“АВЕСТАДАН АЛАШҚА ДЕЙIН”

“АВЕСТАДАН АЛАШҚА ДЕЙIН”

“АВЕСТАДАН АЛАШҚА ДЕЙIН”
ашық дереккөзі

Жуырда ғана қолымызға тиген Берден Байқошқарұлының ғылыми-тарихи iзденiсi тура осылай аталыпты. «Нұрлы әлем» баспасынан шыққан аталмыш еңбектi оқып отырып, көз жеткiзген тағы бiр ақиқат, бұл тақырыптың бұрын-соңды қозғала қоймағандығында жатса керек.

Әрине, бүгiнге дейiн Заратуштра, «Авеста» атауларымен сабақтасып жатқан зоароастризм нанымы туралы естiп те, оқып та жүрмiз. Соған қарамастан, «ғасырлар қойнауында тұнып жатқан түмен жылдардың үлесiндегi Ата тарихымыздың алтын арқауын аршып алып, өркениеттер өрiсiне өз отауымызды тiгу, бүгiнгi болмысымыздың кешегi кемел ғұмырнамамыздың жалғасы екендiгiн дәлелдей түсу парызы бәрiмiзге ортақ парыз болса керек» (Қ. Алпысбаев).

Жамбыл облысында ұзақ жылдар шаруашылық, басқару салаларында жемiстi еңбек еткен бiлiктi басшы Берден Байқошқарұлының әлi оқырманға таныс бола қоймаған бұл туындысын осы жағынан келгенде озық шығарма деп тануымызға да болады.

Адамзат дәуiрiнiң «Жан қағидасынан» бастау алатын кезеңдерiн нәсiлдiк тұрғыдан зерттеген ғылыми негiздер мен Киелi кiтаптардағы хабарларға сүйенген автор «Төрт құрлық» теориясынан оқырмандарына дәйектер мен дәлелдер ұсына отырып, ол кезеңдер туралы өзiнiң болжамдарын да алға тартып отырады. Алғашқы нәсiл – Астральдi, екiншi кезең – елес бейнелi Гипербореалықтар, үшiншi нәсiл – Лемурия мен осы құрлықтағы Лемурлiк нәсiлдердiң даму сатысының заңдылықтары нәтижесiнде олардан бөлiнiп шыққан Атланттар, төртiншi құрлық және нәсiлдiк даму кезеңi – Атлант – Атлантида. «Атланттардың рухы өте күштi болды. Iшкi рухани қуатын қажеттi, керектi мөлшерде физикалық қуатқа (энергияға) айналдырып, таңғажайып құбылыстар, құрылыстар мен жерасты байланыстарын түзу, көкке ұшу, дүние ғаламды шарлау…», «медитация әдiсiмен яғни, жекеаралық даралану, дербестену әдiсiмен, ұзақ, қысқа мерзiмдерге «Ай бейнелi ұйқыға» өздерiн өздерi жiбере алатын» қабiлетке ие болған жандар деседi.

Бұл дәлелдемелерге мысал ретiнде автор әлемдегi ғажайыптар Пасха аралындағы тас бейнелер, Египет пирамидалары, Кайлас, Мексика ғажайыптарын зерттеген ғалымдардың пiкiрiне жүгiне отырып, оқырманға үлкен ой тастайды.

Шығарманың арқауына негiз болған көне Қытай, Үндi жазбалары, әпсана, аңыздарды пайдалануының өзi автордың шеберлiгiн көрсетедi.

«Iзденушi Б.Байқошқарұлының өз еркiмен, өз қызығушылығымен жиырма жыл көз майын тауысып, «инемен құдық қазғандай» тiрнектеп жинаған деректерi әрi таң қалдырады, әрi сүйсiндiредi. Таң қалатынымыз, кешегi таза партия қызметкерiнiң (басқасын айтпағанның өзiнде, Жамбыл облысы, Қордай аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып 10 жыл iстеген, мамандығы инженер-механик) халқымыздың көне дәуiрi тарихын зерттеуге баруы ешкiмнiң ықыласы ауа бермейтiн, ауған күнде де iздену қолынан келе қоймайтын тiрлiк. Оған белгiлi дәрежеде бiлiм, ақыл, тәжiрибе керек. Сүйсiнетiнiмiз – кешегi партия қайраткерлерi тарапынан тарихымызға қызығушылық әлi бәсең, тiптi жоқтың қасы дерлiктей кезде Б. Байқошқарұлының мынадай азапты да қиын, әрi жауапты iске тәуекел етуi» деп жазыпты кiтаптың алғы сөзiнде белгiлi тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдi.

Көпшiлiкке әлi кеңiнен ұсыныла қоймаған «Авестадан Алашқа дейiн» атты кiтаптан бүгiнгi оқырман iлiмнiң көздерi туралы жасырын, жабық еңбектердi, мағлұматтарды кездестiре алатыны даусыз. Бүгiнгi iзденушiлер үшiн бұл тарихи тағлым таптырмас ғылыми құрал болары да анық.

Гүлзина Бектасова