КАЗАХСКОЕ ДЕЛО. Соңы
КАЗАХСКОЕ ДЕЛО. Соңы
* * *
Бүкiлодақтық «Правда» газетiнiң 1987 жылғы 14-шi ақпандағы №45 санында тiлшiлер Ю. Газуляев пен В. Хатунцевтiң әйгiлi жазушы Шыңғыс Айтматовпен сұхбаты жарияланды. Сұхбат тақырыбы жазушының «Адамдарға сенiмi» деген сөзiнен алынған. Төменде Айтыматов жауаптарының үзiндiлерi.
«… Бұлай iстеуге болмайтынына көз жетiп тұрсада ар-ұятының үнiн тыңдағысы келмей, iсiн жалғастырып, өзiн-өзi алдайды. Ал бұл ең жаманы тұлғаның тұлғалық қасиетiн жоғалтып, адамдық бүкiл өмiрiне зая келтiредi. Бұл туралы барлық уақытта ойлана бермейтiнiмiз өкiнiштi. Тағы бiр мәселе: билiктiң не үлкенi, не кiшiсi болсын оған моральдық құқылары жоқ адамдардың қолында болатынын қайтерсiң. Әдетте қызметкердi қандай қасиеттерiне қарап өсiрушi едi? Iскерлiгiне, атқарушылдығына, талапшылдығына, адамгершiлдiгiне қарай емес пе? Иә солай. Бiрақ бұл адамның мiнез-құлқы, бiздiң жоғары рухани қоғамымызға сәйкес келе ме, әдiл әрi адал ма?
… Қазiр бiз адам жанына үңiлудiң басқа жолдары мен тәсiлдерiн көбiрек iздестiру үстiндемiз. Бұл жерде ең бастысы, адамдардың шындықты бiлуi, қоғамды ақпараттандыру барысында мейлi барлық кезде жеңiлге түспесе де шынайылық пен адалдық болсын».
Айтыматовтың қоғамдық өмiрге деген тұжырымдары Жансая Сәбитованы көп толғандырды. Ақыры қолына қалам алды.
«… Жуырда ғана баспасөзде мынадай дерек жарияланды. Тек Талдықорған обылысынан 90 ұлт өкiлдерi тұрады екен. Ұлтшылдар дегенiмiз осы ма? Бiрде маған: «Кiм басшы болса да сiзге бәрiбiр емес пе?» деп сұрақ қойды. Бәлкiм дәл осы арада мен қателесетiн де шығармын. Ендеше сiз соған менiң көзiмдi жеткiзiңiзшi. Егер бәрi бiр болатын болса, онда еш бiр шекара да, ешбiр мемлекетте ұлттық мәселе деген түсiнiк болмас едi ғой.
Мен екiншi себеп деп ұлттық дәстүрдi сыйламаушылықты айтамын. Мәселен дана қарияларды құрметтеп, дәлiрегi өзiнiң мерейлi жасына бiр айға толмайтын уақыт қалғанда Д. А. Қонаевты соншалық дабыра етпей зейнеткерлiк демалысына шығарып салуына болар ма едi. Мен оған жоғары награда бермедi демеймiн, бiрақ қарапайым iлтипат-газетке фотосуретiн жариялап мүшел жасымен құттықтап, демалысқа жiбергенi жөн шығар. Мен мұны адамгершiлiк қасиет, әдiл және иманды iс болар едi деп есептеймiн.
… 18 желтоқсанда Алматыдағы оқиғалар жөнiнде ресми хабар берiлдi. Сол хабарда жұрттың бәрiне белгiлi жәйттер жасырылды. Менiң зығырданым қайнап, наразы болған көңiл-күймен «қылмыс» жасауға осы себепшi болды. Сөйтiп мен ұлтшылдық сипаттағы үнпарақтар дайындадым. Менiң танысып шығуыма тура келген «Қылмыстық iстер кодексiне» жүгiнсек, прокуратура мен сот органдары кiсiге айып тақпай тұрып, әуелi сол қылмысты жасаудың дәлел-дәйектерiн ашуға тиiс екен. Ал менiң жастарға жаным удай ашыды. Д. А. Қонаве үшiн және халық мүддесi үшiн қатты ренжiген дәлел-дәйектерiм мүлде еленбедi. Менiң бiр ғана айтарым, бұған енжар қарай алмадым. Сыртта тұрып жәй бақылаушы бола алмадым…» (Сәбитованың бұл сөзiн Әбiлмәжiн Жұмабай аударды).
Түрме әкiмшiлiгi оның сауаттылығынан, бiр беткей мiнезiнен сескендi. «Жоғарыға хат жаз, кешiрiм сұра», – деп қаншама рет ұсыныс жасады. Ол «Жастарға қыстың көзi қырауда мұздай су атқылап, соққыға жыққан қылмыстарынан менiң үнпарақтар мен плакат дайындағаным артық болып па? Не үшiн кешiрiм сұрауым керек? Жазықсыз жазалап, өмiрiмдi қорлағаны үшiн бе?», – деп жазудан бас тартып жүрдi. Олар Сәбитованың сағын сындырып, өз дегендерiне көндiру үшiн талай құйтырқы әрi қаскөй тәсiлдерiн қолданды. Жүйкең ауырады деген сылтау мен әдейi терiс емдедi.
«… Екi-үш күннен кейiн аға медбике жаныма жетiп келiп: «Сен мына дәрiлердi iшпей жүр екенсiң», – дедi. «Берген дәрiлерiңiздi түгел iшiп жүрмiн», – дедiм мен. «Жоқ, iшпей жүр екенсiң. Мен сенiң iшпей лақтырып тастайтыныңды бiлдiм», – дедi де қолындағы бiр уыс дәрiнi қарсыласқаныма қарамай, аузыма салып жiбердi. Онысы жүйке ауруына шалдыққан науқастарға беретiн «аминозин» деген таблеткалар едi.
«Апыр-ай! – деп жағамды ұстадым тағы да. – Ең ақыры ауруханада да артыма аңду қойды-ау, мыналар!»
Шегiнетiн шама жоқ. Көнбесең күштейдi. Өйткенi «сен-аурусың». Ауру адам емделуi керек. «Аминазин» туралы бұрыннан бiлетiнмiн iшiп көрмесем де елден естiгенiм бар. Түсi ақ. Оны iшкен кiсiнiң күнi бойы аяқ-қолының буыны ұстамай, есi кетедi. Басын көтерсе болды, лоблыған жүрегi аузыңа тығылады. Құсқысы келiп, әбден қиналады. Мен де сол күнi әлгiндей жағдайды бастан кештiм. Төсегiмнен тұра алмадым. Тұрсам болды, басым айналып, аяқ-қолым қалт-құлт етiп, бұрын соңды басымда болмаған күй кештiм. Екi-үш күннен кейiн әлгi әйел тура өткендегiдей, төбемде зiркiлдеп тұрып дәрiлерiн тағы да iшкiздi». («Жан жарасы жазылар-ау». Алматы «Қазақстан» 1998 ж. 73 бет)
Ол ел iшiндегi әлеуметтiк әдiлетсiздiктi есейе келе бiлдi. Қоғамда етек алып, кеселге айналған екiжүздiлiктен, жағымпаздықтан iштей жиренген. Желтоқсан көтерiлiсi жан дүниесiне жара салды. Мұндай өтiрiгi жайлаған қоғамда шындыққа мыңнан бiрдiң ғана қолы зорға жететiнiн түрмеде түсiндi. Күйiнiп «Қызыма» атты өлеңiн жазды. Қоғамды күйрете сынаған сол өлеңдi Желтоқсан көтерiлiсiне қатысып, зардап шеккен талантты ақын Мейiрхан Ақдәулетов аударды
Адал болма, қажетi жоқ! Сен кешiр!…
Ыңғайын тап ит-тiрлiктiң, қысылма —
Өтiрiк күл, алда, айтпа елге сыр,
Ақ көңiлмен досқа да қол ұсынба!
Бiлемiн, ботам, аппақ сенiң көңiлiң –
Достарыңнан аяғың жоқ барыңды.
Әдiл болма – қор болады өмiрiң,
Сол әдiлдiк сындырады қарыңды!.
Бұл мiнезбен ара түсер адалға,
Болысатын нақақ күйген мiскiнге –
Арандайсың. Отырасың қамауда
Анаңа ұқсап зар-өкiнiш үстiнде!
Сен түрменiң көтере алмай қорлығын
Iштен тынып, шын өлесiң құсадан.
Анаңа ұқсап, күнiн кешпе сорлының,
Адал болма, ботам, маған ұқсама!
Өтiрiк айт қалмау үшiн арандап,
Өзгелердiң жыртпа мүлде намысын –
Күллi пенде күн кешiп жүр амалдап,
Құл болып жүр қу жанының қамы үшiн!
Қара бастың қамын ойлап өс, жаным,
Ешкiм үшiн отқа түспе, күйiнбе –
Елдi ойлама, басқанiкi-басқа мұң,
Ата салтын шын ұстансаң, күйiң не?
Мен қорқамын – әдiл, адал мiнезбен
Табарың не? Соққы, қорлық, азап па.
Менше шыдап, тiстенумен кiл өзге
Қор болуы ма?… не қадiрлi қазаққа?!
Ақ перiштем, ертегiге алданба –
Әдiл болма!
… адалдық жоқ жалғанда!
Сөз соңы
Қазақ ССР Жоғары Сотының төрағасы Т. Айтмұхамметов жазасын өтеп жатқан Ж. Сәбитованың iсiн қайта қарау жөнiнде Жоғарғы сот пленумына екiншi рет протест жазған соң ғана бұрынғы Үкiм мерзiмi 5 жылдан 3 жылға ауыстырылды.
«1988 жылдың қараша айының 22-шi жұлдызында менi тура Алматының iргесiндегi Iшкi iстер министiрлiгiнiң қосалқы шаруашылығына алып келдi. Арнайы комендантура тiркеуiне алды. Жатақханасына орналастық. Ендi баяғыдай емес, арқа-басымыз кеңейгендей күн туды. Аптасына бiр-екi рет жазған өтiнiшiң бойынша күндiз үйге барып-қайтуыңа рұқсат бередi
1989 жылдың қаңтар айында бiржола босадым». («Жан жарасы жазылар-ау» 94бет)
1991 жылдың 12-шi желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға рақымшылдық жасау» жөнiндегi Жарлығы шықаннан кейiн Жансая Сәбитова толық ақталды.
Көлбай Адырбекұлы