Жаңалықтар

ЗӘМЗӘГҮЛ ШӘРIПОВА: ӨМIРIМДI САХНАСЫЗ ЕЛЕСТЕТЕ АЛМАЙМЫН

ашық дереккөзі

ЗӘМЗӘГҮЛ ШӘРIПОВА: ӨМIРIМДI САХНАСЫЗ ЕЛЕСТЕТЕ АЛМАЙМЫН

Ол бала болып қуыршақпен ойнамады. Әткеншек теуiп, сары даланың сарғалдақтарын термедi. Ол,тiптi, ата-ананың аялы алақанында еркелеп, көл-көсiр мейiрiмiне шөлi де қанбаған, бақытты балалық шағы сұрапыл соғыспен қатар келген ұрпақтың бiрi. Бiрақ…

Ол ес бiлiп, етек жапқалы Жаратқанның бағасыз сыйы – келбеттi, ажарлы, қазақи қоңыр үнге бай көркем боп өстi. Өте зерек, салмақты. Оның бойындағы осы ерекше қабiлетi тарих беттерiнде қалдырды. Әсiресе, сонау соғыстан кейiнгi жылдардағы радиоинцинировка, радиоәңгiмелер, жалпы сол кездердегi қазақ радиосынан тарайтын кез келген хабарда сыңғырлаған үнi көпшiлiкке етене таныс. Оқу, тыңдаушыға жеткiзу мәнерi кез- келген жазушының қолынан шыққан шала, бiр қайнауы жетпеген дүние болса да, шиыршық атып, таза үнмен оқылған сәтте түрленiп сала беретiн.

Ол өнерге өлердей ғашық болған, әлi де сол қалпы. Сексенге иек артып отырса да, «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпеген» орнықты сөзi, сонау алыста қалған жастық шаққа деген сағынышы тостағандай көздерiне мөлдiр тамшылар iркiп, даусындағы болар-болмас дiрiл бәрi жарасып-ақ тұр.

Бiз әңгiме еткелi отырған Қазақстанның Халық әртiсi Зәмзәгүл апай ШӘРIПОВА:

— Сенiмен әңгiменi, «Жастық шақты сағыну, жастық шақта ойнаған рөлдерiмдi сағыну» деп атайық,- дедi жарқылдай.

Бiз бас изеп келiстiк.

Бiрде қазаққа мәшњүр Асағаң (Асанәлi Әшiмов) «Өнер дегеннiң құдiретi шеккiз ғой. Сол шексiздiктiң құдiретi болар, акемтеатрындағы өлермен өнерсүйгiштер ұзақ жасайды»- дегенi бар-тын. Зәмзәгүл апайдың орындығынан ұшып кете жаздаған отырысына қарап, ол кiсiнi сексенге келiп қалдыға қимадық.

«… өнердi сүйдiм алдымен,»

Кейiн сүйдiм жарды мен,- деп өзi жазғандай, бүкiл ғұмырын өнерсiз, сахнасыз елестету қиын екенiн әр сөзi сайын қайталап отырған ол кiсiге iштей сүйсiндiк. Өнердiң буы әлi басылмаған, сахнаны отбасы, ошақ қасынан биiк ұстаған осынау жылдарға деген сағынышы кеудесiне өксiк боп келiп-кетiп отырған қалпына қарап қызықтық. Кез келген шығармадан үзiндi, арагiдiк өз жүрегiн жарып шыққан өлеңдерiн оқып, бiр әдемi күй кештiк.

— Мен өзi соңғы жылдары осындай әңгiме-кездесулерден қашып жүретiн болдым. Өйткенi, денсаулық та жарамайды, — деп алды арасында.

Актрисаның жүзiн болмашы мұң торлағандай, тамағын да қайта-қайта жұтынып қояды.

— О, не дегенiңiз, әңгiме әлi бастала қойған жоқ қой, — деп күлдiк бiз де.

— Балалық шағым қиындау тұспен қа¬тар келдi. Ол ендi жалғыз менiң қайғым, жалғыз менiң тағдырыма жазылған талайым емес едi, менiң тұстастарымның бәрi де ол ауыртпашылықтан қашып кете алмадық. Оның үстiне мен анасыз өстiм. Әкем де көп ұзамай сол ауылдағы жесiр әйелмен көңiл қосты да, менi Үкiмет тәрбиесiне өткiздi. Интернаттың қайбiр жетiскен тамағы бар дейсiң, бiрде тоқ, бiрде аш. Ең бастысы жалаңаш емеспiз. Өзiм осы бiр жоқшылыққа, таршылыққа ерегiскендей аса алғыр, зерек болыппын.

Сол кездерi елдiң еңсесiн көтерiп, рухани күш беруге насихат жұмыстары аса белсендi жүргiзiлетiн-дi. Көшпелi спектакльдермен дала театрлары ел-елдi, ауыл-ауылды аралап, көңiл көтеруге, халықтың рухани өресiн өсiруге қызмет ететiн. Осындай бiр сапарда Күләш, атақты қазақтың бұлбұл әншiсi «Қыз Жiбекпен» келдi. Тыңдауға құлақ керек, түйсiк керек. Бала жүрегiмiз лүпiлдеп, әншiнiң алды-артына шығып, әбден есiмiз кеттi. Әсiресе, менде мүлде ес жоқ. Әнi қандай, сәнi қандай, әншiге ғашық болып қалдым. Сол арқылы өнерге, сахнаға құмарлығым оянды. Мектептегi көркемөнерпаздар үйiрмесiне қатысамын, ән айтам, өлең оқимын, концерттер жүргiзе бастадым. Сөйтiп жүргенде Әуезовтiң «Сын сағатта» пьесасындағы Рәштi сахналадым. Керемет қошемет көрсетiлiп жатыр. Қуанышымда шек жоқ, бiттi, актриса болдым деп жүрмiн ғой баяғы. Қазiр ойлап отырсам, менiң өнердегi өмiрiм Мұқаң шығармаларынан басталған екен.

— Алматыға, мәдени ортаға қай жылдары келдiңiз?

— Жетi жылдықты бiтiрiп, мүмкiндiгi барлар аудан орталығынан оқуын жалғастыруды ойлап жүргенде, менiң есiл-дертiм Алматы болды да тұрды. Осы бiр арман жетелеп келiп, байланыс техникумынан бiр-ақ шықтық. Бiр күнi кино актерлерiн дайындайтын оқу орны туралы естiдiк. Ұмытып барады екенмiн, қасымда ағайындас құрбым бар. Салып ұрып сонда келдiк. Мәскеулiк аты-шулы мұғалiмдер дәрiс бередi екен. Жетекшiлерiнiң бiрi – Асқар Тоқпанов болып шықты. Сұрастыра келе, бiздiң он жылдықты бiтiрмегенiмiз, жасымыз толмағаны кедергi болды. Ол кезде 13-14-тер шамасындамын.

— Қайдағы өнер, қайдағы театр… Барыңдар, оқуларыңды оқыңдар,— деп есiктен кiргiзбейдi де.

— Ағатай, бiздi бiрiншi тыңдап көрiңiзшi,— деп мен етiм тiрi, пысықтау болдым, дiгерлеп қоймаймын. Есiктi қайта ашты да:

— Ал, келе қойшы, тыңдасақ тыңдап көрейiк,— дедi. Үзiлiс кезiнде iшi пысып отырса керек.

Мен бар өнерiмдi салып жатырмын, ән де айттым, өлең де оқыдым. Өзiм жаттап алған шығармалардан үзiндi де оқыдым. Әйтеуiр, аузымда тыным жоқ. Тоқтамадым. Тоқтасам, қуып жiберетiндей, осы есiктен шыққым жоқ. Сәл саябырсыған сәтте көзiм түсiп кетiп едi, күлiмсiреген қалыпта риза болып отыр екен.

— Жарайды, сен қал, сенi әртiс ғып шығарамыз, —деп менi алып қалды.

Сонымен кино-актриса деген диплом алып шықтым да, киностудияға қалдырды. Дубляж жасағанымыз болмаса, жыл бойы кино түспедi. Барып-келiп жүрдiк. Күлпан Ахметованың күйеуi Сатыбалдин деген ақын болатын, сол кiсi: «Сенiң даусың жақсы, филармонияға түсiп оқып алсаңшы» деп үгiттеп, Бақытжан Байқадамовқа жiбердi.

Филармонияға түсiп, Байқадамовтың хорында тағы бiр жылым өттi. Жеке ән айтып, концерттер де жүргiзбедiм. Осылай жүргенде радиодан диктор болуға ұсыныс түстi де, сонда орналастым.

— Сонымен… театрға әлi жақындар емеспiн дейсiз ғой…

— Иә, радиода төрт-бес жыл жұмыс iстедiм. Бiрақ, өнерге жолымды ашқан осы радиодағы жылдар едi. Өйткенi, ол кезде эфирден жазушылар, ақындар келiп өз шығармаларын оқитын не болмаса оқытатын Бiрде Рахия апай келдi. Осылай басталған таныстық, жетелеп жүрiп менi сахнаға жеткiздi-ау әйтеуiр. Театрда Әсiмжанов деген режиссер болды, ол кiсi де менi қолдап жүретiн. «Ғалиябануды» қойды да, мен – Ғалияны, Қуат Әбусейiтов – Халелдi ойнады. Осы спектакльмен Татарстанға барып қайттық. Сөйтiп 1952 жылдан бастап спектакльдерге қатыса бастадым да, басыңды қатырып қайтейiн, небiр кедергiлерге соқтығып жүрiп, «Порт Артур» драмасындағы жапон қызын, Әбiшевтiң «Күншiлдiктесiнде» тағдыры қиындау жас келiншектiң рөлдерiн ойнадым. Ол кезде пьесаны қабылдауға Әуезовтен бастап жазушы-драматургi бар, көркемдiк совет қабылдап алатын.

Зәмзәгүл апайдың жүзi әлдебiр қуанышты жағдайды еске түсiргендей, бал-бұл жайнап, қозғалақтап кеттi.

— Есiңiзге жағымды бiр сәт түстi-ау, — деп бiз де ынтыға түстiк.

— Жағымды болғанда қандай. Сол бiр сәт әлi кезге дейiн көз алдымда қалды. Қуансам да, көңiл-күйiм түссе де сол бiр минуттық сәт жебейдi, көтередi. «Бұл Зәмзәм емес, Кәусар болды». Бұл – ұлы жазушы Мұқаңның, иә, Мұхтар Әуезов¬тың аузынан шыққан сөз. Сөз емес, мақтау, риясыз ризашылық. Мен арқылы, менiң шығарған рөлiм арқылы қазақ өнерiне ризашылығы, қазақтың қара сөзiне, қазақтың қоңыр үнiмен әрленген әңгiмесiне пьесасына ризашылығы. Төбем көкке бiр-ақ елi жетпедi. Ұштым, көкке самғадым. Осы бiр ауыз жылы сөз менi өмiрбойы көтерiп келедi. Әлi күнге дейiн театр босағасын аттағанда, театр сахнасымен әр кеш сайын қоштасқанда менiң жадымда тұрады. Өнердегi бағымды ашқан да осы жалғыз ауыз сөз болды. «Айман-Шолпанда» — Айманды, «Абайда» – Қарлығашты, кейiн Құрманбек Жандарбеков «Қаракөздi» қоятын болды да, Рахия апай Бөрiжанды ойнады. Сахнаға, елдiң назарына жiбермей тұрып үстел басындағы тыңдау аса тартысты, қызықты өтедi ол кезде. Әрқайсымыз өзiмiзге бекiтiлген рөлдi оқып жатырмыз. Бiткеннен кейiн олар өзара талдайды да, бiздi сыртқа шығарып жiбередi. Осындай бiр сәтте Рахия апай:

— Әй, сен Әуезовке қатты ұнадың, қара да тұр Қаракөз боласың — дедi менi құшақтап.

Бiрақ белгiсiз себептермен осы пьеса қойылмады да, кейiн 1963 жылы ғана сахналанды. Ол кезде, әрине, Мұқаң көрмедi. Одан киностудиялар шақыра бастады, танымал бола бастаған кезiм. Шәкеннiң бiрнеше киносына түстiм. «Дала қызына» түсуiм де қызық. Бұл рөлге басында Хадиша апай бекiтiлiп қойыпты да, бiз жәй эпизодтық көрiнiстерде жүрдiк. Бiр күнi менi басты рөлге таңдапты. Хадиша апай анау-мынау артық сөзi жоқ, баладай аңқау кiсi ғой. Үндемей жүрiп киiмдерiн дайындап қойыпты. Кейiн айтады: «Мен киiм тiктiрiп, қашан киноны бастаймыз, қашан шақырады деп күтiп жүрсем, «Зәмзәгүл Шәрiпова түсетiн болды» деп отыр» — деп күледi. Қызғану деген атымен жоқ, басқа бiреу болса, «басында неге айтасыңдар, әуре ғып» деп бiраз шулатар едi. Таза өнерге жаны ауыратын, жаны ашитындар арасында қызғаныш деген болмаса керек-тi.

Содан Мәскеуге онкүндiкке баратын болдық. Кинодағы рөлдерiм де баршылық. Бiрақ Ақтоқтының орны бөлек. Шолпан апай мен Шәкен, екiншi тобында – Ыдырыс екеумiз-тiн. Кейiн Қалекең, Ыдырыс мылқауды ойнады да, мен Мусинмен партнер болдым. Киноға үлкен баға берiлдi. Мәскеулiк бұқаралық ақпарат құралдарында тыным жоқ, мақтауға кенде емеспiн. Содан Ақтоқтының да кезегi келдi, бiрiншi күнгi Шолпан апайға ел риза, құшақ-құшақ гүл… Мен шығатын күнi әлгi апайым киетiн киiмiмдi бермейдi. Ал кеп жыла, жалын… жоқ, ешкiмге көнер емес. «Екi күнде де өзiм ойнаймын, бермеймiн» –дейдi. Дәл сол күнгiдей көз жасым төгiлмеген шығар, күңiренiп кеттiм, күйiп кеттiм. Өмiрiмдегi, өнерiмдегi ең асыл бейне сол –Ақтоқты, кiшкентай кезiмнен арман болған Ақтоқты осылай жер соқтырып кеттi. Содан ары қарай «Дала қызымен» Ригага кинофестивальға кеттiк. Осы сапардан келгенiмде, Республикаға еңбек сiңiрген артист атағы күтiп алды. Одан кейiн Құрмет белгiсi орденiн алдым, Шолпан апайым да елмен бiрге елпiлдеп келiп құттықтап жатыр. Алғаш өнер сыйлығын алып жатқанда кiмге өкпе артарсың, құшақтасып, сүйiсiп жатырмын. Кейiн марқұм Шолпан апаймен сырлас, сыйлас, пiкiрлес болып кеттiм…

«Бiз осы жерде тұрамыз», «Өмiр жолы» кинокартиналарында, одан кейiн Болат Шәрiповтiң «Заман-ай» (Сәкен Жүнiсов) фильмiне түстiм. Театрда бүкiл классикалық шығармаларда, әсiресе өзiм жан-тәнiммен жақын көретiн «Қаракөздi» он жылдай жалғыз ойнадым. Осы рөлiм үшiн «Халық артисi» атағын алдым. Жүзден аса рөлдерде iзiм бар, қазiр «Отыз ұлың болғаншада» ылғи кәрi артистер ойнаймыз. Жас ұлғайған соң жастарға орын беру өмiрдiң заңы.

… Өмiрдiң әсемдiгiн бiле алмаппын жасымда,

Жақсы достар болып едi қасымда.

Жалғыз қалдың, қартайдың да,

Кәрiлiк

сен де басынба.

Басынып жатыр денсаулық

Тыныштық жоқ бiрауық.

Қимасақ та өмiрдi,

Кетемiз ғой , сол қауiп, деп көңiлдiң бiр сәттегi күйзелiстерiн қағазға түсiрiп, ермек етемiн.

… Қартайған соң сахна қашты менен,

Шамаңның жеткен жерi осы деген…

Сыртында сахнаның қалдым-ау деп,

Күйiнiп, қапаланып, қайғы шегем…—деп бiрде күлiп, бiр жылап ғұмыр кешiп жатырмын. Алла Тағаламның мұнысына да мың тәубә.

… Жүзден астам рөл жасап, сахнаға өмiр бердiм,

Қайғы-қасiрет, махаббат сезiмдерiн

Көп iздедiм, тынбастан ерiнбедiм,

Образын түрлi адамның жасаймын деп,

Қатыгез, қиындықтың бәрiн көрдiм.

Бiттi бәрi,

Болдым кәрi,

Кәрiлiктен кеттi ғой беттiң әрi…

— Беттiң әрi демекшi, Зәмзәгүл апай әлi де көркемсiз. Осы қалпыңызды қалай сақтадыңыз?

— Негiзi беттiң жаратылысы түзу. Жас кезде адам, тiптi, түзу болмаса да әдемi ғой. Үйренген әдет бойынша сылап-сипап жүремiз, дегенмен әжiм деген…

— Өз уақтымен түскен әжiм де әдемi көрiнедi емес пе?

— Әрине, ол мiндеттi түрде. Қанша күтiмде болғанмен уақыт өз дегенiн алады. Жетпiстiң ортасынан асып бара жатқан ғұмырымда қимылдың, дене қимылының, үзбей жасайтын дене шынықтыру жаттығуларының пайдасы керемет екенiн айтқым келедi.

Осы жерде тағы да өлең дәптерiн ақтара бастады.

— Адам баласы өмiрбойы ғашық болуға, бiреуге сүйкiмдi болуға тырысып бағады ғой. Осы бiр сезiм өлмесiн, ол өлген жерде пендеңiз де қуарып, керексiз бiр әлемге айналып кетедi. Ендi ғашықтық туралы жазған бiр өлеңiмдi тыңда:

Сырттай сүйем бiр адамды,

Өзi еңбекқор, өзi ақылды.

«Жасыл баққа барайық» деп,

Бүгiн менi шақырды.

— Бардыңыз ба?

— Жоқ, бармадым, сырымды да жаймадым.

— Ол кiсi бар ма? Бұл өлең құпия болмаса қай шамада жазылды?

—Бар, әрине, тiрi. Елуге келiп қалған кез ғой деймiн.

— Ал, өзiңiзге ғашық болғандар да жететiн шығар?

—Е-е, қарағым, «ғашықпын, сүйiп қалдым» деушiлер көп болды ғой. Бiрақ ол кезде өзi әдемi, өнер десе өлермен мен байғұстың оларға бөлер уақытым да тапшы едi. Көңiл де, уақыт та жетпедi ғой деймiн. Оның үстiне оларға да менiң махаббатым емес, атақ-абыройым қажет болғанын iштей болса да сезетiнмiн. Сосын да қашқақтадым, үрiктiм.

Өттi сонау жақсы бiр кезiм менiң,

Ғашық болып ањ ұрып көз iлмедiм,

Көз iлмедiм, тағы да сенi iздедiм,

Сенi iздедi лаулаған сезiмдерiм…

Бiз театр үйiнен шығып, Абай даңғылының бойымен бiраз серуендеп, қимай қоштастық. Бiраз жер жүрiп барып, артыма бұрылғанда көргенiм: басында аппақ қалпағы, үстiнде аппақ тығыз тоқылған жамылғысының етегi желбiреп, қолындағы аппақ сөмкесiн қолтығына қыса ұстаған қазақтың аппақ қызы бүгiнгi аппақ анасы – Зәмзәгүл аяғын тәкаппар басып кетiп бара жатты. Қонышы ұзын, сәндi етiгiнiң өкшесi жерге тық-тық етiп, алыстаған сайын өнердегi iзiм де осындай, көрерменiмнiң көңiлiнде өшпес iз қалдырған дегендi ұқтырғандай әсерде болдық.

Өнердiң, қазақ өнерiнiң, қазақ театры сахнасының сәнiне айналған осындай аналар керуенi көтерген жүгiнiң ауырлығына мойымай, алысқа, со-нау алысқа кетсе деген жақсы бiр тiлек көкейде қалып қойды…

Сырласқан Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ