Максим Чернышов: «ҚАЗАҚ ӨЛЕҢДЕРIН ЖАТҚА БIЛЕМIН»
Максим Чернышов: «ҚАЗАҚ ӨЛЕҢДЕРIН ЖАТҚА БIЛЕМIН»
Соңғы уақыттарда өзге ұлт арасында қазақ тiлiн үйренуге талпынғандар қатары көбейе түсуде. Өз ана тiлiнде екi сөздiң басын құрай алмайтындар жанында қазақ тiлiнде көркем сөзден кесте тiккен оларға қарап сүйсiнбей тұра алмайсың.
Максим Чернышов – қазақ тiлiне құрметпен қарайтын жастың бiрi. М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлiк және коммуникация академиясында бiлiм алып жатқан оның қазақшасы жатық та жақсы.
— Қазақ тiлiн үйренуге не түрткi болды, қай кезден бастап үйрене бастадыңыз?
— Қазақ тiлiн мектеп жасынан бастап бiлемiн, өйткенi достарымның көбiсi қазақтар болды, солармен қарым-қатынас жасау барысында қазақ тiлiнде еркiн сөйлей алатын дәрежеге жеттiм. Содан берi қазақшамды дамыту үстiндемiн. Мектеп бiтiргеннен соң да көптеген қазақ балаларымен араластым. Оқу орнында жүрiп, мерекелiк шараларды қазақ тiлiнде жүргiзетiнмiн. Қазақ тiлiмен қатар ағылшын тiлiнде аздап сөйлеймiн. Мұнымен қоса қытай тiлiн де үйренгелi жүрмiн. Қазақ тiлiнде жақсы сөйлей аламын деп ойланбастан айта аламын.
— «Тiл – рухани басты байлық» дегендi қалай түсiнесiз?
— Әр халықтың өзiндiк тiлi болады, өзiндiк сөздiк қоры болады. Халық үшiн байлықтың негiзi тiлде. Тiлi жоғалған халықтың, күндердiң күнiнде өзi де жоғалатыны анық. Қазақ – көшпелi халық қой. Қазақ тiлiнде шығармаларды оқыған кезiмде осыны аңғарамын, өлеңдерiнен ертеден келе жатқан тарихы, кең даласы барлығы да көрiнiс тауып отырады.
— Қазақ ақын-жазушыларының шығармаларымен қаншалықты таныссыз?
— Мен таныс қана емеспiн, жатқа да бiлемiн. Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерiн сүйiп оқимын. Өзiм де бiраз уақыттан берi өлең жазамын. Жақында Жұбан Молдағалиевтың «Мен қазақпын» поэмасының жартысына жуығын орыс тiлiне аударып шықтым. Мұнан басқа да Шәкәрiмнiң, Абайдың өлеңдерiн үзбей оқимын.
— Қазақ тiлiнде өлең жазасыз ба?
— Өкiнiшке орай, әзiрге тек орыс тiлiнде ғана жазамын. Қазақ тiлiнде де жазу ойымда жоқ емес.
— Қазiргi таңда қазақ тiлiн үйренушiлерге арнап, арнайы курстар көптеп ашылуда. Осылардың тiл үйрету барысына қалай қарайсыз, сiзге ұнай ма?
— Шындығында, мен тiлдi өз бетiмше үйренгендiктен бұл курстардың бiрде-бiрiне барып көрген жоқпын, сондықтан ол жақта қазақ тiлiн қалай үйретедi, ненi үйретедi мүлдем хабарсызбын. Осы аталған курстарға бару ниетi де болды, бiрақ барлығына уақыттың жетiспеушiлiгi кiнәлi.
— Соңғы уақыттарда орыс, славян бiрлестiктерi орыс халқының құқығы тапталуда деп шулауда. Бұл жағдай шындыққа жанаса ма?
— Жоқ, мүлдем бұлай емес. Өмiрде әр түрлi адамдар болады ғой. Солардың ойланбай айта салғаны шығар. Құдайға шүкiр барлығы өз орнында, орыстардың құқығы тапталатындай себеп, сылтау жоқ.
— Орыстiлдi қазақтарға көзқарасыңыз қалай?
— Негiзiнен, қай елде тұрасың, сол елдiң ауасын жұтып, ас-суын iшiп отырғаннан кейiн, сол елдiң тiлiн бiлмеу ұят. Орыстiлдi қазақтардың орыс тiлiне бейiм болуы тәрбиеленген ортасына байланысты шығар. Оларды да түсiнуге болады. Қазiргi қоғамда мұндай қазақтар өте көп қой, тiптi олар орыс тiлiн ана тiлдерiнен жақсы бiледi. Орыс халқы да қазiр қазақ тiлiн үйренуге тырысып жүр.
Иә, олар (орыстiлдi қазақтар) орыс тiлiн ана тiлдерiнен де жақсы бiледi. Сырт көз сыншы. Қазақ тiлiнiң қандай жағдайда тұрғанынан хабардар өзге ұлт өкiлi «Қазақстанда қазақ тiлiн әлi де болса дамыту керек, барынша дамыту керек» дейдi. Максим қазақ тiлiн өзi ғана бiлiп қоймай, өзге де достарына үйретуде. «Украин және орыс екi досым бар, екеуi де қазақ тiлiнде сөйлегiсi келедi» деп, жылы жымиып отырған оған разы болмасқа амалың жоқ.
Әңгiмелескен Балжан ҮСЕЕВА