Өлеңнiң сүйрiктей қып сұлу бойын жырлаған Тұрмағамбет Iзтiлеуовтiң шығармашылығы хақында
Өлеңнiң сүйрiктей қып сұлу бойын жырлаған Тұрмағамбет Iзтiлеуовтiң шығармашылығы хақында
Тұрмағамбет Iзтiлеуовтың поэтикалық мектебi тек қана қазақ құшағына ғана лайықты мектеп сияқты. Ұлы ақынның ойшылдық шығармаларындағы бейнелер, сюжеттер, әуендер бүкiл мұсылмандық Шығыстың шымыр бұлақтарынан тарап, қазақ өлеңiнiң өрiсiн, кеңiстiгiн кеңейтiп кеттi.
Тұрмағамбет Iзтiлеуовтiң шығармашылық қазынасының қордалы қоржындарында арабты да, парсыны да, армянды, грузиндi, тәжiктi, өзбектi, қарақалпақты да таң қалдыратын таңшолпандай таза әрi заңғар сөз маржандарының тiзбектерi, кесектерi көздiң жауын алады. Сөйтсек, Тұрекең тұрғызған тау алыстаған сайын биiктей берiптi.
Шығыс сюжеттерiн қуып жазған қазақ ақындары көп болған жоқ, бiрақ бiразының аттары, шығармалары ұмытылып, уақыттың өзегiне түсiп кетiп, көзден де, көңiлден де ғайып боп кеттi. Шығысты бiлiп те, бiлмей де қуған қалам иелерi бар едi, көпшiлiгi көзсiз елiктеуден асып кете алмады.
Мәселен, Шығыста «Ләйлi-Мәжнүн» тақырыбына ғана жүз жиырмадан астам дастан, поэмалар жазылды. Бәрi бiрдей шетiнен шедевр болған жоқ, айтулысы ғана адамзаттың есiнде қалды. Фирдоуси «Шахнамасы» да түркi тiлдес әдебиеттерде және Еуропада көптеген елiктеу тәртiбiмен туған шығармаларды дүниеге әкелдi. Десе де, соның бәрi нағыз «Шахнама» биiгiне жете алмай орта жолда қалып қойды. Әйтсе де елiктеудiң де елiктеуi бар. Шығыс әдебиеттерiнiң тарихында елiктеулердiң де жақсысы, жаманы бола бередi. Талантты деген елiктеу ғана бастапқы түпнұсқаның («Шахнама», «Мың бiр түн», «Тотынама») идеялық-көркемдiк дәстүрлерiнен басқа әлеуметтiк, мәдени ортада әрi сақтап, әрi жалғастыра отырып, тепе-тең келмесе де иықтасуға жарайтын жарамды туындыны дүниеге әкеледi.
А.Пушкиннiң мынандай бiр сөздерiн келтiре кетсек артық болмас едi. Ол былай дейдi: «…подражение не есть постыдное похищение – признак умственной скудности, но благородная надежда на свои собственные силы, надежда открыть новые миры, стремясь по следам гения, – или чувство, в смирении своем еще более возвышенное желание изучить свой образец и дает ему вторичную жизнь» (Пушкин 7 т. 420 б). Мiне, бар мәселе, сол Пушкин айтқандай шығарманың екiншi өмiрiнде жатыр. Әрине, ол да ақынның алтын қадамына, алыптығына, асқар таудай тақырыпты өз төбесiне алып шығуына байланысты. Сөз жоқ, Фирдоуси «Шахнамасы» Шығыс пен Батыста қыруар ақындардың қаламдарына дем берген дастандар жинағының көкесi дер едiм. Еуропалық әдебиеттану тiлiмен айтсақ – мұны (imitation – имитейшн), ал парсы, түркi тiлдес орта ғасырлар әдебиетiнде «тазкире» дейдi.
Парсы тiлiнде жазған үндiнiң ұлы шайыры Әмiр Хүсрау Дехлеуи Низами мектебiнен шықса да нәзира жолын өзiнше тауып, таңдап тамаша поэмалар тудырды. Яғни, Низамидi тiкелей тәржiма етпей, өзiнше нұсқалар жазды, жасап, қашап шығарды. Ұлы Мұхтар Әуезов те Тұрмағамбет Iзтiлеуұлының «Шахнамасын» жоғары бағалай келiп, «Фирдоуси үлгiсiмен халық ақыны Тұрмағамбеттiң өзi өлең етiп жазған Рүстем жөнiндегi дастанның қазақша варианттары» деймiз деген едi.
Фирдоуси:
«Баси рандж дарин сало си
Аджам зиндекардам бедин парси.
Ман намирам аз ин пас ке зиндееам
Ки тухму суханро пирекандам,» – деген едi.
Яғни, «парсы тiлi тiрi тұрғанда мен өлмеймiн, өйткенi өлмейтiн сөздердiң тұқымын шашып кеттiм» деген екен.
Ал, Тұрекең не дейдi:
«Тоқтатты Тұрмағамбет келген ойды,
Соңына «Шахнаманың» қолын қойды.
Балаша бағып-қағып, бабын тауып,
Өсiрдiм сүйрiктей қып сұлу бойлы.
Дүниеден өмiр бiтiп, өтсем де өзiм,
Аралап жердiң жүзiн жүрер сөзiм.
«Көре алмай кейiнгiнi кеттiм-ау» деп,
Арманда болмай-ақ қой екi көзiм».
Назира терминiнiң қазақ мысалында молынан ашылуы осы өлең жолдарында сiресiп тұр. Керек десеңiз, осынау өршiл де өрiстi әдеби әдiс арқылы Тұрмағамбет Фирдоусимен жарысады, бiрi иран жерiнде екiншiсi қазақ топырағынан табанына тiреп тұрып белдеседi. Мәселе жығуда, жығылуда емес, қазақ ақыны Иран елiнiң ұлы бәйтерегiне сүйенiп тұрып, қазақ дастандарының жаңа аспани әлемiн тербетiп, толғатып шығарады. Низами – Әмiр Хүсрау Дехлеуи арасындағы назира қандай дәрежеге жетсе, Фирдоуси Тұрмағамбет назирасы қазақ поэмасы тарихында бұрын-соңды болмаған тың хиқаялы өлеңдер циклдерiне апарды, қазақ топырағынан орын тепкен заңғар дарақтар орманын жасап бердi.
Ендеше қазақ өлеңiнiң тарихында «Хамсенi» («Бестiктi») жасаған, яғни бестiк поэмалар жазған Шәкәрiм Құдайбердиевтен кейiн Тұрмағамбет Iзтiлеуұлы болғаны айғақ шындық. Егер көрнектi кинорежиссерi табылса, көзiн тапса, Тұрмағамбет «Шахнамасынан» сериялы фильмдер жасауға болар едi. Шығыс әдебиетiнде «Хамсенiң» («Бестiктiң») шекарасынан асып кеткен ақындар да бар едi. Солардың ең атақтысы Әбдiрахман Жәми едi, ол бес поэманы жетеуге жеткiзiп едi, екеуiн және қосып едi. Ал, Тұрекеңнiң «Шахнамасы» жетеудiң өзiн жетi орап әкетедi. Шығыс сюжетiн жүйрiк жырлаған нағыз ұлы эпик ақын болғаны айдан анық көрiнiп тұр емес пе? Тек қазақ әдебиетi тарихында осы жайлардың басы әлi ашылған емес. Шығыс әдебиеттерiнiң тарихында «Хамса» («Бестiк») өткен бұралаң жолдардың жай-күйiн ашып, қорытынды берген әлi ешкiм жоқ. Поэзияның өсуi, өрбуi бұрынғы формаларды дамуына, деңгейiнiң ұлғаюына байланысты ғой, сонымен қатар ежелгi ескi түрлердiң жаңа түр толқындармен араласуы да, түрлi сапарларға түсуi де уақыттың, ортаның, заманның әсерiмен, ағынымен жүрiп отырады.
Сонымен, Шығыс «Хамсасымен» 19 ғасырдың аржақ бержағында туған қазақ «Хамсасының» арасында өзiндiк ерекшелiктерiн айқындайтын өзгешелiктер, ұқсастықтар, айырмашылықтар, бiрлiктер бары анық жай. Қазақ поэзиясының тарихында осынау ойшыл iздердiң, нұсқалардың, кесек туындылардың көшбасында Абай және оның ақындық мектебiнiң тұрғанын ұмытпауға тиiспiз. Немiс Гетесiмен, Шиллерiмен, ағылшын Шекспир, Байронымен, француз Виктор Гюго, Бодлерiмен, итальян Дантесiмен, грек Гомерiмен мақтанса, мадақ тұтса, бiз Абаймен, Шәкәрiммен, Тұрмағамбетпен мақтануға тиiспiз. Сүйенер ұлың болса неге сүйенбеске!
Бiрер сөз «Шахнама» аудармалары» жөнiнде парсы-тәжiк әдебиетiнiң ұлы эпосы – «Шахнамаға» және оның авторы Фирдоусиге деген қызығушылық ерте заманнан басталғаны белгiлi жай едi. Шығыста «Шахнама» тақырыбына арналған төрт жүзден астам шығармалар туған едi. Әрине, солардың бәрi «Шахнама» шыңына жеттi деп айтуға болмайды. Иран эпосының басты кейiпкерi Рүстем бейнесi Таяу және Орта Шығыс ақындарының қаламдарын тербеттi. Фирдоуси эпопеясының әуендерi, саздары ортаазия халықтарының фольклорiне ендi. «Шахнама» тарауларын халық арасында таратып оқу кеңiнен етек алды және ол мәдени дәстүрге айналды.
Эпикалық аңыздар ретiнде мұндай ауызша тарату тәсiлi ХIY ғасырдан бастап ХIХ ғасырға дейiн мәдени дәстүрге айналды. «Шахнаманы» оқитын, тарататын әдеби мектептер қалыптасты. Бұл игi нышан ХХ ғасырдың 30 жылдарына дейiн Иранда, Ауғанстанда, Пәкстанда сақталды және осы заманға дейiн жеткен. «Шахнама» тақырыбы мен сюжеттерi бертiн келе жеке қисса, дастан, поэмаларға, аңыздарға айналып кете барды. Мәселен, «Жамшиднаме», «Самнаме», «Фарамурнаме», «Барзунаме», «Дарабнаме» сияқты поэзиялық шығармалар соған дәлел бола алады. Бұлар ирантiлдес және түркiтiлдес халықтар арасында таралып кеттi.
Еуропада Фирдоуси поэмасы Бетховен симфониясына, Вагнер драмасына теңелiп, есiмi Гомер, Вергилий, Данте, Гюгомен қатар аталды. Генрих Гейне өзiнiң атақты туындысын – «Фирдоуси туралы» балладасын жазды. Шеберлiгi, құрылымы, уақиғасының шиыршық атуымен көзге түсiп тұратын «Шахнаманың» iшiндегi бiр кереметтей «Рүстем-Сухраб» дастанын немiстiң романтик ақыны, ориенталисi Ф.Рюккерт парсыдан тiкелей немiс тiлiне тәржiмалады. Аудармашы өз тарапынан аздаған өзгерiстер енгiзумен негiзгi түпнұсқасынан ауытқып кете алмады. Үндi-европа халықтарының эпостарындағы батырлық жыр мен сиқырлы әңгiмелер, ертегiлермен ұштасқан тұстарда туып жататын Зигфирд, Ахилл сынды тұлғалы кейiпкерлер «Шахнамадағы» Ыспандиярмен үндесiп, ұштасып жататын.
Фирдоуси «Шахнамасы» Еуропада ағылшын, француз, немiс, итальян тiлдерiне өткен ғасырларда кейбiр үзiндiлерi аударыла бастаған. Мысалы,ағылшын ориенталисi Вильем Джонс «Шахнаманың» кейбiр бөлiктерiн аударып, ақынның Махмуд Газнауиге жазған сатирасын аударып бастырған, жанына латынша нұсқасын берген. Вильем Кир Патрик «Шахнама» туралы очерктерiн жазып, «Шахнаманың» Дакикиге байланысты тарауларын аударған. Одан кейiн Хадемон деген ғалым «Шахнаманың» тарихи қайнар көздерiн зерттеп, Жәмшид тарихына байланысты тұстарын аудара бастаған француз ғалымының Фирдоуси туралы ғылыми жетiстiгi басқа әрiптестерiне қарағанда биiктеу тұрады. Француз тiлшiсi Поль Гумберд Шак «Шахнама» мәтiнiндегi араб сөздерiн арнайы бөлiп алып зерттеген. Бұдан кейiн француз шығыстанушы Мунфаре парсы тiлiнiң кейбiр мәселелерiн патшалар кiтабы арқылы зерттеген. Парсы тiлiнiң фонетикасын пайдаланған осы ғалым «Шахнама» текстерiн пайдаланған.
Француз шығыстанушылары «Шахнама» беттерiнде болып жататын үлкен оқиғаларды, кейiпкерлердiң қақтығысын, Фирдоусидiң суреткерлiк шеберлiгiн талдай келiп, иран эпигiнiң құдiретiн Бетховен симфониясына теңейдi. Гомер, Данте қатарына қояды. Персияның саяси, әлеуметтiк қоғамдық тарихы осы «Шахнаманың» iшiнде жақсы бейнеленген деген қорытындыға келедi. Францияның көрнектi ғалымы Массе «Шахнама» туралы жазып, көркемдiк тұрғыдан кеңiрек талдайды. Бұл кiтап француз әдеби сынында лайықты бағасын алды.
Фирдоуси «Шахнамасы» – ұлттық эпопея деген Массенiң кiтабы Еуропаның шығыстану әлемiнде сiлкiнiстер тудырып, сол кiтаптың өзi жайында зерттеулер жазыла бастайды. Массенiң айтуы бойынша Фирдоуси патриот ақын, оның поэмасы халықтың азабы мен қуанышын, тағдыры жөнiнде дүниеге танымал ұлы толғау, дүние әдебиетiнiң iнжу-маржанынан саналады. «Шахнама» екi идеологияның шекарасында толық сағасын тапқан шығарма едi.
Маздахизм мен мұсылмандық белгiлерi қатар көрiнетiн бүкiл Азия өркениетiнiң келешегiн көрсететiн шығарма деп бағалайды. Шығыс поэзиясында Фирдоуси бiрiншi рет адам мiнезiн сомдаған, кейiпкерлер галереясын жасаған, толыққанды образдар берген ақын санатына қосылады. Еуропа әдебиетiнде Данте Ренессанстың көш басында тұрса, Шығыс Ренессансын бастаушылардың алдыңғы сапында Фирдоуси, Рудаки есiмдерi аталады. Фирдоуси «Шахнамасы» француздың бiрқатар жазушыларына игi ықпалын тигiзгенiн француздардың өздерi де айтады. Әсiресе, Сенит Бева, француз романтигi Ф.Коппес, М.Бернес және басқа да француз жазушылары өз шығармаларына Фирдоуси «Шахнамасының» әсерi болғандығын мойындайды. Тiптi, Копес Фирдоуси хақында жеке баллада жазған адам. Коппес ол балладасында Фирдоуси өмiрiнiң шығармашылығының қуатты нұры бар екендiгiн атап өтедi. Дантенiң «Тозақтың тамұғы» деген даңқты дастаны Италияны қалай көтерсе, Фирдоуси «Шахнамасы» мыңдаған жылдар мүлгiген парсы тiлiн дүр сiлкiндiрдi.
«Шахнама» бүкiл түркiтiлдес ақындардың шығармаларына шапағатын тигiздi, бұл киелi тақырып қазақ, қарақалпақ, өзбек, әзiрбайжан, грузин, ұйғыр топырағында қайтадан жырланды. Низамиге, Абайға, Шота Руставелиге, Науаиға, Тұрмағамбетке игi ықпалын жасады. Күйеуге ұзатылған қазақ қызының жасауына «Шахнама» қолжазбасының қоса кеткенiн көзiмен көрген атамыз Әлкей Марғұлан маған бiр әңгiмесiнде айтып берген едi.
Қазақша бiрiншi жырлаған Ақмешiттен шыққан Ораз Молла едi. Ол Кеюмарс пен Кеиқысрау аралығын жырлады, басты кейiпкер етiп Рүстемдi алды. Ораз молладан кейiн Сердалы деген ақын 1888 жылы Қазанда «Кисса-и Рустам» атты шығармасын бастырды. Одан кейiн В.Жуковскийден алып, «Рустем Сухраб» деп жырлаған қазақ ақыны, публицисi Мұхаммеджан Сералин екенiн айттық, жаздық. Тiптi бергi дәуiрде Қалмақан Әбдiқадыров, Мәжит Дәулетбаев «Шахнама» жайына қалам тартты. Атақты ақынымыз марқұм Әбдiлдә Тәжiбаевтың анасы Айманкүл Тәжiбаева «Шахнаманың» 1908 жылы Ташкенде шыққан нұсқасын қарасөзбен аударғанын айта кету ләзiм. Маржандай әрiптерiмен көшiрiлген дәптерлерiн көзiм көрдi. Кезiнде бұл қолжазба М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалары қорында сақтаулы едi.
Қазақ авторлары дәлме-дәлдiк детальдар жағынан қашықтай отырып, иран эпосының демократиялық принциптерiн ұстанды. Рүстем жөнiндегi қазақ поэмаларында «Шахнама» кейiпкерлерiнiң белсендiлiгi сақталды, жаңа эпизодтар, тың тартыстар енгiзу арқылы қазақ жырлаушылары Рүстем бейнесiн қазақтың батырлық эпостарымен үндестiре, сәйкестендiре жазды және қазақ әдебиетiнiң ерекшелiктерiне сүйеннiп отырды. Ұлттық әдебиет өзiне тән ұлттық бояуларды әрi қарай дамытып,өзге елден келген тақырыптардың қырларын аша бiлдi.
Түркiтiлдес әдебиеттердiң көрнектi өкiлдерi араб, иран сюжеттерiн, саздарын жай көшiре салмай, әрбiреуi өз ортасының сұранысына, талабына орай аударды, елiктедi, жаңа версиялар тiздi. Сөйтiп, әрқайсысы ұлттық әдебиеттiң қорына жаңа өрнектер қосты. Қазақ ақындарын иран патшаларының тарихы қызықтырған жоқ едi, керiсiнше Фирдоусидiң гуманистiк ұстанымдары, бағыт-бағдары, адами iзгiлiктердi жырлауы шабыттандырған едi.
Кейiнгi жылдары сынмен, көсемсөзбен айналысып кеткен, әуелде қазақ поэзиясына өз әуенiмен, өрнегiмен кiрген талантты ақын, әдебиет сыншысы Бегдiлда Алдамжаровтың Фирдоуси «Шахнамасынан» алған аудармалары өз алдына бiр төбе, әуелi«Мәнушәһiр» (1973), одан соң «Кей Хосроу» (1976) жеке кiтап болып, «Жазушы» баспасынан шықты. Бегдiлданың бұл екi дастанды таңдап алдына бiр мән бар сияқты. Кезiнде әйгiлi аудармашы баяғы Ираннан советке қашып келген шайыр Әбiлқасым Лахутидың зайыбы Ц.Б.Бану – Лахути «Шахнаманы» орыс тiлiне 6 том етiп аударып, бастырып шығарып едi, алғы сөзiн А. Стариков жазып едi. Салыстырып қарағанымызда Б.Алдамжаров «Мәнушәһiр» мен «Кей Хосроуды» Бану –Лахути тәржiмасынан алғанын байқаймыз. Қазақ «Шахнамасынан» Бегдiлда қосқан өзектi, өрiстi олжа алдағы уақытта жас шығыстанушылардың, әсiресе, ирантанушылардың назарынан тыс қалмас деп үмiттенемiз. Орайы келгенде айта кетейiк, «Шахнаманың» кiтабына еңбегi сiңген, ал жалпы соңғы кезде жас аудармашыларға лайықты көңiл бөлiнбей жүр. Соларды бiрi қазақтың көрнектi ақынын Есенбай Дүйсенбай ұлы «Диуани Хикiметтiң» көркем аудармасын келiстiрiп жасады, кiтап Алматыда, Түркияда жарияланды. Оқырман қауым жылы қарсы алды. Соны әрi-берi тартып, бағаламай жүрмiз. Әдiлет емес-ау.
«Шахнаманың» көлемi 60 мың бәйiттен тұрады, оны екiге көбейтсек, 120 мың жол өлең шығады, Иранның елу үш патшалығын қамтиды. Парсы әдебиетi мамандарының бөлуi бойынша «Шахнама» көлемi жағынан үш үлкен бөлiмдi құрайды: мифологиялық, аңыздық-батырлық жырлар және тарихи тараулардан тiзiледi. Фирдоуси Иранның өлеңмен жазылған тарихын толғағанда династикалық хронологияға сүйенген, Иранды төрт династия билеген. Бұл мәлiметтердi ақын сасанидтердiң тарихи шығармаларынан алған. Пишдадидтер 2441 жыл, Кейанидтер 732 жыл, Ашканидтер 200 жыл, Сасанидтер 501 жыл, барлық патшалықтардың жинақтап келгенде 3874 жылға толды.
«Шахнама» Тәңiрiнi мадақтаудан басталып, «Ақылдың рухын» жырлауға ауысады. Әлем мен Адамның жаралуын айтып алған соң, Фирдоуси Каюмарс (Тұрмағамбетте «Қиармырстың патша болғаны») бөлiмi басталды. Каюмарстың түптегi «Авеста» кiтабындағы Гайомарттан алынған. Каюмарс адамдарды жолбарыс терiсiнен киiм тiгудi, тамақ iшудi, тағы аңдарды қолға үйрете бастаған екен. Каюмарстан кейiн онның немересi Хуманг (Тұрмағанбетте «Хушнактың патша болғаны») жайы баяндалды. Хушангтен кейiн Иран тағына Тахмурас (Тұрмағамбетте «Таһмұрыстың патша болғаны») отырады. Тахмурас «Авестадағы» Тахма-Уруни едi. Алғаш жазудың құпиясын тапқан диюмен алысқан.
«Таһмұрыс атасының жолын ұстап,
Отырды өнеге айтып елдi нұсқап.
Баласы қыран құстың қалайда да
Аңына ұядағы көрген ұшпақ» – деп,
Тұрмағамбет Таһмұрыс жайына келгенде тақпақтатып, мәтелдетiп, құтыртып жiбердi. Өзiндiк ойдың өрнегiне қосып жiбередi. Одан әрi Жәмшид патшалығы орнайды. Фирдоуси Жәмшидтiң келуiн жаңа күннiң тууымен байланыстырады. Иран авторы «Авеста» кiтабындағы негiздi сақтайды. Жәмшид патша тұсында өлiм шегiнiп, зұлымдықтар жоғалады: Тұрмағамбетте бұл тарау «Жәмшидтiң патша болғаны», «Жәмшидтiң құдайымын деп жүзiнiң қарайғаны» делiнген екi көлемдi бөлiмнен құралды. Қазақ ақыны иран эпосында осы тұстағы уақиғалардың тiлiн сақтай отырып, өзiнiң бай тiлiмен байыпты түрде баяндап бередi. Әр сөзiнде, әрбiр шумағында, әр тарауында салмақты ой, тамаша түйiн жатады.
Тұрмағамбет «Шахнама» сюжетiн жырлағанда ұлттық нақышқа, болмысқа лайықты, рухани-адамгершiлiк жайларында көбiрек назар аударады, көп мәселеге көбiнесе қазақи тұрғыдан келедi. Фирдоуси сюжетiн, уақиға желiсiмен сақтай келе, қазақ ақыны оны көз жұмып аудара салмайды, елiктемейдi, өз соқпағын табады.
Жәмшид сахнадан кетедi, ол өз жазасын өзi табады. Басына құдай қондырған бақ шамы ұшып кетедi, зұлым келiмсек Заххактiң қолынан өледi. Иранды бұл басқан кезде ұста Каве Заххакқа қарсы көтерiлiстi бастап бередi. Балаларын Заххак өлтiрiп едi. Ендi кек алу керек. Соңында әскерiмен ақ туын көтерiп келген Придон Заххактiң басын кесiп, елге тыныштық әпередi, өзi таққа отырады.
Тұрмағамбеттегi «Кауа ұстаның уақиғасы» деп аталатын бөлiм бiр бас-аяғы жұмыр да шымыр балладаға бергiсiз, қазақтың қасиетiн қара өлеңiнiң күшiн ақын және бiр жақсы дәлеледеп, жүйрiктiң тiзгiнiн босатқандай алтын сөздiң тiзбектерiн аңыратып қоя бередi.
Мәнушәһырдың дүниеге келген сәтiнде атасы Придон шалдың қуанғанын көрсеңiз.
«Жамалы қараңғы үйдi еттi жарық,
Шамдай-ақ, шұғылалы тұрған жанып.
«Қуанған қорыққанмен бiрдей» деген,
Придон қалды естiп естен танып»–
дейдi ақын (Тұрмағамбет Iзтiлеуұлы Рүстем – Дастан Фирдоуси «Шахнамасының желiсiмен қаһармандық жыр бiрiншi кiтап. Жазушы баспасы, 2004.165 б.»)
Манугехр дастанынан бастап Фирдоуси «Шахнамасында» батырлық эпопеялар циклiне жол ашылады. Кейанидтер династиясы үшiн күрескен иран сардарлары сахнаға шығады. Ирадж өлгеннен кейiн Иран мен Тұран арасында көп ғасырға созылған айқас туады. Батырлар жорығын бастайтын Рүстем батыр осы тұстан келiп шығады. Фирдоуси бұл арада «Авестада» баяндалатын иран патшалары жайлы аңыз әңгiмелерi мен систандық эпикалық циклдi (Шығыста пайда болған) қосып, екi арнадан бiр тұтас арна жасап алады. Бұл айдында, арнаның басында Зал батыр, Рүстем батыр, Сүһрап, Бижан батырлар тұрады. Залдың дүниеге келгенi қызық. Фирдоуси «Шахнамасында» айдалаға тасталған Залды Самұрық құс ұясына апарып тәрбиелейдi, бiрнеше жыл құс ұясында өмiр сүредi.
Ал, Тұрмағамбет нұсқасындағы Зал батыр (Рүстем батырдың әкесi) Фирдоуси «Шахнамасындағы» сюжеттен алыстап кетпейдi. Мұның өзi жеке дара бiр дастан болып шыққан. Тұрекең уақиғаларының iшiнде оқушысын енгiзiп жiберiп, тiл шеберлiгiмен тебiрентiп, бар назарыңды баурап алады. Әр шумағы суретке, ойға, динамикалық қимылдарға толы. Ана мен бала, ата мен немере табиғат пен адам арасындағы қатынас иiрiмдерi шынайылығымен көңiлге қуаныш жүгiртедi. Зал дүниеге шыр етiп түскендегi суретке қараңызшы:
«Қара емес, қардай аппақ шыққан шашы,
Сап-сары, салпы ерiн, жiк-жiк басы.
Әрмән көз, бермен маңдай, бiрақ оның
Көзiнiң жанған шамдай шұғыласы».
Немесе:
«Баланың түсi сары, қара көзi –
Рас болса бұрынғының айтқан сөзi.
Қайтпайтын қара тастан қасқыр жүрек
Болады Баһадүрдiң нағыз өзi!» – дейдi.
«Шахнама» Рүстем-Дастан.2004. 212 б.)
Фирдоуси «Шахнамасындағы» Рүстемнiң дүниеге келуi қиял-ғайыптан ертегiге ұқсайды. Рудаба босаны алмай iсiп кетедi. Ақырында ғайыптан Самұрық құс ұшып келiп, өз қанын ағызып, iшiнен уызын алып, Рудабаның аузына тамызады. Баланы әйелдерге iшiнен жарғызып алып, жiбек жiппен тiктiредi.
«Қараса жамбасында жатыр бала,
Айбаты арыстандай көзi ала.
– Көзiңнен айналайын қарағым, – деп,
Қуанды қолын алып көре сала».
«Шахнама».268 б.)
Бұл Рүстемдi есен-аман Самұрықтың арқасында дүниеге әкелген Рудабаның аналық мейрiмге толы қуанышы. Тұрмағамбет «Шахнаманың» қай тарауын тiлге тиек етсе де ұлттық болмыс, таным аясымен, қазақтың батырлық жырларының қабырғаларымен қабыстырып, жымдастырып бередi. Қазақ «Шахнамасында» ұлттық сипат, ұлттық нақыш, қазақтың мақал- мәтелдерiн, уытты да, тәттi де, ащы да сөздерiн орнымен пайдаланып, оқушысын ордалы ойға жетелеп отырады. Қысқасы бар ғой , қазақтың «Шахнамасы» қазақтың иiсi аңқып тұрады. Осындайда «мен бiр мақсатқа жетсем ұлылардың иғына сүйендiм» дейтiн Исаак Ньютон сөзi еске оралады. Тұрмағамбет шын мәнiнде Фирдоусимен желдей жарысып жырлап отырғанын аңғармай да қалады. Әлгi немiстiң асқан ойшыл ақыны Гете Хафиз жайында айта келiп: «бұл дүниеде екеумiз ғана жарыса алармыз», – дептi. Осы сөздi Тұрекең Фирдоусиге де арнап айтса артық болмас едi. Дүние жүзi әдебиетiнiң тарихында Фирдоусимен осылай тепе-тең иықтасып жарысқан Сыр бойынан шыққан қазақтың ұлы ақыны Тұрмағамбет Iзтiлеуұлы ғана!
Феридунда Сәләм, Тұр және Ирадж деген үш ұл болған. Бұл Тұрмағанбет нұсқасында «Шаһ Придонның үш баласының оқиғасы» деп аталады. Феридун билiгiн үшке бөлiп үш баласына үлестiредi. Кiшiсi Ираджға Иран, қалған екеуiне Қытай, Тұран және Рум тиедi. Екi ағасы Иран жерiн Ираджан қызғанып, оны өлтiредi. Осы сюжет Iнжiлде бар (Каин мен Авель, Жүсiп және оның ағалары) «Феридун дастанында» Ирадждың өлiм алдында ағаларына айтқаны бар едi. Өлтiрмеуiн, өмiр сыйлауын өтiнедi, зұлымдықтан зәредей iз қалмайтынын ескертедi.
«Макун хиштан раз мардом кешан
Каз ин па панез ман ход нешан
Миазар мури ке дане кошт
Ке у нио джан дарад ва жан хошт»
Аудармасы:
«Жендеттерге ұқсамаңдар
Менiң iзiм жоғалады.
Дән тасиды құмырсқалар
Өмiр тәттi оған әлi.
Құмырысқаның жолын кеспе
Тоқтамасын толғау әнi», – дейдi.
Ирадж қылыш көтерiп, шапқалы тұрған екi ағасына, өйтпесең өкiнiшiң ойдан кетпес. Ең ар жағы құмырсқаға да өмiр керек, сол үшiн түйiр дән арқалайды дейдi. Бұл деталь Тұрмағамбетте түгелiмен жоқ. «Шаһ Придонның үш баласының оқиғасы» (Фирдоусиде «Феридун дастаны») лиризмге, тартысқа, трагедияға толы ересен күштi дастан. Көзiңе жас алмай оқи алмайсың, бiр минут босатпайды. Уақиғаның немен аяқталатынын бiлсең де Ирадж тiрi қалар ма екен деп, үмiттенiп отырасың. Амал не, алдап соғып ағалары аттан құлап жатқан есiл ердi қылышпен шабады. Ирадж екi ағасының қолынан қаза табатынын түс көрiп сезедi. Баласы Кейқабатқа бұлардан ерте құтылып кетудiң жолын сiлтейдi.
«Сәскеде менi өлтiрер ағаларым
Қандырар қаным төгiп табаларын.
Жабықпа, жаным, жетiм қалғаныңмен
Жар болар бұрынғы өткен бабаларың».
«Түсiмде жедi етiмдi екi ит талап,
Тамсанып қан-жынымды тұрды жалап.
Ол екi ит осы жақтан Сәлiм мен Тур,
Өздерiн өлмейтiнге жүрген балап».
(«Шахнама». Рүстем-Дастан. 2004. 159 б.)
Бiз қаншама уақыт Дантеге, Байронға, Шекспирге, Торквата Тассоға т.б. бас иiп тәнтi боп келдiк «Шахнаманы» қазақша сөйлеткен шайыр Тұрмағамбеттiң Шекспирден несi кем?! Шекспирдiң бiздiң шалдан несi артық?! «Тiл» десең төгiлiп тұр, «тартыс» дейсiң бе, шиыршық атып тұр, «көркемдiк шеберлiк» дейсiң бе шыңға шығып тұр. Махаббат пен зұлымдық арасында күрес қыстың боранындай ұлып тұр, бiрде махаббат мерейi үстем, бiрде зұлымдық зәрiн төгiп тұр. Жеңiс пен жеңу, жығылу мен тұру, күю мен сүю… бәрi бар.
Тұрмағанбеттiң «Рүстем-Дастанын» жас шағымда «Мың бiр түнмен» қосып жастығымның астына салып оқушы ем. Сонда әжем марқұм: «қаратентегiм, көзiң ауырады, ұйқың қанбай қалады» деп, майшамды сөндiрiп кететiн. Әжем ұйқыға кеткенде майшамды көрпемен бүркеп оқитынмын. Бiр күнi үйдi өртеп ала жаздап, көкемнен қамшы жеген кезiм де болды. Бiз онда Фирдоуси дегендi бiлмеушi едiк, бiздiң пiрiмiз Тұрмағамбет едi.
Сонау 70-жылдары Мәскеудегi СССР Ғылым академиясының Шығыстану институтiн стажер-зерттеушi боп оқуға барғанымда қапшығымда «Рүстем-Дастан» кiтабы жатты. Бiр заманда Пушкин аттаған Шығыстану институтының босағасын мен Тұрекеңнiң «Рүстем-Дастанымен» аттадым. Жолым болды, орыс ғылымдарын таңқалдырып, Тұрмағамбет Iзтiлеуов туралы кандидаттық диссертациямды қорғадым. «Шахнаманы» қазақша бұлбұлдай сайратқан ардақты алып ақын Тұрмағамбеттiң аруағы қолдаған шығар. Қаншама жылдар өттi содан берi, қырық жылдан асып барады мен осынау ыстық тақырыптан қол үзгенiм жоқ. Шамам жеткенше «Шахнаманы» айта беремiн, жаза беремiн, шырқай беремiн. Өйткенi, қазақтың ғана емес, дүние жүзiнiң ұлы ақындарының бiрi – Тұрмағамбет Iзтiлеуұлының шырқау биiктегi жұлдызы маған әманда қайрат, қуат берiп тұрады.
Өтеген Күмiсбаев,
филология ғылымдарының докторы, профессор