ЧИКАГО ЧЕМПИОНАТЫНДА ҚАЗАҚ ТУЫ АСҚАҚТАДЫ

ЧИКАГО ЧЕМПИОНАТЫНДА ҚАЗАҚ ТУЫ АСҚАҚТАДЫ

ЧИКАГО ЧЕМПИОНАТЫНДА ҚАЗАҚ ТУЫ АСҚАҚТАДЫ
ашық дереккөзі

Бокстан АҚШ-тың Чикаго қаласында өткен кезектi Әлем чемпионатында жерлесiмiз Серiк Сәпиев әлемнiң екi дүркiн чемпионы атанды.

Қазақ боксында Серiк аттас азаматтардың абыройы әрқашан да биiк болған. Ол Серiктер әлем чемпионаттарында, Еуропа жарыстарында алаш жұртының абыройын асқақтатып, халқымыздың сүйiктi өрендерiне айналған-ды. Айтпағымыз, Серiк Қонақбаев, Серiк Нұрқазов, тағы басқа бокс саңлақтары. Олардың әрбiрi өз уақытында қазақ елiнiң қайталанбас боксын әлем халықтарына мойындатып, ел артқан үкiлi үмiттi ақтап жүрдi.

Ендi, мiне, бауырласымыз, осыған дейiн бiр рет аса мәртебелi әлем чемпионы атағына қол жеткiзген, аса дарынды Серiк Сәпиев өткен аптада алдыңғы буын ағаларының жеңiмпаз жолын жалғастырып, АҚШ-та өткен әлем бiрiншiлiгiнде 64 келiлiк салмақта екi дүркiн әлем чемпионы атанды. Ол ақтық айқаста жапондық Масацугу Кавачидi айбынды жекпе-жектiң үшiншi раундында жер қаптырып, 20 ұпаймен басым түстi. Серiк өзiнiң жеңiске жету мүмкiндiгiн 2005 жылы Қытайдың Мияньянг қаласында өткен әлем бiрiншiлiгiнде-ақ дәлелдеп, қарсы келген бәскелестерiн ойсыратып, қапыда қалдырған едi. Жеңiстен жеңiске жеткен деген осы да.

2004 жылғы Афина олимпиадасында елiмiздiң көк байрағын желбiреткен 75 келiге дейiн салмақтағы Бақтияр Артаев венесуэлалық Альфонсо Бланкоға есесiн жiберiп алды. Ескере кетiн бiр жай бар, соңғы жылдары Латын Америкасында, әсiресе, аталмыш Венесуэлада бокс күрт дамып, бұл елдiң спортшылары талай iрi халықаралық жарыстарда қоржындарына қомақты ұпай салып жүр. Бақтияр Артаев пен 81 келiдегi Еркебұлан Шынәлиев екеуi әлем чемпионатының қола жүлдесiн мiсе тұтты. Әрине, әлем бiрiншiлiгiнде қола жүлдеге қол жету деген де айтарлықтай жетiстiк емес пе? Өйткенi, кейiнгi кезде бүкiл әлем бойынша тепсе темiр үзетiн боксшылардың қатары жыл санап көбейiп келе жатқаны анық. Осындай қапсағай денелi боксшылармен иық теңестiрудiң өзi қайсарлық деуге болады.

Құдай қаласа, үшеуi де келесi жылы Пекинде өтетiн олимпиада ойындарында әдемi бокс көрсетедi. Сол сияқты олардың қатарына 69 келi салмақта күш көрсеткен Бақыт Сәрсекбаев та әлем бiрiншiлiгiнiң финалына дейiн жетiп, 2008 жылғы Пекин олимпиадасына жолдама алуға мүмкiндiгi туды.

Аты шулы Чикаго қаласында өткен дүбiрлi жарыс – бокстан Әлем чемпионаты өткен апатада өз жалауын түсiрдi. Ендi боксшыларымыз бен жаттықтырушылар осында көрсеткен өз өнерлерiнiң қыр-сырына, жетiстiктерi мен кемшiлiктерiне кең талдау жасайтын күндер алда. Қазақ боксшыларының болашақ жарыстарда да жеңiстi тұғырдан көрiне беруiн тiлейiк!

Ж.Баққондыұлы