Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДА НАРАЗЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ БЕЛЕҢ АЛЫП БАРАДЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАНДА НАРАЗЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ БЕЛЕҢ АЛЫП БАРАДЫ

Елдегi наразылық акцияларының көбiн тiзiп отырсаңыз, барлығының астарында әлеуметтiк себеп жатыр. Айталық, өткен аптаның соңына қарай Астанада «Қуат» құрылыс компаниясының жұмысшылары рұқсат етiлмеген митингiге шығып, Президент резиденциясының алдына топтасты. Оның алдында оппозиция серкелерiнiң үгiттеуiмен бағаның күрт өсуiне байланысты бiраз жұрт ереуiлге шыққан болатын. Ал, Алматы қаласының тұрғындары алақандай жер үшiн шыбын жандары шырқырап, әдiлдiк iздеп жүр.

Президент резиденциясына барар жолды жауып тастады

Үш сағатқа дейiн жалғасқан шеруге 300-ден астам адам қатысқан. Бiр сағаттай орталық алаңдағы көлiк жолын да жауып тастаған. Сөйтiп, Президент резиденциясына баратын жол бiр сағаттай наразылық акциясына қатысушылардың бөгеуiнде болған.

Оларды шеруге шығарып, Президент резиденциясының алдына әкелген басты мәселе – 3 ай бойы ала алмай жүрген жалақылары көрiнедi. Компания басшысы Александр Крылов жұмысшылар алдындағы қарыздың 100 миллион теңгеге жеткенiн мойындаған. Оның сөзiне қарағанда, «Қуат» компаниясы таяу күндерде жұмысшылардың алдындағы қарызынан құтылуды басты мақсат етiп отыр. Компанияның қаржылық қиыншылығын олар ипотекалық несие берудегi дағдарыстан iздейдi.

Алақандай жер үшiн!

Дәл осындай ұранмен Алматы және Алматы облысының бiраз тұрғыны билiкке өз наразылықтарын танытты. Алматы қаласының «Қарасу» шағынауданындағы 13 отбасыға басындағы баспанамен қоштасатын күн де жеттi. Кезiнде оларға бұл жерлердi жергiлiктi билiк өкiлдерi өз қолдарымен таратып берген. Бiрақ, құжатсыз. Сол себептен оған қожалық етуге ниет бiлдiргендер аукционда сатып алған. Тұрғындардың соңғы үмiтi – Жоғарғы сотта.

Өткен аптаның соңында мүлiктi заңдастыру туралы заң өздерiн айналып өткен бiр топ тұрғын Жетiсу ауданы әкiмшiлiгiнiң алдында наразылық бiлдiрдi. Бұл жерге «Дархан», «Өжет», «Ұлжан» және «Қарасу» шағын ауданының тұрғындары келген. Олардың айтуынша, соңғы мал-мүлiктерiн сатып тұрғызып алған қара күркесiн заңдастыруға әкiмшiлiк рай танытпаған. Әсiресе, атышулы «Шаңырақтан» берiлген арыздардың ешқайсысы қанағаттандырылмаған. Сол күнi ереуiлдеткендер алдына шыққан Жетiсу ауданы әкiмiнiң орынбасары Ермек Дiлмахамбетов жерге қатысты даулардың әлi де қаралып жатқанын айтқан едi. Алайда, күнi кеше «Шаңырақтағы» 20 отбасының қара күркесi тағы да күресiнге айналды. Тұрғындарды бiр таңқалдырғаны, оларға сот шешiмi жария етiлмеген, алдын ала жердi босату туралы мәлiмет таратылмаған. Кiм екенi, қайдан екенi беймәлiм сот орындаушылар қалтасын қағып, соңғы тиын-тебенiне салып алған қараша үйiнiң тас-талқанын шығарған. Бiр қызығы, байлардың заңсыз алған жерлерi мен әсем үйлерiне тiсi батпай отырған билiк, кедейлердi қуыршақ құрлы көрмей отыр. Олардың өтiнiшiн қанағаттандырып, қарапайым жұрттың ашу-ызасын басудың орнына наразылығын күшейтудi басты мақсат етiп алған секiлдi.

Әлеумет тәлкектi көтере алмайды

Билiктi бәрiнен бұрын әлеуметтiң күн өткен сайын ашу-ызасының үдеп бара жатқаны ойлантуы керек едi. Әзiрге олай болмай тұр. Парламент сайлауынан кейiн күрт көтерiлген азық-түлiк бағасын ауыздықтауға уәде бергенiмен, Үкiметтiң бұл қадамынан ештеңе өнер емес. «Елде дағдарыс жоқ, бәрi де өз орнында» деп жұртты алдарқатқанымызбен, күнделiктi тұтыну тауарларының күрт көтерiлгендiгiн көпшiлiктiң бәрi бiлiп отыр.

Оның үстiне қаржылық дағдарыс, белшесiнен батқан сыртқы қарыз, тұрғын үй құрылысындағы қазiргi жағдай – барлығы да халықтың шыдамын түгесетiн сынды. Шетел басылымдары Қазақстанда наразылық акцияларының тым аз болатындығын, ал Ақ Үй алдын қоршап алу оқиғасының бiрiншi рет орын алғандығын жазып жатқандығының куәсi болдық. Бiрақ, наразылық сипаттардың жиi орын алуы қоғамымызды тұрақсыздыққа бастайтындығын да естен шығармау керек. Демек, билiктiң серпiлетiн кезi келдi. Әйтпесе, төмендегiлер бұдан әрi төзе алмайтын, жоғарыдағылар бұдан әрi басқара алмайтын деңгейге жетiп жүрмейiк!

Есенгүл Кәпқызы