Ербол САҒИҰЛЫ: ҚАБIРДIҢ БАСЫНА СУРЕТ ҚОЙМА...

Ербол САҒИҰЛЫ: ҚАБIРДIҢ БАСЫНА СУРЕТ ҚОЙМА...

Ербол САҒИҰЛЫ: ҚАБIРДIҢ БАСЫНА СУРЕТ ҚОЙМА...
ашық дереккөзі

Тараздағы орталық мешiттiң жамағат игiлiгiне берiлгенiне де көп болған жоқ. Көк күмбездерi сонадайдан менмұндалап көзге түсетiн имандылық үйiн жұртшылық байырғы тарихи Әулиеата мешiтiмен шатастырып жатады. Жалпы, тарихы тереңде жатқан көне Әулиеата мешiтiнiң жөнi бiр бөлек. Таразға барған сапарымызда Жамбыл облысының бүгiнгi дiни-ахуалы жөнiнде Әулиеата мешiтiнiң бас имамы Ербол Сағиұлымен жолығып, әңгiмелескен едiк.

– Осыдан бiрер жыл бұрын, Жамбыл облысынан телефон шалған бiр оқырман бiзге облыс орталығында салынып жатқан мешiттiң әлi бiтпегенiн, Таразда имандылық үйiнiң жоқ екендiгiн айтып едi. Естуiмiзше, биылғы жылы Әулиеата мешiтi бiтiп, жамағаттың игiлiгiне берiлген сыңайлы…

– Бiсмiллә рахманир рахим… Негiзiнен, бiздiң Жамбыл облысында тарихи мешiттер көп. Ең әуелi осыларға тоқталғанды жөн көрiп отырмын. Дiннiң ең алдымен бастау алған жерi осы – Әулиеата мекенi. IХ-ХI ғасырларда болған мешiттiң жақында кесенесiнiң орны табылды. Ең алғаш исламның қанат жайған орны бiр бөлек, 960 жылы Қарахан елiнде уақытында ислам дiнi мемлекеттiк дiн болып қабылданған. 751 жылы исламды қорғап, ең алғаш қара қытайға мұсылман әскерi қатты тойтарыс берiп, қытайлардың шегiнiп, соғыстан бас тартқан жерi де осы – Тараз өңiрi. Бас мүфти, қазiретiмiз Тараздан шыққан қырыққа тарта дiни ғұлама ғалымдардың атын айтып жүр. Бұл жерде жалғыз Тараз ғана емес, Баласағұн да бар. Орыстың империялық саясаты жүре бастаған кезде, әуелi қазақтың үш нәрсесiне қол соқты. Отарлау саясаты кезiнде кедей байға қарсы шықты. Империялық саясат елдiң, халықтың ұйытқысы болған дiнбасыларынан, қазақтың әлiпбиiнен айыруды көздедi. Қазiргi Әулиеата мешiтiнiң бастауы 1902-1906 жылдар аралығында салынған екен. ХХ ғасырдың басында, яғни, жиырмасыншы жылдары осы Әулиеата жерiнде отызға тарта мешiт болыпты. Сол уақыттағы Әулиеата мешiтi кейiн қуғын-сүргiнге ұшырады. Ашаршылық жылдары бұл мешiт астық сақтайтын қойма болыпты. Әскери казармаға да айналдырыпты, жауып та тастаған. Бiрақ, үлкен мешiт тарихтан бiржола жойылып кетпеген. «Сыныққа сылтау бiтпейдi» демей ме, мешiт бола тұрып, имандылық үйi жоқ дегендi түсiнбеймiн. Кешегi күнi қызметiн iстеп, нанын жеген коммунистiк партияны да жамандадық қой. Шын мәнiнде, коммунистiк партия болмағанда, бiз намазымызды оқып, исламның хадистерiн бiлiп, иманды болып өсер едiк дедiк.

– Расында да, коммунистiк партия дiнi мұсылманды атеист қылып шығарған жоқ па?

– Рас. Оған да келiсемiн. Сондай тоталитарлық саясат болған шығар. Бiрақ, Аллаға шүкiр, егемендiгiмiздi алып, туымызды, байрағымызды биiкке ұстап, экономикамызды да iлгерiлетiп алдық. Егемендiк алғаннан кейiн, әр жерлерде мешiттер көптеп ашыла бастады. Ол кездерi мешiттер қалай ашылды? Дүкен, мәдениет үйлерi, әртүрлi ғимараттарды мешiтке айналдырдық. Қазiр байлар өздерi салғызып жатыр ғой. Бiздiң Әулиеата жерiнде де үлкен мешiттiң қажеттiгiн айтып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1996 жылы Тараз жерiне келген сапарында тапсырма берген екен. Сол тапсырмамен Жамбыл облысында үлкен мешiттiң құрылысын бастау қажет едi. Ол 2000 жылдық тойға дейiн бiтуi де керек едi. Бiрақ, оған үлгере алмады. Дегенмен, Таразда бұрыннан келе жатқан тарихи үлкен Әулиеата мешiтi болды.

– Әулиеата мешiтi үлкен емес пе едi…

– Үлкен деп айта алмаймын, бiрақ шағын да емес.

– Жаңа мешiт салмай-ақ, ескi тарихи мешiттi қайта жөндеуден өткiзуге болмас па едi?

– Тарихи мешiтке алғашқы жөндеу 1984 жылы жасалыпты. Кейiнiрек, 1998 жылы тағы да жөндеуден өттi. Бұл қанша дегенмен көне, тарихи мекен ғой. Ал, бiзге жаңа мешiттiң құрылысы басталуы керек едi. Базардың жанында бiр мешiт құрылысы басталғаны рас. Жаңа мешiтке сол жер берiлiп, қор құрылған екен. Кейiнiрек, ол белгiлi бiр себептермен жүзеге аспай қалыпты. Ол кездерi мұнда болмағандықтан, көп себебiн бiле бермеймiн. 2001 жылы сол кездегi облыс әкiмi Серiк Әбiкенұлы Үмбетовке кiрiп, жаңа мешiт салу үшiн жер қажеттiгiн айтқанбыз. Тараздың жұртшылығының да телефон шалатындай жөнi бар. Өйткенi, ұлы Жiбек жолының бойынан үлкен шiркеу салынды. Бұл шiркеу мешiт құрылысы басталмай жатып-ақ, бой көтерiп, көзге бадырайып тұрған соң, жамағаттың бiрi ренiшпен телефон шалуы да мүмкiн. Қайта Серiк Әбiкенұлы бiздiң мәселемiздi дер уағында шешiп бердi. «Мешiтке» деп, орталықтан арнайы жердi де белгiлеп бердi. Мешiттiң құрылысы 2003 жылдың маусым айының алтысында басталды да, 2007 жылдың сәуiрiнде аяқталды. Көптiң ниетiн, көптiң ықыласын Құдай қабыл етiп, жұма күнi мешiтiмiз ашылды. Мешiттiң құрылысы бiткелi берi, сондай әңгiме айтып жүрген адамдардың мешiтке бас сұққанын көргенiм жоқ. Намазға келмейдi. Келiп жүрген өте сабырлы, иманы бар адамдардың бәрi бұл мешiт басталғанда шүкiр қылды, үмiтпен қарап, сабыр қылды. Солар мешiт бiткен кезде намазға келiп, құлшылық қылып жүр. Қазiр Таразға кiрiп келген адамдарға көк күмбездi Алла үйi анадайдан менмұндалап көрiнiп тұрады. Жалпы, адам баласына екi нәрсе керек, бiрiншiсi – уақыт, екiншiсi – төзiм. Қазiр Таразда мешiт көп. Жаңа ашылған мешiттiң өзiне жаңа атау берiлетiн шығар. Оны қазiретiмiз де ойланып жатқан болар. Байырғы тарихи Әулиеата мешiтiнiң атын иемденуге болмас. Қалада сегiз-тоғызға жуық мешiт бар. Одан бөлек, қаламызда мешiттердiң көбiнде сауат ашу курстары жұмыс iстейдi. Оны мақтанышпен айта аламыз. Мешiттерде оқыған балаларымызға ерекше көңiл бөлiп, Астана қаласына сапар ұйымдастырып, апарып келдiк. Елбасының ордасына барып келдi. Имандылық бар, келешек бар. Оқимын десе, Құран бар. Келем десе, мешiт ашық. Сосын бiр нәрсенi түсiнуiмiз керек, мешiтке барғанның бәрi молда емес қой. Қолына Құран ұстап, намаз оқығанның бәрi молда емес. Олар мұсылмандық парызын орындап жүрген қатардағы жамағат деп айтамыз. Келедi, намазын оқиды, тып-тыныш кетедi. Сондықтан, имандылық ордасы жоқ дегенге сенбеймiн. Өткенде, аламан айтыстың бiрiнде, бiр бауырымыз: «Әулиеата мешiтi он жылдан берi бiткен жоқ» деп айтып жатыр. Ол дұрыс емес.

– Мешiттер көптеп салынып жатыр. Имандылық үйiнiң көбейгенiне қарсылығымыз жоқ. Бiрақ, кәсiпкер ағаларымыз салған мешiтiне әкесiнiң немесе бабасының есiмiн берудi үрдiске айналдырған сыңайлы. Жалпы, мешiттiң атын қоюды Дiни басқармамен бiрлесiп шешкен жөн бе, әлде, мешiт салған адамның өзiне тиесiлi нәрсе ме?

– Мешiтке ат беру мәселесiне байланысты Дiни басқармада арнайы қаулы бар. Дәулеттi, қолға байлықты кiм бердi? Алла Тағала бердi. Мешiттi соққан азаматтарымыз қаражатын шығарды. Ата-анасын, елiн-жұртын танытқаны үшiн лайықты деп айтуға болмайды. «Кiмнiң баласы соқты?» дегенде, «пәленшенiң баласы соқты» деп қуанып жатамыз. Бұл мешiтке ат беру үшiн, мешiтке аты берiлетiн адамның халыққа, елге, дiнге қызмет қылған, дiнге қарсы болмаған адам болуы керек. Сол соғылған мешiтке келiп жүрген жамағаттың келiсiмi болуы керек. «Осы кiсiнiң аты мешiтке берiлуге лайықты. Ол ел үшiн, жерi үшiн шаһит болған, құрбан болған. Дiнге қызмет қылған, балалардың сауатын ашқан, су жетпеген жерге су жеткiзген, халық үшiн құрбан болған» деп айтуы керек. Сосын мешiтке берiлейiн деп отырған атқа байланысты ауыл әкiмiнiң Дiни басқармаға арызы жазылуы керек. Онда: «Мен Алла ризашылығы үшiн мешiт соқтым. Ол мешiтке менiң әкемнiң атын лайықты деп тапсаңыздар, берiлуiн өтiнер едiм» деп жазылуы қажет. Одан кейiн, мешiтке берiлетiн адамның өмiрбаяны керек. Ол кiсiнiң өмiрбаяны болмаса, құжаттары керек. Егер сол кiсiнiң дiнге қарама-қарсы дүниелерi анықталып жатса, онда ол кiсiнiң есiмi берiлмейдi. Дiни басқарманың құзырындағы нәрсе бұл. Өкiнiшке қарай, бiзде заң бар. Бiздiң мемлекетiмiзде бәрiмiзге ортақ Ата Заңымыз бар. Сол заңға қарамастан, кейбiр кезде көздi жұмып, мешiттердi тiркеп жатады. Өз алдына тiркеп алғаннан кейiн, оған бiздiң де, Дiни басқарманың да құзыры жүрмей қалады. Содан кейiн, айқай-шу басталады. Жалпы, мешiт соғылып бiткеннен кейiн, Дiни басқармаға тiркелуi керек. Тiркелгеннен кейiн барып, имамы тағайындалады.

– Тiркелу мәселесiнде ала-құлалықтардың болып жатуына кiм кiнәлi?

– Соғылып жатқан мешiт көп. Оны әуелi Әдiлет министрлiгi тiркейдi. Мәселен, бiр ауылда екi-үш рет тiркелген мешiттер бар. Бiрақ ғимараты бiреу. Екiншi жағы бар, бiр ауылда екi мешiт дейдi. Осыдан кейiн елдер, «мешiт көбейiп кеттi» деп ойлайды. Көбейген ешнәрсесi жоқ. Балабақша немесе ескiрiп қалған мәдениет үйлерi сияқтыларды кезiнде мешiтке берген. Олар да тiркеуден өткен. Заман талабына сай, әдемi мешiттер соғылып жатыр. Мешiт соғылғаннан кейiн оны тiркемей ме? Тiркелгеннен кейiн, сол ауылдағы ескi ғимаратты қоса тiркейдi. Бiр ауылдың мешiтiнiң санын көбейтiп тұрған бiр ғимарат. Екеуi де бiр ғимаратқа тiркелiп тұр. Екiншiден, кезiнде мешiттердi дiни бiрлестiк деп тiркейтiн. Қазiр Дiни басқармаға филиал қылып тiркейдi. Екiншi рет қайта тiркелгенде, бiр дiни бiрлестiк, бiр мешiт болып тiркеледi. Содан дау туады. Заң бойынша, кез келген ғимаратты соғу үшiн, әуелi оған жер бөлiнедi. Оның жер актiсi болады. Екiншiден, сол соғылатын ғимараттың жобасы сызылады. Жоба бойынша ғимараттың құрылысы жүргiзiледi. Құрылыс бiткеннен кейiн, оған төлқұжат бередi. Ғимарат берiлгеннен кейiн, бәрi заңды болады. Ал, қазiр бәрiн жасап алып, бере салады. Оның бiрақ ешқандай құжаты жоқ. Сосын оған имамдарды кiнәлайды. Сiздер үшiн имам жер актiсiн беретiн жер бөлiмi ме? Оның ондай құзыры жоқ. Соғылатын ғимараттың жобасын беретiн архитектор емес. Үшiншiден, ол ғимаратқа төлқұжат беретiн тiркеу орталығы емес. Төртiншiден, ғимараттың құрылысы толық бiткеннен кейiн, қабылдап алатын департамент емес. Осы құжаттардың бәрi болатын болса, Дiни басқарма шешiм шығарып бередi. Имамдыққа жарайды деп, шешiм шығарылғаннан кейiн, шешiмдi, сенiмхатты, тiркеудi бередi. Бiздiң облысымызда бiраз мешiттер бар. Тiркелiп қойған. Мемлекеттiк заңға сәйкес, талап етiлген құжаттары жоқ. Төлқұжаты алынбаған. Ол құжаттар тiркелiп бiткенше, мешiттi кiм соқты, соққан кiсi келсiн деген сияқты ақсаушылықтар кездесiп жатады.

– Шiркеу соғылды деп жатырсыз, мұнда шiркеуге баратындардың саны көп болғаны ғой.

– Жамбыл облысында алпыстан астам ұлт өкiлдерi тұрады. Соның iшiнде, орыстар басымырақ. Орыстар отарлау саясаты кезiнде дiнге қарсы болды дегенмен, барған жерлерiнде мiндеттi түрде шiркеу соққан. Сол сияқты, бiздiң облысымызда да үлкен орталықтан жер бөлгiзiп алып, шiркеу соғып алыпты. Ол шiркеу қалай салынды, жер қалай бөлiндi, ол жағын бiле бермеймiн. Қазiргi кезде миссионерлер де көбейiп кеттi ғой. Кейбiрiнiң санына қарап тұрсаңыз, 150-200-ге жетпейдi. Бiрақ, оларға бiздiң тiсiмiз батпай отыр.

– Облыста миссионерлер көп пе?

– Бiраз бар. Халықтың арасында iрiткi салып жатқандары да кездеседi. Өкiнiшке қарай, оған қарама-қарсы жұмыс iстей алмаймыз. Өйткенi, бiздiң заңымыз бойынша, оларға да мүмкiндiктер берiлiп отыр. Дегенмен, олардың дiн емес, саяси орталық екенiн хал-қадарымыз жеткенше, әшкерелеп айтып жатамыз.

– Олардың арасында қазақтар да көп пе?

– Қазақтарды сондайлық көп деп айта алмаймын. Бiрақ, он қазақты көрiп, жүз қазақ барып жүргендей әңгiме айтып жатамыз. Ол жерде қазақ қана емес, өзбек те, қырғыз да, татар да бар. Жалпы, болашақта мұның бәрi тоқтатылады деп ойлаймын. Өйткенi, елдiң көзi ашық, көкiрегi ояу. Халық өзi де түсiнiп жатыр. Сондай миссионерлердiң сөзiне алданып, секталардың бiрiн басқарған ағаларымыздың бiрi қазiр қайтадан намазға жығылып, мешiтке келiп жүр. Сол кiсiден сұрасақ, «ол – дiн емес» дейдi. Иегованы дiн деп жүрмiз ғой, ол дiн емес. Секта. Олардың жетiм-жесiрдi жебеп, қарттар үйiне көмектесiп жүргендерiнiң өз есебi бар. Кез келген секта орталығына алынған меншiктiң бәрi, олар қай елден келсе, сол елдiң меншiгi болып табылады дейдi. Бiздiң заңымызға өзгертулер керек. Егiннiң арамшөпсiз болмайтыны сияқты, ала-құласыз дүние жоқ қой. Дегенмен, осындай ала-құлалардың азырақ болғаны жақсы. Солардың аз болуы үшiн, көп жұмыс iстеуiмiз керек. Қазiр қайта мешiтке келетiндердiң 90 пайызы – жастарымыз. Жастардың исламға бет бұрғаны қуантады.

– Ұзақ жолда келе жатсаңыз, жол бойында қойылған ескерткiш-бейнелердi көптеп кездестiресiз. Жол бойына құлпытас қою дұрыс па? Бұған сiздiң имам ретiндегi көзқарасыңыз қалай?

– Жалпы, ата-ана мен баланың алдындағы парыз дегенге дендеп көңiл бөлiну керек. Қазақ, «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейдi. Кез келген ата-ана, әрбiр атқан таңның, әрбiр батқан күннiң кешiнде, дастарқанның басында отырғанда бала-шағаға мынадай өсиеттердi айту керек. «Балам, әлһамду Алла, мұсылмансың. Балам намаз оқы. Дәретiңдi алып таза жүр, тәнiңдi тазарт. Тазалыққа, таза жүрген адамға Алланың назары ауады. Құдайдың нұры жауады. Балам, тазалық болған жерде, перiште нұрға бөлiнедi. Сондықтан, балам, таза бол! Екiншiден, бiреудiң ала жiбiн аттама. Бiреуден алған қарызың болса, қайтарып бер. Шамаң келсе, қарыз бер. Өйткенi, қарыз садақадан он сегiз есе артық. Үшiншiден, балам, үлкендi көрсең сыйла. Төртiншiден, балам, тал ек. Бесiншiден, балам, адал кәсiп қыл. Харам кәсiппен айналыспа. Балам, жаман айтпай жақсы жоқ. Дүниеде жетi нәрсе ғайып. Соның бiрi – ажал. Алда-жалда көзiм жұмылып кетсе, менiң денемдi суытпай жерле. Мен дүниеден өтiп кеткен кезде, менiң алып кететiн екi-ақ нәрсем бар. Бiрi — иман, екiншiсi — адал, игiлiктi iстеген iстерiм ғана. Дүниеден өткеннен кейiн қабiрiмнiң басын қорған қылып соқпа, балам. Өйткенi, өлiге керек емес дүниенi апарма қабiрге. Қабiрдiң басына өлiге керек нәрсенi ғана апар» деп өсиет қылу керек. Одан кейiн барып баласына: «Балам, көзiмнiң тiрiсiне мен саған ризамын. Шешеңе қара, шешеңдi сыйла. Анаңды тастама» дейдi. Анасы отырған кезде, «әкеңдi тастама» деп, баласына мейiрiмiн төгу керек. Сол мейiрiмдi бере алмаса, мейiрiмiн төге алмаса, оны айтпаса, ол адам дүниеден өтiп кеткеннен кейiн, сөзсiз адасады. Соның iшiнде, бiр мiндет те кiредi. «Балам, мен дүниеден өткеннен кейiн, пәленше, түгенше деген жерге апарма, денемдi әурелеме, менiң денем топырақтан жаралған. Топырақтан жаралған денемдi сол жерге, сол ауылға жерле» деу керек. Қазақта бұрыннан «қабiр аттатпайды» деген сөз бар. Сондықтан, бала-шағаға осы өсиеттi айту керек. Өкiнiшке қарай, бұл айтылмайды. Бұл айтылмағаннан кейiн, «сыйламай қалдым ба, ата-анамның алдындағы борышымды өтей алмадым ба» деп, бала-шағасы тыраштанып, адасып жатады. Көзiнiң тiрiсiнде, жаңағы айтқандардың бәрiн айтып кетсе, қабiрдiң басына қорған соққанша, ол бала жақынына баспана соғып берер едi. Ағайынның iшiнде жетiм бала болса, соған жол-қаражатын берер едi. 10 мың долларға дейiн қабiрдiң басына ақша шашады. Оның керегi не? Ол әруаққа жасалған қиянат. Қабiрден шығып кетпесiн деп, аузына құлып салып, мрамормен қаптап тастағанмен бiрдей. Бұл әруақ сыйлағандық па? Әруақты сыйлау деген не? Құран оқуды үйренiп, дұға құлу. Тоймайтын үш нәрсе бар дейдi. «Жер – жаңбырға, көз – қарағанға, өлген адам – құранға тоймайды» дейдi. Мiне, сондықтан, осы нәрсенi ескеруiмiз керек. Соларды айту керек. «Балам, егерде жолда, бiр жерде қайтыс болсам, менiң апатқа ұшыраған жерiме белгi-тас қоюдың қажетi жоқ. Бұл шариғатқа қажет емес. Ол жерде адамның тәнi, жаны жатқан жоқ» демей ме? Тiрi адамдарға жасалған қиянат деп есептеледi. Өйткенi, жолдың бойында, тәнi де, жаны да жоқ, оны не үшiн қоясыз? Және басына сурет қойып қояды. Әруақ екi түрлi болады. Өлi және тiрi әруақ. Бiз екеумiз тiрi әруақпыз. Адам баласы анасының құрсағында жаратылған кезде, онымен бiрге бiр перiштенi қоса жаратады дейдi. Қорғаушы перiште. Ол перiште дүниеге келгеннен, бұл дүниеден қияметке кеткенше жаныңызда болады. «Қабiрдiң басына суреттi қойма, перiште таяды» деп, бұрынғы бiлiмдi молдалар неге айтқан дейсiз?! Қабiрдiң басына барып, құран оқығанда перiште келедi дейдi. Ал, перiште сурет тұрған жерге жоламайды. Құран, намаз сурет тұрған жерде оқылмайды. Қазiр адамдар Құдайдың бұйырғанын емес, көңiлiнiң қалағанын iстейтiн болды ғой. Басшының көңiлiнен қорқамыз. Ақиқаттың үстiне жалғандық жайылып барады. Жолдың басына белгi-тас қоюдың қажетi жоқ. Өлiмнен қайда барып құтыласыз? Өлiмнен имансыздар қорқады. Бала-шағаңның алдында, рахатпен өлетiн өлiм, ол – жақсы өлiм. Ол кiмде болады? Ол тақуа адамдарда болады. Жаңағыдай сөздер кiмнен шығады. Тақуа адамдардан шығады. Бiз сөз бола ма, деп көптiң көңiлiнен қорқып iстеймiз. Жолдың бойына қабiр соғылмайды. Шариғаттың заңы бойынша, жерленiп қойылған адамды 27 жылға дейiн мазалауға болмайды. Және қабiрдi қорған қылып соғудың қажетi жоқ. Кiндiкке дейiн қойыңыз, басына тал егiңiз. Қазiр «Ақжол» деген нәрселер пайда болды. Өлiп қалған адамның сiздiң жолыңызға ор қазып, бағыңызды байлайды дегенге сенесiз бе?

– Сенбеймiн.

– Мен де сенбеймiн. Әруақ – ол жын емес. Әруақ – ол шайтан емес. Әруақтың атын былғамау керек. Өлiнi разы қылу деген сөз, әруағына бағыштап, құран оқы. Тал егiп қой. Бiр жемiс ағашын отырғыз. Бiр жетiмнiң басынан сипа. Ораза ұста. Құран оқып үйрен. Әруақты риза қылу деген сөз сол. Әруақтың атын жамылып алып, күн көрiсiн ойлап, «Ақжолмен» жүргендер бар. Ясауи бабамыздың басына барып, сол кiсiнiң атынан бiр әйелдер бата бередi. Әулиенiң атынан бата беруге қандай қақысы бар? Бүгiнгi күнi осындайлар қаптап алды. Осы кiсiлердiң аттарын арқалап, әруақты мазақ қылып көрсету, жақсылыққа апармайды. Әруақтың атын кiрлетiп жүр. Өзiнiң орнымен жасау керек. Есi кеткен еркектер өмiр сүрген заманда, әйелден бата алатын болдық. Әйелдiң өз орны бар. Ол — ана. Ана деген атқа ие болған, нәзiк адамның жәннаты қайда? Ол – бес уақыт намаз оқуы, ар-намысын қорғауы, ерiн сыйлауы. Ерiн сыйламаған адам жәннатқа бармайды.

Әңгiмелескен Гүлзина БЕКТАСОВА