ПСИХИАТРИЯ МЕКЕМЕСI ӨЗГЕРIСТI ҚАЛАЙДЫ

ПСИХИАТРИЯ МЕКЕМЕСI ӨЗГЕРIСТI ҚАЛАЙДЫ

ПСИХИАТРИЯ МЕКЕМЕСI ӨЗГЕРIСТI ҚАЛАЙДЫ
ашық дереккөзі

«Жамбыл облысы әкiмдiгi денсаулық сақтау департаментiнiң Жамбыл облыстық психикалық жүйке ауруларының диспансерi» мемлекеттiк мекемесi 1973 жылдан берi жүйке ауруларына шалдыққан жамбылдық тұрғындарға қызмет көрсетiп келедi. Әзiрше, бұл облыстағы жүйке ауруларын емдейтiн бiрден-бiр мемлекеттiк аурухана.

«Бiздiң негiзгi мақсатымыз – жүйке жағдайларымен келген науқастарды емдеу және психикалық сараптама жасау», – дейдi аурухананың бас дәрiгерi Е.Ә.Сауранбаев. «Денсаулық – зор байлық» десек, ең алдымен емдеу мекемелерiнiң материалдық-техникалық базасының жеткiлiктi болғаны абзал. Ал, Жамбыл облысының әкiмi Бөрiбай Жексембин: «Стратегия қабылдаған жылдары қалалық жерлердегi ауруханалар қазiргi заманғы емдеу-диагностикалық жабдықтармен, флюрографиялық және лапороскопиялық қондырғылармен қамтамасыз етiлуде» (Е.Қ.19 қазан 2007), – деген болатын. Облыс әкiмiнiң бұл сөздерiнiң шындығын Жамбылдағы мемлекеттiк психикалық-неврологиялық диспансерден көруге болады. Диагностика, рентген кабинеттерi, 2 энцефология мен электрокардиология, физиокабинет пен науқастарға қажеттi жабдықтар аурухананың материалдық-техникалық базасы болып табылады. Бас дәрiгер Еркiнтай Әштайұлы: «Заманға сай биохимиялық аппаратура аламыз деген ой бар», – десе де, аурухананың тағы бiр түйткiлi – оның сыртқы келбетiнiң көнелiгi, тiптi 1973 жылдан берi мекеменiң сыртқы жағына еш жөндеу жүргiзiлмегенi бiрден көзге түседi. Ал, Бөрiбай Жексембин мырза «Денсаулық сақтау саласын реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасына» орай соңғы үш жылда денсаулық сақтау мекемелерiнде реформалау жүргiзiлiп жатқандығын айтады (Е.Қ.19 қазан 2007). Жамбылда денсаулық сақтау мекемелерiнде реформалау жүргiзiлiп жатса, Жамбыл облыстық психикалық жүйке ауруларының диспансерiне едәуiр көп көңiл бөлiнсе игi. Себебi, соңғы үш жылда жүйке ауруларына ұшыраған науқастардың сандық көрсеткiшi төмен түскенiмен, облыстағы мүгедек балалар арасында жүйке аурулары алдыңғы қатарды алады екен. Мәселен, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Жамбыл облысы бойынша департаментiнiң 2007 жылдағы 9 айлық қорытынды жұмыстарына сүйенсек, мүгедек балалар арасында 2 орында – нерв жүйесi аурулары – 73 бала – 21,4%, 3 орында – жүйке аурулары – 52 бала – 15,2%. Яғни былтырғы жылғы көрсеткiштерге қарағанда биыл жүйке ауруларына шалдыққан балалардың саны артып отыр. Алайда, бұл тек сандық көрсеткiш, десе де ауылды жерлерден тексерiлiп үлгере алмаған балалардың болуы мүмкiн ғой… «Жалпы, былтыр 1353 науқас тiркелсе, 1999 адам тiркеуден шыққан, 44588 адам тексерiлген, көбiне алыс жерде орналасқан тұрғындар тексеруден өтуге шамасы жоқ», – дейдi бас дәрiгер. Әрине, облыста бiр ғана мекеме болса, мұндай жағдайлардың жыл сайын қайталанып отыруы таңқаларлық емес.

Жалпы, республика бойынша денсаулық сақтау жүйесiнде психиатрия саласына мамандандырылып жатқан жастар да азайып кеткен. Е.Ә.Сауранбаев: «Бiзде 21 ғана дәрiгер жұмыс iстейдi. 2 жоғары санаттағы, 7 бiрiншi санаттағы, 2 екiншi санаттағы дәрiгерлер, 60% медбикелер. Негiзiнен психиатрияға келетiн мамандар аз», – деп, медицина саласындағы мәселенi де жеткiзген едi.

Денсаулық сақтау саласында реформалау жүргiземiз деп елге жар саламыз және жақын болашақта ол өзiнiң жемiсiн бередi дегенге сенемiз, ал Жамбыл облысындағы жүйке ауруларын емдейтiн жалғыз мемлекеттiк мекеменiң өзiне бiр емес, бiрнеше өзгерiс қажет. Сырттан келген көзi ашық адамның бiрден ойлайтыны – аталмыш мекеменiң материалдық базасын одан әрi жетiлдiру, мұнда орналасқан заң орындарының мекемесiн басқа ғимаратқа көшiру және ауруханаға күрделi жөндеу жүргiзiлуi жайында екенi даусыз. Ал аурухананың iшкi мәселелерiнен құлағдар бас дәрiгер Еркiнтай Әштайұлы: «2003 жылға дейiн диспансерде болған еңбекпен емдеу шеберханасы қайтiп iске қосылса, бiз ешкiмнiң аузына қарап отырмай, өзiмiздiң жоқ-жiтiгiмiздi өзiмiз қамтамасыз етер едiк. Әрi бұл игiлiктi iс науқастардың денсаулығына да жақсы әсер етедi деген ойдамын», – дейдi. Бұл ұсыныс көкейге қонымды. Себебi КТК телеарнасындағы Полина Шиманскаяның материалына сәйкес, жүйке ауруларымен ауырған адамдар еңбекпен айналысқан жағдайда денсаулықтарының жақсарғандығын айтқан (19.11.2007 кешкi жаңалықтар). Бiрақ әрине, барлық iс заңға сәйкес әрi құзырлы органдардың рұқсатымен жүзеге асырылса игi.

Жансая ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ