Жаңалықтар

ЛОНДОН ҚАЗАҚ ӨНЕРIНЕ ҚОЛ СОҒАДЫ

ашық дереккөзі

ЛОНДОН ҚАЗАҚ ӨНЕРIНЕ ҚОЛ СОҒАДЫ

Тұмсығына құс iлген «Боинг-757» ұшағы қазбауыр бұлттарды қақ жарып Ұлыбританияның әуе кеңiстiгiне енiп келе жатты. Бiз тағы да қобалжи түстiк. Тұла бойымызды әлдебiр сезiм билей түскен-дi. Алып ұшақ жылдамдығын баяулатып, қонуға әрекет ете бастағанда, иллюминатордан сыртқа көз тастаймыз. Жасыл желек, толқыған теңiз, асау өзендер – бәрi-бәрi, бiр-бiрiмен астасып, бiте қайнасып жатқандай. Күз келдi-ау деп айтуға келмейтiндей. Тiптi сарғайған жапырақтардың өзi жасыл желектiң тасасында қалып, бiлiнбейтiн сияқты ма, қалай?!.

Лондонның әдемiлiгi Алматы сияқты жылдың қайсыбiр мезгiлiн талғамайтын ғажап қала. Қаланы қақ айырып жатқан байырғы Темза да бүкiл сырын iшiне бүгiп маңғаз кейiпте ағып жатыр. Екi мың жылдық тарихы бар қаланың көне архитектурасына да ешбiр қылау түспеген дерсiз. Тазалығы, мәдениетi, тәртiбi таңқалдырады. Мiне, Хитроу әуежайы бiздi тағы жылы қабақпен қарсы алды. Күн нұрын аямай төгiп тұр. Даланың температурасы Цельсий көрсеткiшi бойынша 15-16 градус жылылықты көрсетедi.

Лондонға неге бауыр басып қалды дерсiз. Сонау көктемде, мамырдың бастапқы күндерiнде «Қазақмыс» компаниясы акционерлерiнiң есеп беру жиналысына қатысқан, лондондық қор биржасы мен бағалы металдар биржасының жұмысын көзбен көрiп, ойымен безбендеген қазақстандық бiр топ журналистермен баспасөз мәслихатын өткiзген «Қазақмыстың» басшысы В.С.Ким мырза жырақта жүрсе де, Қазақ елiнiң мүддесiн көксейтiндiгiн, мүмкiндiгi болса Қазақстанның мәдениетiн, өнерiн, Батысқа барынша таныта түсуге атсалысатынын тiлге тиек етiп қалған-ды. «Тiптi, қажет десеңiз белгiлi бағдарлама аясында сол шараға өздерiңiз де куә болып, Қазақ мәдениетiнiң, өнерiнiң Лондондағы күндерiне қатысып қаларсыздар» – деп ағынан жарылған. Бастапқыда көңiлдi алдаңқыратқан сөз деп топшыладық. Жоқ, редакцияға, «Лондон сапарына әзiрленiңiздер!» деген хабар жеткенде, оның жалаң сөз еместiгiне көзiмiз жеткендей болды. Не керек, құрамында елуден астам БАҚ өкiлдерi, мәдениет және өнер қайраткерлерi, суретшiлер, сән орталығының қызметкерлерi бар шығармашылық делегация әп-сәтте Лондонның орталығындағы Виктория мен Букингем көшелерiнiң қиылысындағы төрт жұлдызды «Рубенс» қонақ үйiне жайғасып жаттық.

Мүмкiндiктi пайдаланып, бiр топ журналистер Би-би-си телекомпаниясында қонақта болып қайтты. Тағы да Лондон қор биржасының, бағалы металдар биржасының жұмысын тамашалады. Ал бәзбiреулер тұңғыш келгендiктен бе, қаланың айқыш-ұйқыш көшелерiн кезiп, байырғы қаламен өз бетiнше танысуды ұйғарыпты. Ал, Лондонда ондай тарихи ғимараттар, атақты көшелер жетiп артылады. Лондонның, мәселен Биг Бенi, он ғасырлық тарихы бар Тауэр қос мұнарасы, Темзаның асау толқындарымен жағаласып жатқан әскери теңiз колледжi және басқа да ғимараттар мадам Тюссоның мұражайы, Артур Конан Дойлдың тұрған мұражай үйi, Британияның ұлттық галереясы, Букингем сарайы және толып жатқан ескерткiштер шежiреден аямай сыр тарқататындай әсер бередi. Қысқасы, бiзге берiлген бағдарламаның күн тәртiбiне жүгiнсек, бос уақытымызға да әжептәуiр көңiл бөлгенге ұқсайды.

– «Қазақмыс» қазiргi заманғы Қазақстан мәдениетiнiң Лондонда насихатталуына өзiндiк үлес қосып жатса, ол алдымен өзге үшiн емес, өзiмiзге себi бар келелi дүние. Сондай мүмкiндiкке ие болып отырғанымызға бiз өте қуаныштымыз. Отандық мәдениетiмiздiң даму қарқыны тым жақсы және жетiстiктерi де ауыз толтырып айтарлықтай. Лондон сықылды әлемдiк ауқымдағы мәдени және туристiк орталыққа оны ұғып, толығымен және бүкiл болмысымен қамтудың мүмкiндiктерi ендi ғана ашылды. Қазақстан компаниясы ретiнде бiз халықтарымыз арасындағы мәдени байланыстарды кеңейтудi алдымызға мiндет етiп қойып отырмыз. Қазақстанның Лондондағы күндерi осы мақсатқа жетудегi маңызды қадам болатындығына сенгiмiз келедi, – деген «Қазақмыс» компаниясының бас атқарушы директоры Олег Николаевич Новачук iшкi сырын бүкпесiз айтты. Тiптi кез келген ұсынысқа түсiнiстiкпен қарайтынын жеткiзiп едi.

Сонымен 2007 жылдың 8 қарашасында Лондондағы Виктория мен Альберттiң мұражайында «Қазiргi заманғы Қазақстан мәдениетiнiң Лондондағы кешi» өттi.

Мәдени акцияны өткiзудiң осынау бiр ғажап та көне орны таңдап алынғаны бекер еместiгiн айтып кетуiмiз керек. Виктория мен Альберттiң мұражайы – ең зәулiмi ғана емес, сонымен қатар қолданбалы өнердiң әлемдегi ең алғашқы мұражайы. Оның iргесi 1852 жылы қаланған. Ал, бұдан бiр жыл бұрын қазiргi ЕХРО үлгiсiндегi атақты «Барлық ұлттар өндiрiстiк бұйымдарының үлкен көрмесi» өткен екен. Мұражай экспозициясы алты қабат жиынтығындағы 145 залға орналасқан. Мұражай – Лондонның маңғаз аудандарының бiрi Оңтүстiк Кенсингтонда орналасқан. Мұнда ағылшындық аристократия тұрады.

Мұражай жылына 362 күн жұмыс iстейдi екен. 24,25 және 26 желтоқсандағы үш күндiк Рождество мейрамдарын есептемегенде ол демалысы болмайтын әлемдегi жалғыз мұражай. Өткен жылы онда 2,5 млн. адам экспозицияларын тамашалап қайтқан екен. Мiне, осы мұражайға бiз Лондон уақыты бойынша кешкi сағат сегiздер шамасында келiп жеттiк. Есiк алды абыр-сабыр. Сонда оқып жүрген қазақ жастары, Елшiлiк қызметкерлерi де жинала қалыпты. Оркестр әуенi жол бойындағы жаяу жүргiншiсi бар, жүргiзушiсi бар өзiне ынтықтыра түседi. Сөйтсек бұл оркестр Лондон Сити лорд-мэрiнiң жыл сайынғы дәстүрлi шеруiне қатысуға Лондонға «Қазақмыс ПЛС» корпорациясының қолдауымен арнайы келген Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң әскери үрмелi аспаптар оркестрi екен.

Кеш қазiргi заманғы қазақстандық суретшiлер – абстракционизм және сюреализм жанрында жұмыс iстейтiн белгiлi қазақстандық суретшi Алпысбай Қазығұловтың, Қазақстанда және шетелдерде картиналарының 20-дан астам дербес көрмесiн өткiзген Сәкен Бектияровтың, көптеген республикалық және шетел көрмелерiне, халықаралық пленэрлер мен симпозиумдарға қатысқан Амангелдi Кененбаевтың, талантты суретшi Нұрбазар Қожиннiң, диапазоны кең суретшiлердiң бiрi Ғали Мырзашевтiң, Ресейде, Австрияда, АҚШ-та, Англияда, Францияда, Португалияда, Қырғызстанда өткен көрмелер мен жобалардың авторы және қатысушы Сәуле Сүлейменованың туындылары, көрмесiмен ашылды. Сол қазақстандық суретшiлердiң полотноларын тамашалап болғаннан кейiн кеш қонақтары Рафаэльдiң туындылары қолтумалары iлiнген үлкен залға ендi.

Кештiң музыкалық бөлiгiн The Magic of Nomad қазiргi заманғы этникалық музыканың орындаушылары, Батысқа мәшһүр болып үлгiрген «апалы-сiңiлi Бековалар» атты классикалық трио және Абай атындағы Мемлекеттiк академиялық опера және балет театрының солисi, халық әртiсi, Қазақстан опера өнерiнiң саңлағы Әлiбек Дiнiшев құрады.

Құрамында Едiл Құсайынов, Ғазиза Ғабдрахманова, болашағынан үлкен үмiт күттiретiн жас музыкашылар Қайрат Ахметов, Сәлiмгерей Садықов пен Арман Садуовы бар Ринат Гайсиннiң жетекшiлiгiндегi «The Magic of Nomads» аспаптар тобы дәстүрлi қазақ әуендерiн орындады. Ал, «Битлз» тақырыбына келгенде, қазiргi заманғы синтезделген музыкадан тыс, домбыра, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, жетiген, шаңқобыз бен өңештен өрiлген әуен қосылғанда, британдық көрермендер атақты Let It Be-ге ерiксiз қосыла кеткен едi. «Бековалар триосы» – Эльвира, Элеонора және Альфия Нақыпбековалар Иоганес Брамстiң және зал iшiнде отырған Тимур Тлеуханның музыкаларын орындады. Қазақстанда туып-өскен апалы-сiңлiлер музыка бiлiмiн туған жерде меңгередi. Олардың Еуропада тұрып жатқанына 20 жылдан асты және көптеген әйгiлi дирижерлермен, солистермен және оркестрлермен әлемнiң үздiк залдарында ойдағыдай өнер көрсетiп келе жатқан танымал топ. Ал, Батысқа әбден танылып үлгiрген тенор Әлiбек Дiнiшев жұрт алдында «Эфтерпе» әнiн шырқағаннан соң қазақ, орыс, итальян тiлдерiнде өзiнiң әйгiлi серенадаларын нәшiне келтiре орындады. Маэстроның асқан шеберлiгi, ғажайып лиризмi, дауыс құдiретi Лондонның кiрпияз көрермендерiн бей-жай қалдыра алмады. Мэтрдiң талантына таңқалған ағылшындық өнер сүйер қауым шапалағын аяған жоқ.

Құралай Нұрқадiлованың үлкен сән үйi командасы бәрiн тәнтi еттi десек артық айтпағандық. Салмақты британдықтар мұны бояуы қанық шоу деп емес, шын мәнiнде жылы қабылдады. Қазiргi заманғы Қазақстан мәдениетi өкiлдерiнiң Ұлыбритания астанасына келуi құрметiне берiлген салтанатты қонақасы Рафаэльдiң туындылары iлiнген зал-галлереясында өткенiн атап өткiмiз келедi. Мамандардың болжамына қарағанда сол картондарға не Рафаэльдiң өзiнiң, не шәкiрттерiнiң қолтаңбасы қалған және де ол Х Лев папасы тапсырыс етiп, Ватиканның төрiне жайғасқан кiлемдегi көшiрмесiн жасауға арналғанға ұқсайды.

Ал, Құралай Нұрқадiлованың сән үйi коллекциясы осы залда өз үйлесiмiн тауып жатты.

Қазақстан мәдениетiнiң Лондондағы күндерiнен жасырары жоқ, жақсы сезiмдермен оралдық. Үйренетiн де, үлгi алатын да тұстары жетiп артылады. Ең бастысы, «Е-е, қазақ жапан далада босып жүрген тобыр емес, ертеңi бар, өркениетке бет түзген мәдениетi мен өнерiнiң орны бөлек ел екен» деген түйсiк қалыптастырған сол кеш Қазақстанды сәл де болса керiм қырынан танытып жатса – оның өзi бiз үшiн үлкен жетiстiк-ау, шамасы, деп ой түйдiк.

Ғ.МЕЛДЕШ, «Түркiстанның» арнаулы тiлшiсi