СIБIРДIҢ ТОҢЫНДА СIРЕСКЕНДЕР

СIБIРДIҢ ТОҢЫНДА СIРЕСКЕНДЕР

СIБIРДIҢ ТОҢЫНДА СIРЕСКЕНДЕР
ашық дереккөзі

Биыл саяси қуғын-сүргiннiң басталғанына 70 жыл толады. Ресми дерекке жүгiнсек, сол жылдары Қазақстанда 125 мың адам «халық жауы» атанды, оның 22 мыңы ату жазасына кесiлген. Темiрдей жүйеден зәбiр көргендердiң барлығы (отбасы, бала-шағасын қосқанда) миллионнан асады екен.

В.Молотов, НКВД басшысы Н.Ежов, КСРО прокуроры Вышинский қол қойған Совет үкiметiне қарсы байлар, молдалармен аяусыз күресу жөнiндегi құжат Қазақстанға да келген. 1937 жылғы 5 тамызда Ежовтың №00447 бұйрығында қанша адамды қамау, қанша адамды ату керектiгi туралы айтылды. Тұтқынға алу үшiн жергiлiктi прокурордың қағазы керек емес едi, бiрден тұтқынға алу туралы нұсқау берiлдi. Осы жылдың 15 тамызындағы Ежовтың №00486 құпия бұйрығында «халық жауларының» туған-туыстары, отбасын да жауапқа тарту жөнiнде айтылады.

Сол зұлмат жылдарында бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданының оқыған, көзi ашық азаматтары да «халық жауы» деген айыппен ұсталды, атылды, кейбiреулерi iз-түзсiз жоғалды, Сiбiрге, Қиыр Шығысқа жер аударылды. Осы аймақта қуғын-сүргiн көрген адамдардың бiрi – Сейiтбадамов Нұрмұханбет Асылханұлы. Асылхан ата жасынан ескiше – арабша оқып, 14 жасында молда болып, бала оқытқан. Таза жүретiн, киiмдi талғаммен киетiн кiсi екен. Нұрмұханбет те жастайынан оқуға зерек болып, төте жазуды да ерте меңгерген. Кейiн Өскеменде жаңа әлiпбидi оқып, мұғалiмдiктi тәмамдайды. «Қарғыба» ауылында мұғалiм болған.

Ол 1927 жылы Ақсуат ауылында жаңа мектеп ашылғанда соған барып, мектеп директоры болады. Бiр күнi Нұрмұханбет үйде жоқ кезде, 3-4 милиционер үйiн тiнтiп, дүние-мүлкiн тәркiлейдi. Тiптi, көрпе-жастық, оюлы сырмақ, қарындағы май, қаптағы құртқа дейiн алып кеткен екен. Өзi үйiне келген соң ұсталып, Көкпектi түрмесiне қамалады. Ол кезде Ақсуат ауылы Көкпектiге қарайтын. Түрмеде үш ай жатып, аман-есен босап шығады. 1932 жылы Ақшабай (Қызыл жұлдыз») мектебiнде жұмыс iстейдi. 1934-35 жылдары Көкжыра ауылында алғашқы мектептiң негiзiн қалайды.

Нұрмұханбет «Жаңа тiлекте» қызмет iстеп жүрген кезiнде 1937 жылы 12 желтоқсанда НКВД алып кетiп, жазықсыз болған соң босатады. Бiрақ 23 желтоқсанда болымсыз себеппен тағы ұсталды. Ақсуаттың түрмесiнде жатқанда қарындасы Ғайнижамалға хабар жетiп, ол тамақ алып келген екен. Ол қарындасына «Жазығым жоқ, көп ұзамай босататын шығар, әзiрше анама, бала-шағама бас-көз болыңдар» деп үйге қайтарып жiбередi. Қарындастары үйде байыз тауып отыра алмай, түрмеге барса, түн жамыла пар жеккен шанаға тұтқындарды отырғызып, үстiн брезентпен жауып, әкетiп барады. «Ағалап» жылағанмен, бұларды тұтқындарға жолатпайды. Жолда Сұлужалдағы мектеп директоры Әбдiкәрiм Кәбековтiң үйiне түсiп, тамақтанады. Ол – Сәкен Сейфуллиннiң «Тар жол, тайғақ кешуiнде» аты аталып, суретi басылған Ақсуат аймағынан шыққан алғашқы дәрiгер Ысқақ Кәбековтiң iнiсi екен.

Көп ұзамай Әбiдiкәрiм Кәбековтың өзi де тұтқындалып, дүние-малы кәмпескеленедi, оның iшiнде Сейфуллиннiң қолтаңбасы жазылған «Тар жол, тайғақ кешу» кiтабы да тiнту жүргiзушiлердiң қолында кеткен.

Екеуiнiң әкесi 84 жастағы Тұртқожа Кәбеков те қамауға алынады. Төрт милиционер алып бара жатқанда әйелi «Молла-еке, менi қайда тастап барасыз?» деп жылағанда, ол: «Мен ендi жоқпын, кәлимамды айтып кетiп бара жатырмын» деген екен.

Алла аузына салды ма екен, Тұртқожаны сол айда-ақ Көкпектi түрмесiнде атып тастайды.

Денесiнiң қай шұңқырда жатқын әлi күнге белгiсiз.

Сонымен, Нұрмұханбеттi 1937 жылдың 29 желтоқсанында «халық жауы» деп 10 жылға сотайды. Сол жылы Сiбiрге, Владивосток қаласына жер аударылады. Жанында Қызылкесiктен Серiкбай Тәкiбаев деген кiсi болған. Нұрмұханбет Сталинге қайта-қайта хат жазып, көп iзденедi. Бiрақ ауыр жұмыс пен құнарсыз тамақтың салдарынан ауру болып, түрмеде көз жұмады. Молдалығы бар Серiкбай сол жерде арулап жерлеген екен.

1958 жылы қарашада «кiнәсi дәлелденбеген» деп, 1937 жылы 29 желтоқсандағы сот шешiмi қайта қаралып, Сейiтбадамов Нұрмұханбет ақталады.

Ақсуат өңiрiнде оқыған, көзi ашық, халыққа алғаш мектеп ашқан, мектеп салынғанша алты қанат киiз үйде бала оқытқан ел қаймағы адамдардың бiрiн «қой сойып, құдайы таратқан» деген желеумен, екiншiсiн Сейфуллиннен қолтаңба жаздырып алды деп, үшiншiсiн жастарды дiнге бұрды деп айтып тағып, қуғынға ұшыратты.

… Сталин 1953 жылы наурыз айында қайтыс болғанда, мектеп қабырғасындағы табақтай қара радиодан оның өлген хабарын есiп, өз әкемiз өлгендей аңырап жылағанымыз есiмде. Балалық-ай дессңшi, ол кезде ақ-қараны айыру қайдан болсын! Стаиннiң Яков баласымен түскен суретiн Грузиядан отағасым алып келiп, оны үлкейтiп шығарып, төрiмiзге iлiп қойдық қой бiз! Тас атқанға ас аттық па?!

Кезiнде саяси репрессияға ұшыраған аптал азматтардың ұрпақтары бүгiнде өсiп-өнген, жоғарғы бiлiмдi азаматтар. Сiбiрдiң тоңында сiрескендердiң асыл армандары ендi орындалсын. Алла ұрпақтарының ғұмырын ұзартсын!

87-дегi қария Ғайнижамал Асылханқызының аузынан

жазып алған Бәтес БАЙКЕНОВА