Несiпбек ДӘУТАЙҰЛЫ: ЖАЗУШЫНЫҢ БАС КЕЙIПКЕРI – КӨРКЕМ ШЫНДЫҒЫ

Несiпбек ДӘУТАЙҰЛЫ: ЖАЗУШЫНЫҢ БАС КЕЙIПКЕРI – КӨРКЕМ ШЫНДЫҒЫ

Несiпбек ДӘУТАЙҰЛЫ: ЖАЗУШЫНЫҢ БАС КЕЙIПКЕРI – КӨРКЕМ ШЫНДЫҒЫ
ашық дереккөзі

Әулиеата жерiне анда-санда ат басын тiрегенде, ең әуелi бас сұғатыным – "Жамбыл" журналы. Өйткенi, онда жазушы Несiпбек Дәутайұлы дейтiн ағам бар. Басындағы үлкен қара шляпiсiнiң өзi ерекшелендiрiп тұратын Несiпбек аға қалжыңын бiр қайырып қойып, жымиып әңгiме айтқанда, оны тыңдаудың өзi бiр ғанибет. Жаны жомарт, жүрегi таза, кiшiпейiл Несiпбек ағаның әңгiмелерiнiң көбi әдебиетке, мәдениетке арналады. Жалғыз өзi қыруар шаруамен үндемей жүрiп, айналысып жатқан Несiпбек ағамен әдебиет, ұлттық мүдде төңiрегiнде әңгiмелескен едiк.

— Несiпбек аға, ашаршылықты бастан кешiрген, 37-жылдың зобалаңын көзбен көрген, фашистерге қарсы соғыста жанын қиған қазақтың рухы жоғалмап едi. Ендi неге бiз сонша ұсақталып кеттiк?

Данышпан Абай не дедi? "Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын" дедi. Майдалану, тоқыраудың негiзiн Кеңес заманынан iздеу керек. Теңгермешiлдiк, содан туған масылдық, қосып жазу арқылы керемет көрсеткiш, қолдан "ұлы" қойшы әрi олардан депутат, тағы тағыларын жасау, қазақ балаларының көбiне тек ауыл және мал шаруашылығы институттарында оқуы, ең бастысы ұлттық патриоттық сезiмнiң қаперде болмауы, яғни мәңгүрттене бастауы сияқты толып жатқан факторларды былай жиып қойып, бәрiн тәуелсiздiк жылдарынан iздеу қалай болар екен?!

Майдалық деген майдалық-ау, ал ноқайлық деген бәрiнен өтiп кеткен қасiрет қой. Ол ендi жеке адамдардың қасiретi болса мейлi, түгелдей қоғамдық құбылысқа айналғанда ше? Менiң "Қазақ әдебиетi" газетiнiң 2005 жылы проза жанры бойынша лауреат атанған "Мәкеңдер, Малсекеңдер, заман" дейтiн әңгiмем бар. Сонда облыстық сессия өтiп жатады. Президиумда 50-60 адам. Орталарында Социалистiк Еңбек Ерi, Жоғарғы Совет депутаты, қойшы отыр. Сол мiнбеде тұрған облыстық партия комитетiнiң бiрiншi секретарына: "Әй, Бәленше, мына жиналысың қашан бiтедi?" деп қалады. "Бүгiн мына мәселе, ертең ана мәселе қаралады, одан арғы күнi ауылыңызға қайтасыз" демей ме, секретарь. Сонда әлгi қойшы, Еңбек Ерi, депутат: "О, бiгәйд" дептi. Үзiлiс кезiнде бiрiншi секретарь қойшыны қолтықтап, былай, жеке шығарып алып сұрайды ғой: "Бәленшеке сiз жаңа не айтқаныңызды бiлесiз бе?" "Қайдан бiлейiн", — дейдi қойшы, "Бiздi көшiрген орыстар ылғи сөйтедi ғой."

Осыны таратып айтқанда былай: Еңбек Ерi, депутат қойшымыз орыстың "Бiгәйтiн" жаның әлдененi қаламағанда, күйiнгенде айтатын сөз деп ұғып жүрген ғой.

Осыны мен ойдан шығарған жоқпын. Болған жағдай. Еске алып отырғаным, бүгiнгi майдалықтың ар жағына қазақ қоғамын қызыл империяның саясаты тексiздендiрген арамза әрекет жатты. Қазiр сол ноқайлықты басып-жаншып, ұлттық тектiлiктi саясаттың, экономиканың капиталистiк нарық реформасының авангардына шығару қиын болып жатыр.

— Бүгiнгi қоғамда барлығын тек ақша билеп отырған сияқты. Бiрақ сол ақшамен отансүйгiштiктi, ұлттық намысты сатып ала аламыз ба?

— Ақша, сiрә, ақылмен қазына. Ақылмен пайдаланса, ол адамға көп жағдай туғызады, оның iшiнде ойлану мен оқуға, бойда бар қабiлеттi жүзеге асыруға, айналаңа қайырымдылық жасауға, жақсы тұрмысқа жетуiңе. Жарымай-жалшымай жүрген жан өзге түгiлi өзiне не жақсылық жасауы мүмкiн. Дәулеттi адам отаншыл болмайды деп ойлау қалай болар екен. Мысалы, Американың халқын алыңыз. Қырық құрау. Немiстер, ағылшындар, португалдықтар, мексикандықтар, негрлер… Бiрақ шетiнен дәулеттi. Ендi осылардың "бiз американдықтармыз!" дегенде, американдықтар болғаны үшiн мақтаныштарынан жер теңселiп кетедi. АҚШ-тың намысын жыртып, қай салада да жеңiске жетудi ойлайды.

Мәселе мынада: қазақ ақшаны жақсы көредi, бiрақ қадiрiн бiлмейдi. Ысырапшылдығынан. Жалқаулығынан. Масылдығынан. Қабiлетсiздiгiнен. Қазақ ақшаның қандай жолмен келетiнiн ойламайды. Бiлiмге, ғылымға, жаппай ұмтылыстан жұрдай. Кәсiпқойлық дегеннiң не екенiн пайымдай алмайтындығынан. Содан да барып оқуда- бағаны, тiрлiкте-қызметтi, дәреженi, тағы, тағыларын барын берiп сатып алуға жан салады. Олай еткен екен, намыс жайына қалмай ма? Бiзде өзiңдi-өзiң ұлттық мүдденiң алғы шебiне алып шығу, өркениетiмiздi өзiңнен бастау сияқты күрескерлiк рух әлсiз. Сол себептi ұлттық намысты сатып алу емес, сатып жiберуге бейiмбiз. Егер адамды ақыл-ой билемесе, ақыр соңында адами қасиеттен ада болатын соның өзi.

Ұлттық намыс, сыртқы пiшiнде емес, iшкi мазмұннан лаулап жанып тұратын, арғы түбiнде Көктәңiрiсi мен Көкбөрiлiк мiнезi болған қазақы тұрпатта ғой. Ал бiздiң жандүниемiзде балшебектердiң "ақша — бақыт емес" дейтiн құйтырқылық, "жарқын болашағымыз – коммунизм" дейтiн құры елес, "бiз – совет адамдарымыз" дейтiн ұлтсыздық, "КПСС жасасын!" дейтiн ұранбайшылдық психологиясы әлi жұмыртқа басып жатыр.

— Мұның бәрi рухани азғындаудың көрiнiсi сияқты. Кiтап оқымаған, мәдениеттi меңгермеген, әдебиеттi бiлмейтiн жастар өсiп келедi. Ертең қазақ қоғамын басқаратын осылар емес пе?

— Қоғамды ешқашан жаппай халық басқармаған. Элитасы басқарған. Ұлттың элитасы өсiп шығу үшiн, халықтық жаңару, соның iшiнде рухани даму процесi ауадай қажет. Өкiнiшке қарай бiздiң жастарымыздың сырты жаңарды, яғни соңғы үлгiдегi киiм киедi, беттi әрлейдi, ал жанәлемi жалаңаш, әлсiз. Осы қасiрет, олардың арасында жұмыссыздық дейтiн зауалды тудырып отыр. Жастар арасындағы жұмыссыздықтың әлеуметтiк себебiнiң бiр тұсы осы. Дипломдары бар, ал бiлiмдерi орта мектептiң 8-шi класынан аспайды, түрлi саладағы танымнан жұрдай. Сонда мына нарық заманында бұларды кiм жұмысқа алады? Алмайды. Алған күнде аз күннен кейiн қарадай көңiлi қалады. Жеке өмiрiнiң жауапкершiлiгiн жасы жиырмаға жеткенге дейiн түсiнбеген жас пайдасыз ғұмыр кешiп жүрген адам. Ендеше, бұлардан ұлттың элитасы қалай өсiп шығады. Оқыған-тоқығандарынан шығар. Бiрақ, ондайлар әлi аз ғой. Бүгiн жастарды мекеме-мекеменiң айналасынан тырқырата қумай, қызметке қабылдап, қайта тәрбиелеу дейтiн мiндеттi мойнына алуға тура келедi. Мектеп пен жоғары оқу орындарын кiнәлай беру, жеке жауапсыздығын айта беруден дүние өзгермейдi.

Бүгiнгi 20-дағы жас, тәуелсiздiктiң басында 4-5-тегi бүлдiршiн едi. Бiздiң ұрпақ өмiрiн майшамның алдында тұқшиып отырып, үлкендерге эпостарды дауыстап оқудан бастады. Ержетiп, етек жиғанда "Абай жолы", "Қан мен тер", "Көшпендiлер", одан берiде Әбiш Кекiлбаевтың, Мұхтар Мағауиннiң, Дүкенбай Досжановтың, Төлен Әбдiковтiң, тағы-тағылардың кiтаптары қолдан-қолға өтiп жүрдi. Ал тәуелсiздiктiң әуелгi жылдары ше? "Байтал түгiлi бас қайғы" болған кез. Бұл өзi рухани тарихымыздағы ақтаңдақ. Дәл осы кезде адам таң қалатын iс болды: жазушы, ақын көбейдi. Көбейгенде аспаннан түскен жоқ, жерден шыққан жоқ, ауыл-ауылдан, аудан-ауданнан күнi кеше қойды қолдан ұрықтандырудан қолдары тимей немесе бiрiншi хатшы, бiр шаруашылықтың басшысы тағы, тағы сондай "елдiң қамын, өзiнiң жанын" жеумен күндерi өтiп, ендi зейнетке шыққан соң қайдан сап еткенiн жазушылық дейтiн жарықтықтың жыны қысып, жыр толғап, пора-пора проза жазып, қаптады да кеттi. Бұған бұрындары кiтап шығармақ туралы, кiтап шығатын жердiң маңайына жолай алмайтын ауылдың, ауданның, облыстың, әйтеуiр, ананы бiр өлең еткен, мынаны бiр әңгiме еткен, шын мәнiнде, ары кеткенде жергiлiктi газеттiң қызметкерi, берi келгенде соның селолық тiлшiсi деңгейiнен әрi аспайтындар қосылды. Осы дүрмектiң арнау-сарнаулары, жабы жазбалары жекеменшiк баспалардан кiтап болып шығып, жаңбырдай жауды. Сонымен тынған жоқ, авторлардың билiк иелерiне "әкетай, жәкетайының" ықпалымен ауыл-ауылдың мектептерiн аралап кеттi. Оқыған адам "Ойбай, сұмдық, бұ несi" дейтiн ойы олақ, тiлi шолақ, сау адамды милау ететiн ноқай кiтаптар. Үйлерiне Құдайдың iсiмен емес, зордың күшiмен енген, осы кiтапсымақтарды ашып көрiп, көз салған жастардың "әдебиет деген осы болса, оны оқып қажет пе" демеске шаралары жоқ едi.

Бүгiнгi жастардың өзiне байланысты қасiрет жан-жақты танымға ұмтылыстың қаперлерiне кiрмейтiнi. Тарихты, әдебиеттi, өнердi бiлмей өскендердiң ой-жүйесi кемтар, өз бетiнше жол тауып кету түгiлi, жетекке жүруiнiң өзi неғайбыл екенiн көрiп жүрмiз. Бұларға жастығы үшiн, елдiң ертеңi деп қанша қомпайтқанымызбен, ертең өз басын алып жүруi екiталай-ау. Сосын рухани жүдеу адам өркениеттi, мәдениеттi қайтедi. Ненiң қадiрiн бiледi. Обал. "Қайнайды қаның, ашиды жаның" демеске амал жоқ.

Ретi келгенде айта кету керек. Жергiлiктi жерлерде нағыз өлең мен ауылдың алты ауызының арасын ажырата алмайтын деңгейсiздiк бар: баспасөздер мен көгiлдiр экранға ақын атымен, жазушы даңқымен кез келген өлеңшiлер, сөз құрастыра бiлгендер жазгерлер бередi. Газетке жарияла, телеэкранның төрiне отырғызып қой да сайра. Мақта, ол да мақтансын. Жарты сағат па, бiр сағат па, тау қопарып, тас бұзсын. Көкке өрлегенде Алатау аяғының астында, Қаратаудың қарасы көрiнбей қалсын. Жүргiзушi мен қонақ өстiп қарадай бусанып, көкiп отыр. Әдебиет, оның замандығы, көркем зерттеуi, концепциясы дегеннен тырнақ сынығындай хабарлары жоқ. Әдебиет мәселесiнiң көрiнген көген көздiң кәлләсына сия бермейтiндiгiмен екеуiнiң де шаруасы болмайды. Ендi бiреудi шығарады. Сөйтсе, Құдай көрсетпесiн, оның қолынан келмейтiнi жоқ. Өлең де жазады, прозаңды да қатырады, әнiңдi де шығарады, өзi орындайды. Ал ендi, жер-көкке сыйғызба. Анау да лепiредi. Япыр-ау, шын мәнiнде кiм едiм, республикаға танымал ма едiм, Қазақстанның қай жерiнде топ жардым демейдi. Мiне, жер-жердi осындай әуесқойлық кеулеп алған. Осы әуесқойлар ана жасы, мына жасында табанын жерге тигiзбей мақталып, шапан киiп, ат мiнiп жатса не дейсiз. Өнерде әуесқойлар болатын шығар. Әуесқой композитор, әуесқой әншi дегендей… Ал әдебиетте әуесқойлық жүрмейдi. Әдебиеттегi әуесқойлар — арсыздар. Егер бiз бүгiн жастар әдебиеттi оқысын десек, ең әуелi осы әуесқойлардың әләулайларына жол бермеуiмiз керек қой. Баспасөз бен көгiлдiр экранда кiмдi жарнамалауды қашан үйренедi. Бұл мектепке де, жоғары оқу орнына да тиесiлi. Бүгiнгi оқырмандарды қазақ әдебиетiнiң iргетасын қалағандар дейтiндердiң де қалың-қалың, әрi соцреализм үлгiсiмен жазған кiтаптары да қызықтыра қоймайды. Стильдiк ерекшелiгi өзгеше, ой-жүйесi, замандық, концептуалдық жетiстiгi көзге ұрып тұрған ақиқатының ауызы алты қарыс шығармалар ұсын оларға.

— Кiтап оқымаған демекшi, бүгiнгi шенеунiктердiң арасында әлем әдебиетiн былай қойғанда, қазақ әдебиетiн бiлмейтiндерi де көп. Бұл ненiң көрiнiсi?

— Бiз жоғарыда жер-жерлерде әуесқойларды ақын-жазушы деп тану, олардың жекеше баспалардан шыққан кiтапсымақтарын мектеп-мектепке тарату деген ноқайлықты айттық қой. Егер сондағы шенеунiктер әдебиет дегендi оқығаны түгiлi, оның жалпы не екенiн пайымдай алатын халде болса, бұған жол берiлер ме едi. Өзiмiз көрiп, байқап жүргенiмiздей шенеунiктердiң басым көпшiлiгi соның iшiнде жастар дейтiн бөлегiнiң бар бiлетiнi бiреу — тек қызметi бойынша нұсқауды орындаумен нан тауып жеу. Сол арқылы қызметiм өссе дейдi, қызметiм өсiп, байысам дейдi, байыған соң, депутат болса, Үкiмет пен Президент билiгiнiң маңына жетсе.

Әдебиет – адамзаттың ұлы көшiнiң өн бойындағы халықтың ақыл-ойы, арман-мүддесi, азабы мен шерi, жеңiсi мен жеңiлiсi, iрiлiгi мен майдалығы, әр кезеңдегi психологиялық өзгерiсi және басқа да толып жатқан құбылыстарының тарихы. Осы тарихты жан-дүниесiне сiңiрмеген кiмде-кiмнен бәрiн қойғанда, қоғамдық азаматтық сұраным – отансүйгiштiк пен ұлттық адамгершiл қасиеттi күтуге бола ма. Шенеунiктер тарапынан болып жататын парақорлық, сыбайластық, нигилистiктiң түп-тамыры жаңағы бiз айтқан қоғам, адам, өмiртанымының адыра қалғандығынан.

Бiр шындықты мойындауымыз керек. Дәл қазiр, өз қолымыз өзiмiзге жеткен тәуелсiз дәуiрiмiзде қоғамның басты сұранымы отансүйгiштiк пен ұлттық адамгершiл мәселеде шенеунiк дейтiн қауымнан бұқараның парасаты әлдеқайда озық. Сонда бiз кiмге сенiп жүрмiз. Жоғарыдағы бiр сұрағыңда "Ертең қазақ қоғамын басқаратын осылар емес пе?" дедiң ғой. Бүгiнде қазақ қоғамын басқарып жатқан әр деңгейдегi билiктiң ғимаратында жас шенеунiктер аз емес. Ал деңгейлерi жаңағы айтқанымыздай, кiтап бетiн ашпайды, оқымайды. Оның өлiп-тiрiлiп оқитындары қаулы-қарарлар, нұсқаулар, ары кеткенде кейбiр баспасөздер. Онда да ондағы арнайы хабарлар.

Бiрде мынандайды көргенбiз. Президенттiң "Ауыл жылына байланысты жолдауы" жарияланған кез. Осы мәселе бойынша бiр топ жазушы ауыл-ауылға шықпақ болдық. Облыс әкiмi жанымызға өзiнiң орынбасарын қосып бердi. Сонда әлгi орынбасар "Егемен Қазақстан" газетiн ала шыққан екен. Соны екi жүз шақырымдық жол бойы тұқшиып оқумен болды. Жолдау жарық көргелi екi ай өткен. Қолы тимеген. Оқи алмапты. Ендi қазiр жұртпен кездесуде нақты бiрдеңе айту керек қой. Жаман көңiлiм қалды. Қылшылдап тұрған кезi. Орынбасарлықтан да жоғары қызметке дәмесi зор. Ал iстеп жүргенi мынау. Елбасының аса маңызды жолдауын екi айдан берi оқымаған. Мұндайлар қазiрде қай жерден де кездесетiнiне кәмiл сен. Сонда, бүгiнгi қоғамды тек рухани бай адамдар ғана басқара алатын ақиқатты қай жағымызға ысырып қоямыз. Пәсейiп қалатын тұсың осы.

— Бiрпартиялы бүгiнгi Парламент ұлттың мүддесi үшiн қызмет етедi деп ойлайсыз ба?

— Бiздiң үкiметтiң о баста, бiрпартиялық жүйе туралы мақсаттары болды ма, жоқ па, мен оны бiлмеймiн. Ал "НұрОтанның" жеңiсi бұл бәсекеде бұқараның санасы озғанын көрсеттi. Бұқараның санасы неге озды?

Оппозицияның қай-қайсысы да халықтың бiр бөлегiн болмаса, қалың бұқараны өзiне сендiре алған жоқ. Ниет жақсы, мақсат жақсы, бiрақ оны жүзеге асырудың оппозицияда қандай мүмкiндiгi бар. Уәде нақты бар қаржы немесе сөзсiз орындалатын кепiлдiк емес. Билiктi мүлде жертабандатып тастау шындыққа мүлдем жанаспайды. Қазақстанның шын мәнiнде Қазақстан болып танылып отырғаны осы өткен 15 жылда екенiн мойындамасқа амал қайсы. Мойындайды екенбiз, қазiргi бар жетiстiк кiмнiң қажыр-қайратымен жасалғанын да қарадай айналып өтуге болмайды. Қоғамда кемшiлiк бар ма? Бар. Проблема бар ма? Бар. Олар замандар бойы келе жатқан және бола беретiн фактор. Жаман. Бiрақ, осы жаман құбылыстардың билiктi де, бұқараны да ойлануға, жамандықпен күресуге, жаңарудың жаңа жолдарын iздеуге, өркениетке ұмтылысқа мәжбүрлейтiнi де рас қой. Үнемi қозғалыстағы, дамушы қоғамға күн сайын түзетулер қажет. Экономикалық даму, әлеуметтiк өсiп-өркендеу мен қазiр бiр мезгiлде авангардқа әдебиет пен өнердi, мәдениеттi шындап қосу мақсаты тұр. Осылардың коммуникациясын жасауда билiк дәл бүгiн аз шаруа жасап жатқан жоқ. Түптеп келгенде бiзге керегi Парламенттiң көппартиялылығы немесе бiрпартиялылығы емес, халықтың қамы үшiн серпiндi қимылы, сергек жұмысы, сенiмдi бағыты керек. Керек десеңiз, көп жағдайда барлығы билiктiң ұшар басындағы адамның жанының тазалығы мен рухының мықтылығына келiп тiреледi. Қайсы жүйенiң де ұлт мүддесiне қызмет етуi ең алдымен соның ақыл-парасатына адамгершiл болмысына, ақын айтпақшы "Әр қазақ менiң жалғызым" деп соғатын жүрегiне, тектiлiгi мен намысына байланысты.

Парламенттiң де сенерi мен сүйенiшi сол. Алайда, солай етiп отырған Парламенттiң өз iшiнде "бес саусақтың бiрдейлiгi" бар ма. Иә, "бес саусақтың бiрдейлiгi" болмайды. Бiрақ қазақта "тұяқты тұяқ жiбермейдi" деген пайымдау да бар ғой. Бiздiң Парламентте отырғандардың барлығы дерлiк осы пайымдауға сай келедi дегенге кiм сенедi? Мен Ю.Лермонтовтың "Каждый должен жить по назначению" деген сөзiн қайталай берудi ұнатамын. Сол "…по назначению" Парламенттегi бiраз ағайынның қаперiнде жоқ болуы керек.

Саясат, экономика, әлеуметтiк, құқықтық әлем мемлекеттiк құрылымды дамытудың кәсiпқойлары ғана шоғырланатын орда. Нақты iсте көлденең көсемдiктiң, көпiрген шешендiктiң бiтiрерi шамалы. Бұл қарадай құйысқанға қыстырылудан өзге ештеңе емес. Осыдан келiп тағдыры баяғыда Президенттiң Ақ Ордасында шешiлiп қойған мәселелерге кейбiреулер керексiз жерден кимелеп, түрлi мәлiмдемелерi көрiнген баспасөзде жарияланады да жатады. Көлденең көсемдерге бұл не үшiн керек. Әрине, өз ұпайы үшiн. Ұлттық мүдденiң жоқшысы болып көрiнуi үшiн. Сонысымен, бұқараның көңiл-күйiн бұзады. Парламент өз iшiнде осындай "қайраткерлерге" тоқтау сала алса, сөйтiп тек жаңа мақсатты негiзде жұмыс iстесе, өз құқықтарын халыққа адал қызмет етуге берiлген мүмкiндiк деп бiлсе, ақиқат жолымен жүрсе, әрине, мүддеден шыға алады. Бiрақ, бұл процесте халықтың қолдауы, сенiмi де ауадай қажет. Барлығын билiкке ысырып қою, барлығын солардың мiндетi деп бiлу, тек сырттай бақылаумен қалу-өсетiн елдiң өнегесi емес.

— Парламентте ақын-жазушы және өнер адамдарының болғанына көзқарасыңыз?

— Олар сол әуелi ақындықты, жазушылықты, өнердi жетiстiрiп алсын да. Баяғыда бiр ауылдан шыққан азаматтың қолы бiраз билiкке жетедi. Елге жолы түсе қалса, сыздап, оқтау жұтқандай сiресiп, тiл қатуы мұң болып отырады екен. Сол ендi бiрде қызметiнен босап қалады. Содан ауылдың бiр тойына келмей ме. Келе сөз тiзгiнiн өзiне алады. Сөзi қандай. Ағып тұр. Мәндi, мазмұнды. Әзiл-қалжыңы тiптi керемет. Өнерi ше. Күй де тартады, ән де салады. Сонда ауылдастары: "Қайран жiгiт. Қанша жыл қор болып жүрген" деп қатты өкiнiш бiлдiрсе керек. Ойланатын-ақ шаруа. Ойланғысы келгенге, әрине.

— Жаһанданамыз деп жатырмыз. Қазаққа жаһандану қажет пе?

— Жаһандану процесi адамзат тарихының барлық кезеңдерiнде болған процесс. Қазақстан Еуразияның ежелгi өркениетiнiң елi. Мұнда құдiреттi мемлекеттер мен империялар да пайда болған. Ал бұл Азия мен Европа арасындағы әскери-саяси, экономикалық және этно-мәдени байланыстардың қанат жаюына жағдай жасады. Бiр ғана Ұлы Жiбек жолын бөлек алып қарайықшы. Адамзат тарихында маңызы жағынан оған тең келетiн сауда жолы болған емес. Шамалы үзiлiстер болмаса, ол 1600 жылдай қызмет еттi. Мұнда кiмдер тоқайласпады. Тоқайласқан екен әр елдiң мәдениетi бiр бiрiн байытып, дүниежүзiлiк өркениеттiң құндылықтары, белгiлерi орныға бастады. Ал ендi содан бiздiң ата тегiмiз қытайланып, орыстанып, парсыланып не басқасы болып кеткен жоқ қой. Дәл бүгiн әлеммен барлық даму құралдарының коммуникациясы арқылы өркениетке ұмтылып отырғанда әлемдiк көштен қалай, қай жаққа атымыздың басын бұрып әкетемiз. Мәселе, менiңше қанның тазалығында. Ұлттық қанымызды жаһандану процесiне құрбандық етiп алмауда. Қазiр Қазақстан жерiнде кiм жоқ, кiмдер келiп, кiмдер кетпей жатыр. Қорықсақ, әркiммен бiр ассимицияланып кетуден қорқу керек. Ұлттың қаны, өзiндiк кескiн келбетi, оның өшуге тиiс емес белгi, таңбасы. Қыздарымыз негр, қытай және басқалардың аузынан түскендей бала жетектеп жүрсе, олардың саны көбейе берсе, сонау, сонау заманда Қытай императоры өз күзетiне 100 араб жiгiтiн алып, оларды өз қыздарына үйлендiрiп, содан дүнген деген халық пайда болғаны секiлдi, Қазақстанда да тарихи тегi жоқ бiр халықтың пайда болмасына кiм кепiл?! Келiмсектер түп-тұқиянымен қазақтанып кетсе, құба-бұп. Мысалы, көптеген тектерi әр басқа кемеңгерлердiң орыстанып кеткенi сияқты. Қараңыз: Иван Тургеновтiң түп атасы 1450 жылы Алтын Ордадан ауған Арслан Түргенұлы, Лев Толстойдың арғы атасы 1353 жылы немiс жұртынан келген Индрис деген қолбасы, А.Пушкиннiң арғы ата жұрты немiс рыцары Ротша, Ю.Лермонтовтың жетiншi атасы Шотландиядан келген Георг Лермонт, тағысын тағылар.

Ал жалпы, барлығы бiздiң ұлттық санамыздың қаншалықты салиқалы, сабырлы, саңлақтығы мен намысшыл мiнезiмiзге, қазақы тектiлiгiмiзге байланысты. Бүгiнгi ұрпақтың денiнде осы қасиеттер қаншалық деген басқа сұрақ. Адольф Гитлерден "СССР-дi жеңген соң, Орта Азия халықтарын қайтесiз?" деп сұрағанда, iштерiне жеңiл даңғаза музыканы салып жiберем де, селтеңдетiп, секеңдетiп, селкiлдетiп қоямын деген екен. Бүгiнгi жаһандану әлi жерiмiзге төрт құбыласын түгел келмей-ақ, ұрпақтың үлкен бөлегi "ала жаздай ән салып, алты ай қыс аха-хайлап" жүрген жоқ па. Келе жатқан қатердi сезiну үшiн, ол келе жатқан жақтағы жақсы мен жаманды алдын ала пайымдап алуы керек. Ол үшiн батыстың әдебиетiн, мәдениетiн аударып, төңкерiп оқу дейтiн шаруа тұр. Әр адамның талғам мен таным, парасаты мен мәдениетi бiрiншi мәселе. Бүгiн жаһанданудан емес, соған дайындықтың жоқтығынан, дайындыққа ешқайсымызда ешқандай нақты әрекет болмай отырғанынан қорқу керек.

— Кеше қазақтың ең үлкен басты арманы – тәуелсiздiкке қол жеткiзу болды. Бүгiнгi тәуелсiз қазақтың трагедиясы неде?

— Трагедиясы – тәуелсiздiктiң өзiнен-өзi келе салуы деп түсiнуде. Азамат соғысы, Отан соғысы сияқты жаппай қырғын болған жоқ. Сексенiншi жылдардың екiншi жартысында КСРО кеңiстiгiнде қандардың айқаса бастағанын әлi әзiр көпшiлiк пайымдай қоймайды. Әр ұлттың, соның iшiнде қазақтың қанында ұлттық мүдде-азаттығы атойлай бастады. Ол 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына әкелдi. Бұл берiде. Қазақ қанының ұлттық мүдде үшiн басқа шабуы — 19-ғасырда Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Жүсiпбек Аймауытов, ағайынды Досмұхамедов бастаған арыстардан басталды. Олар азаттықтың ақ туын көтерген Алаш үкiметiн құрды. Сөйттi де түп-түгел қызыл жендеттердiң қолынан қырғын тапты. Бүгiнгi ұрпаққа сол Алаш үкiметi жайлы ненi қазбалап, түгендеп айтып берiп жүрмiз. Жарытып ештеңе. Ұлттық мүдде, ана тiлi мәселесiн Отан үшiн от кешiп жүрген Бауыржан Момышұлы Үкiмет алдынан хат арқылы мәселе етiп қойды. 60-шы жылдары жасы 80-дегi Ғабит Мүсiрепов тiл жайында Жазушылар одағында тұп-тура 2 сағат аяғынан тiк тұрып баяндама жасады. Осылардың бүгiнгi ұрпаққа мән-мағынасын тереңнен танытып айтып жүрген қаншамыз бар. Бiлмеймiн. Бiлетiнiм: кейбiр ағаларымыз тiл мәселесiн өзi тауып алғандай жеке тақырыбына айналдырып көрiнген жерде алқын-жұлқын болады. Бауыржан Момышұлы, Ғабит Мүсiрепов болмаған сынды.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты. Колбин деген орыс мұжығына тiке қарап, "Алаңда қазақ жастарының қанға боялып жатқанын көргенше, соғыста өлiп кетуiм керек едi" деген сөздi бүгiн желтоқсанның тарихына жармасып жүргендер емес, Жұбан Молдағалиев айтқан болатын. Жау кеткен соң, бәрi батыр. Нағыздар былай қалды. Мiне, бiздiң трагедиямыз. Күнi кеше ғана "Димеке, Димеке" деп жалпақтап, оның талай-талай шапағатын көрген, Совет қоғамында ең бақытты тұрмыс кешкен кейбiр ақсақал, көксақал жазушы ағаларымыз Колбин келгенде "Ура, Ленин келдi!" деп, ол аздай "Бiз сiздi тура 25 жыл күттiк!" деп қарадай қарабет болмады ма. Әне, трагедия қайда. Бiздiң беткеұстарларымыз әсiрепатриоттықтан, қолма-қол айнымалылықтан арыла алмай жатыр. Екiншiден, жас ұрпаққа өткеннен ненiң не екенi, кiмнiң кiм екенi барлық ақиқатымен айтылмай жатыр. Оған құлқымыз жоқ. Әлгiндейлерге "Өу, бұларың не?" демеймiз. Шатып-бұта берсiн, шаршап қояр деймiз. Сiрә, намысымыз тозып, қанымыз сұйылып, көрiнгеннiң көкiмесiне көндiгiп, көмбiстенiп барамыз. Нағыз патриоттардың есiмдерi баса-көктелiп, уақытты талап ететiн дамудың бiрте-бiрте авангардына қосылып жатқан iрi шаруаларды қарадай қараң қалдырып, лаң жасап жүргендерге аузымыздың аңқаюы – тәуелсiздiк жылдардағы трагедиямыз осы.

—"Қазақстандық ұлт" идеясы бас көтерiп келедi. Сiздiң "қазақстандық ұлт" болғыңыз келе ме?

— Бiз – унитарлы мемлекетпiз. Тек қазақ деп оқшаулану ұшпаққа шығара қоймайды. Онда айнала қоршаған дүние аяғы тартып ала қояды. Оқшауланған дүние жалпы дүниемен ешқашан үйлесiм таба қоймайды ғой. Мәселенi бүгiн былай қойған дұрыс сияқты. Тәуелсiздiкке жеткен қазақ бүгiн қолына қалам алса, не телеэкранға шықса "Үш жүздiң басын қосқан", "Үш жүздiң арыстары", "Үш жүзге танымал" деп сайрай беруi керек пе, әлде қазақтың бiртұтастық пайыммен сөйлеуi керек пе. Әуелi осыны жөнге салып алу керек. Өзiмiздiң ру-руға, ата-атаға бөлiнiп, көрiнiп те, көрiнбей де қырықпышақ болып жататын жайымызды жөнге келтiрiп алайық. Ал "қазақстандық" деген мәселеге келсек, айталық немiс халқы бiр кезде бiр-бiрiнiң тiлiн түсiнбейтiн герман тайпалары едi ғой. Мәдени, саяси, экономикалық бiрiгудiң нәтижесiнде бүгiн тұтас Германия деген мемлекетке айналды. Француздар мен итальяндықтарда да осындай болды. Егер жерiмiзде бiрге тұрып жатқан ұлттардың қай жерде де «мен қазақстандықпын», деп тұрса «стан» деген толғаудың алдында қазақ атауы тұрады екен қуанбаймыз ба. Қазiр мысалы, Тараз қаласында 300-ге тарта өзге әртүрлi ұлттың ұл-қыздары қазақ мектебiнде оқып жатыр. Оның бұдан әрi жылдан жылға көбейе беретiнiне мен сенемiн. Оған екi кепiлдiк бар; бiздiң ұлтымыздың өзгенi өзекке теппейтiн ұлттық адамгершiлiгi. Екiншiсi – Атазаңмен ана тiлiмiздiң мемлекеттiк тiл болып таңбаланғаны. Қазақстандық ұлт идеясының дiңгегi осы мемлекеттiк тiл болып қалмаған жағдайда, оның талас тудырмай, тарихқа енуi күмәндi. Қазiр қатар өмiр сүрiп жатқан өзге ұлттардың кезегiмен келiп жатқан ұрпағы мемлекеттiк тiлдi өзiмiздей бiрдей игерiп кете ала ма, жоқ па, оған ниет-пейiлдерi қандай? Мәселе осыда. Бәрi бiз мақсат еткендей болып жатса қазақстандық ұлт идеологиясы дегеннен қорқудың ретi жоқ.

— Бүгiнгi әдебиеттен сiздiң көңiлiңiздi селт еткiзген шығарма оқыдыңыз ба?

– Тынымбай Нұрмағанбетовтың "Айқай", Рахымжан Отарбаевтың "Дүние ғайып" хикаялары. Соңғысы туралы арнайы әдеби мақала жазып, жариялағам. Смағұл Елубаевтың "Ақ боз үйiн" қайта оқып басқа бiр жақсы әсер алдым. Бұлардың шығармаларының ерекшелiгi, менiң ұғымыма "Жазушының бас кейiпкерi – көркем шындығы" деген пайымды туғызды.

— Ұлттық мүддеде сiзше, бiздiң ең басты мiндетiмiз қандай?

– Жанды жерден тап берiп ұстайтын мен бiр кемеңгер емеспiн. Әйтсе де, өз пiкiрiм: өткен жылымыздағы тарихи ақиқаттар түгел айтылуға тиiс. Ұлттық педагогика ауадай қажет. Саясатта популистер, әсiрепатриоттар, ғылымда дүмбiлездер, әдебиетте әуесқойлар, шоумендер мен кертартпалар құрыса. Билiктiң кез келген сатысын ортаңқолдар қызыл белсендiлердiң замандық үлгiлерi, құлқынның құлдарынан тазартса…

— Шалғайда жүрсеңiз де "Жамбыл" атты журнал шығарып, "Жамбыл" журналы кiтапханасы сериясымен кiтап әзiрлеп жүргенiңiздi де естiдiк. Қиындық тудырып жүрген жоқ па?

— Мен шын ықылас, ниетiммен ғана шаруамен айналысамын. Сондықтан оның қиындығы, шынымды айтсам, қызық. Шаршайтын кездер, әрине, болады. Ондайда жүрiп те, отырып та, жатып та ойланып, демаламын. Ойланып… Ойға сыймайтын не дүние бар. Ой – ғұмырды ертеңге, одан арғы күнге, одан апта, ай, жылға ұзарып отыратын құдiрет, сiрә. Ой жаңа жұмыс тудырады, ой қиындыққа тiке салады…

— Шығармашылығыңыз не болып жатыр? Алыста жүрiп, әдебиет ауылынан кеш қалып қойып жүрген жоқсыз ба?

— Қиратып жатырмын десем, өтiрiк. Жазатын дүниелерiм таусылды десем, тағы өтiрiк. Сондықтан, әуелi мен әлдененi жазып бiтiрейiн, сосын айтамын оның не екенiн. Ал әдебиет ауылы дегенiң… Алматыға барып, Жазушылар Одағына, не болмаса өзге де әдеби мекемеге кiрiп не жазатыныңды сұрап алмайсың ғой. Не жазамын деп өзiңнен сұраса қайтесiң. Менi әдеби орта деген бәлендей қызықтырмайды. Бәлкiм, әдеби ортадағы нағыз жазушы назарымды аударар. Ал ондайлар, өзiң бiлесiң, көп емес.

— Несiпбек аға, сыйлықтарға қалай қарайсыз?

— Сыйлық… Шығармаларың бәйге алып жатса оның бiр ғана медет, демеуi бар. Ол жазғаныңның концептуалды жетiстiктерi бар көркем шығарма екенiн мойындағаны. Басқа не керек. Атақ, даңқ па? Атақ, даңқ қуу – азғындаудың басы. Өйте қоятындай, әлi әзiр аламиға айнала қойған жоқпын.

Әңгiмелескен Гүлзина БЕКТАСОВА