АЛАҢҒА ШЫҚҚАН АЛАҢ КӨҢIЛ
АЛАҢҒА ШЫҚҚАН АЛАҢ КӨҢIЛ
Қап тауының етегiнде тағы да аласапыран
"Раушан төңкерiсiнiң" нәтижесiнде билiк басына келген Грузия президентiнiң тағдыры қыл үстiнде. Басты қолдаушысы әрi дем берушiсi саналатын Ақ Үйдiң келесi қадамы қандай болмақ? Бiр блокқа бiрiккен 11 оппозициялық қозғалыс өкiлдерiнiң мақсаттары ортақ па?
"СААКАШВИЛИ – ПРЕЗИДЕНТ ЕМЕС"
Билiгiнiң басында Гамсахурдиа, Шеварнадзе, Саакашвили отырған грузиндер президенттiк билеуден бас тартып, парламенттiк жүйеге көшудi қолдайды. "Президенттердiң кесiрiнен 20 жылдан берi соғыстан көз ашпай келемiз. Ендi билiк тағына халық отыратын болады" деп ұрандағандардың тобы бiр қолға шоғырланған билiк тоталитарлық жүйеге апарып соғады деген сенiмде. Сондықтан да президенттен бас тартуды көздейдi. Алайда оған қазiргi билiк мүдделi емес. Ресми Тбилиси оппозицияның парламенттiк сайлауды мерзiмiнен бұрын, яғни, 2008 жылдың көктемiнде өткiзу туралы айтқан ұсынысын екiншi рет қабылдамай тастады. Бұл туралы спикер Нино Бурджанадзе мәлiмдедi. Билiкпен келiссөздер жүргiзуден үзiлдi-кесiлдi бас тартқан оппозиционерлер ендi президенттi тағынан тайдыруға кiрiстi. Оппозициялық "Демфронт" фракциясының басшысы Каха Кукава: "Егер парламенттегiлер сайлау мерзiмiн өткiзуге мүдделiлiк танытпаса, келiссөз жүргiзудiң қажетi жоқ" дейдi. Кукавамен келiсе алмаған Бурджанадзе жаңа оңшылдар мен өндiрiсшiлер сияқты өзге оппозиционерлермен келiсем деп үмiттенген. Бiрақ ол үмiтi ақталмады. Дүйсенбi күнi Грузия парламентiнiң алдында өткiзiлген шеруде "Оппозиция президенттiң отставкаға кетуiн талап ете алмайды. Өйткенi, бiздiң елде президент деген атымен жоқ. Президент ел бiрлiгiнiң, конституциялық тәртiптiң, кез келген азаматтың құқығының кепiлi ретiнде қабылданады және халқының алдында жауап бередi. Ал, Саакашвили – президент емес немесе президент бола алмайды" деп мәлiмдеген Республикалық партияның көсемi Давид Усупашвили Грузияда тiркелген халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпустардың көмегiне жүгiнiп, шетелдiктердi елдегi саяси ахуалға баса назар аударуға шақырды: "Президент өз қызметiн мүлтiксiз атқара алмайды немесе оған бiреу кедергi жасап отыр. Бұл өте қауiптi". Қазiргi кезде оппозиция тарапынан билiкке қойылған талап бесеу: президенттiң отставкасы, парламенттiк сайлауды 2008 жылдың сәуiрiнде өткiзу (сайлау Саакашвилидiң бастамасы бойынша, 2009 жылға шегерiлген едi), сайлау комиссиясының құрамын өзгерту, Сайлау кодексiне өзгертулер мен толықтырулар енгiзу, барлық саяси тұтқындарға бостандық беру. Айта кетейiк, Грузияда қазiр 20 мыңға жуық саяси тұтқын бар. Парламенттiң алдына дар ағашын құрған оппозиционерлер арқанның орнына раушан гүлiнiң сағағын пайдаланыпты. Сағақта президент Саакашвилидiң суретi iлулi тұр. Шеруде "Саакашвили бәрiмiздi ығыр еттi! Сырттай демократияшыл көрiнгенмен, Грузияны авторитарлық елге айналдыруда. Ол Грузияны америкалықтарға, голландықтар мен қытайларға сатып жiбердi. Бұдан грузиндердiң жағдайы жақсара қойған жоқ" деп ашуланған "Грузиндiк кеңес" партиясының жетекшiсi Георгий Челидзе қазiргi ел басшысын "шетелдiк арнаулы қызметтердiң агентi" деп айыптады. Руставели алаңына жиылған 60 мыңдай шерушi "Жасасын Грузия!", "Грузия — Саакашвилисiз!" деп ұрандады. Қағаздарға жазылған ұрандар арасында орыс тiлiндегi "Ванька, Грузиядан табаныңды жалтырат, Курил аралдарын қайтып бер!", "Саакашвили мен Путин — етiктiң екi сыңарындай" деген сөздер де жүр. Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, мұндай жазулар әдейi iлiнген. Өйткенi, өздерiн батыстық бағытты ұстанамыз деп бiлетiн грузиндiк оппозиция ресейлiк телеарналардан берiлiп жатқан хабарларда оппозиция өкiлдерiн Саакашвилидi тақтан тайдыру арқылы Ресеймен татуласуды көздейтiндей етiп көрсетiп жатқаны ұнамайды. Ал, оппозиция өкiлдерiнiң кейбiрi Еуропалық одақпен де, Солтүстiкатлантикалық альянспен де, Ресеймен де жылы қарым-қатынаста болуды жақтайды. Шерудегi шиеленiс қызған шақта билiктiң атынан сөз алған спикер Бурджанадзе "сайлау кодексiне аздаған өзгертулер енгiзуге қарсы еместiгiн, бiрақ өзгертулердi оппозициямен бiрiге отырып жасайтынын" мәлiмдедi. Алайда оппозиция бас тартып, наразылықтың жалпыұлттық реңк алатынын ескерттi.
"МИША, СЕН ҚАТТЫ ҚАТЕЛЕСТIҢ!"
Экс-президент Эдуард Шеварднадзенi тақтан тайдырған "раушан төңкерiсi" 2003 жылдың 2 қарашасында басталған болатын. Араға 4 жыл салып Қап тауының етегiнде "раушандық төңкерiс" тағы да белгi бердi. Бұл жолғы жоспар да айна-қатесiз қайталанғалы тұрғандай. Мысалы, төрт жыл бұрын оппозиция алаңға 3 апта бойы 50 мыңдай адам жинаса, дүйсенбi күнгi шерушiлер саны 60 мыңнан асып жығылды. Шеварднадземен АҚШ өкiлi Джеймс Бейкер кездессе, Саакашвилимен әңгiме өткiзуге америкалық мемлекеттiк хатшының орынбасары Дэниель Фрид тағайындалды. Әңгiме ары қарай қалай өрiстерi әзiр белгiсiз. Әлемдiк бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшылар үшiн Саакашвилидiң тағдыры да жұмбақ күйде қалып тұр. Тығырыққа тiрелген Саакашвилидi Ақ Үй қолдай ма? Вашингтонның өкiлi Дэниель Фридпен кездескеннен кейiн Америка Саакашвилиге деген көзқарасын өзгерткен жоқ па? Оппозиционерлер еуропалық құрылымдар мен Солтүстiкатлантикалық альянспен ынтымақтастыққа құлшынып отыр. Бұл грузиндердiң қазiргi президентiне кедергi келтiрмей ме? Ұлттық үйлестiру кеңесiне бiрiккен 11 оппозициялық қозғалыс президенттiк басқарудан парламенттiк басқаруға өтудi талап еттi. Билiк қауiптенiп отырған жаңа төңкерiстiң де ресми түрде бекiтiлмеген көсемдерi бар: Зураб Жвани үкiметiнде шенеунiк болған Георгий Хаиндрава, Грузияның бiрiншi президентiнiң ұлы Константин Гамсахурдиа және елдегi ең бай адамдардың бiрi Бадри Патаркацишвили. Билiк "шет елге қашып кеттi" деген Бадри Патаркацишвили 5 қарашада алаңға жиылған жұртқа: "Бүгiн грузиндер тағы да көрегендiлiк танытып, өз мақсатына бейбiт жолмен жетуi тиiс. Маған ешқандай лауазым, қызметтiң қажетi жоқ. Грузия азаматы атанып, халыққа қызмет ететiн қатардағы әскер болу — мен үшiн үлкен құрмет. Ал мен сiздермен бiздiң ортақ күресiмiздi жалғастыратын боламын" дедi. Грузиндiк миллиардер оппозицияның барлық шығынын өз мойнына алатынын жасырмайды. Оппозицияның "көзi њәм құлағына" айналған "Имеди" телеарнасына қатысты қауiпсiздiк шараларын ұйымдастырған ол акцияларының бiр бөлiгiн австралиялық медиамагнат Руперт Мердокқа тапсырды. Орыстар iске медиамагнаттың араласуын ресейлiктерге қарсы бағытталған шара ретiнде қабылдады. Алайда Саакашвилидi қас жауым деп бiлетiн Кремль Мердоктың бұл қадамын қалай бағаларын бiлмей дал. NewsCorp Europe корпорациясының басшысы Марти Помпадур "Имеди" телеарнасына қатысты мәселелерде саяси астар жоқтығын, қаржыға қатысты мүдделер тұрғанын айтады: "Грузиндiк жарнама нарығы жыл сайын 30 пайызға өсiп отырады. Сондықтан NewsCorp Europe телеарнаны кавказдық аймақты түгел қамтитын тиiмдi жол деп бiледi. Әрi бұрынғы кеңестiк елдер мен Шығыс Еуропаны экспансиялаудың басты құралы". Айтпақшы, Саакашвилидi сынға алып жүрген Ираклий Окруашвили аяқ астынан шекара асып кеттi. Оппозиционерлер пiкiрiнше, грузиндiк арнаулы қызмет өкiлдерi оны жат елге кетуге мәжбүрледi деген сенiмде. Мюнхенге барып табан тiреген экс-министр апта басында телеарна арқылы қазiргi президентке: "Миша, сен кешiрiлмес қатеге ұрындың. Саған дейiн бiрде-бiр президенттiң дәл сен сияқты абыройы төгiлмеген. Бiрде-бiр президент озбыр, жемқор атанбаған" дедi. Тiкелей эфирден берiлген бұл хабарды Руставели алаңына жиналған жұрт түгел көрдi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ