағы кейбiр ұстын, күмбез ескерткiштердiң биiктiгi жиырма метрге жетiп қалады, – дейдi қызылордалық бiр жiгiт купе терезесiнен сыртқа қарап отырып. – Алыстан қарағанда өте әдемi. Ал алдына келгенде, қаңылтырмен қаптап, кафелдермен жылтыратып қойған бiрдеменi көресiң. Бұл тек «бiздiң рудан мынадай адам шыққан» дегендi уақытша әйгiлеуден басқа түк те емес.

– Кейбiр рулық, аталық сананың көрiнiстерi – адамды жирендiру былай тұрсын, жаныңды түршiктiредi, – дейдi оңтүстiк бiр азамат. – Бұдан бес-алты жыл бұрын Қаратау қойнауларын аралап келе жатып мынадай сұмдықты көзiмiз көрдi. Тауды бөктерлей жатқан үлкендi-кiшiлi қалың бейiттiң бiрнеше гектарлық аумағы бетон дуалмен коршалған екен. Тек биiктен түсiп келе жатқан осы дуалдың бiр жерi кiлт iшке кiрiп, жүдеулеу бiр жалғыз бейiттi сыртқа қалдырып, сосын қайта түзелiп кеткен.

– Ау, бұл қалай? –десек, ауыл адамы айтады:

– Бұл мүрдеде жатқан жiгiттiң жүзi де, руы да мына қорымдағылардан бөлек. Соны ескерген президентiмiз бейiттi тұтастай қоршар кезде, бұны сыртта қалдыруды жөн көрген.

– «Айналайын-ау, президент дегенiң кiм ол? Не ол?» десек, әлгi әпендемiз:

«Сiз не, бiлмейсiз бе? Әр рудың мұнда өз президентi болмай ма?» деп аузын аше-еп тұр. Бұған ендi не деймiз?!

Не деймiз? Мұндай «таң қалдыратын» дүниелер қазақ тiрлiгiнiң кез келген жерiн түртiп қалсаң шыға келедi. Әсiресе, осы жерлеу, марқұмдарды еске алу, атап өту рәсiмдерiнде. Мәселен, осы жолдардың авторы Қызылорда облысында болғанында, «бейшенбiлiк» дегендi бiрiншi рет естiгенi бар. Онда марқұмның қырқына дейiн әр бейсенбi сайын дастарқан жаю дәстүрi бар екен. (Сонда, қырқына дейiн бес рет). Бiреу – бай, бiреу – кедей. Бiрақ… дәстүр бiреу-ақ… Бұдан басқа да көрiп-бiлгенiмiз жетерлiк, ең соңында Түркiстанда бiр үйде «өлгеннiң бүкiл мүлкiн елге таратудың» куәсi болдық та, ертесiнде Алматыға қайттық.

…Өткен жұмада Кеңсайдағы мұсылмандар қорымында болып, жиырма жылдан астам республикамызды басқарған, аса көрнектi мемлекет қайраткерi Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаевтың мүрдесiне гүл шоғын қойып қайттық. Тап-таза етiп жиналған шағын темiр қоршаудың төрiнде Димаш ағаның қарапайым ғана бюст ескерткiшi тұр. Онда аты-жөнi, туған-өлген жылы жазылған.

Өлгеннен кейiн де ол тiрiлерге қарапайымдылық, шын мұсылмандық туралы өсиет айтып тұрғандай.

Дидахмет Әшiмханұлы