АЛДЫМЕН ҚАЗАҚ ТIЛIН ҚАРЫҚ ҚЫЛЫП АЛАЙЫҚ

АЛДЫМЕН ҚАЗАҚ ТIЛIН ҚАРЫҚ ҚЫЛЫП АЛАЙЫҚ

АЛДЫМЕН ҚАЗАҚ ТIЛIН ҚАРЫҚ ҚЫЛЫП АЛАЙЫҚ
ашық дереккөзі

Осы күнi үштiлдi халық боламыз деген ой мемлекет идеологиясының дiңгегiне айналып, биiк-биiк мiнбелерден жиi-жиi айтылатын болды. Сөйтiп, қостiлдiлiк идеологиясы зардабынан құтыла алмай жүргенде үштiлдiлiк деген ақыры бұлыңғыр мұратты нысана тұтып, жаһандану желiгiне ерiк бергендеймiз.

Ендi осыған терең бойлап, ой безбенiне салып, мәнiсiн аңдап көрейiкшi.Өзге тiлдi тез үйренiп, iлiп әкететiн қағiлез адамдар болады. Оны жоққа шығара аламаймыз. Ал бүкiл бiр халық үш тiлдi бiрдей меңгерiптi дегендi көрмек тұрмақ, естiгенiмiз де жоқ. Әлемнiң қай елiнде осындай тәжiрибе болғанын, ол қандай нәтиже бергенiн зерттеп, зерделеген кiсi бар ма осы? Ондай ғалымды бiз пақырыңыз бiлмейдi екенбiз. Ендеше көз жеткiзiлмеген қиялды шындыққа айналдырамыз деп шарқ ұрғанымызға не жорық. Оның соңы шөл далада сағым қуған жолаушыдай болып жүрмесiн деңiз…

Бiз бiлетiн өркениеттi елдердiң қайсысын тiлге тиек етсеңiз де, ең алдымен, мемлекеттiк тiлiн ту етiп көтерiп, ана тiлiнiң өрiсi де, өресi де кең болуын тiлеп, қам жейтiнiн көз көрiп, құлақ естiп келедi. Пайдасы мол болса, неге солар үштiлдiлiктi мәселе етiп көтерiп, елдерiнiң одан сайын даму қажетiне жаратпайды екен. Қауһары, қаражаты жетпегендiктен дейсiз бе? Жоқ, олай дей алмайсыз. Бiр сәт ойланып көрсеңiз, оның мәнiсi басқада екенiн бағамдай бастайсыз.

Қош, сонымен үштiлдiлiктi мұрат тұтып, ұрандатып iске кiрiсiп те кеттiк. Қазiр үштiлдi араластырып сөйлеу сәнге айналып барады. Жер-жерде үштiлдi мектептер ашылып, қыруар қаржы шығарылып, мәре-сәре күй кешкен белсендiлiк лебi есiп тұр. Ендi бiраз уақыттан кейiн кiмнiң қай тiлде сөйлеп тұрғанын ажыратудан қалатын шығармыз. Аңдамай басқан ауырмай өлетiннiң кебiн киiп жүрмесек болды. Құдай оның бетiн аулақ қылсын, әрине.

Ел тәуелсiздiгiнiң туы желбiрей түсуi халық тұтастығы идеясына аса тәуелдi. Әсiресе, бүгiнгiдей алмағайып заманда қазақ ауыз бiрлiгiнсiз iс оңға баспайтыны айтпаса да түсiнiктi. Бiрақ, соған қол жеткiзе алмай келемiз. Оның себебi сан алуан. Соның ең негiзгiлерiнiң бiрi – қостiлдiлiк. Қазiр қазақтiлдi қазақ пен орыстiлдi қазақтың бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаруы екiталай. Бiрiн бiрi түсiнбейдi және түсiнгiсi де келмейдi. Бұған үш жүз жылдық тарихы бар орыстың отарлау саясаты кiнәлi.

Асқынған ауырудан айығу үшiн әуелi ем-домын қарастыру қажеттiлiгi жаңалық ашқандық емес қой. Бiз ел тәуелсiздiгi қолымызға тиiсiмен бiрден соған кiрiсiп кетуiмiз керек едi. Өкiнiшке қарай, олай болмады, кешеуiлдетiп алдық. Соның салдарынан бойдағы кесел бүкiл денеге тарап, дендеп барады.

Жарайды, бүкiл бiр халықтың үштiлдi болуын дұрыс-ақ делiк, дұрыс болмаса да. Өйтсек, ауылдағы қалың қауым – қаймана қазақтың қамын кiм жеп, құқын кiм қорғайды? Әлi үш тiлдi үйрететiн мектептердiң барлығы қалаларда ашылып жатыр. Ал ауылдардан үш тiл тұрмақ, екi тiлдi жарытып бiлетiн мұғалiмдi соңынан шам алып түсiп табу қиынның қиыны ғой. Елдiң демографиялық ахуалын құрдымға жiбермей, жылымық етiп ұстап тұрған – ауылдағы ағайын. Демек, ең көп жас ауылда деген сөз. Олар сонда қайтпек керек? Үш тiлдi жетiк үйретiп шығатын мұғалiм болмаса. Өздерiнше үйренейiн десе, жағдайлары жоқ, мектептерiнде арнайы жабдықталған сыныптары болмаса, айдың-күннiң аманында қаладағы құрбыларынан кейiн қалатындай не жазықтары бар сонда?! Олар да осы елдiң ұландары, құқықтары тең азаматтары емес пе?

Қайрат ӨМIРБАЙҰЛЫ, Алаштанушы