«ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСI»

«ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСI»

«ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСI»
ашық дереккөзі

Одан қашып құтылмайсың, шешiп құтыласың

Қазақ елiнiң басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жуырдағы бiр сөзiнде "Егер Қазақстандағы бiр азаматтың құқығы аяққа тапталса, барлық азаматтың құқығы бұзылды деп есептеу керек" деген болатын. Көкейге қонымды сөз. Тек оны әлi күнге құлдық психологияның құрсауындағы билiктiң ескермеуi өкiнiштi. Әйтпесе, пейiлi — кең, жаны — жомарт, арманы — асқақ, рухы — биiк, шыдамы — берiк, жаны жайсаң өр қазақ ұсақ-түйекке намыстанып, ашуына ерiк бермес едi.

ШЫН ҚҰРБАН — КIМ?

Оңтүстiк Қазақстан облысы Төлеби ауданы Маятас ауылында 16 жастағы бозбаланың 4 жасар бүлдiршiндi зорлағаны туралы суық хабар елге тез тарап кеттi. Соңғы аптада отандық және шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдары көтерiп жатқан басты тақырыптардың бiрi де — осы. Тасада тұрып тас атуға шебер кейбiр мүдделiлер "қазақтың баласын күрд қорлапты, зорлапты" деп дабырайтып, ұлт араздығын қоздыруға тырысып бағуда. Алайда, әңгiме кiмнiң қай ұлттың өкiлi болғандығында емес. Әңгiме — сол Маятаста орын алған шариғатқа да, адамгершiлiк қағидаларға да жат, жантүршiгерлiк қылықта. Қазақтiлдi бiр басылымның сөзiне сенсек, Оңтүстiк Қазақстан облысындағы заңды жиi бұзатын, құқық қорғаушылардың алдында айылдарын да жыймайтын күрдтер "Бiз түбi тәуелсiздiк аламыз! Бiз 60 миллионбыз!" деп ұрандайтын көрiнедi. ҚР Iшкi iстер министрлiгi әкiмшiлiк полиция комитетiнiң төрағасы Молдияр Оразалинов Төлеби ауданында тұратын күрдтер арасында есiрткi сатумен, ұсақ-түйек ұрлықпен күн көретiндердiң бар екенiн мәлiмдеген. Ал төрт жасар бүлдiршiндi зорлаған қылмыскер бұған дейiн де ұрлық жасау, қызды зорлауға әрекеттену сияқты себептермен полиция назарына бiрнеше рет iлiгiптi. Бiрақ "кәмелеттiк жасқа толмағандықтан" заң алдында жауапқа тартылмаған. Сол оқиғадан кейiн де "жаздым, жаңылдым" деп тәубеге келiп, баланың ата-анасынан кешiрiм сұраудың орнына қозысын бағуға шыққан қарадомалақты қамыстың iшiне алдап апарып, қалай әлiмжеттiк жасағанын елге мақтанып айтып жүрiптi… Әке мен шеше де сотқа арызды бiрден жазбаған. Ақылдастық өткiзген ауыл ақсақалдары әлгi қылмыскердiң туғандарына ауылдан көшiңдер деген талап қояды. Олар белгiленген мерзiм iшiнде ауылдан көшiп кетпеген. Қандастарының намысын жыртқан бiрнеше қазақ бiрнеше көлiкпен келiп, әлгi бозбаланың, оның туған-туыстарының үйiн, мал қораларын өртеп жiберiптi. Үймен бiрге бiрнеше көлiк, үйiлген бiрнеше шөп маясы т.б. күлге айналған. Бiрнеше күнге созылған осындай наразылық шарасы Маятас ауылымен көршiлес Буденовка, Первомайка сияқты басқа да ауылдарға ойысқан. Бүгiнде байбаламға басқан күрд ұлтының өкiлдерi "бiзге көмектесiңдер" деп халықаралық ұйымдарға арыз-шағымдарын жолдап әлек. Әрине, бiреудiң маңдай термен тапқан еңбегiн еш етуге ешкiмнiң де құқы жоқ. Қия басқандар заң алдында жауап беруге мiндеттi. Бiрақ ашынған топтың заңсыз сипаттағы наразылық шараларын ұйымдастыруына қаршадай баланы қорлаған әлгi қылмыскерге құқық қорғау органдары тарапынан әдiл жаза кесiлетiндiгiне сенбеуi себеп болса керек. Ал әлгi халықаралық ұйымдарға шағымданып жүргендердiң ешқайсысы Төлеби ауданына тиесiлi 7 қыстақты мекендейтiн 3 мыңға жуық күрдтiң көпшiлiгiнiң есiрткi сатумен, ұрлық жасаумен күн көрiп отырғаны және баланы зорлаған қылмыскердiң бұған дейiн де бiрнеше рет заң бұзғаны, тiптi, қыз зорлауға әрекеттенгенi туралы тiс жармаған. Онымен қатар ұлты күрд бiрнеше бұзақының 3 орыс азаматын иттiң кетегiне байлап қойып, ұрып-соғып, құл ретiнде жұмсағаны жайлы да ләм-мим жақ ашпаған. Ол аз десеңiз, былтыр мәслихат сайлауына түскен үмiткерден төлебилiк қазақтар "бiзге ыстық суың да, газың да керек емес, балаларымыздың келешегiне алаңдаймыз, осындағы заңға мойынсұнбайтын, есiрткi сатумен нан табатын, ұрлық қылып, қан қақсататын, шыдамымыздың шегiне жеткен күрдтердi жырақ жерге көшiруге көмектес" деп өтiнiш айтқанын да бiреу бiлсе, бiреу бiлмес. Ата Заңнан гөрi "ұлтаралық достастық" атты жалған да жылтыр ұранды бетке ұстайтындардың қандастар тiлегiне құлақ аспағаны анық. Кейбiр бұқаралық ақпарат құралдары, әсiресе, орыстiлдi БАҚ Маятастағы оқиғаны "ұлттар арасындағы араздық" ретiнде көрсетуде, әсiресе, айуандық әрекетке барған, әлi бүр жарып үлгермеген бүлдiршiндi гүлдей солдырған қаскүнем мен оның туыстарын жазықсыз жапа шеккен құрбандар ретiнде көрсетуге тырысқан әрекеттер басым. Үйлерi өртенiп, үрейлерi ұшқан күрдтер Қазақстанның солтүстiк аймағына ойыса бастапты. Қашан да "жауырды жаба тоқуға" тырысатын бiздiң билiк Маятастағы оқиғаның астарында "ұлтаралық араздықтың" жоқтығын айтады.

Қарынның тоқтығын емес, бейбiтшiлiк пен тыныштықты қанағат тұтатын қазақ елдiң саулығын, бауырының бүтiндiгiн қалайды. Десе де, кейiнгi кездерi әр жерде орын алған "жаппай тәртiпсiздiк пен бұзақылықтың" (билiк айтпақшы) жиiлеп кету себебi неде? Ұйғырлар мен шешендер, түрiктер мен күрдтерге қатысты қақтығыстардың астарында не жатыр? Тiрнектеп жиған малын ғана емес, шыбындай жанын да ойланбастан арының садағасы ететiн қазақ неге ашынды? Әрине, жұмсақ та жайлы орынтақтарда отырған "қозықарындар" бұл сұрақпен бас қатырғысы жоқ. Есесiне, кез келген оқиғаны "бұзақылардың тәртiпсiздiгi" ретiнде қабылдап, әкiмшiлiк не қылмыстық жазаларға тартумен шектелудi әдетке айналдырған. Маятастағы оқиғаға қатысты қабылданған шаралар да сол төңiректен табылды: ҚР Қылмыстық кодекстiң 187-257, 321-баптары бойынша, "Бөтеннiң мүлкiн қасақана бүлдiру", "Бұзақылық" және "Билiк өкiлдерiне қарсы күш қолдану" фактiлерi бойынша 3 қылмыстық iс қозғалды. Отандық және шетелдiк БАҚ неше үй, неше гараж, неше көлiк, тiптi, неше мая шөп өртелгенiн жарыса жазуда. Ал ары аяққа тапталған баланың келешегi туралы толғанғандар кем де кем. Әрине, әлгi айуан "абақтыға жабылды", "зәбiр көрген баланың көңiл-күйi қанағаттанарлық деңгейде", "1000-ға жуық құқық қорғау саласының қызметкерлерi күзетте тұр".

"БҮГIН — ЕРТЕ, ЕРТЕҢ — КЕШ"…

Билiк кейiнгi кездерi қазақ қоғамында орын алған қақтығыстарды "бұзақылар" мен "басбұзарлар" салған ылаңға теңеп, кейбiр азаматтардың үстiнен қылмыстық iс қозғай салуды әдетке айналдырған. Ақиқатын ашып айтатын бұқаралық ақпарат құралдары да некен-саяқ. Әрiптестерiмiздiң көпшiлiгi — "жоғарғы жақтан" соғылатын қоңыраудың "ләббай құлдығы". Ал әншейiнде бостандықсүйгiш, әдiлеттiң ақ туын көтергiш, азаматтардың құқығын қорғағыш журналистер мен құқық қорғаушылар өздерiне пайдасыз тақырыптарға қалам тербемейдi. Әсiресе, қазаққа қатысты тақырыптарға. Кейбiрi тiптi, "шоқ, шоқ!"-пен сырттан бақылауға құмар. Әйтпесе, былтыр желтоқсанда ұйғыр жастарының бiр қазақ баласының құлағын кесiп алып, үстiне сарып кеткенiмен қоймай, "Мемлекет — сендердiкi, жер — бiздiкi" деп ұрандағанын, ең сорақысы ұйғырлар көп шоғырланған жерлердегi мектептердiң кейбiрiнде Жер бетiнде жоқ Ұйғыр мемлекетiнiң тарихын оқытып, әнұраны мен картасын үйреткенiн неге айтпайды?! Үй iшiнен үй тiккен пiкiрi — жат, мысық пиғылдылардың айрандай ұйыған халқы бар Қазақ мемлекетiнiң тұтастығына, ұлттық қауiпсiздiгiне қатер төндiретiнiне неге алаңдамайды? Мұндай келеңсiздiктер мен заңсыздықтарға жол бергендердi заң жүзiнде қатаң жазалауды билiктен неге талап етпейдi?.. Биыл көктемде Алматы облысына қарасты Қазатком мен Маловодноедағы қазақтар мен шешендер арасында орын алған қанды қырғынға себепкер — Махмаханов әлi күнге тайраңдап бостандықта жүр. Отандық құқық қорғаушылар оның "қолға түспей" жүргенiн айтады. Кiмнiң не көздегенi барын қайдам. Бiрақ көлгiрсiген билiк халықты емес, өзiн-өзi алдап отыр. Өйткенi, егер "жоғарғы жақ" қаламаса, Махмаханов сияқтылардың өлсе тұтқынға алынбайтынын, жасаған қылмысы үшiн заң алдында жауап бермейтiнiн жұрт бiледi. Бiлгенмен, бас бостандығына, балаларының келешегiне алаңдап, iштей тынады. Оның үстiне, айқай салған азаматтарын естуге, мұң-мұқтажын тыңдауға құлшынып отырған билiк жоқ. Отандық саясаттанушылар болса, билiк елдегi қазақ мәселесiн шешiп алмай, Шелек, Маңғышлақ пен Атырау, Маловодное, Қазатком мен Төлебидегi қақтығыстардың толастамайтынын, керiсiнше, қоғамда жаппай сипат алып кету қаупi барын айтады. Негiзi басқа түскен қиындықтан қашып құтылмайсың, шешiп құтыласың. Жан қысылғанда тiптi, тығырықтан шығатын бiр емес, бiрнеше жолды табуға болады. Әрине, ол үшiн ынта мен жiгер, тiлек пен талап керек. Өкiнiшке қарай, әлi күнге құлдық психологияның құрсауынан шыға алмай жүрген бiздiң билiк қоғамдағы әлдеқашан пiсiп, жарылуға шақ тұрған "шиқан" — "қазақ мәселесiнiң" бар екендiгiн мойындауға құлықсыз. Есесiне, "гүлденген Қазақстанда бiрнеше ұлт пен ұлыс тең, өзара тату күйде өмiр сүрiп келе жатқанын" сағаттар бойы жырлауға бар. Әңгiме өзге ұлт пен ұлыс өкiлдерiне кеп тiрелгенде, бiздiң билiк неге бишара күйге түседi? Заң, "зәкүннiң" жалпыға бiрдей екендiгi, мемлекеттiң басты байлығы адам екендiгi жазылған бiздiң Ата Заңда. Ендеше шенеунiктер "ұлтаралық достастық" пен "азаматтардың Конституцияға мойынсұнуы" деген екi ұғымның ара жiгiн неге ажырата алмай жүр? Өзi суын iшiп, отын оттап отырған елдiң иесi де киесi — қазақты, оның ұлттық құндылықтарын, тiлiн құрметтеуге келгенде кейбiр отандастың кежегесi неге кейiн кетедi? …Халқы мен билiгiнiң арасында түпсiз терең тұңғиық орнаған қоғамда адамдар өзiн-өзi қорғаудың шараларын өз бетiнше қарастыра бастайды. Тек оның соңы жазықсыз жандардың өмiрiн қиятын қантөгiске ұласпасын.

Әрине, «адам аласы iшiнде» деп бекер айтпаған. Кез келген халықтың, кез келген ұлт пен ұлыстың арасында жақсы мен жаман, адал мен арам қатар жүредi. Сондықтан Ата Заңға қайшы келген әрбiр азамат тиiстi жазасын алуы шарт. Жынысы мен ныспысына, ұлты мен дiнiне қарамастан!

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ