ҰРЫС БАСТАЛДЫ
ҰРЫС БАСТАЛДЫ
Ресми Анкара күрд жасақшыларына қарсы қару қолдануға Ақ Үйдiң келiсiмiн алды. Ал жиырма жыл бойы Күрдiстан автономиясын құрам деп құлшынған күрдтердiң кесiрiнен 40 мыңға жуық адам ажал құшыпты. Ширек ғасырдан астам уақыттан берi өлiм дәнiн сепкен қарулы қақтығыстарға түрiктер тосқауыл қоя ала ма?
"АТЫҢДАР!"
Түркия шекарасына орналастырылған 100 мың түрiк әскерi Ирактың солтүстiк аймағындағы күрд жасақшыларына қарсы әскери шараны бастайтын болды. "Күрдтердiң жұмысшылар партиясы лаңкестiк ұйымы қару сатып алуды, заңсыз жолмен қаржылық жағдайын жақсартуды, әскерилерiне бiлiм берудi, радио және телеарна арқылы насихат жұмыстарын жүргiзудi тоқтатар емес. Ең бастысы, олар шекара асып келiп, қарапайым азаматтар мен әскерилерге қарсы лаңкестiк әрекеттер ұйымдастыруда" деп мәлiмдеген Түркияның премьер-министрi Реджеп Таийп Ердоған Ирактағы қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн халықаралық ұйымдарға бiр емес, бiрнеше рет ескертпелер жасағанмен, ешқандай нақты шараның қабылданбағанын, осы себептен, күрд содырларына қарсы әскери күш қолдануға мәжбүрлiгiн айтты: "Түркия Ирактың аумақтық тұтастығын қолдайды және ирактық халық басынан кешiп отырған қиындықтардан құтылғанын қалайды. Алайда осы аймақтан бастау алып отырған лаңкестiк әрекеттер екiжақты қарым-қатынасымызға сызат түсiредi". Соғыс ашу, ашпау мәселесi талқыға түскенде Түркия Мәжiлiсiнiң 90 пайызы премьердi қолдап дауыс бердi. Бұл дегенiңiз, Ердоған қажет деп тапқан кез келген қадамды жүзеге асыруға құқылы.
Жиырма жылдан берi Түркия аумағынан Күрдiстан автономиясын құруға рұхсат етудi талап етiп келе жатқан Күрдтердiң жұмысшылар партиясы (КЖП) тарапынан ұйымдастырылған түрлi әрекеттер салдарынан 40 мыңға жуық адам ажал құшқан. Өкiнiшке қарай, Анкара да, Бағдад пен түрiктердiң стратегиялық серiктесi АҚШ та қантөгiске тосқауыл қоя алмады. Үстiмiздегi жылдың 21 қазанында Ирактың солтүстiк бөлiгiнде күрд жасақшыларымен болған қарулы қақтығыста түрiктердiң 12 әскерi қаза тауып, 16-сы тұтқынға алынған едi. Бағдад КЖП өкiлдерiнен қамаудағы түрiк әскерилерiн босатуға шақырған. Алайда күрдтер бұған құлақ аса қоймады. Елдегi ушығып кеткен саяси ахуал ресми Анкараның ғана емес, қарапайым түрiк азаматтарының да ашу-ызасын оятқан. Бiрнеше күн бойы Түркияның түкпiр-түкпiрiнде Ердоғаннан күрд жасақшыларына қарсы әскери күш қолдануды талап етiп, көшелерде шеру ұйымдастырғандардың санында да шек болмады. Апта басында Ақ Үй басшысымен кездескен Ердоған Ирактың солтүстiк аймағындағы саяси ахуалды талқыға салу нәтижесiнде, әскери шараны бастайтын болып шештi.
БУШ РҰҚСАТ БЕРДI
Түрiктер жағы бiраз уақыттан берi Бағдадтан да, Вашингтоннан да КЖП содырларын ауыздықтауды өтiнiп келген. Осы мәселеге қатысты ирактық әрiптестермен өткiзiлген келiссөздер де нәтиже бермедi. Оның үстiне, түрiктер жерiне бiр емес, бiрнеше рет келген америкалық саясаткерлер Ердоғанның күрд жасақшыларына қарсы қару кезенуiн қаламады. Оның себебi, Ақ Үй Ирактың саяси тұрақтылық орнаған солтүстiк бөлiгiнде қантөгiстер мен шиеленiстiң орын алғанын қаламаған. 3 қарашада Стамбұлға екiншi рет ат басын тiреген АҚШ Мемлекеттiк хатшысы Кондолиза Райс, Түркияның сыртқы iстер министрi Әли Бабажан мен Ирактың сыртқы iстер министрi Хошияр Зибари бас қосып, ушығып кеткен саяси ахуалды ортаға салды. Алайда ирактық күрд жасақшыларына қатысты нақты шара қабылданған жоқ. Хошияр елiнiң солтүстiк аумағындағы күрд әскерилерiне қарсы тұруға дайын екендiгiн жеткiзгенмен, Бағдад та, Анкара да Ирактың таулы аймақтарына бекiнiп алған жасақшыларды жойып жiберуге қауқарсыз екендiгiн айтты. Есесiне, Райс Ердоғанның КЖП содырларымен күрестегi барлық қадамын қолдайтындығын мәлiмдедi. Түркияның Иракпен шекаралас солтүстiк бөлiгiне 100 мың әскерiн орналастырып қойған Ердоған әскери шараны бастамас бұрын Вашингтонға барып қайтты. Бушпен кездескен түрiк премьерi содырларға қарсы қару қолдануға рұхсат алды. Ақ Үй Анкараға КЖП мүшелерi мен оларға қатысты тың деректердi тауып беруге уәде еттi. Бұған дейiн Ирактың премьер-министрi КПЖ-ға қатысты барлық өкiлдiктердiң жабылатынын ескерткен. Көп уақыт өтпей-ақ, Эрбиль қаласындағы Күрдстандық демократиялық шешiм партиясының қызметi тоқтатылды. Партия басшысы Фаик Голпи билiктiң шешiмiмен келiспейтiндiгiн айтқанмен, түрiктер жағы оларды КЖП-ға тiкелей қатысы бар деп есептейдi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ