Жаңалықтар

КРЕМЛЬ СААКАШВИЛИДIҢ САҒЫН СЫНДЫРА АЛМАДЫ

ашық дереккөзі

КРЕМЛЬ СААКАШВИЛИДIҢ САҒЫН СЫНДЫРА АЛМАДЫ

6 қарашада Мәскеудiң «Коммерсантъ» газетi «Российские олигархи строят в Грузии фабрику лжи» («Коммерсантъ», №203, 6 қараша, 2007 ж.) деген көлемдi мақала жариялаған болатын. Газет тiлшiлерi Ольга Алленова мен Владимир Новиков Тбилисиде қалыптасқан жағдайды өз көздерiмен көрiп, оппозиционерлермен ой бөлiскен. Сондай-ақ, елдегi жағдайға терең талдау жасауға ұмтылады. Шыншыл авторлардың жазбаларын оқи отырып, Ресейдiң көптеген БАҚ-тары Грузиядағы жағдайды нелiктен бұрмалауға, жартылай өтiрiк айтуға бел шешiп кiрiскендiгiне толық көз жеткiзуге мүмкiндiк бар және бұл әрбiр тәуелсiз ел үшiн сабақ болуға тиiс. Грузиядағы жағдай қазақ оқырмандарын да бей-жай қалдырмайтын болғандықтан аталмыш мақаланы тәржiмалап, сәл ықшамдап жариялауды жөн санадық.

* * *

Демалыс күндерi Тбилисидегi жағдай шиеленiсе түстi. Грузия парламентiнiң жанындағы митингiде президент Саакашвилидiң отставкаға кетуi жөнiнде айтылған талаптар ендi «Миша, кет!» деген үздiксiз ұрандарға ұласты. Аталмыш акция «ақ революция» деген атауға ие болып отыр. Оппозиция басшылары Грузия президентiне Милошевич пен Чаушеску тағдырының бiрiн таңдауға кеңес беруде. Билiк жағдайды реттеп бақылаудан бiржола айрылғандай көрiнген. Бiрақ, мұның бәрi грузин телеарналарына президент шығып, Грузиядағы жағдайды ушықтыруға күш салып отырған Кремльдi айыптағанға және «таяу уақытта Абхазия мен Оңтүстiк Осетияға бақылау орнататындығын» мәлiмдегенге дейiн ғана жалғасты…

ПРЕЗИДЕНТТIҢ ҚАТЕЛIКТЕРI

«Сенбiлiк кеш. Грузия парламентiнiң алдындағы алаңға 10 мыңға жуық адам жиналды. Таңертең мұндағылардың саны небары мыңнан аспайтын – 2 қарашадан 3-не қараған түнде оппозиция үзiлiс жариялады, бiрақ сенбi күнi түстен кейiн митингi жалғасып, халық алаңға қайта жинала бастады. Шешендердiң сөздерiнен кейiнгi үзiлiстерде музыка ойнап, алаңдағылар бiр ауыздан халық әндерiн шырқай жөнеледi. Егер жұрттың қақ ортасында тұрсаң, митингiге жиналғандардың бәрi өздерiне жексұрын көрiнетiн өкiметтi құлатуға бiр кiсiдей келген сияқты әсер қалдырады. «Миша! Цади! Цади!» – деп ұрандайды жұрт. Бұл – «Миша, кет!» дегендерi. Жұрттың барлығының бiлектерiне ақ шүберек байланған, мойындарында ақ орамалдар. Ақ түс осы қарсылық акциясының символына айналды, яки кейбiр батыс телеарналары Руставелидегi митингiнi «ақ революция» деп атауға асығуда. «Бiз мұнда ақырына дейiн тұрамыз, – деп бiздi сендiруге тырысуда «Дорога Грузии» партиясының оппозиционерi Шалва Хачапуридзе – Саакашвили халықпен санаспайды, ол келiссөзге шыққан жоқ, ендi бiз оның отставкаға кетуiн талап етудемiз».

– Бiз президентке пiкiрлесудi ұсындық, ал ол болса одан бас тартты,– дейдi оппозицияның тағы бiр басшысы Каха Кукава. – Ендi оған бiр ғана жол – әуежайға баратын жол ғана қалды. Өзi үшiн Милошевич пен Чаушеску тағдырының бiрiн ғана таңдауға мүмкiндiгi бар…

…Мiнберлерден арандатуға жол бермеуге үндеулер тасталуда. Оппозицияның лидерi Гиа Тортладзе адамдардың арасында арандатушылар жүргенiн және ондайлардың парламент үйiне шабуыл жасауды ұсынатынын мәлiмдедi. «Ондайларды тыңдамаңыздар! – дейдi ол. – Бiз мұнда өз проблемаларымызды бейбiт жолмен шешуге жиналдық!».

…Митингiге қатысушылардың арасында мас әрi елiрiп алған адамдар жиi ұшыраса бастады. Алаңның шетiне шықсаң, осында шағын топ болып жиналғандардың iшiнде пластик стаканға тығып чача құйып жатқан жандарды көруге болады. Тығып құятыны – оппозиция митингiде арақ iшуге тыйым салған. Мас адамдардың полициямен төбелесiп қалғандары да ұшырасуда, бұл жағдай оппозиция басшыларының: «Арақ iшкен адамдар алаңға келмейтiн болсын! Бiздiң оң iсiмiзге кедергi келтiрмеңiздер!» – деп мәлiмдеуiне мұрындық болуда…

…– Мишаның ең үлкен қателiгi – оның халық алдына шықпауында, – дейдi аджарлық Зураб Микава. – Егер ол халықтың алдына шығып, өз позициясын ашық айтқанда басқаның бәрiн кешiруге болар едi. Грузияда халық өзiн менсiнбейтiндердi ұнатпайды. Ал Миша бiздi менсiнбейдi.

ДЕМОКРАТИЯ ТАҒЫЛЫМДАРЫ

Бiрақ сол күнi кеште грузин президентi болып жатқан оқиғалардан тыс қалмағаны анықталды. Руставелидегi митингi әбден қызған шағында ол «Локомотив» стадионында грузин эстрадасы жұлдыздарының концертiн ұйымдастырды. Стадионға студенттердi, Ұлттық жастар қозғалыстары өкiлдерi мен тiптi, солдаттарды да шақырды. Вахтанг Кикабидзе «Амансың ба, Абхазия» атты әндi шырқап, барлық мемлекеттiк телеарналардан осы әнге түсiрiлген бейнеклип көрсетiлдi. Клипте күн шуағына толы, көрiктi грузин әйелдерi мен балалар көптеп түсiрiлген, шабадан ұстаған олар кемелерге, поездар мен автобустарға асыға мiнiп, Абхазия курортына аттанып жатқандары көрсетiлген…

…Руставелидегi митингiге қатысушылардың де қатары сиредi – мұнда аймақтардан келгендер ғана қалғандай. Олардың көңiлiн саясаткерлерге пародия жасаған Тбилиси сатира театрының әртiстерi ғана көтеруде. Әртiстердiң бiрi– қарнын шертитiп, реформалар жөнiндегi министр Каха Бендукидзенi мазақтауда. «Бәрi де сатылады, – дейдi ол министрдiң даусын айнытпай салып. – Мен бәрiн де сатамын, сiздердi де сатамын». Жұрт жапа-тармағай күлуде.

– Орыстар Бендукидзенi өздерi алып кетсiн, – дедi бiзге Зураб Микава. – Ол Кремльдiң тыңшысы, оны мұнда арнайы жiберген. Ол Грузияның бәрiн сатып болды, тiптi, стратегиялық нысандарды да – әуежайларды, темiржолды, порттар мен электрожүйенi де сатып жiбередi. Бiздiң электрожүйемiз сiздердiң Чубайстың қолында деседi! Грузияда ештеңе қалған жоқ!

Ал осы мезгiлде Грузияның Сыртқы iстер министрлiгiнде НАТО-ның Грузиядағы апталығының аяқталуына байланысты ресми қабылдау бiтуге таяп қалған. Классикалық музыка төгiлiп, дипломаттар қымбат шампан құйылған ыдыстарын ұстап, әмпей-жәмпей болысып жүрдi, тiптi, Тбилисиде ештеңе де орын алып жатпаған сияқты. Мыңдаған дiрдектеп тоңған және ашыққан митинг жасаушылар бұл елге еш қауiп төндiрмейтiн iспеттi.

Журналистер Грузия Сыртқы iстер министрi Гела Бежуашвилиден оның нелiктен соншама сабырлы екенiн сұрастырып жатыр. «Сiздердiң парламент маңындағы алаңда көргендерiңiз – демократия болып табылады,» – дедi министр. АҚШ-тың Грузиядағы елшiсi Джон Тэфф те грузин демократиясына сенiммен қарайтын көрiнедi. Ол оппозиция заң аясында әрекет етiп, президентпен ортақ тiл табатындарына сенiмдi. «Оппозиция бiрiгiп, күштi бола түстi және бұл Грузия үшiн өте жақсы, – деп санайды Латвия елшiсi. – Бұл нағыз демократияның тағылымдары».

Демократия туралы Руставели алаңында да көп айтылды.

– Ciздердiң Ресейде бұндай болуы мүмкiн емес, – дейдi кәсiпкер Рамаз Алпаидзе бiзге. – Ал бiзде бостандық. Бiзде әркiм өз ойын айтуға құқылы. Бiздегiлердiң бәрi де демократия жағында.

– Егер демократия жағында болса, онда сiздердiң президент нелiктен халыққа арнап сөз сөйлемейдi? – деп сұрадық бiз.

– Ол сөйлейдi, бұған сенiмдiмiн, – деп жауап қатты Рамаз. – Мен оппозиция жағында емеспiн, қазiргi билiк Грузия үшiн көп нәрсе iстеуде деп санаймын. Бiрақ мен алаңға келдiм, өйткенi, өкiмет бұдан да жақсы жұмыс iстесе деймiн, халықпен сөйлесе бiлгенiн қалаймын. Мен мұнда келуге еш қорықпаймын, ал сiздердiң ешбiр кәсiпкерлерiңiз мұндай митингiге келмес едi. Өйткенi, оны сол күннен бастап қыспаққа алатыны сөзсiз.

«ШЕГIНЕРГЕ ЖЕР ЖОҚ!»

Рамаздың болжамы шындыққа айналды. Президент Саакашвили шынында жалынды сөз сөйледi. Жексенбi күнi сағат 22-де, Руставели алаңындағы қатары сиреген жұрт ән шырқап, «Цади!» деп айқайлап, байрақтарды бұлғап жүргенде ол грузин телеарналарының бәрiнде эфирге шықты, тiптi, «Имеди» телеарнасында да. Президент баспасөз қызметiнiң талабы осындай болған деседi. Саакашвили мырзаның сөзi 40 минутқа созылды және шынайы сезiм мен сенiмге толы боп шықты. Ол – митинглер кез-келген демократиялық ел үшiн қалыпты жағдай екенiн,өзiнiң Руставели алаңында айтылып жатқан әрбiр сөзге мұқият құлақ түретiнiн айтты. Сонымен қатар, мұндай минтинглердiң кiмдер үшiн және нелiктен пайдалы екендiгiн де түсiнетiнiн жасырған жоқ.

– Грузияда жалғандықтың фабрикасы жұмыс iстей бастады, – дедi президент Саакашвили. – Мұның өрiстенуiне жол бергендер бiр кездерi, Ельциннiң әлсiз режимi тұсында Ресейде де осындай жалғандық фабрикасының жұмысын жолға қойған болатын. Ендi, мiне, сол адамдар, ресейлiк олигархтар Грузияда да сондай фабриканы салып жатыр – олар Ресей ауырған дерттi бiзге де жұқтырғысы келедi.

Саакашвилидiң кiм туралы айтып тұрғаны жұрттың бәрiне айқын. Ельцин дәуiрiндегi ресейлiк олигархтардан Грузияда жалғыз Бадри Патаркацишвили қалған және ол ашықтан ашық оппозицияны қолдап отыр. Саакашвили мырза оны «митингiге келген түсiнiксiз субъект», «қаратүнек күштердiң өкiлi» және «Кремль саясатының қолжаулығы» деп атады. Расы керек, Грузия президентi өз оппонентiнiң есiмiн ашық айтқан жоқ.

– Назар аударып қараңызшы, ресейлiк телеарналар Грузиядағы митинглердi нелiктен тiкелей эфирде бередi, – деп жалғастырды сөзiн президент. – Олар грузиндердiң Ресейдiң агрессиялық саясатына қарсы тұрар қуатты тапқан ерекше халық екенiн жақсы бiледi. Бiздердi тiзерлету үшiн олар эмбарго жариялады, шекараларды жапты, ендi украиндықтарға, молдавандарға және ТМД елдерiнiң бәрiне Ресей табанында өмiр сүргiсi келмейтiндердiң күнi не болатынын көрсеткiсi келедi.

Саакашвили мырза өздерiнiң мемлекетi өте әлсiз болғанын, бiрақ қазiр күшейiп, дамып келе жатқанын грузиндердiң есiне салды.

– Бiзде әзiрге әлеуметтiк проблемалар жетерлiк, – дедi президент. – Бiрақ жұмыс орындары пайда болып, бюджет өсiп келедi. Ал Ресейде грузиндер «Суликоны» айтып, шарап iшуден басқаға шамалары жетпейдi деп ойлайтын. Бiрақ бiздер соғысқа жарамды армия құрып, күшейе түсудемiз.

Оппозицияның басты талабы – парламентке сайлауды заңды уақытта, 2008 жылдың көктемiнде өткiзу туралы талабына Грузия президентi шешiмдi түрде жауап бердi: «Шегiнерге жер жоқ!» Ол өзiнiң табандылығын сол бiр ресейлiк мәселелерге байланысты түсiндiрдi: Ресейдегi сайлау мен Косовоны сөзсiз мойындау Абхазия мен Оңтүстiк Осетияда аса күрделi жағдайды қалыптастырмақшы. «Ресейде екi шешен соғысы да қоғамды бiрiктiру үшiн сайлаудың алдында басталған болатын, – деп еске салды Михаил Саакашвили. Және көршiлерiмiз бұрынғы карталарын тағы да ойнай ма деп қорқамыз. Сондықтан да мен өзiмнiң президенттiк мерзiмiмдi қысқартып, парламент сайлауымен бiрге президент сайлауын да өткiзуге шешiм қабылдадым».

Сөзiнiң соңында Грузия президентi «таяу уақыттарда айырылған территорияларымыздың басым бөлiгiн қайтарып аламыз» деп уәде еттi. Дәстүрге айналған мұндай сөздерi арқылы ол кезектi рет грузин азаматтарын өз жағына тартуға күш салғаны. Сiрә, бұл ойы орындалған сияқты. Қалай десек те, осы кеште «ақ революцияның» жүзеге аспағанына көптеген адамдардың көзi жеттi. Президент сөз сөйлеген түннен кейiн Руставели алаңында 300-ден асар-аспас адамдар ғана қалды. Дәп осы түнде алаңнан «арақтан уланған» деген диагнозбен он адам ауруханаға жеткiзiлдi.

Дегенмен, оппозицияның басшылары алған беттерiнен қайтпай, әкiмшiлiк ғимараттарын, оның арасында IIМ ғимаратын қоршауға алатындарын мәлiмдеуде. «Бiз масқарашылық дәлiзiн жасаймыз, шенеунiктер сол дәлiздер арқылы жұмыстарына барсын», – деп мәлiмдедi оппозиция басшыларының бiрi Георгий Хаиндрава және аймақтарда қарсылық акцияларының жаңа толқынын ұйымдастыруға уәде еттi.

Тәржiмалаған Жаңабек Шағатай