ТАЛ ТYСIНДЕ ТӨСТЕ ОЗҒАН

ТАЛ ТYСIНДЕ ТӨСТЕ ОЗҒАН

ТАЛ ТYСIНДЕ ТӨСТЕ ОЗҒАН
ашық дереккөзі

Нақыл жырдың дүлдүлi едi Тұрмағамбет

Бұдан жүз жыл бұрын бұрынғы Түркiстан өлкесiне қараған Сырдария облысының Қазалы уезiндегi Қуаңдария болысының 2-ауылында Iзтiлеу отбасына жарқыраған сәуле кiрдi. Риясыз ата-ана жөргектегi бөбекке нәрестенiң кiндiгiн кескен нағашысы Ермағамбет ақынның атына ұйқастырып Тұрмағамбет қойды. Тұрмағамбет ақынның балалық шағы Сырдария бойында, оның жағасындағы су жолы, керуен жолы, әрi осы өңiрдiң әкiмшiлiк орталығы Ақмешiт, Қармақшы, Қазалы қалалары мен Ақтайлақ өңiрiнде өтедi.

Алғашқыда өз ауылында оқып мұсылманша бiлiм алады. Мұнан соң Сыр өңiрiндегi Ораз, Дәулетназар Қалжан ахун мешiттерiнде сабақ алады. Оқуда қатарының алды болып «алғыр атанған әрi от ауызды, орақ тiстi ақындық өнерi бар шәкiрт Тұрмағамбет оқытқан ұстаздарының назарын аударады.

Т.Iзтiлеуов iлiм алуға ынтық болған таудай талаппен сауда керуенiнiң соңына ерiп Бұқара қаласына келедi. Сол кезде Таяу Орта Шығыс және Орта Азия елдерiне – әйгiлi оқу орны – «Мир – Араб» медресесiне оқуға түседi. 1899 жылдан бастап сондағы Көкалташ медресесiнде оқиды. Елiмiздiң белгiлi мәдениет қайраткерi, СССР Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, Тәжiк ССР Ғылым академиясының тұңғыш президентi, академик жазушы Садриддин Саидмұрад ұлы Айни да (1878-1954) осы жылы Көкалташ медресесiнiң студентi болатын. Тұрмағамбет пен Садриддин алғаш осында танысады. Медресе оқушыларының iшiнде ой-өрiсi озық Айни Тұрмағамбеттi бөтенсiмей бауырына тартып, сыралғы дос болады. Айнимен жақындасу Тұрмағамбеттiң творчествалық бағытына үлкен әсер етедi. Олар – студенттер арасында әдебиет үйiрмесiн ұйымдастырып, оған жол-жоба көрсетiп жетекшiлiк етедi.

Биылғы жылы Қызылордада ақын Тұрмағамбет Iзтiлеуов жылы болып жарияланған. Даңғайыр ақынның туғанына 125 жыл толуына орай Қармақшыда басталған әдеби, мәдени шаралар қоңыр күзде Алатау бөктерiне де келiп жеттi. Жуырда Абай атындағы Опера және балет театрында жыраулардың өнерi тамашаланды. Сыр елiнен келген жыраулармен қатар қазақ халқының маңдайалды күйшiсi Қаршыға Ахмедияров, әншiлер Қайрат Байбосынов, Сәуле Жанпейiсова ән шырқап, тыңдармандарын риза етсе, 30-қазан күнi ғылым, бiлiмнiң қара шаңырағы болып табылатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде Т.Iзтiлеуұлының 125 жылдық мерейтойына арналған «Ақын, ойшыл, аудармашы – Тұрмағамбет Iзтiлеуұлының шығармашылық мұрасы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы болды. Конференцияға алыс-жақын шетелдердiң көрнектi ғалымдары қатысты.

Конференцияны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Дәдебаев қысқаша кiрiспе сөзбен ашты. Конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор М.М.Мырзахметұлы «Дәуiр және ақын» атты тақырыпта сөз сөйлеп, Тұрмағамбет өмiр сүрген дәуiр, сол заманның ақындары туралы айтса, Қазақстандағы Иран Ислам Республикасы елшiлiгiнiң мәдени орталығының төрағасы Хасан Сапархани Тұрмағамбеттiң Шаһнамасы екi елдi жақындастыратын, таныстыратын туынды екенiн баса айтты.

Анкарадағы Гази университетiнiң түркология кафедрасының меңгерушiсi Исмет Четин, Машхад университетiнiң профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұхаммед Джафар Яхаки өз ойларын ортаға салды. Төмен мемлекеттiк университетiнiң профессоры, филология ғылымдарының докторы И.С.Қарабулотова сөз алып, қазақ халқының тарихына, тарихи жырларына мән берiп, көптеген тың ойларды қозғап, әдемi даусымен бесiк жырын жырлап бердi. Сондай-ақ, конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Кәкiшев, Тәжiк-славян университетiнiң кафедра меңгерушiсi, филология ғылымдарының докторы Абдисотор Нуралиев, парсы танушы ғалым, профессор Ө.Күмiсбаев тағы басқа да алыс-жақын шетел ғалымдары ойлы кеңес құрды. Конференция материалдары жинақталып кiтап болып шықпақ.

Сәрсенбiнiң сәттi күнi Қабанбай батыр көшесiндегi Фрунзе тұғырының орнына дауылпаз ақын Тұрмағамбет Iзтiлеуұлының ескерткiш мүсiнi қойылды. Ескерткiш авторлары – марқұм Мұхтар Меңдiқұлов, Сергей Авдеев, Виктор Воробьев.

Тұрмағамбет Iзтiлеуов тойын қорытындылау шаралары Сыр елiнiң бас қаласы Қызылордада жалғасты. Сыр елiне республикамыздың жер-жерiнен Тұрекең тойына меймандар ағылды. Қонақтардың басым көпшiлiгi ақын, жазушылар, ғалымдар. Н.Бекежанов атындағы сазды драма театрындағы Т.Iзтiлеуовтың мерей тойының ашылу салтанаты болды.

Салтанатты облыс әкiмi Мұхтар Құл-Мұхаммед ашты: – Құрметтi қонақтар қадiрлi жерлестер, Тұрмағамбет ақының 125 жылдығын бiр аймақтың емес республикалық дәрежеде өтуiне баса назар аудардық. Кешегi кезеңдерде Тұрекеңе өзiне лайық құрмет көрсете алмадық. Бiз ақын ұрпағының қолында қалған дүниенi 4 томдық академиялық жинаққа топтастырдық. Жуырда «Шахнаманың» толық нұсқасын академиялық жинақ етiп басып шығаруға кiрiстiк. Тұрмағамбеттiң зиратын мавзолейге айналдыруды мақсат етiп отырмыз.

Сыр елiнде Тұрмағамбет атындағы республикалық жырлаулар конкурсы, ақындар айтысы жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды. Мерей той аясында ақын-жырлаулар, айтыс ақындары, әншiлер өз өнерлерiн көрсеттi. Өзге елдерден келген атақты жыраулармен қатар атақты Сәрсенбай, Нартай, Нұртуған мектептерiнiң өкiлдерi де сынға түстi. Бұл байқау Сыр мақамының қызылордалық жыраулардың мерейiн үстем еттi. Бiрiншi жүлденi атақты Жиенбай жырау мектебiнiң өкiлi жыр керуенiн бастаған Көшенейдың ұлы Арнұрға берiлдi.

Айтыс десе iшкен асын жерге қоятын халықтың Тұрмағамбет тойындағы сөз сайысына да жеттi. Бiрақ шын жүйрiк аламанда танымды емес пе? Қазылар алқасы бұл бәйгеде жаңа есiм жарқ ете қалғанына елден сүйiншi сұрады. Қызылордалық Оразхан Сейiлханов «Волга» автокөлiгiн жеңiп алды. Айтыстың азулы тұлғасына айналған Балғынбек Имашев екiншi бәйге «Жигулидi» ұтып алса, үшiншi орынды 300 мың теңгемен Әбiлхайыр Сыздықов иемдендi. Тұрмағамбет рухына бас ие отырып, қазақ әдебиетi мен мәдениетiне қосқан үлесiн дәрiптеу арқылы кейiнгi буын арасында, қасиеттi қара буын өлең оқу шеберлерiн iздеп табу мақсатында ұйымдастырылған ақындар мүшәйрасы. Моңғолия азаматы Сұраған Рахмет ұлының қатысуы арқылы халықаралық дәрежеге көтерiлдi. «Өрен тiл өжет ақын Тұрмағамбет» атты мүшәйрада 36 ақын бақ сынады. Қорқыт ата университетiнiң оқытушысы болып қызмет iстейтiн жас ақын Н.Бердiқожа бабаның тойында бас бәйге «Волга» автокөлiгiн олжалады. Ақын Ләйлә Құндақбаеваға ақшалай сыйлық берiлдi.

Сондай-ақ облыс орталығында «Евразия» мәдени-спорт кешенi аумағында 125 ақ боз үй бой көтердi. Бұл шара шайырдың ғұмырлық болмысын халықтың жадында жаңарта түскендей едi. Тұрмағамбет тойы тойы елiмiздiң мәдени, рухани өмiрiндегi мағнасы терең, мәнi зор оқиға едi. Республиканың белгiлi мәдениет, өнер, қоғам қайраткерлерi торқалы тойда бас қосып, ақынның дархан дарынын даралай түскендiгi саналы өмiрiн ақындық өнерiне сарп еткен, әдебиетiмiздiң қазыналы қорына көзi жұмылғанша өз шабытымен үлес қосқан, арамыздан ерте кеткен марқұм Тұрмағамбет Iзтiлеуовтың (1882-1939) осы күнге дейiн еленбей келген мұрасын қайта тiрiлтудiң кезегi әбден жеттi. Ғабит Мүсiрепов 1958 жылы жазушылардың республикалық үшiншi пленумында баяндама жасап, сонда Тұрмағамбетке тоқталып: «Шынын айту керек Тұрмағамбет жөнiнде Қазақстан Жазушылар одағы да түрткi салмаған баспа орындарының алдына талап қоймаған, қадағаламаған. Бұдан былай бұл жерде ұятымызды жууға тиiстiмiз» деген едi. Артына жүз мың жолға жуық жыр жазып қалдырған туған елiнiң адал перзентi Тұрмағамбет ақынның түрлi қорларда жиналған шығармалары жинақталып, басы бiрiктiрiлiп, әдебиет және өнер институтының ғалымдарымен бiрлесе жұмыс iстеген жырау Берiк Жүсiповтың құрастыруымен көркем безендiрiлген «Тұрмағамбет Iзтiлеуұлы шығармалары» атты бiр томдық кiтап жарық көрсе, әу баста Тұрекең шығармаларын жинаған фольклорист Мардан Байдiлдаевтың және атақты жырау Алмас Алматовтың құрастыруымен ақынның төрт томдық шығармалар жинағы оқырмандар қолына тидi. Әрине бұл аталған кiтаптар туралы жеке әңгiме болмақ. Ат жарыста, атан жарыста, ақын-жыраулар сайысы да жұртшылықтың көңiлiнен шықты. Тұрмағамбет салтанатына қатысқандар ойы, бiздiң ойымызда ең бастысы Тұрекең жырлары Сыр елiнде асқақтай түсiп, рухты көтеретiн өлеңдерiнiң 5 том болып шығуы демекпiз.

Сонымен қорытып айтсақ, туғанына 125 жыл толған Тұрмағамбет ақын – Сыр бойынан суырылып шыққан назым жырдың дүлдiлi. Мәдениет майданындағы сiңiрген еңбегi арқылы ұлт мақтанышына айналған ұландардың бiрi. Алматыдан бастап Қызылордадан жалғасын тапқан мазмұнды мерей той өзiнiң жоғарғы ұйымдастырушылық шаралармен айшықталды. Әдебиет пен мәдениеттiң айтулы өкiлдерi толғаған тағлымды да ой-пiкiрлер аз болған жоқ. Сыр елiнiң бiрлiгi мен тiрлiгiн көрсетiп қоймай, елдiң еңсесiн, биiк рухы, жоғары болмысы терең екенiн байқатты. Сырдың сұңқар шайыры Тұрмағамбет Iзтiлеуұлына деген ерекше құрмет асқақтай түстi.

Дүлдiл ақынның тойының осылайша өтуiне Қызылорда облысының әкiмi Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Кеңестер одағының батыры Тәтiмбет Көмекбаев атындағы қордың үлесi мол болды.

М.Қанатбаева, Т.Дайрабай