Жаңалықтар

“КАЗАХСКОЕ ДЕЛО”

ашық дереккөзі

“КАЗАХСКОЕ ДЕЛО”

19. Жансая СӘБИТОВА 

1987 жылы 5 қаңтарда Қазақ ССР Жоғарғы сотының қылмыстық iстер бойынша сот коллегиясы мына құрамда Жоғарғы сот мүшесi, төраға Ғ.Б.Орманова, халық заседателдерi А.Ф.Сидорченко, С.А.Әбдiрахманова, мемлекеттiк айыптаушы Ө.С.Сарбаев, қорғаушы-адвокат Н.Е.Жанәбiлов, қоғамдық айыптаушы Ш.С.Сабдыкеева айыпкер Жансая Әлкейқызы Сәбитованың iсiн Қазақ ССР Жоғарғы сотының Алматыдағы мекен-жайында қарады. Сотқа шақырылған он үш куәгер қатысты.

«… Төрағалық етушiнiң сұрағына айыпкер Ж.Сәбитова: – Мен кейбiр куәгерлердiң тергеу кезiндегi жауап берген хаттамаларымен танысқаным жоқ. Төрағалық етушi iстi қарауға қатысушылардың пiкiрлерiн сұрады. Прокурор: – Жолдас, сот мүшелерi! Ол адвокатымен бiрге iс материалдарымен толық танысқандарын бiлдiретiн айғақтың болуына байланысты өтiнiш негiзсiз деп қабылдамауларыңызды сұраймын. Қоғамдық айыптаушы Ш.Сабдыкеева: – Сот ұйғарымына қарай. Адвокат Н.Жанәбiлов: – Менiң қорғауымдағы Ж.Сәбитованың бұл өтiнiшiн қанағаттандыруларыңызды сұраймын. Iс материалдарымен танысу барысында қорғаушы тарапынан ешқандай да қосымша өтiнiш түскен жоқ. Алайда менiң қорғауымдағы жанның iстi қайта қарап шығуға өтiнiш жасағаны iс материалдарының кейбiрiмен атүстi танысуына байланысты болса керек. Сот өз орындарында кеңесiп анықтады. – Қылмыстық iстер материалында айыпкер Ж.Сәбитова мен адвокаттың iс материалдарымен танысқаны жөнiнде қолтаңбалары бар болғандықтан Сәбитованың өтiнiшi қабыл алынбайды. Ал куәгерлердiң көрсетулерiне келетiн болсақ, барлығы сот мәжiлiсiне шақырылған. Егер айыпкер Ж.Сәбитованың ұмытып қалғандары есiне түспей жатса, бiз куәгерлерден жауап алу барысында есiне саламыз.» (1 том. 187-188 беттер) Сот мәжiлiсi iстiң ақ-қарасын анықтап, адам тағдырын шешедi. Олар Сәбитованың өтiнiшiн неге қабыл алмады? Iстi қарауға соншалық асыққандары қалай? Оның кейбiр материалды қайта қарап, көңiлiн орнықтыруға мұрсат берулерi керек едi ғой. Мәселе оның ұмытқанын еске салуда емес. Сол материалдармен танысып, алдын ала ой қорытуында. Ал оған уақыт керек. «… Төрағалық етушi: – Айыпкер Сәбитова, таңылған айып бойынша сiз өз кiнәңiздi мойындайсыз ба? Айыпкер Ж.Сәбитова: – Таңылған айыптың мәнi түсiнiктi. Мен тек үнпарақтар мен плакат дайындағаным үшiн ғана өзiмнiң кiнәлi екенiмдi мойындаймын. Бiрақ менi жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастырушы дегенмен келiспеймiн. Менi ұстаған кезде үнпарақтарды басқадан емес, өзiмнен алды. Сондықтан саяси күшi болған жоқ. Өзiмдi жартылай кiнәлi санаймын. Төрағалық етушi талқылауға қатысушылардан iстi қарау тәртiбi жөнiнде келiсiп алуды ұсынды.» (1 том. 189 бет) «… Таңылған айып бойынша көрсетулер беру Ж.Сәбитоваға ұсынылды. Айыпкер Ж.Сәбитованың көрсетуi. – Мен 1986 жылы 18 желтоқсанда таңертең ауру жездемнiң көңiл-күйiн сұрау үшiн бiрiншi Алматыға бардым. Жол бойында «Красногвардейский» даңғылымен солдаттар артқан 10 автомашинаны көрдiм. Бiр әйел бiз мiнген №7 автобуста жүргiзушiмен алаңда болған оқиға туралы сөйлесiп тұрды. Солардан естiгенiм алаңдағы айқас, әлдекiмдердiң жастарды ұрып-соққаны, кешке қарай өрт сөндiретiн машиналардың жастарға су шашқаны едi. Бұл менi бей-жай қалдырмады. Iштей ашу-ызамды тудырды. Пленум шешiмi де намысыма тидi. Өйткенi Қонаевтың елге еңбегi сiңген жан. Мерейлi жасына бiр-ақ ай қалған. Оны зейнеткерлiкке құрметпен шығарып салуға болар едi. Мен бүкiл Совет Одағынан Алматыға келiп-кетiп жатқан iрi ғалымдардың ол туралы пiкiрлерiн өз құлағыммен естiдiм. Олар өте жоғары саналы астрономдар, күйеуiмнiң әрiптестерi. Әр республиканың орталық университеттерiнде дәрiс оқиды. «Д.Қонаевтың басқа еңбектерiн былай қойғанда, тек Алматы үшiн тiрi кезiнде үлкен ескерткiшiн қоюға болады» деп iлтипаттарын бiлдiретiн. Мен елiмiздiң Қазақ Совет Республикасы деп аталатын статусы болғандықтан, басқа ұлт өкiлiнен бiрiншi хатшы сайлау дұрыс емес деп санаймын. … Бұл үнпарақтарды мен абырой мен бедел түсiретiн фактiлермен ашу-ыза үстiнде мәшинкемен бастым. Мәшинке өзiмiздiкi. Онымен көбiне күйеуiм жұмыс iстейдi. … Мен үнпарақтарды 1986 жылы 18 желтоқсанда бастым. Жастардың арасында қандай да бiр ұлтшылдық сезiмдерiн қоздыруды мақсат еткенiм жоқ. Мен ұлтшыл емеспiн. Мектепте ұлты орыс директормен бiрге жұмыс iстедiм. Ол маған партия қатарына өтудi ұсынды. Бiрақ менiң өткiм келмедi. Ұлты ұйғыр директор да менiң еңбегiмдi жоғары бағалады. Керiсiнше, мен қазақ директормен келiсе алмай жүрдiм. Сондықтан да өзiмдi ұлтшылмын деуден аулақпын. Мен барлығының да адал және әдiлеттi болғанын қалаймын. Қазақ Республикасына бөтен адамды бiрiншi хатшы етiп тағайындау әдiлеттiк емес. Және Қонаев жөнiнде дәлелдi себеп бола алмайды, әрi педагогикалыққа жатпайды. … Ал 1986 жылы 19 желтоқсанда мен плакатты жастардың iсi үшiн ғана жазып қойғаным жоқ. Сол плакатпен қалалық партия комитетiне барайын деп ойладым. Ондағылар қателiк тек жастардың алаңға шыққанында ғана емес, жоғарғы жақтағыларда да бар екенiн бiлсiн дедiм. Алайда оны қай жерге iлу керек екенiн бiлмедiм. Мен бұл туралы күйеуiме тiс жарғаным жоқ. Оған алаңға баратынымды ғана айтқанмын. Ол үзiлдi-кесiлдi қарсы болды. Егер менiң осы ойлағандарымды жүзеге асыратын нақты жолдарым болғанда мен оны тыңдамас та едiм. Менiң бұл iстерiммен жағдайды өзгерте алатыныма сенiмiм болмады. Сондықтан плакатты үйде қалдырдым. … Троллейбус Коммунистер (қазiргi Абылай хан) даңғылында сынып қалды. Мен Фурманов көшесiмен жоғары көтерiлдiм. Маған ыңғайлы жан кездескен жоқ. Үнпарақтарды сол көшенi бойлата тастауыма да болар едi. Солай мен жатақханаға дейiн жеттiм. Жақындай бере екi жасақшыны көрдiм. Мен олардың жанына барып: «Неге қалааралық байланыс жұмыс iстемейдi?» – деп сұрадым. Олар маған: «Мұндай сөздi доғарыңыз!» – дедi. Алексеевтiң құлағы осы сөздi ғана шалып қалған. Милицияға телефон соғыпты. Мен сол жатақханаға үнпарақтарды тарату үшiн барғаным жоқ. Жиенiм Әбiл Құрмантаевтың қал-жағдайын сұрайын дедiм. … Ол келген соң мен отырған кабинеттен шығып, оған анасын қарсы алуға автовокзалға баратынын, егер келмей қалса сағат 14-те жүретiн көлiкпен өзi ауылға қайтып, әкесiнiң хабарын жеткiзудi тапсырдым. Бiз келiсiп сыртқа шықтық. Мен кетiп бара жатқанымда милиция машинасы алдыма кесе көлденең тоқтады. Iшiнен үшеу шығып, менiң машинаға отыруымды талап еттi. Мен не болып қалғанын сұрадым. Олар: «Барған соң бiлесiз», – дедi. Машинада отырған кезiмде сөмкемде үнпарақтар бар екенi есiме түстi. Мен соларды машина әйнегiнен сыртқа тастай салмақшы болдым. Бiрақ маған ондай мүмкiндiк берген жоқ. (1 том. 192-202 беттер) Айыпкер Сәбитова төрағалық етушiнiң сұрағына: – Мәшинкенi 1979 жылы сатып алдық. Плакатты фламастермен жаздым. Үнпарақтар саяси күшiн жоғалтқан соң мен плакатпен ауыстырдым. Дер кезiнде пайдалана алмаған соң менiң оларды жойып жiбергiм келген. 19 желтоқсанда үйге жора-жолдастар бас сұққан соң ұмытып кетiппiн. Айыпкер Сәбитова прокурордың сұрағына: – Мен үнпарақтарды таратудың тиiмдi жолдарын бiлмеген соң бас тарттым. Содан соң осы плакатты жаздым. Плакат партия өкiлдерiнiң назарын аудару үшiн жазылды. Алайда менiң ойым оларға жетпедi. Мен үнпарақтарды үйдегiлерге көрсетпейiн деп сөмкеме салып қойдым. Күйеуiм онда үйде болатын. Айыпкер Сәбитова адвокат Жамалбековтың сұрағына: – Куәгерлер арасынан менiң нәсiлшiлдiктi қоздыратын идея таратқанымды, жаппай тәртiпсiздiкке шақырғанымды, менiң ұйымдастырушы болғанымды көрсетiп, түсiнiк бергендер жоқ. Мен тек алдын ала тергеуде Алексеевпен ғана бетпе-бет кездестiм. Ол сонда менiң көзiмше менiң сөздерiмдi естiмегенiн, тек жасақшылардың айтқанын құлағы шалып қалғанын жеткiздi. Ал сол жасақшылармен бетпе-бет кездестiрмедi. Олар тергеу барысында анықталмаған. Жатақханада жан адамды жаппай тәртiпсiздiкке шақыратын үгiт жүргiзгенiм жоқ. Менi 20 желтоқсанда Абай мен Фурманов көшелерiнiң қиылысындағы жатақхана ауласында ұстады. Мен үнпарақтарды дайындағаным үшiн өз кiнәмдi мойындаймын. Өзiмнiң жайбасарлығымнан оларды жойып жiбере алмадым. Төрағалық етушi үнпарақтағы сөздердi жария еттi. Үнпарақтардың екi нұсқасы бар екен. Бiрiншi нұсқасы. «Оңбаған, орыстар! Қай кезде де өтiрiк айту сендердiң өмiр сүру тәсiлдерiңе айналған! Халықты осыншалық азғындағандарың жетедi! Алаңға шыққандар болмашы топ қана емес. Олар маскүнемдер де және есiрткi шегушiлер де емес. Сендердi жек көргендiктен шыққан халық. Еңбекшiлердiң бәрi сендердi емес, соларды толық қолдайды! Жоғалыңдар бұл жерден!» Екiншi нұсқасы. «Орыстар! Қазақстаннан жо-ға-лың-дар! Горбачев жойылсын!Колбин жойылсын! Сендерге қазақтардың Мәскеудi қорғап бергенi де жетедi! Сендер қазақтардың нанын жеткiлiктi жедiңдер! Ендi жетедi! Жоғалыңдар! Кетiңдер бұл жерден! Горбачев барып тұрған ақымақ! Жойылсын! Жойылсын! Жойылсын!» Төрағалық етушiнiң сұрағы: – Қазақ ССР-не бiрiншi хатшы барлық уақытта қазақтар болды ма? Айыпкер Сәбитованың жауабы: – Бiзде бiрiншi хатшы армян Мирзоян да болды. Орыстардан да болған. Бiрақ мен содан берi жеткiлiктi уақыт өттi ғой деп санаймын. Ұлттың сана сезiмi де өстi. Сан жағынан да, сапа жағынан да жоғары көтерiлдi. Далада туып-өскен қарапайым қазақ мына маған республикада бiрiншi басшының бөтеннен болғаны жаныма қатты батады. Жат жұрттан үйге қонақ келсе: «Сендердiң бiрiншi басшыларың кiм?» – деп сұрайтын дәстүр бар емес пе? Ал бiздегi қазақ емес, қайдағы бiр орыс. Мен республика басшысы қазақ болуы керек деп санаймын.» (1 том 203-206 беттер) Жансая Сәбитова iшкi ойын да, өзiнiң iстеген iсiн де жасырып қалған жоқ. Бәрiн де ашып айтты. Шындықтың шырайын шығарып, өз басының емес, ұлттың мүддесiн қорғады. Сонда зиялы қауымның жанын жегiдей жеген осы мәселе едi. «Iш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» – деп тасада әлiптiң артын бағып жата бердi. Ал Ж.Сәбитова бәрiне басын тiктi. Ретi келгенде iстiң ыңғайымен айта кететiн бiр жай бар. Алматыдағы сол бiр қанды оқиға екi жыл, бес айдан соң, яғни 1989 жылы 9 сәуiрде Тблисиде қайталанды. Қаланың Руставили алаңында рұқсат етiлмеген митингiнi әскер күшiмен тарату кезiнде 19 адам қаза тапты. Оның 16-сы әйел. СССР халық депутаттарының бiрiншi құрылтайында Грузия өкiлдерi Тблиси оқиғасы бойынша тәуелсiз коммиссия құруды талап еттi. Сондай талапты Алматыдағы оқиға бойынша бiздiң депутаттардан жалғыз-ақ Мұхтар Шахановтың қойғаны жұрттың есiнде. Ал грузиндер өре түрегелдi. М.Горбачевтың келiспеске амалы қалмады. Тәуелсiз комиссияның төрағалығына депутат Анатолий Александрович Собчак сайланды. 1989 жылы 24 желтоқсанда СССР халық депутаттарының екiншi құрылтайында комиссияның зерттеу-сараптау қорытындысын баяндады. Оның сөзi «Известия» газетiнiң 1989 жылы 30 желтоқсандағы №364 санына «Тблисидегi оқиға туралы» деген атпен жарияланды. «… Мынандай фактiнi келтiру де жеткiлiктi. Қалада 28 рұқсат етiлмеген митингiлер өткiзiлген. Ал 4 сәуiрде ұйымдастырылған митингiде халық әрқалай талап ұрандармен шыққан. «Грузияда грузиндердi дискриминациялау доғарылсын!», «Грузияның толық тәуелсiздiгiн талап етемiз!», «Ерiктi, еркiн Грузия жасасын!», «Ресей империясы жойылсын!», «Ресей коммунистiк партиясы жойылсын!», «СССР – халықтар түрмесi!», «Орыс басқыншылары, отандарыңа кетiңдер!», «Түрiк агентурасы жойылсын!» осы тақылеттес тағы басқа да көптеген ұрандар болды. Жансая Сәбитованың үнпарақтары мен грузиндердiң талап ұрандарында қаншалықты айырмашылықтар бар? Үндесiп жатқан жоқ па? Бұл екi ұлттың қағажу көрген тағдыр ұқсастығынан туындағаны хақ. Дегенмен Руставили алаңына жиналған, саяси талаптарын ашық қойған 8 мың грузиннiң бәрi түп-түгел ұлтшылдар ма? Керiсiнше, социалистiк қоғамның әбден асқынған дертiнiң көрiнiсi екенi анық. Әлеуметтiк әдiлеттiк болмаған жерде, түбi тыныштық болмайды. Сәбитованың да жанайқайы сол әдiлетсiздiктен шығып отыр. Сот залынан. «Төрағалық етушi: – Қазақ халқының ұлы ағартушылары Ш.Уәлиханов, Абай және Алтынсарин орыс халқының қазақтармен достығы жөнiнде не айтқан? Айыпкер Сәбитова жауап бермедi.» (1 том. 206 бет) Ол бiлмегеннен үндемей қалған жоқ. Ресейдiң жалған достығын дәрiптегiсi келмедi. Кезiнде орыс генерал-губернаторы Черняевтың Жетiсу қазақтарын жазықсыз зеңбiрекпен атқылағаны, соны көрiп Ш.Уәлихановтың опынып қатты күйiнгенi, Абайдың орыстың өнерi мен ғылымын насихаттағаны, «Бар байлығыңды берiп, басыңды аяғыңа дейiн иiп, құлшылық ет» демегенi, Алтынсариннiң оқу, бiлiмдi солардан үйрен дегенi, переселендердiң есiктен кiрiп, төрге озып, қазақтарды бар шұрайлы жерiнен ығыстырғаны оның есiнде тұрды. Ол шоқпардың күшiмен болған достықты шынайы деп есептемедi. Үндемей қалғаны да үлкен жауап. Сот залынан «Төрағалық етушiнiң сұрағы: – Сiз барлық халықтың қалауын жеткiздiм деп ойлайсыз ба? Айыпкер Сәбитова: – Қазақта, егер адам өзiнiң барлық саналы өмiрiн халықтық iске арнаса, қартайған шағында оған құрмет көрсететiн дәстүр бар. Менiң ойымша, бұл Қазақ Республикасы болғандықтан, бiрiншi хатшы ұлт кадрларынан бiреу болуы керек едi. Бұл қазақ халқына жасалған қысым. Төрағалық етушiнiң сұрағы: – Сiздiң әкеңiз соғысқа қатысып па едi? Айыпкер Сәбитова: – Менiң әкем 1904 жылы туылған. Иә, соғысқа қатысты. Бiрақ қай майданда шайқасқанын бiлмеймiн. Тек «Сталинград түбiнде соғыстым» дегенi есiмде. Жаралы болған, наградалары бар. Үстiмiздегi жылы өмiрден өттi. Төрағалық етушiнiң сұрағы: – Сiз Мәскеудi тек қазақтар қорғады деп ойлайсыз ба? Басқа кiмдер Мәскеудi қорғады? Айыпкер Сәбитова: – Менiң бiлуiмше, Мәскеудi Панфилов дивизиясының қазақтары соңғы демдерi бiткенше қорғады. Сондай-ақ Мәскеуге орыстар, украиндар, қазақтар және басқа ұлттар да жанын салды. Айыпкер Сәбитова халық заседателi С.Әбдiрахмановтың сұрағына: – Мен партия мүшелiгiне өтуден 1975 жылы бас тарттым. Өткен жылы да солай болды. Қоғамдық iсiм – кәсiподақ комитетiндегi ревизия комиссиясының төрайымымын. Айыпкер Сәбитоваға төрағалық етушiнiң сұрағы: – В.И.Лениннiң ұлт мәселесi жөнiндегi еңбектерiн оқып па едiңiз? – … Айыпкер Сәбитова төрағалық етушiнiң сұрағына: – Плакатты жазып жатқан кезiмде күйеуiм ұйқыда болатын. Ол күнде таңғы сағат 6-да тұрады. Ал мен үнпарақтарды мәшинкемен басып жатқанда ол өз бөлмесiнде едi. Көрген жоқ. Оның алдын ала тергеудегi көрсетуiмен танысқаным жоқ. Үлгере алмадым. 19 желтоқсанда осы плакатпен қалалық партия комитетiне барғым келген. Ол менiң немен баратынымды бiлген жоқ. Сонда да баруыма тыйым салды. Күйеуiммен қарым-қатынасымыз ойдағыдай. Бiр-бiрiмiздi сыйлап, құрметтеймiз. Айыпкер Сәбитова прокурордың сұрағына: – Мен халық наразы деп санаймын. Бәлкiм, мен ұлт кадрларының бiрiн басшы етiп сайламағандықтары үшiн асыра айтқан болармын. Өйткенi халықты қорлады. Мен соның есесiн қайтаруға әрекеттендiм. Саналы түрде әрекет еттiм. Айыпкер Сәбитова төрағалық етушiнiң сұрағына: – Пленумға Михаил Горбачевтың тiкелей қатысы бар. Қазақ ССР-нiң басшылығына Геннадий Колбиннiң бiрiншi хатшы болып келуi соның ықпалы. (1 том 207-215 беттер). … Куәгер Э.Горбунов төрағалық етушiнiң сұрағына: – Айыпкер өзiн жақсы ұстады. Сабырлы сөйледi. Дөрекiлiк көрсеткен жоқ. Куәгер Горбунов прокурордың сұрағына: – Бiзге Сәбитова үгiт жүргiзiп жатыр деп хабарлады. Бiз оның жатақханаға не үшiн келгенiн және не қажет болғанын анықтау үшiн соңынан бардық. Онымен сөйлескен жiгiттi Калинин аудандық Iшкi iстер бөлiмiне жеткiзiп, тергеушiге тапсырдым. (1 том. 219 бет) … Куәгер Б.Саламатов төрағалық етушiнiң сұрағына: – Үнпарақтарға көз қиығымды тастағаным болмаса, оқығаным жоқ. Ұстаған сәтте ол дөрекiлiк көрсетпедi. Тек «Не үшiн?» деп сұрады. Куәгер Т.Теңiзбаев төрағалық етушiнiң сұрағына: – Сәбитова бұл үнпарақтарды ашу үстiнде үйде дайындағанын, бiрақ таратпағанын айтқан. Мен оның солай iстегенiн бiлмеймiн. Алайда оның үнпарақтар дайындағаны ақымақтық. Мұндай iстiң жолын кесiп жазалау керек. Егер мұндай үнпарақтар бұзақылардың қолына тисе, ол өзiнiң бұзақылық iсiн жалғастыра түседi. Куәгер Ә.Құсқұдова адвокат Жанәбiловтың сұрағына: – Телефон соққан ер кiсi әйел қазақтарды үгiттеп жүр дедi. Мен кiм екенiн сұрап жатпадым. Өйткенi әйелдiң жаппай тәртiпсiздiкке шақырып жатқаны белгiлi болды. Бұл менiң болжамым. Куәгер Құсқұдова халық заседателi С.Әбдiрахмановтың сұрағына: – Бiзде «Сова» аппараты бар. Егер пәтерден телефон соғылса, кiшкене шамы жанады. Ал егер телефон көшенiкi болса жанбайды. Ер кiсi бiзге көшедегi телефоннан соқты. (1 том 220-236 беттер). Куәгер А.Алексеевтiң көрсетуi. «… Жұмыс орныма келiсiмен мен милицияға телефон шалдым. Құрылыс техникумының ауласында бiр әйел үгiт жүргiзумен айналысып жүргенiн хабарладым. Куәгер Алексеев төрағалық етушiнiң сұрағына: – Мен Сәбитованың сөзiнiң соңын естiп қалдым. Жасақшылар әйелдiң мен естiмеген сөздерiне жауап берiп жатты. «Мұндай сөздi доғарыңыз!». Олар бiрнеше рет қайталады. Әйел оларға: «Шындық үшiн сөйлеу қажет!», «Қалада неге байланыс жоқ?», – деп жатты. Әйел өте ашулы едi. Қолын сiлтеп, жұлқына сөйледi. Куәгер Алексеев айыпкер Сәбитованың сұрағына: – Сiздiң үгiт жүргiзiп жатқаныңызды бiлген себебiм: бiрiншiден, жасақшылардың бiрi сiздi ұстауды ұсынды. Демек, олардың солай iстегiсi келгенiне қарағанда сiз күдiк туғызғансыз. Екiншiден, өз құлағыммен естiген сiздiң сөздерiңiз негiз болды. Үшiншiден, сол күндерi қалада тәртiпсiздiк орын алған едi. Осылардың жиынтығы менiң милицияға телефон соғуыма түрткi болды. Куәгер Алексеев төрағалық етушiнiң сұрағына: – Жасақшының бiрi – орыс, екiншiсi – қазақ не ұйғыр. Айтпақшы, қазақ не ұйғыр әйелдi ұстауды ұсынды. Орыс жiгiтi: «Бұл әйелге көңiл аударудың қажетi жоқ», – дедi. (1 том. 237-241 беттер). Куәгер А.Алексеевтiң жауаптары ала-құла. Көңiлге күмән туғызатын жайлары бар. «02»-нiң операторы Құсқұдова оны көшеден телефон соқты дейдi. Ал ол кинотехникумдағы жұмыс орнынан қоңырау шалғанын айтады. Құсқұдоваға әйелдiң қазақтарға үгiт жүргiзiп жатқанын хабарлаған. Ал алдын ала тергеуде ол Сәбитованың ондай iсiн көрмегенiн жеткiзген. Тергеушiге жазып берген көрсетуiнде жасақшының «Мұндай сөздi доғарыңыз!» деп айтқанын естiген болады да, қасында тұрып Сәбитованың ашумен дауыстап айтқан жауабын естiмей қалады. Ендi келiп әйел жасақшыларға: «Шындық үшiн сөйлеу керек» – деп жауап бердi дейдi. Сонда сот мүшелерi Алексеевтiң қай сөзiне сенген. Оның орнықсыз жауаптарына қарағанда тергеушiлердiң ыңғайына көнген куәгерлердi тура жолдан бұра тартатындары тәжiрибелерiнде бар. Сот залынан. «Куәгер Т.Адамбеков прокурордың сұрағына: – Мен олардың не туралы сөйлескендерiн естiмедiм. Құрмантаев оны сыртқа дейiн шығарып салып, қайтып келдi. Куәгер Т.Адамбеков адвокат Жанәбiловтың сұрағына: – Сәбитова бiзбен сөйлескен жоқ. (1 том. 247-248 беттер) Ә.Құрмантаевтың көрсетуi. … – Кезекшi менiң бөлмеме милиция қызметкерлерiнiң кiргенiн айтты. Мен өз бөлмеме бардым. Олар салған жерден: «Үнпарақтар қайда?» – деп сұрады. Мен: «Қайдағы үнпарақтар?» – дедiм. Олар менi аудандық Iшкi iстер бөлiмiне алып барды. Онда менен тағы да үнпарақтар туралы сұрады. Бiлмесем не айтайын. Куәгер Құрмантаев прокурордың сұрағына: – Сәбитова әкемнiң хабарын жеткiздi. Ал қаладағы жаппай тәртiпсiздiк туралы жақ ашпады. Үнпарақтар берген жоқ. Тiптен барын бiлмедiм де. (1 том. 252 бет) Куәгер Л.Гибанова төрағалық етушiнiң сұрағына: – Мен оның тарапынан ешқандай да ағаттық iсiн байқамадым. Иә, әрiптестерiне аздап менмен болатын. Мiнезi солай. Бiз үшiн оның ұсталуы ашық аспаннан жай түскенмен бiрдей болды. Сәбитова №2 автопаркте өткен кеңесте мектеп реформасының жүзеге асырылуы жөнiнде өте жақсы сөйледi. Куәгер Гибанова адвокаттың сұрағына: – Оның күйгелектiгi бар. Ескертудi бiрден қабылдай алмайды. Оқытушылардан «Сәбитова ұлтшылдықты насихаттап жүр» деген сыбыр-күбiрдi естiмедiм. Куәгер Н.Федорцова прокурордың сұрағына: – Сәбитовамен жұмыс бабында келiспей, айтысып қалатынымыз рас. Ол тез шамданады. Кейде айтқандары жөн¬сiз. Бiз осы кемшiлiктерiн ескерткенбiз». (1 том. 262 бет) Шәмiл Сәбитов сот мәжiлiсiне куәгер ретiнде шақырылған. Сол мәжiлiстiң қарсаңында денсаулығы сыр берiп, Ғылым академиясының ауруханасына түседi. Дәрiгер Жаппасованың анықтамасына қарағанда жүрек қалыпты жұмыс iстеуiн өзгерткен. Төрағалық етушi сол анықтама бойынша сот талқылауына қатысушылардың ұсыныс-пiкiрлерiн сұраған. Прокурор Сәбитовтың келмегенiн себептi деп қарап, алдын-ала тергеуде берген көрсетуiн жариялаумен шектелудi ұсынады. Өзгелер оны құптайды. Айыпкер Сәбитова прокурордың сұрағына: – Мен жасақшылардан: «Қалааралық байланыс неге жоқ?» – деп сұрадым. Олар қолдарына қызылдан белгi байлаған. Демек, соны iстеп отырғандардың саясатын қолдайды. Сондықтан жауап берулерi керек. Мен Орталық Комитеттiң бiрiншi хатшысын сайлау сол елдiң халқына тiкелей қатысты iс деп санаймын. Егер партия шешедi екен, онда сол елдiң игiлiгi үшiн, сол халықтың мүддесiмен санаса отырып шешуi керек. Айыпкер Сәбитова адвокаттың сұрағына: … – Жастар Отанды қорғау секiлдi үлкен мiндеттердi атқаруда. Оларды қай жерде қиындық болса, сол жерге жұмсайды. Егер олар наразылығын бiлдiрiп жатқандай болса, бiз қолдап, қорғауымыз керек. Айыпкер Сәбитова төрағалық етушiнiң сұрағына: – Үнпарақтардың мазмұны бұзақылық iстердi тоқтатуға мүмкiндiк бермейдi. Олар менiң қасiретiмдi бiлдiредi. Алайда, үнпарақтар ешкiмнiң қолына түскен жоқ. (1 том. 278 бет) Сот тергеуi аяқталды деп жарияланып, сот жарыссөзге көштi. Сөз қоғамдық айыптаушы Ш.Сабдыкееваға берiлдi. … – Мен Ж.Сәбитованы 1977 жылдан берi бiлемiн. Бiрақ менi басқа мектепке ауыстыруына байланысты онымен ұзақ уақыт жұмыс iстеудiң сәтi түспедi. Алайда менiң жеке және барлық педагогикалық ұжымның пiкiрi Сәбитова осы мектепте 9 жыл жұмыс iстей жүрiп iшкi сырын ашпайтын, бiртоға тұйық жан екенiн сездiрдi. Әрiптестерiмен қарым-қатынаста өзiн менмен ұстайды. Оның осы заңға қайшы iстерiн түсiну қиын. Мен коммунист ретiнде педагогикалық ұжым атынан Ж.Сәбитованың iсiн саяси сауатсыздық деп бағалаймын. Бiзге жастардың жан дүниесiне биiк интернационалдық идеяны құйып, жақсылыққа тәрбиелейдi деп сенiм артқан мұғалiмiмiз осылай iстейдi деп ойлаудың өзi қорқынышты. Ол осы ортада басқа мақсатпен, басқа оймен жүр екен. Ендi оған жастарды тәрбиелейдi деп сенiм артуға болмайды. №19 мектептiң ұжымы оны осы iсi үшiн кiнәлап, соттан оның iстеген iсi үшiн жазалауды сұрайды. (1 том. 279-282 беттер) Мiне, жалған тәрбиенiң жемiсi. Интернационализм идеясымен улап, тегiңдi де танытпайды. Әрине, өзгеге құрметпен қараған жақсы, егер одан сондай шынайы қайтым болса. Қазақ оны «Әркiм сыйлағанының құлы» дейдi. Алайда бiр ғана ұлтты «ұлы» деп дәрiптеп, соның шылауында кету интернационалдық тәрбие емес. Оның түбiнде бiр ұлтты асқақтатып, екiншiсiн жасықтық пен намыссыздыққа апаратынын мәртебелi уақыт көрсеттi. Алаңға шыққан жастар саналы едi. Сол әлеуметтiк әдiлетсiздiктi жете түсiндi. Сәбитова ұлтын сүйдi. Өрiмдей ұл-қыздарды туған бауырындай көрдi. Жалған интернационалист болып, оларды орға итерген жоқ. Қайта қолдап, қорғауға тырысты. Бауырмалдықтан асқан тәрбие бар ма? Сәбитова соны iстедi. Сот залынан. «Қазақ ССР прокурорының көмекшiсi Ө.Сарбаев жолдас: – Жолдастар! Адамзат тарихында барлық халықтардың теңдiгi мен туысқандығы iс жүзiнде тек бiздiң отанымызда жүзеге асып отыр. Совет Одағы социализм жеңiстерiмен антоганизм және ұлтараздық қарым-қатынас кедергiлерiн басып өтiп, бүкiл әлемге iс жүзiнде паш еттi. … Айыпкер Сәбитова жаппай тәртiпсiздiктiң орын алғанын бiлген соң оған жастарды әдейi тарта түсу мақсатында 1986 жылы 18 желтоқсанда, өз үйiнде ұлтшылдық мазмұндағы 27 үнпарақ басып шығарды. Оларда қазақ ұлтын жаппай тәртiпсiздiктi жалғастыруға шақырған. Сәбитова 1986 жылы 20 желтоқсанда құрылыс техникумына келген. Үнпарақтарды тарату әрекетi кезiнде ұсталған. Сәбитова 1986 жылы 19 желтоқсанда өз пәтерiнде көлемдi қалың ақ қағазға арандату мазмұндағы плакат жазған. Плакатта орын алған оқиғаның нақты себептерi бұрмаланған. Жолдас, сот мүшелерi! Сот мәжiлiсiнiң тергеуi барысында бiз айыпкер Жансая Сәбитовадан толық жауап алдық. Куәгерлер мен сот тергеу материалдары Ж.Сәбитованың кiнәсi Қазақ ССР ҚIК-нiң 60 бабында қарастырылған ұлт өшпендiлiгiн қоздыру және тұтандыру мақсатындағы үгiт-насихат жүргiзгендiгiне, сондай-ақ Қазақ ССР ҚIК-нiң 65 бабында қаралған жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастыруымен толық дәлелдендi. Сот iс қарау барысында Ж.Сәбитова үнпарақтарды басқанын, бiрақ оны таратқысы келмей өз iс-әрекетiнен бас тартқанын түсiндiрiп баққандай болды. Плакат жазып, алайда онмен ешқайда бармағанын айтты. Осыдан мынандай сұрақ туады. Айыпкер Ж.Сәбитова үнпарақтар мен плакатты не үшiн үйiнде сақтады? Егер таратқысы келмесе неге 1986 жылы 18, 19, 20 желтоқсан күндерi өзiмен бiрге алып жүрдi? Сол кездерде жою керек едi ғой. Оны милиция қызметкерлерi ұстаған сәтте ғана үнпарақтарды сыртқа лақтырып тастауға әрекеттенген. Бұл да оның арам ниетiн айғақтайды. Егер ол өз ниетiмен бас тартқаны рас болса, ол үнпарақтарды сол бойда милиция қызметкерлерiне бере салар едi. Алайда оны милиция қызметкерлерi ұзақ уақыт көндiргеннен соң барып берген. Жолдас, сот мүшелерi! Сiздер куәгер Алексеевтiң көрсетуiн тыңдадыңыздар. Ол Совет Одағының нағыз азаматы ретiнде сол бiр сергелдең уақытта партия мен үкiметтiң саясатын құптамайтын және жаппай тәртiпсiздiк жөнiндегi шешiмiн мақұлдамайтын жанға назар салды. Соның нәтижесiнде Ж.Сәбитованың қылмыстық әрекетiнiң жолы дер кезiнде кесiлдi. … Осы жерде Ж.Сәбитованың ешкiмдi менсiнбейтiн менмендiгi, томаға тұйық өз дегенiмен жүретiндiгi көңiлiмiздi аударды. Сондықтан да ұжымы бұл адамның нағыз iшкi дүниесiн дер кезiнде бiлмеген. Тек сот тергеуi барысында өзiнiң айтуы мен көрсетулерi және iсi арқылы бұл нағыз ұлтшылдың өзi екенiн анықтадық. Бiздiң партияның саясатын, үкiметтiң саясатын жақтамайтыны және оның iс-әрекетi осы басылған үнпарақтардан көрiнiс табады. Мен соттан жоғарыда айтылғандарды назарға ала отырып, оның iс-әрекеттерi Қазақ ССР ҚIК-нiң 60 бабы бойынша дәлелдендi деген тұжырыммен оны 3 жыл бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ, мен соттан Қазақ ССР ҚIК-нiң 65 бабы бойынша Ж.Сәбитованы 7 жыл бас бостандығынан айыруды және Қазақ ССР ҚПК-нiң 37 бабы негiзiнде ең соңғы шараны аса қатал жазалау ретiнде 7 жыл бас бостандығынан айырып,қатаң тәртiптегi колонияда өтеуiн сұраймын». (1 том. 282-290 беттер) Ж.Сәбитова алдын ала тергеуде де, сот талдауында да ағынан жарылды. Үнпарақтар мен плакатты дайындағанын жасырмады. Ашу-ызамен iстегенiн ашып айтты. Осыдан-ақ оның ақ-адалдығы көрiнiп тұрған жоқ па? Ал прокурор жоғарыдағы жалалы сөздерiмен оны айыпты етiп қана қоймай, жазаны ауырлата түсу мақсатымен «ұлтшыл» дегендi тағы қосты. Колбинге керегi де осы болатын. Өзi айтқан «ұлтшыл элементтердiң» алғашқысының аты аталды. «Сөз Ж.Сәбитованы қорғаушы Н.Жанәбiловке берiлдi. … – Сәбитова алдын ала тергеу барысында өз кiнәсiн шын жүрегiмен мойындаған. Ол ұлтшылдықты насихаттау мақсатымен үнпарақтар дайындағанын және плакат жазғанын жоққа шығармайды. Сондай-ақ қорғауымдағы Сәбитова үнпарақтарды тарату мақсатында техникум жатақханасына келгенiн және сонда үнпарақтарды шашып тастамақшы болған әрекетiн жарым-жартылай мойындайды. Алайда ол жатақханада ешқандай да үгiт-насихат жүргiзбеген. Оны ұстауға себеп болған бiреудiң: «Қызғылт түстi пальто киген әйел қоғамдық тәртiптi бұзатын әңгiме өткiзуде» – деген дабылы. Тергеу барысында ол куәгер Алексеев болып шықты. Алексеев 1986 жылы 20 желтоқсанда жасақшылар мен Сәбитова арасында болған эпизодты сөзбе-сөз жеткiздi. Қорғаушы бұл сөздерден қандай да бiр үгiт-насихатты көрiп тұрған жоқ. Демек, бұл Сәбитованың құрылыс техникумында тұрған кезiнде үгiт-насихат жүргiзбегенiн дәлелдейдi. Қорғауымдағы Ж.Сәбитованы Қазақ ССР ҚIК-нiң 60 бабы бойынша айыптау, бұл ұлттық және нәсiлдiк теңдiктi бұзуға жатады. Қылмыстық iстер материалдарында Сәбитованың қайсыбiр халықтар арасында ұлт араздығын қоздырғанын дәлелдейтiн куәгерлер жоқ. Қылмыстық iсте көрсетiлген жасақшылар тергеу барысында анықталмаған. Сондықтан да жобамен айтылған дәлелдемелердi айып ретiнде негiзге алу, қорғаушының пiкiрi бойынша дұрыс емес. Ж.Сәбитова Қазақ ССР ҚIК-нiң 65 бабымен де айыпталып отыр. Бұл жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастыруға жатады. Қылмыстық iстер материалдарында осы бап та негiзге алынып қаралған. Бiрақ Сәбитованың бұған ешқандай қатысы жоқ. Ол 1986 жылы 20 желтоқсанда ұсталды. Жаппай тәртiпсiздiк ресми мәлiмет бойынша 1986 жылы 18 желтоқсанда тыйылған. Соған байланысты Сәбитованың 17-18 желтоқсандағы оқиғаны ұйымдастырушы дегеннiң шындыққа қисыны келмейдi. Мен соттан жоғарыда айтылғандарды негiзге алып, қорғауымдағы жанның өз еркiмен қылмыстық iстен бас тартуына және оның жасады деген қылмысын көрген куәгерлердiң болмауына байланысты Сәбитовадан Қазақ ССР ҚIК-нiң 60 және 65 баптары бойынша таңылған айыптарды алып тастауын сұраймын. (1 том. 291бет) Қазақ ССР ҚПК-нiң 279 бабына сәйкес айыпкер Ж.Сәбитоваға соңғы сөзiн айту ұсынылды. – Жолдас, сот мүшелерi! Менiң қорғаушымның және өзiмнiң сөйлеген сөзiмде үнпарақтар мен плакат дайындағаным үшiн кiнәлi екенiмдi мойындағанмын. Алайда мен өзiмдi ұлтшылмын деп есептемеймiн. Өйткенi мен әртүрлi ұлт өкiлдерiмен жұмыс iстестiм. Менi үнпарақтар басуға итермелеген жайлардың бiрi бұл оқиғаның дұрыс шешiлмеу күйiнiшi. Мен соттан өзiмнiң шын жүректен мойындағанымды, менiң қызымның барын ескеруiн өтiнемiн. Мен барлық уақытта әдiлдiктiң болуын қаладым. Мен адамдардың адал жұмыс iстеуiн талап еттiм. Мен ұлтшыл емеспiн. Мен адал әрi әдiл жұмыс iстеген кез келген жанды құрметтедiм. Менiң кiнәм тек жан адам көрмеген үнпарақтар мен плакат дайындауымда. Олардан ешкiм зардап шеккен жоқ. Мен соттан сол iсiмдi кешiруiн және менi қызыма жiберуiн өтiнемiн». (1том 297 бет) «Қазақ ССР ҚПК-нiң 287, 299, 301 баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақ ССР Жоғарғы сотының Қылмыстық iстер жөнiндегi коллегиясы Үкiм еттi. Қазақ ССР ҚIК-нiң 60, 65 баптары бойынша және Қазақ ҚК-нiң 60 бабы бойынша Жансая Әлкейқызы Сәбитова кiнәлi деп табылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылсын. Қазақ ССР ҚК-нiң 65 бабы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылсын. Қазақ ССР ҚПК-нiң 37 бабы негiзiнде жасаған қылмыстары жиынтығы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасы жалпы тәртiптегi еңбекпен түзету колониясында өтелсiн. Жазаны өтеу мерзiмi 1986 жылдың 20 желтоқсанынан есептелсiн». (1 том. 324-331 беттер) Жазмыштан озмыш жоқ. Солай Жансая Сәбитова ұлтының мүддесiн қорғаймын деп «ұлтшыл» атанды. Сот шешiмiмен Желтоқсан көтерiлiсiн ұйымдастырушының алғашқысы болды және алғашқысы болып сотталды. Бес жылды арқалап, Жауғаштыдағы ЛА-154/4 еңбекпен түзету мекемесiне кете барды. «… Ал, өзiм алдымда өңiм тұрғай, түсiмде көрмейтiн ауыр күндер күтiп тұрғанынан мүлде бейхабар едiм. Екi жыл, бiр ай және он бiр күн түрме түнегiнде ұстайтындай «қылмыс» жасап қойғанымды қайдан бiлейiн. Менi бiр сәт көрмесе тұра алмайтын бес жасар Маржаным ботадай боздап қалды. Тәттi қылықтарын тамсана есiме алып, талай түндер көз iлмей, жастығымды жасқа шылап, дөңбекшiп шығарымды, аяулы жарым Шәмiлдi аңсап, көз жасымды көлдетiп жүрерiмдi бiлiппiн бе, мен бейбақ?..». («Жан жарасы жазылар-ау» 19-20 беттер) Жалғасы бар

Көлбай Адырбекұлы