Жаңалықтар

«Аллажар-қолдау» қоғамдық қоры спортқа көңiл бөледi

ашық дереккөзі

«Аллажар-қолдау» қоғамдық қоры спортқа көңiл бөледi

«Аллажар-қолдау» қоғамдық қоры Қазақтың спорт және туризм академиясы мен қор жанындағы 30-дан аса салалық «Қазақ үнi» мәдени-ағарту орталықтарының ұйымдастыруымен «Мемлекеттiк рәмiздердi ел iшiне кеңiнен дәрiптеп, саналы ұрпақ тәрбиелеуде қазақ елi спортшыларының айрықша орны» атты тақырыпта семинар-кеңес болды.

Аталмыш семинар-кеңеске ұрпақ тәрбиесiне қатысы бар мемлекеттiк құрылым өкiлдерi, қоғамдық ұйым өкiлдерi, жазушылар, ғалымдар, өмiрлiк тәжiрибесi бар азаматтардың және студент жастардың ұсыныстары негiзiнде арнайы шешiм қабылданды.

Айталық, елiмiздегi спорттық iс-шараларды ұйымдастыруда мемлекеттiк рәмiздердi кеңiнен дәрiптеу үшiн, оларға ұлттық идея беруде спорттық жарнамалар мен көрiнiстерге мiндеттi түрде қазақ халқының ұлттық нақыштары мен нышандары болуы қажет. Осы орайда спортшылардың киiм үлгiлерiн жарақтауда отандық спорт тарихын зерттеп, оны осы заманға сай жаңғыртумен айналысып жүрген профессор Елемес Әлiмханов, көрнектi этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы және ұлттық салт-дәстүрлердi белсендi насихаттаушы шебер ұста Мұрат Нүсiп ұсынған жобаны қолданысқа енгiзудi ҚР Спорт және туризм, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiктерiне 2008 жылғы әлеуметтiк маңызы бар жобалардың ашық конкурсына тақырып ретiнде белгiлену ұсынылады. Сондай-ақ, «4-маусым ҚР мемлекеттiк рәмiздерi күнi 15 миллион қазақ халқы түгелдей күнi бойы ұлттық киiммен жүрудi жалпыұлттық дәстүрге айналдыру керек» деген мемлекеттiк елтаңба авторы Жандарбек Мәлiбековтiң ойын, сондай-ақ осы пiкiрмен үндес жатқан профессор Е.Алимхановтың барлық қазақ отбасылары бала-шағаларымен ұлттық киiмдерiн киiп жүретiн «Қазақтың ұлттық киiмi күнiн» белгiлеу керек деген ұсынысын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ел iшiне үндеу етiп тарату ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiне қойылған талаптың бiрi. Ұрпақ тәрбиесiн жүйелi түрде қолға алып, бiлiм беру саласына «Үзiлiссiз ұрпақ тәрбиесi мен ұлттық оқу-ағарту үлгiсiнде» жазылған, жазушы-дәрiгер, медицина ғылымдарының кандидаты, Махамбет сыйлығының лауреаты Совет-Хан Ғаббасовтың «Халық педагогикасы мен психологиясының негiздерi» атты оқулық-монографиясын ресми түрде 9-11 сыныптарға және техникалық, гуманитарлық жоғары оқу орындарына пән ретiнде енгiзу ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiне ұсынылды.

Қазақ халқының мыңжылдық тарихы бар, ұлттық болмысқа негiзделген ойын мен спорт түрлерiнiң бүгiнгi жағдайын зерттеп, соңғы 100 жылда осы салада өткен қазақ рухын көтеру мақсатында спорт жанкүйерлерiнiң көп салалы «Халық үнi» қоғамдық мәдени-ағарту орталықтарын құру арқылы және де қаржыландыру жағынан «батыстық үрдiстегi» спорт түрлерiнiң көлеңкесiнде қалып қойған 300-ден аса ұлттық ойын мен спорт түрлерiн қолдауды Үкiметтiң алдына ұдайы қойып отыру назарда ұсталды. Сонымен қатар, «Сымбат» сән бизнесi акдемиясы оқытушылары Қ.Т.Айтуленова, С.М.Омарбекова ұсынған «Бабалардан мұра болып қалған балуан Қажымұқан атамыз көтерген қасиеттi тасты» және профессор Е.Әлiмханов жинаған деректер негiзiнде қазақ елi батырлары, әлемнiң бiрнеше дүркiн чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовтың, Балуан Шолақтың, Оспан Құнанбайұлының, Шыңғожа батырдың ұрпағы Малмақтың, т.б. көтерген, Қазақстанның әр облысында жатқан тастарды, т.б. жәдiгерлердi жинақтап-зерттеп, оларды тарихи экспонат ретiнде рәсiмдеу жобасын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгiне 2008 жылғы әлеуметтiк маңызы бар жобалардың ашық байқауына тақырып ретiнде ұсынылатын болды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ