ҮКIМЕТТIҢ СЫЛТАУЫ ҮДЕП БАРАДЫ

ҮКIМЕТТIҢ СЫЛТАУЫ ҮДЕП БАРАДЫ

ҮКIМЕТТIҢ СЫЛТАУЫ ҮДЕП БАРАДЫ
ашық дереккөзі

Немесе 180 млрд. теңге қай банкке бұйырмақ?

Әрқашан жаңа үкiмет құрамы жасақталып, тағайындалған iлкi сәттен бастап әр мемлекеттiң атқарушы билiгi мен сол елдiң азаматтары арасында белгiлi бiр мерзiмге шарт жасалатыны мәлiм. Атқарушы билiк тiзгiнiн Үкiмет өз уысына алған сәттен бастап, аталмыш мәмiле жүзеге аса бастайды.

Екi жақты ерiктi бұл келiсiм Конституция мен өзге заңдарға негiзделiп, iске асырылатыны да сондықтан. Бұл – Қазақстанның 15 млн.тұрғыны 15-20 салалық министрлермен жеке-жеке шарт жасасып, әлдебiр уағдаластық құжаттарына қол қояды деген сөз емес. Премьер-министр жаңа үкiмет құрамын жасақтауға сөз берiп, Президент, Парламент алдында өзiне тапсырылған мiндеттер мен жүктелген iстерге жауаптылығын мәлiмдеген тұста осы қастерлi әрi қиын мiндет мойынға артылғаны. Осыған дейiн биiк лауазымнан түрлi себептермен бас тартуға, келiсiм бермеуге болады, бiрақ бұдан соң бiттi, шегiнерге жер жоқ! Ендi Қазақстан атты алып, әлеуеттi мемлекеттi мекендейтiн 15 млн.халықтың елгезек қызметшiсiсiң! Және Үкiметке қойылар ең басты әрi маңызды талап – ел халқының әлеуметтiк жағдайы, тұрмыс-тiршiлiгi бұрынғыдан бiр мысқал төмендемеуi тиiс. Қазақстанның атқарушы билiгiн өз қолына алғанына бiр жылға таяған Кәрiм Мәсiмов Үкiметi осы талапты орындай алды ма? Шынын айтсақ, жоқ! Өкiнiшке қарай, өздерiне дейiн билiк Олимпiнде болған жетi үкiметтiң жүзеге асырған оң iстерi мен экономикалық реформалардың нәтижелерiн қысқа уақытта ғана желге ұшырған секiлдi.

Кейiнгi айларда Қазақстан азаматтарының жүрегiнде соңғы жылдары ұмытыла бастаған ертеңгi күнге алаңдаулы күдiк, болашаққа деген үрей, секемшiлдiк қайта ояна бастағаны құпия емес. Жұртшылық арасында «теңге қайта шығарылады, деноминация болады» деген қауесеттiң кенеттен кең тарауы, осыған байланысты Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышев мырзаның ақталып түсiнiктеме жасауы да ел iшiндегi мазасыздануды айқын танытатыны сөзсiз. 1993 жылы айналымға ұлттық валюта – төл теңгемiз ендiрiлген күннен берi Қазақстан экономикасы небiр құлдырау мен өрлеудi бастан кешсе де, ешқашан ұлттық валютамызды деноминациялау жөнiнде қауесет тараған емес, ондай сөз қозғау мүмкiн болмайтын. Әнебiр жылдары жетiсулық айтыс ақыны Айтақынның: «…анауың да – Евразия, мынауың да – Евразия. Бұл не қылған безобразия», – дегенi халық аузындағы қанатты сөзге айналғаны сияқты, қысқа уақытта ғана қоғамда Үкiметтiң тiкелей мiндеттерiн атқаруға қауқарсыздығы мен қабiлетсiздiгi жөнiнде пiкiр қалыптаса бастағаны аңғарылады. Үкiмет мүшелерi ретiнде көптеген жоғары лауазымды шенеунiктердiң кәсiби деңгейiне күмән туа бастауы заңды да. Аяқталуына екi ай ғана қалған 2007 жыл Қазақстан экономикасының соңғы кезеңдегi ең табыссыз жылы болар сұры бар. Бiр қарағанда, түрлi салаларда айтарлықтай табыстарға қол жеткiзiлген секiлдi көрiнедi, ал азаматтардың тұрмысы, ахуалы төмендей түсуде. 22 млн.тонна астық жиналды, ал нан бағасы қымбат. Әзiрге әкiмшiлiк шаралардың арқасында нан, астық, ұн бағасы iшкi нарықта тұрақтандырылғанымен, кез келген сәтте қайта шарықтап шыға келуi ықтимал. Қанттың әр килограмы елiмiздiң түрлi аймақтарында 300-500 теңгеге жетуi де жағдайдың күрделi екенiн танытатын көрсеткiш. Әрине, Үкiмет бұған да өзiнше сылтау тауып отыр. Олар: «Iшкi өндiрiс қуаттары елiмiздi 200 пайыз қантпен қамтамасыз етуге қабiлеттi, алаңдайтын ештеңе жоқ», – деп тұтынушыларды сабырға шақыруда. Қиындықты туғызып отырған делдалдар, солардың бағаны қымбаттату үшiн жасаған астыртын келiсiмдерiнiң нәтижесi дейдi атқарушы билiк. Соңғы айда премьер-министр Кәрiм Мәсiмов мырза мен министрлер әлгi атышулы әрi құпия делдалдарды, базарда жүретiн «алпамса бойлы азаматтарды» қаншама рет айыптады екен. Мұны санаған ешкiм жоқ.

Бiрақ түсiнiксiз бiр жайт бар, тұтыну тауарларының бағасын нарық, бәсекелестiк емес, әлгiндей құпия алыпсатарлар белгiлейтiн болса, Үкiмет не үшiн қажет?! Ол ол ма, алдағы айларда қазiрдiң өзiнде соншалықты арзан деуге болмайтын еттiң бағасы күрт көтерiлуi мүмкiн. Қолайсыз жағдайлар әлден-ақ бой көрсетiп отыр. 2003 жылдан берi мал азығы, жемнiң бағасы екi есеге қымбаттаса, соңғы апталарда одан әрмен тоқтаусыз өсуде және бұл ет бағасының да қымбаттауына әкелiп соқпақшы.

Құрылыс материалдары, әсiресе, цементтiң шексiз қымбаттауы да түптiң-түбiнде елiмiздегi бiрқатар құрылыс компанияларының дағдарысқа ұшырауына ықпалын тигiзерi сөзсiз.

Елiмiзде көмiр өндiру көлемi де жылдан-жылға ұлғайып келедi. Биыл да кеншiлер табысқа кенелуде. Дұрыс, бiрақ түсiнiксiз кереғарлық сол, тұтынушылар үшiн көмiрдiң әр тоннасы 9 мың теңгеге дейiн жетiп отыр. Қазан айынан бастап электр қуатының қымбаттауы, әр киловатт-сағаттың 8 теңгеден асуы халық жаппай тұтынатын тауарлардың бағасы шарықтап өсуiне әкелiп соққанын айтпай кетуге болмайды. Ал, темiржолда жүк вагондарының жетiспеушiлiгi импорт тауарларды да қымбатқа түсiрiп отыр. Экспортшыларымыз өз тауарлары мен өнiмдерiн тұтынатындар алдындағы мiндеттемелерiн дер уағында орындай алмаймыз деп алаңдаулы. Бiр сөзбен айтқанда, «Қайда барсаң да – Қорқыттың көрi». Мұның бәрi iшкi ахуал, «Бөрi арығын бiлдiрмес, сыртқа жүнiн қампайтар» деумен жауып-жабуға болатын жағдай десек, қазан айының басында халықаралық рейтингтiк институттар Қазақстанның рейтингiн, ең әуелi отандық банктердiң рейтингiн төмендетуi елiмiздiң экономикасы ауыр науқас екенiн бiлдiрген. 8 қазанда аса беделдi Standard & Poor^s компаниясы Қазақстанның шетелдiк валютадағы мiндеттемелерiнiң ұзақ мерзiмдi рейтингiн «BBB» сатысынан бiр адым кейiн шегерiп, «BBB» сатысына дейiн төмендеттi. Аталмыш рейтингтiк компания мұнымен де шектелмей, ұлттық валютадағы мiндеттемелердiң қысқа мерзiмдiсi бойынша да төменгi сатыға түсiрiп тастады. Осылайша, iлгерi басқан аяғымыз бiртiндеп керi кетуде. Әрине, елiмiздiң iшкi нарығында қалыптасып жатқан келеңсiз жайттарға Үкiмет әдеттегiдей түрлi сылтаулар айтып, тiптi, өздерiнiң қауқарсыздықтарын жазған бұқаралық ақпарат құралдарының тiмiскiлеуiнен туындаған жағдай деп сылтауратқандарымен, шетелдiк рейтингтiк компаниялардың әдейi жүргiзiп жатқан құпия ойындары ретiнде түсiндiруге тырысқандарымен мұның бәрi елдiң алаңдаушылығына одан әрi май құя түсiп отыр. Бұл сылтаудың бәрi нақты себеп бола алмайтыны бесенеден белгiлi. Өйткенi, алдағы қауiптi болжау, оны жазу, жасырмай айту, ой бөлiсу – БАҚ-тардың басты парызы. Ал, қоғамдағы қауiптiң алдын алу, iркiлiстер мен дағдарыстарды болдырмау –Үкiметтiң мiндетi. Бiр сөзбен айтсақ, Үкiметтiң мiндетi түрлi жағдайларға байланысты сылтаулар мен желеулер ойлап табу емес, сондай келеңсiз ахуалдарды болжау, болдырмау, алдын ала тиiмдi шаралар ойластыру. Үкiмет соңғы мiндетiн атқара алмағаны айдан анық. «Қазақстандық кәсiпорындардың құнын түсiрiп, кейiн арзандатылған күйде сатып алу үшiн әлдебiр компаниялар әдейi жүргiзiп жатқан құпия ойын» дегенге келсек, бұл айыптау да ойдан құрастырылған сияқты. Аталмыш рейтингтiк компаниялар Қазақстанмен алғашқы жыл iстес болып отырған жоқ. Олар елiмiздiң экономикалық рейтингiн көтеру үшiн елiмiзде талай нәтижелi iстер атқарылды. «ВВВ» сатысы да бiзге бiр күнде берiлген жоқ болатын, бұған жету үшiн бұған дейiнгi Үкiметтер табандап жылжып, жылдар бойы жинаған бедел. Қазақшалап айтқанда, қасықтап жинаған абыройды шелектеп шашқан өз Үкiметiмiздiң дәрменсiздiгi мен кәсiби бiлiктiлiгiнiң төмендiгi болмаса, басқаларды айыптау қисынға келе қоя ма екен?!

«Бiздiң елiмiзде ешқандай дағдарыс жоқ. Бiздiң әлеуетiмiз – қуатты, қорымыз – мол»,– деп мәлiмдедi осыдан бiраз бұрын премьер-министр сенiмдi түрде. Сөйте тұра, осыған әлемдiк қауымдастықты да сендiру үшiн Батысқа ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденов мырзаны аттандырды. Бiр нәрсенi мойындау қажет, жыланның аяғын көрген әлемдiк қаржыгерлер Кәрiм Мәсiмовтiң түрлi желеуiн мойындай қоймас, тыңдауы мүмкiн, бiрақ толық сенедi деуге негiз жоқ. Олар үшiн ең басты сенiм құралы сөз емес, экономикалық көрсеткiштер ғана.

Үкiмет ипотекалық нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшiн, әсiресе, банктер мен қаржы саласын қалыптасқан дағдарыстан құтқару үшiн биыл және 2008 жылы 4 млрд. доллар орасан зор қаржы жұмсамақ. Және оны қайдан алудың тиiмдi жолын да тапқан сияқты. Банктердiң сырттан орасан зор несие алуы түптiң түбiнде әлдебiр қиындықтарға әкелiп тiрейтiнi жөнiнде дабыл өткен жылдың соңы мен ерте көктемде-ақ қағыла бастаған. Үкiмет, түрлi деңгейдегi шенеунiктер ұзақ уақыт бойы бұны БАҚ-тардың бос үрей туғызуы деп, журналистердiң жауапсыздығына жауып, елдi, банк салымшыларын алаңдамауға шақырумен келген. Орыстардың күн күркiремейiнше шоқынбайтын мұжық туралы айтылатын нақылындағыдай, бәрiн жуып-шаюмен әуре-сарсаңға түстi. «Халық банкiнiң» төрағасы Григорий Марченко мырзаға мың алғыс, банк саласында қолайсыз жағдайдың қалыптасып отырғанын ол осыдан екi-үш ай бұрын баспасөз мәслихатында ашық мәлiмдедi. Тiптi, қаржы саласының осы бiлгiрiнiң өзi қалыптасқан ахуалдың аса күрделi екендiгiне онша назар аудармады ма, ден қоя шұқшиған, жiлiктеп талдаған жоқ. Тек банктерде қалыптасқан жағдайды жөндеу үшiн банк басшыларының «өз ұшақтары мен қымбат яхталарын сатуы керектiгi» жөнiнде кеңес қана бердi. Яғни, банк басшыларының бiразында ұшақтар мен қымбат яхталар бар болғаны ғой. Өйткенi, Марченко бiлмесе олай айтпас едi. Бiрақ, ұшақтары мен яхталарын шұғыл сатқан банк басшылары болғанын жұртшылық ести қойған жоқ. Ел есебiнен орасан зор пайда тауып отырған банк басшылары селт етпегенi былай тұрсын, iле-шала ипотекалық тұрғын үйлердi жаппай салып жатқан құрылыс компанияларына несие беруiн тоқтатып, бiрнеше жылдан берi Қазақстан экономикасының қарыштап дамуының белгiсi ретiнде бағаланып келген саланың құлдырауына әсерiн тигiздi.

Үкiметтiң шетел банктерi алдындағы мiндеттемелерi шектен асқан отандық қаржы институттарын бiржола күйреуден сақтау үшiн шұғыл жүргiзген саясаты – олардағы жағдайды тұрақтандыру үшiн бюджеттен қаржы бөлуi қаншалықты дұрыс, заңды?

Бiр қарағанда, әлемдiк тәжiрибенiң жалпы сипаты мұны орынсыз деуге мүмкiндiк бермейдi. АҚШ ипотекалық компанияларды күйреуден сақтап қалу үшiн 300 млрд. доллар көлемiнде қаржы бөлсе, iргемiздегi көршiмiз Ресей де қазан айының алғашқы күндерiнде осындай мақсатқа арнап, өз банктерiн қиын жағдайдан құтқаруға ондаған миллиард доллар көмек жасаған.

Жұртшылықты алаңдататыны ол жағдай емес. Гәп мынада, әлгiндей мақсатқа Қазақстан биыл 1,5 млрд. доллар көлемiндегi қаржыны бюджеттен, онда да түрлi министрлiктер мен ұлттық компаниялар игере алмаған қаржы есебiнен тауып отыр.

Назар аударайықшы, 2007 жылдың аяқталуына небары екi ай ғана уақыт қалды. Ал, бiздiң Үкiмет 180 млрд. теңге ақшаны әлi игерiп үлгермеген. Қалыптасқан жағдай болмағанда осынау орасан зор қаржы мүлдем игерусiз қалар ма едi, жаппай талан-таражға ұшырауы мүмкiн бе едi? Бiр ғажабы, соңғы уақытта шенеунiктерiмiздiң қоғам өкiлдерiмен, журналистермен әлдебiр өркөкiрек, менсiнбеушiлiк қалыпта, паңданып тiл қататыны алаңдатпай тұра алмайды. Әлдебiр телеарна журналисiне банктер саласындағы түйткiлдерге байланысты түсiнiктеме жасаған Қазақстан қаржыгерлер одағының басшысы Серiк Ақанов мырза бюджеттен бөлiнген ақшаның банктерге жоғары ставкамен несиеге берiлетiнiн айта келiп: «Бұл сiздердiң де, тiптi, менiң де ақшам емес»,– деп өз кеудесiн түртiп, шытынай сөйлеуi шектен шыққандық секiлдi көрiнген. Сонда ол кiмнiң ақшасы? Атам заманнан бергi бюджет ақшасы барлық салық төлеушiлердiң еншiсi болып келген едi, бұдан былай олай емес шығар. Бәлкiм, әлдекiмдердiң ата-бабасынан қалған мұра ма едi?!

Бiздiң Үкiмет мүшелерi, түрлi министрлерiмiздiң соңғы айларда аңдамай сөйлеп, адамдар алдында күлкiге қалып жүруi жиi байқалып жүр. Бiр министр жұрттың бәрiн «масыл» деп айыптап, пәтерге ақша төлеуге қабiлетсiздердiң баспанасын тартып алуға, өздерiн көшеге лақтыруға кеңес берсе, «Азық-түлiк» корпорациясының бастығы Руслан Әзiмов мырза қасиеттi нан бағасын бiр саптыаяқ жақсы сырамен салыстырып, адамдардың орынды ашу-ызасын туғызды. Ол ол ма, вице-премьер Ө.Шөкеев мырзаның үй шатырлары он жылда бiр жөнделетiнiн, оған 6 млн. теңге ғана жұмсалатынын айтып, көп пәтерлi үйлердiң тұрғындары жылына 10 мың теңгеден жинаса төбелерiнен су ақпайтынын айтуы және қолындағы қаламсаппен қарапайым есеп жасауы мүлдем таңқаларлық. Вице-премьер шөлмектiң мың күн емес, бiр күнде сынатынын бiлмегенi ме?! Рұқсат етiлсе атышулы КСК-лар әлгi 6 млн. теңгенi тұрғындардан жылына екi-үш рет жинап алуға жанталасатынын ойламағаны ма? Құдай-ау, ел экономикасы кiмдердiң қолына сенiп тапсырылған өзi?! Осы ретте «Шатырхан» туралы аңыз ойға оралады. Ежелгi Шығыс елдерiнiң бiрiнде бiр әмiршi болады. Ол елдегi тұрғындардың бәрiне үйдiң шатырларын таза, жаңа сақтауға жарлық бередi. Әлгi билеушi әр кезде биiк таудың басына шығып, өзiнiң қоластындағы елдегi үйлердiң шатырларына қарап, бүтiн, жаңа болса қанағаттанатын көрiнедi.Ол осылайша «Шатырхан» атаныпты. Бiр жылы әлгi елде сұрапыл аштық басталып, жұрт қырыла бастайды. Сөйтсе де әлгi билеушi шатырлардың қаз-қалпында тұрғанын көрiп, тоқмейiлсiгенiн тоқтатпайды. Осылай уақыт өте келе адамдар түгел аштан қырылып, жөндейтiн ешкiм қалмағандықтан шатырлар ойылып ортасына түседi де, Шатырхан қатты опынады. Ел оны бұдан былай «шатыры кеткен Шатырхан» деп атап кетсе керек. Бәлкiм, бұл Ресейдегi аты шулы «Потемкин деревнялары» туралы сөздiң шығыстық нұсқасы шығар, бiрақ ойды сан-саққа жетелейтiн аңыз. Бiзде де жалған шатырларға мәз болушылар тым көбейiп кеткен жоқ па? Халықтың тұрмысы, әл-ауқаты шынымен алаңдаушылық туғызбай ма? Банктер қиын жағдайға тап болатыны неге болжанбады?

Банктерге бюджет есебiнен несиеге тiкелей ақша бөлуге Үкiметтiң құқы жоқтығына қарамай, осыған дейiн игерiлмей қалған қаржылар банк саласына бағытталмақшы. Сөздiң ауанына қарағанда, бұл шараны «Қазына» даму қоры жүзеге асыруды қолға алатын сияқты. Дегенмен, жұртшылықты алаңдатар сауал көп. Бұл қаржыны бөлудегi критерийлер, талаптар мен ережелер қандай болмақшы? Банктердiң бәрi әлгi 4 млрд.доллардан өз үлестерiн ала ма, әлде, құзырлы шенеунiктерiмiз бен құдыреттi Қаржы министрлiгiндегi мырзалар мен ханымдардың көңiлiн таппаған банктер бұл үлестен қағыла ма? Аталған ақшалар банктерге қанша мерзiмге берiлмекшi және қай уақта қайтарыла бастайды? Мұның бәрi әзiрге мүлдем жұмбақ. Мейлiнше құпия.

Бюджеттiң игерiлмей қалған қаржысы банктердiң жағдайын түзетуге жұмсалмақ. Мақұл, бiрақ, Президент тапсырмасына орай алдағы жылдары елiмiзде салынуға тиiстi 150 денсаулық сақтау мекемесi, 250 мектеп, 50 кәсiптiк-техникалық оқу ордасының құрылысы кейiнге шегерiле ме?! Қанша жылға?

Ең таңданарлығы, премьер-министр Кәрiм Мәсiмов осы ақшаның министрлiктерден қайтарып алынатынын айта келiп: «Ендi бастарыңыз ауырмасын, бiз сiздерден алып, қажеттi жерге жұмсаймыз. Қош болыңыздар», – деп қою мұрты астынан күлген. Көздерi де күлiмдеп сала берген. Мектепте сыныптастарын аяқтан шалып, сүрiндiргенiне мәз болатын балақайдың қылығы көз алдымызға келсiн. Үкiметiмiз әлi күнге балалықтан арыла қоймаған ба екен, ә?!

Жаңабек ШАҒАТАЙ