КӨЗБЕН КӨРМЕСЕК АЙТАР МА ЕДIК...
КӨЗБЕН КӨРМЕСЕК АЙТАР МА ЕДIК...
Егер осы оқиғаны басқа бiреудiң аузынан естiсем, мүмкiн сенер ме едiм, әлде сенбес пе едiм. кiм бiлсiн.
Адам болған соң ауырмай тұрмайтының тағы да белгiлi. Ал бұл мақала жазылып, жариялана қалса, тағы да «әлгiлердiң» алдына бармағанда қайда барасың. Бiрақ жаныңды бiр Алладан кейiнгi сенiп тапсыратын, ауырған жаныңа дауа-ем iздеп баратын ақ халаттылардың кейбiр тiрлiгi, шынымен-ақ, көңiлге сыймайды.
Осы жылдың 4-қазан күнi (бейсенбi) «Арыстан» базарында жүрiп жүрегiм айнып, басым айналып, аяқ астынан екi аяғымнан әл кетiп, жүре алмай қалдым. Кешке ауызашарға қонақ шақырып қойғанмын. Қасымда қызым, оның қолында сегiз айлық баласы бар. Есi шығып кеткен ол бiр қолымен менi сүйеп, екiншi қолында баласы, ебiл-дебiлi шығып менi қасында өзiмiз қаралатын №10 емханаға жеттiк. Жеткенiмiздi қайтейiн, бiр ақ халатты мойын бұрсашы?! Айтатындары «Мекен-жайыңыз бойынша учаскелiк дәрiгерiңiзге барыңыз» Сағат түскi 11-12-лер шамасы, өзiмiздiң дәрiгер ертеңгiсiн 8-11-ге дейiн қабылдап кеткен. Оны айтсаң, «Онда ертең келiңiздi» айтады.
Ендi не iстеймiз? Үшiншi қабатқа көтерiлiп, әйтеуiр бiр есiктiң тұтқасына қолым iлiктi-ау.
— Айналайын, ағатай, мамам ауырып тұр, қан қысымын өлшеп, немесе жедел жәрдем шақыруға көмектесiңiзшi, — деген қызымның даусы алыстан естiлгендей есеңгiреп мен тұрмын. Сөйтсек невропатологтың кабинетi екен, 160-та 100-дi көрсетiп тұр. Қолыма бiр қағаз ұстатты да, «Магнезиа» ектiру керек екенiн айтты. Дәрiханаға жүгiрдiк, ал ол уколды салатын адам тапсамшы, егу кабинетi жабық. Жүгiрiп үстiне шықтық тағы да, ондағы егу кабинетiндегiлер жиналып алып шәй iшiп отыр екен. Айжан деген медбике қыз күте тұрыңыз дейдi, күтуге шамам жоғын айтып мен тұрмын. Онсыз да ауырып тұрған басты бiр-бiрiне сiлтеген мына жағдай тiптi азан-қазан етiп жiбердi. Ұрысып, жағдай айтатын халiм тiптi жоқ. Сонымен қойшы, манағы дәрiгерге қайта барып, уколымызды салдырып, емхананың төрт қабатын айналшықтап жүргенiмiзде үш-төрт сағат кеттi. Жарайды, қан қысымым анда-мұнда көтерiлгенi болмаса, денсаулығым мықты менiң өзiм осылай сандалсам, бiр минуттың өзi қымбат қарияларымыздың күнi не болмақ? Адам өмiрi бiр қас қағым сәт десек, Құдай сақтасын әлгiндей мiзбақпас Айжандардың қолына түспей-ақ өлiп кетуге болатын жағдайларды кiсi басына бермей-ақ қойсын деп тiлейiк.
Сонымен, ертеңiне жұма күнi жолдамамен №7 қалалық ауруханаға келiп түстiк. Жүйке ауруларын емдейтiн бөлiмшенiң меңгерушiсi Гүлжахан Жәкенқызы белгiлi диагноз болған соң, бiрден ем-домға кiрiсiп кеттi. Соңғы екi жыл дәрiгер алдын көрмеппiн, кейбiр дәрiден кейiн масаң тартып, ұйқылы-ояу күйге түстiм. Осы жағдайымды байқаған болуы керек, бас жағымда жатқан қол сөмкем қолды болды да кеттi. Абырой болғанда телефон, ақшам жан қалтамда жатқан, бiрақ үйдiң кiлттерi, бояуларымды айтпағанда, жеке куәлiгiм сияқты құжаттарым бiрге кеттi.
Бұл бiрiншi рет емес едi, бұдан бұрын бiр жатқанымда ақша жоғалтқанмын. Журналист деген халық логикасы мықты, психолог халықпыз ғой. Өз көңiлiме алған адамды дәлiзде ұстап алып, «Сөмкенiң керегi жоқ, құжаттарымды қайтаршы, сенен басқа ешкiм алған жоқ» деп едiм, үн-түнсiз бөлмесiне кiрiп кеттi. Сол кеткеннен мол кетiп, бiр жарым сағаттай жоқ болды. Аңдып, әкеп беретiн адамдай мен жүрмiн. Қайда кеткенiн ешкiм де бiлмейдi, ал тәртiп бойынша кез-келген қызметкер қайда кетсе де меңгерушiге айтып, ескертiп кетуi керек қой. Қойшы, сонымен бiраз уақыт өткен соң әлгiге «Ойландың ба» десем, бетiме бақырайып: «Мен сiздi ойнап айтқан шығар десем» деп күледi.
Онсыз да жарылғалы тұрған менi осылай қылжақ еткiсi келедi.
Бiреу жетiп, бiреулерге көруге бұйырмаған қасиеттi Ораза айында әлдекiмге жазықсыз жала жапқаныма iштей кешiрiм өтiнсем де, әлгiнiң жүрiс-тұрысы, сөздерi көңiлiме күдiк ұялата бердi. Өйткенi, ұйқылы-ояу жатқанымда терезеге қайта-қайта келiп жүргенi, соның даусы құлағымда қалыпты.
Адал көңiлге адал қызметтi қашан көрсетер екенбiз. Қала әкiмi басқа басқа, мұғалiмдер мен дәрiгерлердiң көңiл-күйiне, жағдайына аса ыждаһатты көңiл бөлiп отырғанын көзi қарақты ел көрiп отыр. Осындай жылы қамқорлыққа адал қызмет жасайтын дәрiгер қайда?!
Қалалық денсаулық сақтау департаментiнiң құлағына алтын сырға, бұл мақала авторының басынан ғана өткен немесе өтетiн жағдай емес. Ит өлген алыс ауылдардан ем iздеп келiп, жиған-тергенiн операция столына жетпей жоғалтып жатқандарды айтпағанда, ұсақ-түйек ұрлықтар кез-келген бөлiмшеден кездеседi екен. Сонда қалай, ауруханаға бiр көйлек, бiр iшкиiммен ғана жатамыз ба?!
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ