Жаңалықтар

ҚАСИЕТТI КЕСЕНЕГЕ КӨМЕК ҚАЖЕТ

ашық дереккөзі

ҚАСИЕТТI КЕСЕНЕГЕ КӨМЕК ҚАЖЕТ

«Өткенге кесек лақтырсаң, келешек саған тас лақтырады» дейдi халық даналығы. Мәңгiлiк уақыттың сабақтастығын, ұрпақтар арасындағы үзiлмес байланыстың барлығын меңзегенi шығар. Расында, солай!

Ұлы тарихы сандаған ғасырлардың терең қойнауына тартатын қазақ халқының рухани тарихнамасы аса бай болғанымен, өткен заманалардан бүгiнге жоғалмай жеткен жауһар жәдiгерлер – мәдени, тарихи ескерткiштер қадау-қадау. Олардың күйремей, арғы аталарымыздың қасиеттi қолдары алғаш тиген күйiндегiдей қаз-қалпында келер ұрпақтарға асыл мұра боп жетуi бүгiнгiлерге де сын.

Қазақстан территориясындағы тарихи ескерткiштердiң бастысы және бiрегейi – Қожа Ахмет Ясауи кесенесi екенi баршаға мәлiм. Сондықтан да оның тағдырына, сақталуына қоғамдық алаңдаушылықтың орын алуы заңды. Қайталанбас өнер туындысының тағдыры қазақ жұрты ғана емес, өркениеттiң аса маңызды туындылары ретiнде бағаланатын барша сәулет ескерткiштерiнiң сақталуын қатаң бақылайтын халықаралық аса мәртебелi ЮНЕСКО тарапынан да мұқият қадағалануда екенi аян.

Өткен аптада қасиеттi Түркiстан қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң демеуi және «Әзiрет Сұлтан» мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық мұражайының ұйымдастыруымен «Қожа Ахмет Ясауидың мұрасы мен iлiмiнiң зерттелу мәселелерi» атты республикалық конференция өз жұмысын аяқтады. Қараша айының 15-16 күндерi өткiзiлген, елiмiздiң мәдени, рухани өмiрiндегi аса маңызды iс-шаралардың бiрi ретiнде танылған аталмыш конференцияда республикамыздың барша өңiрiнен ғалымдар, зерттеушiлер, жоғары оқу орындарының оқытушылары бас қосты. Олар Ясауи iлiмiнiң оқытылуы ғана емес, елiмiздегi тарихи, мәдени ескерткiштердiң сақталуына да баса назар аударды. Солардың бiрi – Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң, оған байланысты тарихи экспонаттардың сақталу мәселесi.

Өз заманында-ақ халықтың ерекше iлтипатына ие болып, «Әулиелер Сұлтаны» атанған, кейiнгi ұрпақтардың да руханият әлемiндегi бағдарын айқындауда жетекшi рөл атқарған Ахмет Ясауи артында баға жетпес байлық, өшпес мұра қалдырып кеткенi белгiлi. Ғұламаның iзiне ерген шәкiрттерi Түркiстан атырабынан асып, оның озық iлiмiн төрткүл дүниеге мәшҺүр еттi. Сайын даламызда қаншама заман ауысып, бiр ұрпақтың орнын екiншi ұрпақ басып жатқанмен халқымыздың Ясауи салған сара жолдан бұра ауытқыған кезi болған емес. Бұған ел басқарған әз хандарымыздың, сөз ұстаған дана билерiмiздiң, қол бастаған қас батырларымыздың, исi қазақтың игi көбi Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнде мәңгiлiк жерленуi де айқын дәлел.

Осындай аса маңызды жайттарға назар аудара отырып, аталмыш конференцияға қатысушылар жиын қорытындысы бойынша бiрауыздан қарар қабылдады. Онда iшiнара былай делiнген:

«ҚР премьер-министрi К.Мәсiмов мырзаға!

Мәдениет және ақпарат министрi Е.Ертiсбаев мырзаға!

Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаев мырзаға!

… Сан ғасыр бойы ата-бабаларымыздың ел болуға қолы жетпей арманда кеттi. Солар көре алмаған бақытты заман бiздерге бұйырыпты. Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев ұстаған салиқалы саясаттың арқасында Тәуелсiз елдiң көк байрағын желбiретiп, мамыражай уақытты бастан кешудемiз. Соның нәтижесiнде көңiл түкпiрiнде қалғанымен жалпы жұрттың көзiне таса бола жаздаған Ясауи мұрасы мен iлiмiн тереңiрек зерттеуге мол мүмкiндiк, кең жағдай ашылды. Ұлы ғұламаның тарихтағы орнын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «қазақтардың рухани тарихы жазыла қалса, Қожа Ахмет Ясауидiң «Диуани хикметтерi» сөзсiз оның бiр бөлiгi болып жазылуы тиiс» деп әйгiлеп бердi.

«Әзiрет Сұлтан» мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық мұражайының ұйымдастыруымен 2007 жылдың қараша айының 15-16 күндерi Түркiстан қаласында «Қожа Ахмет Ясауидiң мұрасы мен iлiмiнiң зерттелу мәселелерi атты республикалық конференцияға қатысушылар жиын қорытындысы бойынша төмендегiдей қарар қабылдауды ұйғардық.

1. Қазақтың тарихындағы орны өлшеусiз Қожа Ахмет Ясауидiң мұрасы мен iлiмiн кең насихаттауға мемлекет тарапынан көңiл бөлiнiп, мектеп пен жоғары оқу орындарының оқыту бағдарламаларына пән ретiнде енгiзiлсе;

2. ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тiзiмiнде тұрған, Ұлы ғұламаны жерлеген Түркiстан қаласындағы кесенеге қамқорлық жасалса. Атап айтқанда, «Әзiрет Сұлтан» мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық мұражайының қазiргi мәртебесi өзгертiлiп, мекемеге ғылыми-зерттеу орталығы статусы берiлсе;

3.«Әзiрет Сұлтан» мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық мұражайында ғасырлар қойнауынан жеткен экспонаттар кеңсе iшiндегi бөлмеде сақтаулы тұр. Сол жәдiгерлердi сақтау мәселесiне қатты көңiл бөлiнiп, барлық талаптарға сай келетiн мамандандырылған қойма (хранилище) салынса».

Жаңабек ШАҒАТАЙ, арнаулы тiлшiмiз

Р.S. Әрине, «Сұрағанның аузы жаман, жылағанның көзi жаман» деп, бұл аса өзектi әрi күрделi мәселенi оң шешудi келер жылдардың еншiсiне ысырып қоя салуға да болады. Бiрақ, ендiгi барша үмiт – Үкiметте!