Жаңалықтар

"ОРЫС МӘСЕЛЕСI" ҚАЙТА УШЫҒА БАСТАДЫ

ашық дереккөзі

"ОРЫС МӘСЕЛЕСI" ҚАЙТА УШЫҒА БАСТАДЫ

Немесе ұлттық партия құруды көксейтiндердiң мақсаты не?

Ұлт-патриоттарының қозғалысы соңғы кезде бiршама басылып қалған секiлдi болатын. Алайда, тәуелсiздiгiмiздiң 16 жылдығы қарсаңында қайта бой көтере бастады. Бiрақ, патшакөңiлдi оқырман, сiз қазақ ұлтшылдары белсендiлiк танытып жатыр екен деп ойлап қалмаңыз. Жоқ, Мәжiлiс сайлауы қарсаңында белсенiп, "Халық рухы" партиясын құруға ат салысқан аз ғана топтың меселдесi қайтқаннан кейiн, қазақ ұлтшылдары тырс етiп үн шығарған жоқ.

Керiсiнше, елдегi орыс-славян және казак ұйымдары бас қосып, бiрлесе қимылдауға шақырып жатыр.

ОРЫСТАР "МЕМЛЕКЕТ ҚҰРАУШЫ" ҰЛТ ПА?

Жақында Алматы қаласында Орыс қауымдастығының 15 жылдығы мен Жетiсу казак сарбаздарының 140 жылдығы тойланып өттi. Аталған қауымдастық бұл жиынға мемлекеттiк iрi дәрежедегi шенеунiктер қатысады деген ойда болды. Аса iрi рангiдегi шенеунiктер онда бас көрсетпесе де, Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары Жұматай Әлиев пен Тiлдер комитетiнiң төрағасы Ерден Қажыбек ат арылтып келiптi. Бұның өзi бiздiң елiмiздiң елдегi өзге ұлт өкiлдерiнiң, соның iшiнде орыс ұлтының қоғамдық ұйымдарының iсiне аса мән берiп отырғандығын танытса керек. Өйткенi, қазақ ұлтшылдарының бұндай шараларына ресми билiк бұтақтарынан ешкiм қатыспайтын. Демек, бiздiң билiк баяғыдан қалыптасып қалған стереотиптен шыға алмай отыр. Әлi де аға ұлттың алдында деген жалтақтаушылықтан, құлдық психологиядан арыла алмағандығымыздың салдарын осыдан көруге болады.

Бұл шараны Қазақстандағы орыс, славян және казак ұйымдарының үйлестiру кеңесi өз қолына алған.

Аталған шараны ұйымдастырушылар оған қатысушылардың арасында Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы басқармасының бастығының орынбасары Жаннет Клетцердiң болуын аса iрi мәртебе деп есептейдi. "Отдельно следует отметить присутствие на юбилейных торжествах зам главы ОБСЕ в Астане г-жи Жаннет Клетцер. Тем самым подчеркнут явный интерес, который в последнее время проявляет ОБСЕ ко второй государствообразующей нации в Казахстане. Предствавительство казахстанских властей, к сожалению, оказалось гораздо ниже статуса и значимости мероприятия" делiнген бұл туралы Russians in Kaz деген сайттағы материалда. Бұл үзiндiден түйетiнiмiз, Қазақстандағы орыс-славян және казак ұйымдарының басшылары өздерiн екiншi мемлекет құраушы ұлт ретiнде таниды. Шын мәнiсiнде солай ма?

Тiптi, кейбiр мәлiмдемелерiн оқып отырсаңыз, орыстар қазақ жерiн сыртқы жаулардан қорғауда одақтас болыпты-мыс. "Аргументы и факты в Казахстане" газетiнде ("Защита Отечества как судьба казаков", №44, 2007 жыл) "егер Қоқан хандығының үстемдiгiнен қазақтарды казак сарбаздары қорғамағанда Қытай басып алар едi. Сөйтiп, Қытайдың тырнағынан аман алып қалды" деген ой айтылған. Егер, Ресей шынымен қазақтың одақтасы болса, оның жандаралдары ары қарай империялық саясатын жүзеге асыра бермей, өз елiне неғып қайтып кетпеген. Отаршылдық таңбасындай салынған қорғандардың тарихын неге Ресей басқыншылығы заманынан бастауымыз керек? Тарихтағы ақтаңдақтардың әлi де ақ-қарасы айқындалмай жатқаны, тәуелсiз елдiң өткен жолына тәуелсiз көзқараспен көз тастай алмауы бүгiнде бiздiң елiмiздегi өзге ұлт өкiлдерiне осындай астам ой айтқызуға жетелеп отыр. Жақында, "31 канал" телеарнасының "Информбюро" жаңалықтар қызметiнен қазiргi қазақ тарихында асыра сiлтеушiлiктердiң орын алып жатқанын айта отырып, Жоңғарлар шапқыншылығында Ресейдiң жоңғарларға қару бергенiн жоққа шығарып өзеуреп жатқан тарихшының куәсi болып едiк. Ал, бүгiнгi "АиФ в Казахстане" газетiнде, «Жоңғарларды айтақтап айдап салған қытайлар» деген дерек келтiрiлiптi. Әрине, қытайлардың жоңғарларды қолдағаны анық. Бiрақ, Ресейдiң де қарап қалмағаны белгiлi ғой. Жоңғарлар шапқыншылығында Ресей де, Қытай да оларды қолдап, Қазақ хандығын әлсiретудi көздегенi тарихи шындық. Ресей мен Қытайдың 1860-1881 жылдары қазақ даласын екiге бөлiп, шекара бөлiсуiнiң сыры осында жатқан жоқ па? "Ресей қазақты сыртқы жаудан қорғады" деу, "қасқыр қойды қамқорлығына алыпты" дегенмен бiрдей әңгiме ғой. Жалпы, әлемнiң кез-келген мемлекетi бұрынғы митрополиядан бойын аулақ ұстауға тырысады. Бұрын отары болған мемлекет өзiмен тең дәрежеде санаса бастамайынша, оның "жақсылығының" бәрiнен бойын аулақ салады. Бiздiң 16 жылдық тәуелсiздiгiмiздiң тарихындағы ең үлкен қателiгiмiздiң өзi — осында. Ресейсiз күнiмiз жоқтай, аузымызды ашып отырмыз. Оның саясатынсыз қозғала алмаймыз.

Ал, елiмiздегi диаспора өкiлдерiн — "мемлекет құраушы" ұлттың деңгейiне жеткiздiк. Сонда Қазақстанның Конституциясында жазылған "моноұлтты унитарлы мемлекетпiз" деген тезис қайда қалады. Оны құрметтеуге тиiстi орыс-славян және казак ұйымдарының бұл ұмтылысын қалай түсiнуге болады?

ОРЫС ҰЛТШЫЛДАРЫНЫҢ ПАРТИЯСЫ ҚҰРЫЛА МА?

Аталған шараға қатысқан Орыс қауымдастығының төрағасы Юрий Бунаков Қазақстандағы орыстардың өткен Парламент сайлауынан тыс қалғандығын айта отырып, Парламенттен орын алу үшiн, саяси партия құру қажеттiгiн және сайлауға демократиялы жолмен қатысу керектiгiн сөз еттi. "Создать для нас партию организационно не представляет особого труда. У нас во всех наших регионах есть наши организации 20 филиалов "Русской общины", 19 филиалов Славянского движения "Лад", 20 отделов казачества. Наверное, понятно, что в организационном плане здесь нет особых проблем". Демек, оның айтуынша саяси партия дайын тұрған құрылым. Тек оны заңдастыра алу мәселесi ғана проблема тудыруы мүмкiн.

Бiздiң билiк елдегi орыс электораты үшiн жұмыс iстеп отырғаны бүгiнде жасырын емес. Орыс және славян ұйымдарының алдын алу үшiн елдегi тiлдiк климатты мың құбылтып отырғанымыз да аян. Сол үшiн де 2005 жылғы президент сайлауында да, биылғы парламент сайлауында да орыс қауымдастығы билiктi ашықтан-ашық қолдап шыққаны бар. Бұл жолы Парламенттен орын дәметкен Бунаковтардың танауы тасқа тигеннен кейiн, орыс-славян ұйымдарын билiкке қарсы үгiттеп жатыр.

КОЛПАКОВСКИЙ, КАПЦЕВИЧ ТАҒЫ БАСҚА КАЗАК ГЕНЕРАЛДАРЫН НЕ ҮШIН ҚҰРМЕТТЕУIМIЗ КЕРЕК?

Дәл осы орыс, славян және казак ұйымдарының үйлестiру кеңесi Көкшетау облыстық әкiмшiлiгiне ашық хат жариялапты. Онда Көкшетау қаласында славян атауындағы көшелердiң жыл өткен сайын азайып бара жатқандығы айтылып, Сiбiр генерал-губернаторы Капцевичтiң атындағы көшенiң ауыстырылатыны жайындағы әңгiмелердi естiп жүргенiн тiлге тиек еткен. Сөйтiп, облыс және қала әкiмшiлiгiн "Көкшетау қаласының негiзiн қалаған" Капцевичтiң атындағы көшенi өзгертпеуге үндейдi. Бiрi — Алматыны Колпаковский салдырған десе, екiншiсi — Көкшетауды Капцевич тұрғызған дейдi. Сонда орыстар келгенге дейiнгi бiздiң тарихымыз бен мәдениетiмiз қайда қалады? Отаршылдық таңбасындай болып елiмiзде олардың атында көше тұрғаны бiздiң ұлттық намысымызға сын болмай ма? Не үшiн Колпаковскийге ескерткiш тұрғызып, Капцевичке көше беруiмiз керек. Қазақ халқын бiрнеше ғасыр бойына отарлағаны үшiн бе, Алаш көсемдерiн аяусыз қырғаны үшiн бе, қолдан жасаған аштықтан халқымыздың тең жарымынан айрылғанымыз үшiн бе, Кеңес Одағы тұсында 8 мың қазақ мектебiнiң жабылғаны үшiн бе, 86-жылғы Желтоқсан көтерiлiсiнде қазақ жастарын аяусыз жаншығаны үшiн бе? Не үшiн? Бiздiң билiк тым-тырыс жатқанша, осы мәселенi неге бiржақты етуге ат салыспайды? Елiмiздегi түрлi диаспора өкiлдерiнен құрылған ұйымдар әрқайсысы өзiн "мемлекет құраушы" халық ретiнде жариялап жатса да, "екi қойым — бiр тиын" саясатын қолданып отыра бермекпiз бе? "Бұға берсең, сұға бередi" дегендей, казак ұйымдарының ендi казак атамандарына көше сұрап, ескерткiш орнатуды көздеуi шектен шыққан басынғандықтың көрiнiсi. Бұларды ресми түрде тыятын кез жеткен сынды.

Казак атаманы болып жақында сайланған Юрий Захаров пен "Союз казаков Степного края" аймақтық қоғамдық бiрлестiгiнiң жаңа сайланған атаманы Геннадий Шишкин екi түрлi қауiптiң бетiн шығарды. Юрий Захаров — армия жасындағы жастарды казак рухында тәрбиелеудi қолға алып жатқандығын мәлiм етсе, екiншiсi — аталған сайтта жарияланған "Я родился казаком" атты сұхбатындағы "Казаки являются законопослушными жителями нашего государства, и они должны чувствовать себя полноправными гражданами своей страны. Однако есть еще случаи нарушения закона о языках. Так, например, в Атбасарском районе в территориальном комитете все вывески выполнены только на казахском языке, надписи на русском языке отсутствуют. Кроме того, массу подобных примеров можно наблюдать в других регионах РК. Считаю, что нам необходимо выйти на акиматы тех регионов, где такие нарушения существуют, с просьбой об их устранении. Если это не поможет, то будем обращаться в судебные инстанции. Президент на последней сессии Ассамблеи народа Казахстана заявил о том, что недопустимо ограничивать права людей только потому, что они не знают казахского языка. Мы будем стараться обращать внимание властей на все факты ущемления населения по языковому признаку и требовать от них соблюдения закона о языках. Эти проблемы на сегодняшний день являются главными в межнациональных отношениях" деген мәлiмдемесi. Екеуi де елдi тұтастырудың емес, бөлiп-жарудың амал-айласынан туған жымысқы саясат.

Түйiн: Қалай дегенмен де, елдегi екi түрлi ұлттық бағыт халықты арандатудың басы болып жүрмесе неғылсын? Сол себептi де, Қазақстан билiгiнiң етек-жеңiн жинап, ел болуды ойлайтын кезi жеткен сияқты. Ол үшiн "бiр тiлдi, бiр ұлтты" қоғам жасақтауды ойластыру керек.

Алайда, қазақ ұлтшылдарын үнемi ыдыратып отырған билiк орыс ұлтшылдарының бұл жолғы әрекетiне қалай үн қатар екен. Ол жағы әзiрге беймәлiм. Ал, Бунаковтың "Орыс партиясын" құру туралы идеясын орыс-славян және казак ұйымдарының өздерi қолдап кете қойды ма, ол жеке әңгiме. Бiрақ, қалай дегенмен де олар жұмылған жұдырықтай бiр iрi ұйымға бас бiрiктiрдi. Демек, олардың бұл қадамы қазақ ұлтшылдарын да, билiктi де секемдендiруi тиiс.

Есенгүл Кәпқызы