«СIЗ» ДЕУШI ЕДIК СЫЗЫЛЫП... «СЕНГЕ» КӨШТIК НЕЛIКТЕН?
«СIЗ» ДЕУШI ЕДIК СЫЗЫЛЫП... «СЕНГЕ» КӨШТIК НЕЛIКТЕН?
Кеңес Одағының 70 жыл бойы күн сайын құлағымызға құйып келген Француз революциясының қасiретi ұлттардың ұлттық құндылықтарынан айырылып, ұлтсызданып, жойылуына әкелiп соқты. Осы француз революциясын жасағандардың негiзi – француз ұлтынан емес, аралас некеден және ұлты, тегi белгiсiз шаталар, өзге тiлде өзге ұлттың тәрбиесiнде өскен тобырлар. Француз революциясының көсемдерiнiң бiрi – африкалық мулат генерал да болған.
1794 жылы мемлекеттiк төңкерiс арқылы билiкке келген Француз «қызыл коммунарларының» алғашқы заңдарының бiрi қасиеттi «сiз» деген сөздi «сен» деп, «мырза» дегендi «азамат» деп өзгерттi. Осылай әлем тарихында тұңғыш рет адамзаттың рухани генетикасына қастандық жасалып, ұлттық құндылықтарына, үлкен мен кiшiнi, ата-ана мен баланың, әйел мен еркектiң, туыстар арасында «теңдiк» деген әлгi түсiнiк кiрiп, сыйластық, ибалық, адамгершiлiк қағидаларының арасына сына қағылды. Осы теңсiздiк, анайылық, дөрекiлiк, «жоғарғы мәдениеттiлiк» бүгiнге дейiн барынша насихатталып келедi.
Бұл надандық француз ақсүйектерi арасында ашу-ыза туғызды. Өйткенi әлгi кедей-кепшiк коммунарлардың заңдарында: «Адамдардың бәрi бiр-бiрiмен тең. Олар жасына, лауазымына, байлығына, қожайындығына қарамай «сiздiң» орнына «сен», «мырзаның» орнына «азамат» деп сөйлеу керек» делiнген.
Франция қызыл коммунарларының қолында кедей-кепшiк, құл-құтандардан құрылған жендеттер әскерi болады. Олар үшiн рухани байлық түкке тұрғысыз едi. «Сен», «азамат» деп сөйлемегендер, қарсы сөйлегендер «революция жауы» аталып, гильотина балтасында шабылды. Қаны шапшып, дене ыршып, бас домалаған сайын надан тобырлар, ысқырып, шулап, мәз болып, бiр жасап қалады. Париждың орталық алаңы қан сасыды…
Бұл кезеңде атақты А.Дюманың «Ақ гүлдi келiншек» романы жазылып, автор кейiпкерлерiнiң аузына «сiздiң» орнына «сен» деген сөздi «зорлап» салды. Сол заманда жазушының үйiне бiр шенеунiк келедi де өзiнен үлкен жазушыға «сен» деп тiл қатады. Бұл анайылыққа шыдамаған Дюманың ұлы: «Сiз неге менiң әкеме «сен» деп сөйлейсiз» –деп дүрсе қоя бередi. Әкесi араға түсiп, баласы үшiн кешiрiм сұрап, ақталып әлек болады. Ұлы жазушы топас шенеунiктен кешiрiм сұрамаса, баласының күнi не болар едi?!
«Ақ гүлдi келiншек» романын бүкiл Еуропа халқы қолдарынан түсiрмей оқыды. Роман кейiпкерiне елiктеген қыз-келiншектерден Францияны қойып бүкiл Еуропада аяқ алып жүргiссiз болды. Күйеулерi, әке-ағалары, туыстары Африка, Америка, Азия құрлықтарында отаршылықпен қаншама халықтың қанын судай ағызып, бүкiл алтын-күмiсiн, дүние-мүлкiн тонап, тiрi қалғандарын құлдыққа сатып, тапқан байлықтарын кемелерге тиеп, Францияға, Еуропаға жiберiп отырса, билiкке келген коммунарлар да (бiзше коммунистер) қыз-келiншектердiң отына жел үрлеп: – бiз, «әйел теңдiгi» үшiн күресемiз! – деп әйелдердi билiктiң барлық тармақтарына (бiздiң «Раушан комунистер» сияқты) тағайындады.Осы байлық пен билiк бостандықтың буына мас болған қыздар романдағы салдақы кейiпкердей, еркектердiң «аяулысына» айналуды армандап, туберкулез ауруын әдейi жұқтырып, құп-қу болып жезөкше болу үшiн жандарын салды. Осы кезеңдi «сексуалды революция» деп те атайды. Әбден есi ауысып бетiмен кеткен жөзекше әйелдер, белгi ретiнде есiгiнiң алдында «қызыл фонар» iлiп қою сәнге айналған. Осы белгi арқылы кез-келген еркек қалаған уақытында сол үйге кiрiп, «тояттайтын» болған. Көрiп отырсыздар, бiр жамандық екiншi жамандықты «сүйреп» жүредi.
1917 жылы Ресейдiң экономикасы өте құлдырап, халық киер киiм, iшер тамақ таппай аштыққа ұшырай бастады. Ресей революция көсемдерi осындай оңтайлы мүмкiндiктi еркiн пайдаланып, өңкей кедей-кепшiк, құл-құтан, сауатсыз, жатып iшер арамтамақтарды мұздай қаруландырып, демократияға алғаш аяқ басқан «Уақытша үкiметтен» билiктi қарақшылықпен тартып алды. Алғашқыда догма, көпiрме бос сөздерiне сенiп қалған ел зиялылары ендi есiн жиғанда кеш едi. Билiкке келуiн қара халық та қолдады. Революция «көсемдерi» кедей-кепшiк жұмысшыларды «тап жауларымен» аяусыз күреске шақырып, байлардың, оқығандардың дүние-мүлкiн талан-таражға салғызса, бұрынғы құлдары байлардың аққудай асыл қыздарын өздерiне қатындыққа алып, қарсы келгендердi аяусыз жазалады. Коммунистер адамдардың бiлiмдiлiгiне, бiлiктiлiгiне, сапасына қарамады, тек соларды жақтағанына, айтқандарын мүлт етпей орындайтын тәртiбiне қарады. Ақ пен қараны ажырата алмайтын миллиондаған көрсоқырлар ел басқарды. Қазан төңкерiсi Кеңес Одағы халқына рухани, бiлiм, ғылым, дiн, ұлт жағдайына қайғы-қасiрет пен қаратүнек әкелiп, миллиондаған жазықсыз халықты атып, қорлап-зорлап 74 жылда 92 ұлтты жоқ қып жiбердi. Ресей революциясын жасаған «көсемдер» де Париж коммунасындағыдай ұлтсыз, адамдық қасиеттен жұрдай, дiнсiз, ойдан-қырдан жиналған, қалайда жеп қалуды ойлайтын бұрынғы мемлекеттiк жемқорлар, шаласауатты ұры-қарылар болатын.
Кеңес үкiметiн жақтаушылар мен сол үшiн жанын құрбандыққа шалатындар бала-шағасымен «сен» деп, және «әйелiне» де, «еркегiне» де «жолдас» деп сөйлеудi сәнге айналдырды.
Лениннiң артында көлдей болған халықтың көз жасы, жазықсыз құрбандары, миллиондаған Крупскаяның жетiмектерi және ұрпақтардың рухани генетикасының күйреуiне әкелiп соғатын ұлтсыздану қасiретi қалды.
Барлық қазақ қай жерде, қай елде өмiр сүрмесiн, оның салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпында, үлкенге iзетнен кiшiге құрметiне, тiлiнде мысқылдай да өзгешелiк жоқ екенiне көзiм жеттi.
Бүгiнгi ақпарат құралдарындағы көптеген журналистер «қазақы тәрбиеден» онша хабарсыз екендiктерiн көрсетiп отыр. Әрбiр сөйлем арасында, бiреумен сөйлесерде, сөз бастарында, қасында қарсы қарап тұрсада «сен» деп сөйлеудi жаман әдетке айналдырған. Бұл – қазақ деген халық үшiн мәдениетсiздiк, тәрбиесiздiк.
Бүгiнде көп отбасында баласы әкесiне «сен» деп әкiреңдесе, немересi атасы мен әжесiне «сен» деп едiреңдейдi. Бұл отбасы мүшелерiнiң арсында шынайы сүйiспеншiлiктiң жоқтығын бiлдiредi. Қазақ үшiн «сен» – деп сөйлеу өштесудiң, ат құйрығын кесудiң белгiсi.
«Қазақстан» телеарнасында түрiктiң «Қыналы қар», «Зерда», «Бериван» т.б. телесериалдарын құдды қазақ емес басқа бiр ұлт өкiлi аударғандай. Аудармашы қазақтың көркем әдебиетiн, Абайдың аудармаларын мүлдем оқымаған тәрiздi. Өз қожайындарына, басқа бiреулерге жастары үлкен болса, бiз түгiлi шет елдiң өзiнде «сен» деп едiреңдемейдi.
Осыдан он жыл бұрын оңтүстiкке қыдырып барғанда, сондағы бiр телеарна бiзде қайта-қайта көрсете берiп әбден жауыр болған орыс киносының өзбекшесiн көрсеттi. Сонда таңқалғаным, бұл орыс киносы емес өзбек фильмi дерсiң. Өйткенi орыс орысқа «Ассалаумалейкум» деп амандасып, кiшiсi үлкенiне «сiз» деп сөйлейдi. Осы киноның баяғы бiз көрген қазақшасында бұрын тастап кетiп ендi қайта оралған әкесiне, мектеп бiтiрген қызы: «Сен менiң әкем емессiң, кет бұл жерден. Сенi жек көремiн. 18 жыл бұрын тастап кеткенсiң, көргiм келмейдi» деп көкбеттендi. Ал мына өзбекшесiнен менiң ұққаным; – Әке мен сiздi 18 жыл күттiм, қайда жүрсiз? Менi iздемегенiңiз ұят болды – деп тұр. Қаршадай қызының әкесiне зiркiлдеуi нышаны да бiлiнбейдi. Шiркiн-ай, бiздiң қазақ аудармашылары осындай саналылық танытса ғой деп ойладым. Сонымен қатар қазақ сөйлегенде «бiлесiң бе?», «түсiнесiң бе?», «жарайды» деген сөздердi орынсыз қолданбайды. Ал, бiздiң аудармашылар әрбiр сөздiң арасында осындай сөздердi орынсыз тықпалап, аударманы қарабайырландырып, сүреңсiз, езбе әңгiмелер шығарады.
«Сен» – деп сiзге не дейiн,
Тамұқта мәңгi күйiңiз – деген Мағжан бабамыз. «Тек бүгiнгi күнге өбектеп, өткендi өгейсiту – жабайылық, арамзалық, надандық», – деген екен А.С.Пушкин бiрiншi Петр орыс халқын «еуропаландырамын» деп орыстың ұлттық қасиеттерiн зорлықпен жойған iстерiн меңзеп.
Санасында саңлауы бар адамға бұдан артық айту мүмкiн емес.
Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ