Жаңалықтар

СЕПАРАТИСТIК ПИҒЫЛДЫ ӨРШIТУДIҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?

ашық дереккөзі

СЕПАРАТИСТIК ПИҒЫЛДЫ ӨРШIТУДIҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?

7-9 қарашада Бiшкекте Орталық Азиядағы Ресей отандастарының аймақтық конференциясы болып өттi.

Орта Азиядағы орыс диаспораларының басы қосылған бұл жиында қазақстандық «Лад» қозғалысының жетекшiсi Климошенко да қатысып, баяндама оқыды. Оның баяндамасының қысқаша тұжырымын қарасаңыз, алға үш түрлi «маңызды» мiндет қойып отырғанға ұқсайды.

1. Билiк бұтақтарында халықтың ұлттық құрамы ескерiлуi тиiс;

2. Орыстарды қазақтармен тең дәрежеде «мемлекетқұраушы» халық ретiнде тану, ұлттық тепе-теңдiктi қамтамасыз ету және оны «Ұлтаралық қатынастардың негiзi туралы» Заң қабылдау арқылы бекiту;

3. Орыс тiлiне мемлекеттiк тiл дәрежесiн беру.

Жалпы, Қазақстандағы орыстар Ресейдегi жарылқаушыларының нұсқауымен жүретiндiгi белгiлi. Ресей Қазақстан билiгiне осының алдындағы сайлауда нұсқау берiп, Ассамблея атынан депутаттар сайлауға қол жеткiзуге насихаттағаны бар-тын. Дегенiнде тұрды. Нәтижесiнде Қазақстан унитарлы мемлекет емес, федералды мемлекет секiлдi, диаспора өкiлдерiне Парламенттен квота бөлдi. Жақында Ресей тұрғындарының сауалына жауап қатқан, РФ президентi В. Путинге бiздiң ақтаулық студент (ұлты орыс) сауал қойып, отандастарының тiлiнiң сақталуына көңiл бөлуi қажеттiгiн сұраған едi. Содан кейiн бiраз уақыт басылып қалған орыс-казак, славян ұйымдары қайта өре түрегелiстi. Бұған дейiн өздерiнiң диаспора өкiлi екендiктерiне мойынсұнып келген олар ендi «мемлекетқұраушы» ұлттың бiрiмiз деп кеуде соға бастады. Сонда Кенесары хан соңғы демi бiткенше, кiммен соғысты? Кiмнiң отаршылдығынан қорғанды? Кеше желтоқсанның ызғарында мыңдаған жас жеткiншек не үшiн алаңға шықты, шектен шыққан империяның асқынған саясатына не үшiн қарсы болды? Оны елеп-ескерiп жатқан ешкiм жоқ. Осыдан бiраз уақыт бұрын Олжас Сүлейменов оқырмандарымен кездесуiнде «орыстар да қазақтар секiлдi отанымызды сыртқы жаудан қорғады. Олар мұнда 400 жылдан берi тұрып келедi» деп салмасы бар ма? Онда да елiмiздегi орыс ұлтшылдары селт ете қоймап едi. Ендi ненiң желiгi бiтiп жүргенiн қайдам, казак генералдарына ескерткiш орнатып, жеке әскер жасақтап, партия құруға атсалысып, орыс тiлiне мемлекеттiк дәреже сұрап, өздерiн «мемлекетқұраушы халық» ретiнде жариялауды сұрап отыр. Егер, бұл мәселе белгiлi бiр қоғамдық ұйым тарапынан ғана қолдау тауып отырса бiр жөн. Оған Ресей мүдделiлiк танытып отыр.

Қайталап айтайын, бұл бiздiң елiмiздегi ұлттық саяси форманың дұрыс жолға қойылмауының салдарынан. Қараңыз, көп болып қабылдаған Конституциямыз бойынша, елiмiздегi халықтың барлығына бiрдей құқық берiлген. Нәсiлдiк, ұлттық, тiлдiк қысым көрсетушiлiкке жол берiлмеген. Мемлекет құраушы ұлт ретiнде қазаққа берiлген ешқандай басымдық жоқ. Тiптi, былтырғы қабылданған «Ұлттық мейрамдар туралы» Заң бойынша, екi ұлттың – қазақ пен орыстың негiзгi дiндерi Ислам мен Православиенiң дiни мейрамдары Құрбан Айт пен Рождествоның бiрдей мемлекеттiк мейрам ретiнде танылуының өзi бiраз нәрседен хабар берсе керек. Бiздiң мемлекет ешуақытта орыс ұлтының өкiлдерiн диаспора ретiнде танығысы жоқ. Сол үшiн де тiлiне ресми (ресми тiл мен мемлекеттiк тiлдiң айырмашылығы бола бермейдi) дәреже берiп, дiни мейрамын мемлекеттiк мейрамдар санатына қосты. Конституцияның 7-бабына «Орыс тiлi ресми органдарда қазақ тiлiмен тең дәрежеде қолданылатын болады» деп жазып тастағанымыз аздай-ақ, ендi «қазақтармен бiрге мемлекетқұраушы халық ретiнде танылсын» деп жазуымыз қалған секiлдi.

Мемлекеттiк тiл мәртебесiне келер болсақ, Ресей Федерациясы Сыртқы iстер министрлiгiнiң шетелдегi отандастармен жұмыс жөнiндегi департаментiнiң бастығы Александр Чепурин 6-қараша күнi бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттерiнiң бiразында орыс тiлiнiң мемлекеттiк тiл дәрежесiне жеткiзуiн көздейтiндiгiн мәлiмдеген. ИА REGNUM агенттiгi тiлшiсiнiң айтуына қарағанда, ол орыс қауымдастығы көп тұратын мемлекеттерде орыс тiлiнiң орны соған сай болуы қажет деген. Мысал ретiнде ол халқының 30%-ы орыс тiлiнде сөйлейтiн Латвияны көлденең тартқан. Онда орыс тiлi шет тiлi ретiнде жарияланған. «Бұл посткеңестiк мемлекеттер iшiнде орыс тiлiн шет тiлi ретiнде жариялаған бiрден-бiр мемлекет. Орыс тiлiнде Латвияда ғана емес, Қазақстанда, Украинада және Эстонияда да сөйлейдi. Орыс тiлiнiң дәрежесi осы елдердегi дәрежеге сай болуы тиiс» деген ол. Демек, Ресейдi Қазақстандағы орыс тiлiнiң қазiргi ахуалы қанағаттандырады.

Дәл осы мәлiмдемеге сай өзiнiң көзқарасын бiлдiрген «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» қоғамдық ұйымының төрағасы Юрий Бунаков «Наконец-то, Россия думает о российских соотечественниках» дей отырып, iс-қағаздарын қазақшалауды сынға алады. Климошенконың да, Бунаковтың да алға тартар дәлелi бiреу – ол Қазақстанда халықтың 70%-ы орыс тiлiнде сөйлейдi деген ақпарат. Дәл осы ақпаратты Путин ақтаулық студентке берген жауабында да келтiрген едi. Бұл ақпарат шындыққа жанаса ма, ол жағы беймәлiм. Оған зерттеу жүргiзiп жатқан да ешкiм жоқ. Сондай-ақ, Климошенко Қазақстандағы орыстардың 40%-ының жүгi жинаулы, шемоданы қаттаулы екенiн айтады. Бұған кiнәнi елiмiздiң жүргiзiп отырған ұлттық саясатынан iздейдi. Ал, сiз мына қайшылыққа қараңыз. Ресей отандастарын елiне шақырып, өз еркiмен қоныстануды үндегелi де 2 жылға жуық уақыт. Осы уақыт аралығында небәрi 105 адам Ресейге қоныстанған. Бұл ақпаратты РФ көшi-қон қызметi директорының I орынбасары Владимир Каланда келтiрiп отыр. Жүгi жинаулы, ойы алаң Ресейдiң отандастары неге елi шақырғанда лып ете түспегендiгi таң қалдырады.

Жалпы, осындай лаңның астарын түсiнудiң өзi қиын. Шын мәнiсiнде, елiмiздегi ұлттардың татулығына сызат түсiру бiреулер үшiн тиiмдi секiлдi. Бұның соңы сепаратистiк қозғалыстарға жетелейтiнiн ешкiм ескермейдi. Тыныш жатқан жыланның құйрығын өзiмiз басып-жаншудамыз. Сол себептi де орыс-славян, казак қауымдастығы төрағаларының соңғы мәлiмдемесiн «ұлтаралығына сызат түсiрудi көздеген» деп танып, қайтарып алуға мәжбүрлеу керек.

Есенгүл Кәпқызы