БIЗ ҚАЙДА БАРА ЖАТЫРМЫЗ?

БIЗ ҚАЙДА БАРА ЖАТЫРМЫЗ?

БIЗ ҚАЙДА БАРА ЖАТЫРМЫЗ?
ашық дереккөзі

КЕКIЛБАЕВ ЕШКIМДI АЯҒАН ЖОҚ

Бiздiң шенеунiктер мен зиялылар газет оқымайтын шығар. Оқыса да … әй, қазақ газеттерiн оқымайды-ау деймiн. Өйткенi, ресейлiк меншiктегi немесе мазмұн-нысандағы газеттердiң арасында … анда-санда … қазақ газеттерiн оқып тұрса, мемлекеттiк идеологияның өзегi не екендiгiнен хабардар болып жүрер едi.

Зиялылар мен шенеунiктер оқымағаннан кейiн қазақ газеттерi өз дауысын өзi естiгенге мәз жаңғырықтан несi артық?

Бiрақ солай екен-ау деп бiз де идеология туралы жазуды тоқтатпақшы емеспiз. Өйткенi, күндердiң бiр күнiнде, ғайыптан тайып… шенеунiктерiмiздiң ұлтжанды санасы, зиялыларымыздың азаматтық намысы оянып, газетiмiздiң бiр санын алып, оқып қалуы мүмкiн-ау деген үмiтiмiз қаламды қолдан түсiрмеуге үгiттейдi.

Қазақтың мұңы… деген тiркестi естен шығара бастадық… Себебi ХХ ғасырдың басында жоқ ретiнде iздеу салынған Мұңымыздың бүгiнде бiрi де түгенделген жоқ. Ендi ХХI ғасырдың басында Жоғымызды басқа жолмен iздеуге көштiк. Заман ағысы қазақтың мұңын мемлекеттiң ұлттық саясатынан, әлi пiсуi жетпеген жоба күйiндегi ұлттық идеологияның астарынан iздеудi меңзейдi.

Ал бiздiң елдегi оның жағдайы нешiк?

Астанада Шығармашылық және ғылыми интеллигенцияның екiншi басқосуы болып өттi. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оған ТМД елдерiнiң бiрсыпыра зиялы қауымы жиналған көрiнедi. Былайша айтқанда, бұрынғы бодан, қазiр тәуелсiз елдердiң ар-ұяты, миы мен санасы. Сүт бетi қаймағы. Бұл қауым бас қосып, ортақ кеңес құрып болған соң, зиялы сұхбаттардың қорытындысы ретiнде екi резолюция қабылдады. Не жөнiнде дейсiз бе? «Ұлы Отан соғысындағы Жеңiстiң» 65-жылдығын тойлауға арналған құжат. Яғни, 70 жылдай ортақ идеологияға ұйып, басы артық ойдың ұшығын шығаруға қорқып өмiр сүрген зиялылар кеңестiк (советтiк) тепкiнiң табын саналарынан әлi сызып тастай алмаған сияқты.

Бiрiншiден, шын мәнiндегi зиялы қауымның ой-санасы бүгiнгi саяси жүйеден азат болуы керек. Астанаға жиналған қауым бүгiнгi тұрмақ, кешегi саяси жүйеге рухани тәуелдi ме деп қалдық. «Ұлы Отан соғысы» деген қай соғыс? Құрамындағы республикалардың мемлекеттiк тарихын жоққа шығарып, ұлт-азаттық көтерiлiстердiң маңызын азайтып, ұлттық батырлардың атын атауға тыйым салдырған, содан кейiн тозығы жетiп тарап кеткен саяси жүйенi қайта-қайта насихаттаудан не ұтамыз?

Әлi күнге дейiн тарих оқулықтарында «Ұлы Отан соғысы» деп аталып келген терминдi өзгерту жөнiнде бiз бұған дейiн жазғанбыз. Қазақтiлдi ақпарат құралдарының көпшiлiгi мұны «Екiншi дүниежүзiлiк соғысы» деп жалпылай ғана атап жүр. Ал 9 мамырда – фашизмдi жеңген күн дейдi. Дұрысы – осы.

Екiншiден, 1941-1945 жылдардағы Екiншi дүниежүзiлiк соғыс тiптi қазiргi Ресей үшiн де Отан соғысы емес. Әйтпесе, I Дүниежүзiлiк соғысты та «Отан соғысы» деп атау керек. Өйткенi, 1914 жылы да Германия дүние жүзiн жаулау мақсатында басқыншылық соғыс бастаған.

Екiншi дүниежүзiлiк соғыстың басталу себептерiне қатысты бiраз зерттеулер жасалды. Бiр деректерге жүгiнсек, фашистiк Германияның басқыншылық пиғылын Совет үкiметi бiлген, тiптi Гитлер мен Сталиннiң арасында құпия келiсiм болған. Егер Гитлер уәдебұзар болса, Сталин оған дейiн онымен ауыз жаласқан сыбайлас болса, бұдан кейiн Германия мен Совет Одағы арасында болған соғыс қалайша «Отан соғысы» саналмақ?!

60 жылдан берi тарихқа жаңа көзқарас қалыптастыратын кез келдi. «Елу жылда ел жаңа» екенi қазақтың есiнде болса да, тәуелсiз мемлекеттерден жиналған зиялы қауым мұны бiлмейтiн сиқяты. Олар Екiншi дүниежүзiлiк соғыста кешегi «одақтас», бүгiнгi тәуелсiз елдердiң қанды жеңiске қалай жеткенiн тойлау шараларын талқылағаннан гөрi, осы соғысқа деген бұрма көзқарасты түзеуге талпынсашы? Жаңа заманның тарихын жазуға бағыт сiлтесешi?

Қауымның емес, қоғамның емес … санадағы сiлкiнiске әлi зәрумiз.

Аузымен орақ орған шығармашылық және ғылыми интеллигенцияңыздың санасы 60-жылдық тарихқа жаңа көзқарас қалыптастыруға жетпегенде, басқамызға не жорық-ау?

… Азаттық қарумен емес, қанмен емес, санамен алынатындығын ұғып қалдық. Сана жорығына шығуға жүрек дауалатпай жүргенiмiз әлi бiраз жыл өткеннiң елесiне ерiп, елпектеуiмiзге әкелер. Атырау мен Павлодар облыстарында коммунистер «Қазан төңкерiсiнiң 90-жылдығы» қарсаңында студент жастар арасында шығармашылық байқау жариялапты. Оның жеңiмпаздарын өткенде ақшалай сыйлықпен марапаттап та тастады. Мiне, бiздiң мемлекеттiк саясат.

Студенттерге «Социалистiк революцияның әлемдiк масштабтағы ролi мен оның Қазақстан дамуы үшiн маңызы» деген тақырыпта реферат жазғызып жатырмыз. Солқылдақ сананы құлдық сана болуға дайындап отырмыз…

Сараптау жасасақ, бұл шаралар жан-жақты ойластырылған жымысқы саясатыңыздың нақ өзi-ау…

… Былтыр Борат деген «дөкей» Қазақстанды дүр сiлкiндiрдi. Обалы не керек, түпкi мақсаты беймәлiм осы жоба бiздiң шенеунiктердiң қаншалықты ұлтжанды екенiне айқындауыш болды. Қазақстан туралы адам сенгiсiз өтiрiктердi үйiп-төккен Борат туралы Президент Назарбаевтың өзi шетелде жүрiп түсiнiктеме беруге мәжбүр болды. Ал оны сотқа беремiз деген бiздiң шенеунiктер әуелгiде намыстанғансып, өре көтерiлiп, даурыққанымен, соңында қозғалақтап, қипақтап, ақыры … тынышталды.

Сол Борат «Қазақстанын» ұмытпапты. Тұп-тура бiр жылдан соң ортамызға қайта келдi. Бұл жолы Қазақстан туралы жолбастаушы кiтапша шығарыпты. Онда Қазақстан туралы масқарампаз «әңгiмесiн» одан әрi жалғастырады.

Бұл жоба Қазақстанның халықаралық имиджiне нұқсан келтiрудi мақсат еткен шығар-ау, бiрақ мен бiздi сырттан сынап-мiнеп, сайқымазақ болып жүрген Бораттың тiрлiгiнен гөрi өз iшiмiздегi құлдық санадағы шенеунiктер мен зиялылардың iс-әрекетiнен ұлттық тәуелсiздiгiмiзге келер зиян көбiрек пе деп қорқамын.

… Әрине, үмiтсiз емеспiз. Көптен берi үнiн ести алмай жүрген Әбiш Кекiлбаев кешегi аптада күндей күркiреп, Үкiмет мүшелерiн жерден алып, жерге салып, айызымызды бiр қандырып тастады. Ашуы әбден титығына тиген адамның кейпi байқалды. Мемлекеттiк тiлдi жетiмсiреткен Үкiметтi де, лоббистердiң ығынан шыға алмай отырған Парламенттегi әрiптестерiн де – ешкiмдi аяған жоқ. «Үкiмет әлдебiр қаржылық топтардың лоббиiн жүргiзуде, ал Парламент болса, соның соңынан сөзсiз ерiп барады» дедi ол. «Бiз халыққа бiрден-бiр керек шаруаларды саяси шоуға айналдырып барамыз. Сондықтан көптеген мәселелер шешiлмей жатыр. Тiл-тiл дегенде, көпшiлiгi егер 17 министрдiң 17-сiн қазақша сөйлетсек, мемлекеттiк тiлдiң бар мәселесi шешiлiп қалады деп санайды. 17 министрге қазақша үйрету үшiн ұлттық бағдарламаны жасаудың қажетi жоқ, бар болғаны 17 министрден талап ету керек. Бұл сол орынтаққа отырғызғанда қойылатын кәсiби квалификациялық талап. Адам құқығы одан бұзылмайды. Адам құқығын кiрпiк қақпай қорғайтын халықаралық ұйымдар десек, олар да БҰҰ-ның жұмыс тiлiнiң бiрiн бiлмей, жұмыс iстей алмайды. Сол сияқты Қазақстанда да мемлекеттiк тiлдi бiлмеген кiсi мемлекеттiк қызметте iстемеуi керек».

Бәрекелдi. Арыз айтылды, талап етер кiмiң бар?

Әбiш ағадан артық айттық демеймiз…

«… Мемлекеттiк тiл мәселесiн түбегейлi шешудiң жолы, ұлттық прогреске жетудiң ең басты шарасы – осы заманғы бiлiм берудiң барлық деңгейiн қазақ тiлiне көшiрудi қамтамасыз ету. Ал балабақшаларды қазақ тiлiне көшiру үшiн не iстелуде және ондай бағдарлама бар ма? Жоқ. Бастауыш мектеп қанша уақыт қазақ тiлiмен қамтылуда? Белгiлi ме? Жоқ. Орта мектепте де, жоғары оқу орындарында да солай. Ендеше, неге бiз Бiлiм министрлiгiнен жақсылап сұрамаймыз? Үкiметтiң 70 пайызы бұрынғы министрлер ғой. Олар не бiтiрiп отыр, осы кезге дейiн не iстеп, не қоятынын бiлмесе? Неге оларға тастай қатып, жабысып отырмыз? Қайталап айтамын, бiз тiл мәселесiн шешуде ең алдымен мемлекеттiк тiлде бiлiм беру мәселесiн жолға қоюға тиiспiз. Осыны министр бiлмесе, бiлмей кетсiн. Биыл iстесiн, келер жылы бәрiбiр сызып тастаймыз.

P.S. Әбiш аға сөйлеп жатқанда, «Аға, ашуыңды бершi» деген ешкiм болған жоқ. Себебi, «аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды».

Гүлбиғаш Омарова