ЖАНАРМАЙ ТАПШЫЛЫҒЫ СЕЗIЛЕ БАСТАДЫ
ЖАНАРМАЙ ТАПШЫЛЫҒЫ СЕЗIЛЕ БАСТАДЫ
Мұнай қоры жағынан әлемде 7-шi орынды иеленетiн Қазақстан өз елiнде жанар-жағармай бағасын тұрақтандыра алмай келедi. Сонымен қоймай, жанар-жағармайдың тапшылығы да соңғы кездерi жиi сезiле бастады. Өткен аптада Ақтөбе облысының жанармай құю станциялары дабыл қағып, бензиннiң жоқтығын айдай әлемге паш еткен болатын. Көп өтпей Алматы мен Астана жанар-жағармай құю станцияларында бензин бағасының 10 теңгеге өскенi байқалды.
Мұнай өндiру жағынан Қазақстан бүгiнде ТМД мемлекеттерi арасында екiншi, әлемде 18-шi орынды иеленедi. Еуропа одағы елдерiнiң тұтынып отырған мұнайы мен газының 20%-ын Қазақстан қамтамасыз етiп отыр. Сөйте тұра, Қазақстанның iшкi рыногында бензин бағасы тұрақсыз. Елiмiздегi 3 мұнай өндiру зауыты жиын-терiм кезiнде не жөндеу жұмыстарын атқару үшiн, не басқа да сылтауларды көлденең тартып жұмысын тоқтата тұрады. Бұл бензин тапшылығын тудырады әрi жанар-жағармайдың бағасын өсiруге мәжбүр етедi. Биыл да жылдағыдай Шымкент мұнай өндiру зауыты жөндеу жұмыстарын атқару үшiн мұнай өндiрудi тоқтатқан едi. Көп кешiкпей Атырау мұнай өңдеу зауыты да техникасын жаңалау мақсатында мұнай өндiрудi уақытша тоқтататындығын ескерттi. Бұдан кейiн Ақтөбе жанар-жағармай станциялары бензиннiң тапшылығына ұшырады.
Жыл сайын қайталанатын бұл көрiнiске ресми билiктiң де, кәсiпкерлердiң де, қарапайым егiншiнiң де етi үйренiп кеткен. Ешуақытта мұнай өнiмдерiнiң тапшылығы туралы дабыл қаққан емес. Ал, қыс түсе бензин бағасы жыл сайын 15-20%-ға артып отырады. Сөйтiп, 2000 жылдары литрi 16 теңгеге сатылған бензиннiң бағасы бүгiнде 100 теңгенiң айналасына жеттi. 7 жылдың iшiнде 10 есеге өстi. Былтырғы жылдың осы уағында 70 теңге болған АИ-92 бензинi бүгiнде 91-96 теңгенiң аралығында сатылып жатыр. Оның үстiне жыл сайын бензин тұтынушы автокөлiктердiң де саны өсiп отыр.
Демек, ұсыныстан сұраныс асып түстi. Бiрақ, соған қарамастан, Қазақстан билiгi мұнай өңдейтiн жаңа зауыт салудың уақыты әлi келген жоқ деген пiкiрде. Сарапшылардың пiкiрiне қарағанда, жыл сайын iшкi нарыққа 12 миллион тонна мұнай қажет екен. Елiмiздегi үш мұнай зауыты жылына 17 миллион мұнай өндiредi. Демек, бұл iшкi нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге Павлодар, Атырау, Шымкент мұнай өндiру зауыттары жеткiлiктi деген сөз. Соған қарамастан бензин тапшылығы жыл сайын орын алады. Зауыттар жыл сайын жөндеу жұмысын атқарады. Бұның соңы бензин бағасының өсуiне алып келедi. Бiрақ, оны реттеуге Үкiмет дәрменсiздiк танытуда. Көршi Түркiменстанда бұл мәселе шешiмiн тапқалы қашан. Iшкi рыноктағы бензин бағасы тұрақты, әрi арзан. Ал, коммуналдық төлемдер тегiн.
Есенгүл Кәпқызы