Жаңалықтар

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАҒДАРЫСҚА ҚАШАҒАН КIНӘЛI МЕ?

ашық дереккөзі

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАҒДАРЫСҚА ҚАШАҒАН КIНӘЛI МЕ?

Қашағанды игеруге қатысушы консорциум мен Қазақстан Үкiметi арасындағы меморандумға 22 қазанда қол қойылғанымен, мәселе әлi бiржақты етiлген жоқ. Қазақстан Үкiметiнiң Eni компаниясы басқарған Қашағанды игерушi тарапқа берген соңғы уақыты – 30 қараша. Қашаған жайында әңгiме әзiрге шетелдiк те, ресейлiк те баспасөз бетiнен түскен жоқ. Соңғы мәлiметтерге сүйенсек, елiмiздiң банк жүйесiндегi дағдарысқа негiзiнен Қашағанға байланысты дау арқау болған сынды.

Өйткенi, — дейдi «Кашаганский узел» атты мақаланың авторы – шиеленiсте Еуропа комиссиясының функционерлерiнiң делдалдық қызметi жүзеге асқан. Қазақстан тарапы Eni компаниясының мәлiмдемесiне қарсы шұғыл әрекеттер қолданып, жерасты байлықтарын пайдалану туралы заңға өзгертулер енгiзуге дейiн барып жатқан кезде, елiмiзге Еурокомиссия өкiлдерi келдi. Бұдан кейiн, елдегi қаржы саласының құлдырауы, Standard & Poor’s и Fitch бастамашыл болған рейтингiлердiң төмендеуi өрiс алды. АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыспен салыстыруға мүмкiндiк берген Еурокомиссия рейтинг агенттiктерiнiң қызметiн зерттеген кампания пайдаланылды. Дағдарысқа дайын болмаған Қазақстан қоғамына бұл соққы қатты әсер еттi. Әсiресе, сыртқы қарызға тәуелдi банкi жұмысы құлдырап кеттi. Кездейсоқ па, жоқ па, Қазақстан Қашағанды игерушi консорциумның әкелген зиянының мөлшерiнде қазақстандық қаржыгерлер батыстық кредиторларға қарыздар болыпты.

Демек, Еуропа елдерi өзара келiсiп, Қазақстанда қаржы дағдарысын ұйымдастыруға кiрiскен. Оның үстiне Ресейдегi инфляция жығылған үстiне жұдырық болған.

Тараптар Қашаған мәселесiнiң оңтайлы шешiлуiне мүдделi болғанымен, келiссөздiң әлi де қиын жағдайда жүргiзiлiп жатқаны байқалады. ИНТЕРФАКС-АНИ агенттiгiнiң хабарлауына қарағанда, 12-қарашада Италия астанасы Римде өткен ХХ бүкiләлемдiк энергетика конгресiнде Eni компаниясының төрағасы Паоло Скарони Қашағанға қатысты келiссөздiң өте ауыр жағдайда өтiп жатқанын мәлiмдеген. П. Скарони Қашағанды игерушi консорциум үлес салмағын 50%-ға дейiн төмендететiндiгiн де айтып өткен. Corriere della Sera газетiнiң жазуы бойынша, Қазақстан үкiметi консорциумнан 10 млрд. доллар көлемiнде айыппұл талап етiп отырған көрiнедi. Сондай-ақ, ҚазМұнайГаздың Қашағандағы үлесiн арттыруды көздейдi делiнген газетте. Алайда Скарони мырза бұл жайында бейхабар екенiн айтқан. Қазақстанның Қоршаған ортаны қорғау министрi Нұрлан Ысқақов осыдан бiраз уақыт бұрын консорциум табиғатты қорғау мекемесiнiң шағымына 22-қарашаға дейiн құлақ аспаса, Agip KCO консорциумының жұмысын тоқтататындығын мәлiмдеген.

Ресейдiң Росбальт агенттiгi Батыс консорциумының қалай да келiсiмге келетiндiгiн мәлiмдеген. 31-қазандағы «Западные инвесторы пойдут на уступки» атты ақпаратта Қазмұнайгаздың Қашағандағы үлесi қазiргiден екi есеге дейiн өсуi мүмкiндiгi айтылған. Яғни, қалған компаниялармен иық теңестiру үшiн ҚазМұнайГазға 16,33%-дық үлес салмаққа қол жеткiзсе жетiп жатыр. Сондай-ақ, бас оператор Eni компаниясы консорциумның үлес салмағы 50%-ға дейiн азаюы мүмкiн деп отыр. Егер олай болған жағдайда бiздiң отандық компания 40%-дық үлес салмаққа қол жеткiзуi де ғажап емес. Дәл осы деңгейге жетудi Қазақстан үкiметi көздеп отыр. Бұл ақпаратты Рейтер агенттiгi де растап отыр. Демек, Қазақстан өз дегенiне жетiп тынатын сыңайлы. Қазiрдiң өзiнде келiссөздер жемiсiн бере бастады. Батыс компаниялары 50%-ға дейiн үлестерiн азайтуға келiсiп отыр.

Желтоқсан айында Президент жанындағы шетел инвесторлары кеңесiнiң пленарлық отырысы жоспарланған. Қашаған төңiрегiндегi дау бұған дейiн бiржақты етiлуi керек.

Есенгүл Кәпқызы